Тұтынушы қоғам - өндіруші қоғамның құлына айланады...
Ислам дінінде әр адам өз еңбегімен күн көруі керек, бір нәрсе өндіріп, бір нақты кәсіпті меңгеріп, мисалы мал бағып, егін егіп, үй ағашы жасап, етік тігіп т.б. дегендей өзінің табан ет маңдай терімен табыс тауып, жан бағуы керек.
Пайғамбарлардың бәрінің де бір мамандығы болған, бірі малшы болған, бірі ағаштан бұйым жасаған, бірі темірден сауыт жасаған, ешқайсысы да ритуалшы болып, халықтың берген ақшасымен күн көрмеген.
Ертедегі суфизм жолын қуған пірлер жұмысы жоқ, кәсібі жоқ адамдарды өз тариқатына қабылдамаған.
Табиғатқа қарасаңыз бәрі де өндіруші: сиыр өзіне керек мөлшерден 3 есе көп сүт өндіреді екен, бал арасы өзіне керек мөлшерден 7 есе көп бал өндіреді екен!
Адам баласы да табиғатпен үйлесімде боламын десе, өз-өзімен ішкі татулықта боламын десе, өзінің потенциалын жүзеге асырғысы келсе, міндетті түрде бір өнім, бір бұйым, бір қызмет, бір ғылыми жетістік өндірумен шұғылдануы шарт. Әйтпесе, тек тұтынушы болып қала берсе, онда деградация басталады, ішкі жан дүниесі іриді, шіриді, жан рақаты қашады.
Тұтынушы адам тәуелді болады, өндіруші адам еркін болады. Тек тұтынушылардан құралған қоғам өндіруші қоғамның құлына, боданына айланады...
Мұртаза Жүнісұлының әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz