Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 5482 2 пікір 22 Сәуір, 2020 сағат 13:40

Маврдың соңғы көз жасы

(тарихи-деректі әңгіме)

Арабтардың қылышынан қан тамып тұр. Олардың аттарының тұяғы даланы да таптап, жайпап, Ніл өзеніндей қаптап, қара жерді қақырата, Алла атымен аттандап, Алла атымен ант беріп, аттары ауыздықпен су ішіп, дін үшін шейіт болған жауынгерлердің жүздерін құмға жасырып, тұған жерден алыстап барады, алыстап барады.

Испан жерінің сұлулығы бәрін де таңқалдырған. Таудан асып түссең, жұмақ жерге табаның тиеді. Енді бұл жер мәңгілік қоныс болмақ? Не істеу керек? Қылыштың жүзінен қаймыққан елді қасиетті Құранның сүрелеріне жүгіндіру қажет.

Әл-Жауһари тақ-тастың үстінде қабағы түсіп, ойланып отыр. Қара мұртының ар жағынан маржандай аппақ тістерін анда-санда шұқып қояды. Қара мен ақ. Үйлесімді-ақ. Ендеше қан төгілгенмен, істері ақ. Алла жолы – ақиқат жолы. Енді мынау мәңгілік тыныштықты қалай сақтау керек?

Жибек шатырдың жиегін жел көтерді. Дүние аппақ екен. Тапты. Мына тасқорған үйлердің орнына жұмыртқадай аппақ үйлер салу керек. Мешіт те, медресе де аппақ. Бұл әлемде теңдесі жоқ ақ қала болмақ. Қоқыстар жойылып, хауыздар салынуы керек. Монша ше? Одан халықтың хабары жоқ. Сонда ғана Алла аманаты орындалмақ.  Жер де, ел де дін аман болмақ. Бұл енді арабтың жері, арабтың елі. Халықтың рухын көтермей, дінге де мойынсұндыра алмайсың. Енді бұлар испандық мұсылмандар. Сананы саналап, мұсылман парыздары мен қарыздарын ендіре беру керек.

Тағы бір сәт ой шырмауынан шығып, мәселенің екінші қырына назар аударды. «Біз тағылар емеспіз.  Сондықтан да мәдениет, өнер, дін  қатар өрбісін. Сонда ғана жұмақ орнамақ».

Жайнамазға жығылды. Осы ойларын жүзеге асыру үшін  құдайға құлшылық етіп, Алладан ұзақ ғұмыр тіледі. Құрбандық шалды. Шабармандар ат терлетіп, қалың халықты даладай  алаңға жинады.

Елдің дегбірі қашқан. Тағы не сойқан? Салық төленіп, жасауылдар мінетін кіл сәйгүлік жүйріктер берілген жоқ па еді? Қорлық өмірден қашан құтыламыз? Бірі –піріне, бірі кресіне  табынып жатты.

-Жүздеріңді төмен салыңдар. Бір де біреуің бас көтеруші болмаңдар. Құлақтарың әміршіде болсын...

Найзалы жасауылдар топты тұқыртып, ат ойнатып тұр. Күймелі арба жылжып келіп, ортаға тоқтады. Күзет арба маңындағы халықты ығыстырып, жол ашты.

-Халқым, - деді әл-Жауһари. Даусы қарлығыңқырап шықты. Жөткірінді. Сонан соң көсіле сөйлеп, кесімді сөзін айтты:

-Соғыс бітті. Бәрімізге тыныштық керек. Енді өмір сайран бағы  жасалынуы тиіс. Мына қара тас төмпешік үйлердің орнына ақ шаңқан үйлер тұрғызамыз. Балалар білім алатын медреселер ашылады. Саз, қолөнер дамиды. Сауда-саттыққа кең жол ашылады. Енді әскер халықтың тыныш өмірін қорғайды. Бастарыңды көтеріңдер. Тізерлегенді қойып, түрегеліп тұрыңдар. Енді тең өмір сүреміз. Бұл Алла аманаты... осы үшін Аллаға мінәжат етіңіздер.

Осы кезде бас кеңесші сыбыр ете қалды.

-Әміршім, деді ол. – Тізеден ерте тұрғыздыңыз. Құлдық санадан ерте арылған халықтың бостаншыл пиғылы ерте оянады. Опық жеп қалмаңыз.

-Жоқ. Жақсылыққа  үйренген халықтың кегі болмас. Алла рахымының шегі болмас...

-Дұрыс қой Әміршім, бірақ Алла «сақтансаң – сақтармын» демеп пе еді...

-Кәне, кәне тұрыңдар. Сендер құл емес, мен пір емес... Барлық салықтан босатылып, күш жаңа қаланың іргетасын қалауға жұмсалады. Халифтің келісімі алынды. Енді арабтар мен испандықтардың құқықтары бірдей.

Күн нұрға малынып тұрды. Әл Жауһари есімі алысқа тарады. Керуендер толассыз келіп жатты, кетіп жатты. Жатаған үйлер жойылып, аш халық тойынып, биік-биік ақ боз үйлер бірінен соң бірі  бой түзеп тұр. Гүлзар бақтар мен хауыздар қанша ма! Ғашықтар ән салып, қан араласып, араб пен испан тұқымы  арасынан келісті  ұрпақ дүниеге  келе бастады. Маврлар...

Мешіттердің мұнаралары көкке шаншылып, аспанға ілулі тұрғандай еді. Өмірі өзгерген гүл-қала ақындардың жыр-арқауына айналды, қылқалам шеберлері бұл сұлулықты бояумен  көмкерді. Зергерлер күмістен ойып, кескінін бедерледі.

... Испан корольдігіндегі көтеріліс өрттей қаулап, тез тарады. Оның жалыны сондай қатты еді. Дауылдай соғып, құйындай өте шықты. Арабтар үдере көшті. Қалғаны атылды, шабылды. Қатын-король Изабелла шақырыпты.  Қошеметтеді.

-Сен қалада қалған жалғыз маврсың, - деді ол тәкаппарлана. – Халық сені құрметтейді. Бірақ, олар сенің халқың емес, менің нәсілім. Бұл сенің жерің емес, менің елім.  Жаныңа сауға бердім. Көш. Керуеніңе ешкім тимейді. Өз байлығыңды өзің алып кет. Рұқсат. Бірақ саған қояр бірақ талап бар. Таудан асып кеткенше артыңа қарама.

Жазған құлда жазық бар ма? Көш-керуен алдында – өзі, артында – анасы мен нөкерлері. Түйелер тізбегі іңір шалыс қара қияға да жетіп қалып еді. Артында қимас несі бар? Дүние боқ. Келді кетті. Бәрі – Алланың жазуы. Қарамаса қарамайды. Бірақ тау жотасына шыққанда, тылсым күш артына қаратты. О, ғажап! Мынау қандай қала? Қара таудың етегіндегі ақ отау.... Жұмақтан қуылып бара жатыр екен ғой. Жылағысы келмеген. Бірақ өзін-өзі тоқтата алмады. Көзінен жас парлап ағып жатыр, ағып жатыр....

-Алла... Жаныма сауға керек емес, осы жерде ал,- деп күбірледі ол. 

-Сол жұмақ – қала Гренада еді.

Анасы түйені кілт тоқтатты. Әжім-әжім маңдайының төменгі жағынан от жарқырағандай еді.

-Еркек боп қалаңды қорғай алмадың, енді қатын боп жылама... анасы өте шықты. Әл Жауһаридің көзі мешіт мұнарасына түсті. Ай құлап, крест көтеріліп бара жатыр екен...

Уәлихан Қалижанов

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443