Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3906 2 пікір 4 Мамыр, 2020 сағат 12:57

«Қауіп жоқ» деген сайын қорқамыз...

Дүниедегі ең жаман нәрсе – белгісіздік: не боларын, қашан боларын білмей дағдару. Ал ауыл-аймағыңа, ағайын-туғаныңа, еліңе, жеріңе қауіп төніп тұрған кездегі белгісіздік – нағыз азаптың азабы.

Міне, үш күн болды, Мақтаарал ауданының халқы әбден әбігерге түсті. Бес ауыл су астында қалды. Тағы бірнеше ауылға сондай қауіп төніп тұр. Аудан, облыс басшылығы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп, оларды көлікпен көшірісіп, арнайы орындарға жайғастырып, ас-суын ұйымдастырып жатыр екен. Дұрыс-ақ. Бірақ көмектің үлкені – анық ақпарат беру емес пе? Түркістан облысы мен Мақтаарал ауданы әкімшіліктерінің ақпарларына қарасақ, «әкең бұғалтыр ма ед?» дегендей, толған есеп-қисап: қай ауылдың қанша адамы көшірілді, оған қанша көлік қарастырылды, қанша техника жұмылдырылды, қанша медицина қызметкері жәрдемге тартылды...

Жарайды, бұл да керек шығар. Бірақ кімге керек? Әкімшіліктің барын салып жұмыс істеп жатқанын дәлелдеу, көрсету үшін ғана керек. Ал дәл қазір алаң көңіл адамдарға не керек? "Енді не болады, біз қайтеміз?" деген қарапайым сұрақтарға жауап болатындай нақты ақпарат керек! Жедел ақпарат керек!

«Сардоба» су қоймасы 1 мамырдың таңында жарылған. Одан бері, міне, үш тәулік өтті. Осы үш тәулік бойына ағын судың тоқтамауының себебі неде? Қай бағытта қандай қарқынмен ағып жатыр? Оның жолын бөгеу, кедергі жасау үшін не амал жасалып жатыр? Осының бәріне неге жауап жоқ? Жұрттың жөнсіз дүрлікпеуі үшін де осы сауалдарға қолдан келгенше толық та анық жауап беріп, мәлімет таратуға болады ғой?

Егер дүлей суды тоқтату мүмкін болмаса: «Ағайындар! Сіздер түсініңіздер: жеріміз ылдида орналасқан, бізден гөрі сәл өрлеу тұстағы су қоймасынан бері ақтарылған судың жолын бөгеу адамның мүмкіндігі тұрғысынан да, физика заңдылығы тұрғысынан да мүмкін емес мүшкіл шаруа. Бар қолымыздан келетіні – қай ауылдардың су астында қалуы ықтимал екенін дер кезінде ескертіп, тұрғындарды тездетіп көшіріп алу, тиер залалды барынша азайту», – деп халыққа түсіндіру жұмыстары неге жүргізілмейді?
Осындай ақпарат анық та жедел берілмегеннен кейін ел әлеуметтік желіде тараған түрлі дерекке жүгінеді. «Сабыр сақтаңыздар! Паникаға берілмеңіздер!» дейді әкімшілік адамдары. Өздеріңізден нақты да тез ақпарат ала алмаған жұрт уатсапта тараған бейнекөріністер мен сөздерге сенбегенде қайтеді? Ақпараттарыңыз кіл есеп-қисап болса, жұртшылықтың: «Не істеуіміз керек?» – деген қарапайым сұрағына жауап болатындай нақты мәлімет берілмесе, қайтуі керек? Қайта ресми ақпараттан гөрі қарапайым адамдардың оқиға орнынан түсірген видеолары қасіреттің қаншалықты ауқымды екенін аңғартуда. Адамдар бір-бірімен осылай ақпарат бөлісіп, өз бетімен сақтық шараларын жасап, әйтеуір тірлік қып жатыр.

Кеше түнде «Өргебас» ауылын су басты. Алдын ала ескерту, хабарландыру, сақтандыру шаралары жасалған жоқ. Жұрт тым болмаса малын босатып әкетуге үлгере алмай қалды. Неге бұл ауылға қауіп төніп тұрғаны алдын ала ескерілмеді, ескертілмеді? Рас, аудан орталығы Мырзакент тұрғындарын эвакуациялау түні бойы жүргізілді. Ал «Өргебас» халқы неге осылай алдын ала көшірілмеді? Міне, дер кезінде ақпарат бермеудің салдары!

«1 мамырда «қауіп жоқ» деді – «Жеңіс» пен «Жаңатұрмысты» су алды; 2 мамырда «қауіп жоқ» деді – «Жантақсай» мен «Фирдоуси» кетті; 3 мамырда «қауіп жоқ» деді – «Өргебас» кетті... «Қауіп жоқ» деген сайын бір-екі ауылдан су баса берсе, не болғаны? Қауіптің жоқтығы қайда сонда?» деп отыр ауылдағы ағайындар...

Сосын әлеуметтік желіге ақпарат салумен іс бітпейді. Елдің бәрі инстаграм мен фейсбукте отырған жоқ. Қауіп төніп тұрған әр ауылға кіріп, дауыс күшейткішпен хабарлау керек. Алдын ала! Сонда «Өргебастағыдай» өкініш болмайды...

Мен облыс және аудан әкімшілігі өкілдерінің еңбегін жоққа шығарғалы отырған жоқпын. Өз міндеттерін атқарып жатыр, Алла разы болсын! Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, жәрдемнің үлкені – алдын ала және нақпа-нақ ақпарат беру! Отчет емес, асып-сасып отырған алаң көңіл халыққа қажетті, пайдалы мәлімет! Осыны ескерсеңіздер.

Сәкен Сыбанбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364