Захарованың сөзіне қарағанда, ресейлік "Вектор" ғылыми орталығының тест жүйесі Өзбекстанға көмек ретінде тегін берілген. Захарова коронавируспен күрес бойынша Беларусьпен де ынтымақтастық орнағанын айтып, "Росатом" мемлекеттік корпорациясының Беларусьтің Гроднен облысы Островец ауданындағы ауруханаларға тест жүйесін жеткізгенін айтқан.
Бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко "Вектор" ғылыми орталығы жасап шығарған тест жүйесінің дәлдігі тек 30 пайызды ғана құрайды деп сынаған болатын.
18 сәуірде "Роспотребнадзор" Лукашенко сынына жауап берді. Ресей шенеуніктерінің айтуынша, Минскіге берілген ресейлік тест жүйесі көптеген параметр бойынша тіпті шетелдік аналогтардан асып түседі. Мұндай тест жүйесі COVID-19 ауруына шалдыққан, бірақ белгілері байқалмайтын адамдардан да вирусты анықтай алады.
"Ақпан айының басында Қытайда жүргізілген салыстырмалы сынақ кезінде ресейлік тесттердің тиімді екені дәлелденген" деді ведомство өкілдері.
Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан Беларусь постсоветтік кеңістікте Ресейден кейін екінші орында тұр. Соңғы мәлімет бойынша, Беларусьте 4,5 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 42 науқас қайтыс болған. 85 мыңнан астам тесттен өткен.
Дегенмен Беларусьте ресми түрде карантин жарияланған жоқ, "оқшаулау режимі" енгізілмеді. Шіркеулерге адамдардың келуіне тыйым салынған жоқ, 25 сәуірде елде республикалық сенбілік өтеді. Мектеп оқушларының көктемгі демалысы 20 сәуірге дейін созылған. Беларусь - пандемия кезінде футбол чемпионатын өткізіп жатқан Еуропадағы жалғыз мемлекет.
13 сәуірде Беларусь президенті Александр Лукашенко елде "коронавирустан бірде бір адам қайтыс болған жоқ және қайтыс болмайды да", ал егер өлсе, вирустан емес, көп аурумен ауырғандықтан қайтыс болды деп мәлімдеген.
Abai.kz