Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 9465 56 пікір 24 Сәуір, 2020 сағат 17:44

Екі тіл ұлтты біріктірмейді!

Қазақ зиялылары көрші елдің мемлекеттік тілі - орыс тілін Қазақстан Конституциясынан алып тастауды талап етіп, петиция жариялап жатқанда, елдегі тағы бір топ керісінше орыс тілін қорғап, петиция дайындапты. Бұл туралы «exclusive.kz» сайты жазды.

Олардың мақсаты – Қазақстанда орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру көрінеді.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың атына жолданған бұл үндеу «avaaz.org» дейтін сайтта жарияланған. Мәтіні былай:

«2020 жылға қарай этникалық қазақтардың Қазақстан халқының үштен екі бөлігін құрайтындығына қарамастан және ел өмірінің барлық саласында қазақ тіліне сұраныстың артуына қарамастан, орыс тілі көпұлтты Қазақстан халқының қарым-қатынас құралы болып қала береді. Біздің ел азаматтарының 90%-дан астамы (яғни басым көпшілігі) бір-бірімен орыс тілінде сөйлесе алады. Ал шын мәнінде жартысынан азы қазақша сөйлейді. Құжаттамалық басқару, техникалық құжаттама, өмірдің барлық салаларындағы заңнамалық актілер орыс немесе екі тілде қатар жүргізіліп, мәтіндердің басым көпшілігі орыс тілінен қазақ тіліне аударылған. Яғни, іс жүзінде орыс тілі - Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл.

... Жоғарыда айтылғандарға байланысты, сонымен қатар бірнеше ресми тілдер қабылданған әлемнің көптеген дамыған елдерінің (Бельгия, Ұлыбритания, Канада, Финляндия, Швейцария, Швеция, Үндістан, Қытай және басқалары) тәжірибесіне назар аудара отырып, біз ресми түрде орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру жөнінде ұсыныс жасаймыз».

Ал, осыған дейін бір топ зиялы қауым өкілдері де Президент Тоқаевтың атына ашық хат жазып, Конституциядан орыс тілінің мәртебесін алып тастауды ұсынған.

Олардың айтуынша, біріншіден, Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған. Яғни, Қазақ Советтік Социалистік Респуб­ли­касы еді. Заңның аты да «Қазақ Советтік Социалистік Респуб­ли­касының Тіл туралы» Заңы делінген.

Екіншіден, осы заңдағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады», деген бапты қабылдау кезінде халықтың  пайыздық салмағы қатарлас еді. Яғни қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын. Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Ал қазір Тәуелсіздікке ширек ғасырдан асқанда, қазақтардың саны кемінде 70 пайыздан асып кеткендіктен, бұл орыс тілі туралы талап демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр.

Сонымен қатар, олар қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазатынын, ертең елімізде қазақтар 75-80 пайызды құрағанда іс қағаздары Ресей тілінде қалып жатса, ұлттық наразылық туатынынын айтады.

«Президент әкімшілігінен бастап, Үкімет, Парламент төрағалары, министрлер, әкімдер, барлық басшылар, мемлекеттік қызметкерлер тек мемлекеттік тілде сөйлеу үшін бізге ешқандай тіл үшін жұмсалып жатқан миллиардттардың керегі жоқ! Тек қана Конституцияның 7-бабы  2-тармағын талып тастау керек!

Біріншіден, қыруар қаржы жұмсалса да, маңдымай жатқан (себебі қажеттілік жоқ) мемлекеттік тіл дамиды. Екіншіден, мемлекеттік тілді білетін қаншама қазақстандыққа жұмыс табылады. Ал, қазақ тілінде сөйлемеу деген сөз – қазақ тіліне, сол арқылы өз елінде қазаққа жұмыс бермеу деген сөз!»,- делінген үндеуде.  

Ал, саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, бірінші - тіл туралы заңның аты «Мемлекеттік тіл туралы» деп өзгеру керек. Екіншіден, ол заңда орыс тіліне ешқандай мәртебе берілмеу керек. Себебі, елімізде Мемлекеттік тілден басқа тілдердің құқықтары бірдей. Демек, орыс тілі – Қазақстандағы көптеген диаспоралардың біреуінің тілі дегенді алға тартады.

«Әлемдегі орыс тілінде сөйлейтіндердің саны 1991 жылы 312 миллион болса, 2004 жылы 278 миллионға кеміген. Ал 2010 жылы 260 миллион болса, 2025 жылы 215 миллион ғана қалатын көрінеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын азаймаса, көбеймейтіні анық.

Егер мемлекет тез арада қазақ тілін, шын мәнінде, мемлекеттік деңгейге көтермесе, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданбаса, қазақ тілін қолдау, қорғау мәселесін халықтың өзі шешеді. Сол уақытта билік «жер митингісімен» жылап көрісетін болады. Бұл — ешкімге керек емес, қоғамды ғана емес, ұлттарды да бөлшектеуге әкеліп соқтыратын қауіпті жағдай тудыруы ғажап емес»,- дейді ол Qazaqstan dauiri газетіне берген сұхбатында. 

Бүгінде Украина, Молдова, Латвия сияқты посткеңестік елдер орыс тілінен түбегейлі бас тартқаны белгілі. Ал, Қазақстанда қазақ тіліне деген қоғамдық сұраныс артқанымен, тоталитарлық жүйе тәрбиелеген билік өкілдері қазақ тіліне қырын қарап келеді. Өкінішке орай, елдегі екі тіл - бір ұлттың ұйысуына кедергі жасап отыр....

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

56 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371