Біткен іске сыншы көп
Қазақстанда 25 адам ғана қаза тапты, бұл жалпы ауырғандардың 1%-де емес. Соған бола төтенше жағдай жариялап, бүкіл елді үйді-үйлерінде қамап, бүкіл экономиканы тоқтатып тастаудың не қажеті бар еді деп көпірген данагөйлер шыға бастапты желіде. Не дейсің бұған?! Санасызға сан айтсаңда миына қонбас деген рас екен ау.
Сол төтенше жағдай мен қатаң карантиндік шаралар дер кезінде, уақытылы енгізілмесе бүгінгі жағдайымыз қалай боларын бір Құдайдың өзі білсін. Вирус ештеңе етпес, бастысы экономика деп, бүгінгі күні 60 мыңға жуық азаматынан айрылған АҚШ сияқты болар ма едік, әлде карантинді тым кеш енгізген Италия мен Испания тәрізді ауру жұқтырған жүздеген мың адамның өмірі үшін күресіп, ондаған мыңынан айрылар ма едік?
Айтпақшы, пайыз демекші, АҚШ-та 1млн астам ауырып 57 мыңы көз жұмды. Бұл жалпы санның 5.7% өлді деген сөз. Тағы 14 000 ауыр халде жатыр. Енді басқа елдерді қарап көрейік:
Францияда қаза тапқандар саны - 14,2%
Ұлыбританияда - 13,4%
Италияда - 12%
Швецияда - 11,9%
Голландияда - 11,7%
Испанияда - 10%
Мексикада - 9,3%
Қытайда - 5,6%
Канадада - 5,6%
Мен қазір тек экономикасы бақуатты, кез-келген қауіп пен кесапатқа төтеп беруге қауһары жететін елдерді тізіп отырмын. Бұлардың ішінде жалғыз Германия ғана бұл көрсеткішті 3,8% көлемінде ұстап тұр. Және Түркиядағы өлім 2,8% деңгейінде қалып отыр.
Ал жалпы әлем бойынша бүгінгі таңда 3 млн астам адам вирусқа шалдығып оның 211 669 көз жұмды. Орташа есеппен 7%. Ойлап көріңіздер 100 адамның жетеуі өліп отыр. Осы отырған әрқайсыңның кем дегенде 100 туысқаның, 100 жора-жолдасың тағы бар. Ал енді солардың жетеуі айдаладан келген кеселден көз жұмса қайтесіңдер? COVID-19 қауіп емес деңдер осыдан кейін.
Ал енді пандемия кезінде тәртіпті қатаң сақтап, жауапкершілік танытқан елдердің адами шығынына көз жүгіртейік.
Сингапур - 0,1%
Біріккен Араб Әмірліктері - 0,7%
Сауд Арабия - 0,8%
Оңт. Корея - 2,5%
Норвегия - 2,6%
Жапония - 2,8%
Бірақ Жапония тек төтенше жағдай ғана жариялады. Карантин енгізген жоқ. Оның қажеті де болмапты. Куәлардың айтуынша, бұл халықтың қоғамдық мүддені құрмет тұтатыны сонша, төтенше жағдай енгізген бойда, карантинсіз-ақ үш сағат ішінде далада бірде-бір адам қалмапты. Себебі, әрбір жапондықтың санасында өзім ауырып қалмасам дегеннен бұрын, айналамдағыларға зияным тимесе екен деген түсінік басым екен. Міне түйсік деген қайда жатыр. Сана деп осыны айт.
Біздің халық та осы күндері үлкен жауапкершілік танытты. Басым көпшілігі мәжбүрлі түрде енгізілген шектеулерге түсіністік танытып, үйде болуға тырысып бақты. Және сонысымен аурудың кең етек жайуына жол берген жоқ. Ал науқас болғандардың ішінде өлімнің 1% аспауы - біздің ақ халатты абзал жандардың арқасы. Солардың ерен ерлігі, маңдай тері деп білем.
Амандық болса, кеткен шығынның, дүние-мүліктің орны толар. Ал адами шығынның орнын еш нәрсемен толтыра алмайсың. Сондықтан ел Президенті Тоқаевтың "Мен үшін әр отандасымның өмірінен қымбат ештеңе жоқ" - деген кешегі сөзі көңіліме қонды. Тек болашақта да бұл ұстаным Президенттің приоритетінде болса деген тілек бар.
Мұхтар Түменбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz