БІЗГЕ БЕЙМӘЛІМ БАЯН НЕМЕСЕ ²ҚАЙҒЫ² АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
XІX ғасырда Торғай өңірінде Өтеулі Тоғызбайұлы деген ақын өмір сүрген. Ол шамамен 1820 жылдары туған деген болжам бар. Өтеулі іздеп жүріп айтыс қумаған, айтыс¬тан пайда табайын деп те ойламаған. Қырық жасқа толғанда маған енді жастармен қосылып өлең айту ұят деп ақындықты мүлде тастап кеткен көрінеді. Сондықтан да болар Өтеулінің айтыстары көп емес. Ел аузында сақталғандары атақты Орынбай ақынмен, Қожабекпен айтыстары, Қыз Қағазбен сөз қағыстырғаны. Ақынның бар жарық көрген дүниесі 1988 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан “Айтыс” жина¬ғына енген Қыз Қағазбен сөз қағыстыруы. Өтеуліні халық “тоспа” ақын деп атапты. Себебі ол қарсыласының аңысын аңдып, олардың жалған сөйлеп, артықтау кеткен тұстарын ұтымды пайдаланып, қарсылас¬тарын оңдырмай сүріндіріп отырады екен.
Ақынның басынан өткен бір оқиғаны әкем Татайұлы Байпақтың өз аузынан естіп, жазып алған едім. Орынбор облысы қазақтары шығыс бөлімі дуанының аға сұлтаны Мұхаммед Жантөрин еліне жайлы, ақылды, өте жомарт адам болса керек. Сол Мұхан правитель Өтеулі ақынға өлең айт¬қы¬зып, сауық құрып отырғанда Әулиекөл өңірінің белгілі адамы Шалқан деген ауқатты кісі үйге кіріп келеді. Өтеулі оны аға сұлтанның алдында көтермелеп, мақтайды. Риза болған Шалқан үстіндегі мауыты шапанын Өтеуліге сыйламаққа шеше бастайды. Сол кезде шапанның жеңі жыртық екенін байқап қалған ақын қолма-қол:
XІX ғасырда Торғай өңірінде Өтеулі Тоғызбайұлы деген ақын өмір сүрген. Ол шамамен 1820 жылдары туған деген болжам бар. Өтеулі іздеп жүріп айтыс қумаған, айтыс¬тан пайда табайын деп те ойламаған. Қырық жасқа толғанда маған енді жастармен қосылып өлең айту ұят деп ақындықты мүлде тастап кеткен көрінеді. Сондықтан да болар Өтеулінің айтыстары көп емес. Ел аузында сақталғандары атақты Орынбай ақынмен, Қожабекпен айтыстары, Қыз Қағазбен сөз қағыстырғаны. Ақынның бар жарық көрген дүниесі 1988 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан “Айтыс” жина¬ғына енген Қыз Қағазбен сөз қағыстыруы. Өтеуліні халық “тоспа” ақын деп атапты. Себебі ол қарсыласының аңысын аңдып, олардың жалған сөйлеп, артықтау кеткен тұстарын ұтымды пайдаланып, қарсылас¬тарын оңдырмай сүріндіріп отырады екен.
Ақынның басынан өткен бір оқиғаны әкем Татайұлы Байпақтың өз аузынан естіп, жазып алған едім. Орынбор облысы қазақтары шығыс бөлімі дуанының аға сұлтаны Мұхаммед Жантөрин еліне жайлы, ақылды, өте жомарт адам болса керек. Сол Мұхан правитель Өтеулі ақынға өлең айт¬қы¬зып, сауық құрып отырғанда Әулиекөл өңірінің белгілі адамы Шалқан деген ауқатты кісі үйге кіріп келеді. Өтеулі оны аға сұлтанның алдында көтермелеп, мақтайды. Риза болған Шалқан үстіндегі мауыты шапанын Өтеуліге сыйламаққа шеше бастайды. Сол кезде шапанның жеңі жыртық екенін байқап қалған ақын қолма-қол:
Өтеулі ақын өлеңді есіп жатыр,
Татан Шалқан шапанын шешіп жатыр.
Шешсе-дағы шапанын Татан Шалқан
Шапанның жеңі жыртық десіп жатыр, – деп төгіп жібереді. Сол кезде Шалқан шапанды қоя салып, ат мінгізген екен дейді. Келесі күні таңертең қонақтар Өтеулі түскен үйдің босағасында бір арық, жауыр құнанның байлаулы тұрғанын көреді. Өтеулі ақын Шал¬қанға:
Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген,
Жақсыдан жаман туса оңбас деген.
Түбіңде бір шикілік бар-ау сірә?
Түнде “болад” деген сөз “болмас” деген, – деп астындағы атын тебініп, жүруге ыңғайланады. Ұялған Шалқан құнанды босатып жіберіп, ту байтал байлапты дейді.
Өтеуліге ақындықтың қонуы туралы ел ішінде түрлі аңыздар да бар. Жас кезінде Өтеулінің түсіне ақ шашты, ақ сақалды абыз кіріп, домбыра аласың ба, көнек аласың ба, деп сұраған екен дейді. Өтеулі домбыра ала¬мын депті. Сонда түсіне кірген кісі екеуін де сұрауың керек еді депті де жоқ болып кетіпті.
Өтеуліні Қожабекпен айтысуға арғын елі жағы үгіттейді. Бірақ Өтеулі Қожабектің артында тентек жігіттері бар, айтыста артық-кем сөздер айтылады, жоқ жерде таяққа жығылар жайым жоқ, деп қарсылық білдіреді. Арғындар болса сені сабатып қоймаспыз, біз де жігіттерді ертіп барамыз, қорықпай отырып айтыс, деп зорлағандай ғып алып барады. Айтысқа Ерденнің өзі де қатысады. Қағаз бетіне түспегендіктен бізге сөз қағыстырудың үзінділері ғана келіп жетті. Оның соңғы түйіні мынадай.
Қожабек:
Ар жақта бір құтым бар Арғынғазы,
Жігітке не қылдырмас малдың азы.
Талай топқа салатын Ерденім бар,
Шалдырмас топтан торай құмай тазы.
Өтеулі:
Қожекем, солай сөйлеп жөніңе көш,
Қиялап жүйрік болсаң алдымнан тос.
Тазы деп Ерденіңді өзің айттың.
Қарғылап тазы болса шошқаға қос...
Осы тұста айтысты тыңдап отырған Ерден айқай салып: “Әй, Қожабек, әкемнің аузын боқтатпасаң жетер енді, тоқтат, Өтеулі жеңді”, деп әділ төрелегін айтқан екен дейді.
Өтеулінің шешесі де ақын кісі болыпты. Жамағайын қайнылары оны “көнші, көнші” деп мазақтай береді екен. Оған себеп Өтеулінің Есенбай деген атасын ел ішінде “көнші” деп атап кетіпті. Жігіттер соны меңзеп тұрса керек. Бір жолы осылай мазақтай берген қайныларына Өтеулінің шешесі былай деп жауап береді:
Арғы атамды сұрасаң елші Мерген,
Елші Мерген екенін көзің көрген.
Қайта-қайта “көнші” деп қоймадың ғой,
Қай атасы көншінің қаңғып өлген.
Қара бақыр белінде қаңғырлаған,
Мінер тайын артына қалдырмаған.
Сенің атаң сияқты менің атам
Жүген байлап беліне қаңғырмаған.
Сөйтсе әлгі тиісе берген жігіттің аталарының бірі жоғалған малын іздеймін деп айдалада адасып өлген екен. Осы оқиғаны естіген ел ақсақалдары әлгі жігіттерді шақырып алып, енді келінге тиіспеңдер, тағы да масқараларың шығып жүрер деп ұрысқан екен дейді.
Өтеулінің арғы атасы Жанақ Төлекұлы туралы “Қазақ әдебиеті” энциклопедиялық анықтамалығында мынадай мәліметтер берілген:
“Жанақ Төлекұлы, үлкен Жанақ (1743-1821, Қостанай облысы, Науырзым ауданы, Қайғы ауылы.) – ақын. Жанақ ауыл молдасынан оқып, хадимше хат танып, діни білім алған. Бұқар жырау, Тәтіғара, Үмбетей, керей Жанкісі жырауларға шәкірт болған. Ол Баян батырға, Бөгембай батырға, т.б. арнап дастандар жазған, бірақ ол шығармалары бізге жетпеген, не жиналмаған. Жанақтың “Да¬нышпан бабалар” атты толғауы ғана белгілі. Жанақ туралы дерек, жазушы Н.Әбуталиевтің “Сегіз сері” (1991) кітабында берілген. (“Қазақ әдебиеті” энциклопедия¬лық анықтамалық. “Аруна” баспасы. Алматы, 2005 ж.).
Жазушы-ғалым Н.Әбуталиев XVІІІ-XІX ғасырда қазақта Жанақ есімді төрт ақынның өмір сүргенін айтып, олардың шығармашы¬лық өміріне тоқталады. Ал Жанақ Төлекұлы¬ның өмірін баяндай келе ол былай депті: “Оның ұрпақтарынан Қостанай облысы, Науырзым ауданының Асан Қайғы кеңша¬рында тұратын қарт әнші Байғоныс Мұха¬мед¬жанұлы бар. Оның әкесі Мұхамеджан Өтелбайұлы да белгілі әнші болғаны ауыз әдебиеті тарихынан белгілі”. (Н.Әбуталиев “Сегіз сері”, “Жалын” баспасы, 1991 ж.).
Өтеулінің бізге толық жеткен және ең үлкен айтыстарының бірі – Орынбаймен айтысы. 1840 жылдары шамасында Кеңшалғын деген жерде Көкшетау дуанының аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов, Орынбор қазақтары шығыс бөлімінің аға сұлтаны Ахмет Жантөрин, сондай-ақ арғынның жоғары шектісінің жүз¬басы Бірімжан Шегенов (Шақшақ Жәнібектің тікелей ұрпағы) қатысқан үлкен мәжіліс болады. Мәжіліске сол өңірдің тайлы-тұяғы қалмай жиналады. Көкшетаудан Шыңғыс сұлтанға атақты Орынбай ақын еріп келеді. Онымен айтысуға Қайғыдан Өтеулі де шақырылады. Бұл кезде оның жасы жиырмаларда екен. Жолшыбай бір ақбоз атты жолаушыға жолығады. Жөн сұрасып жағдайды білгеннен кейін әлгі кісі Өтеуліге шырағым, жас екенсің, Орынбай арқалы ақын әрі сөзге тоқтамайды, ол осыған дейін ұлғайған жасына байланысты өлеңді қойдым деп үш рет тәубеге келіп, бірақ кейін уәдесін бұзып айтысты қайта бастап кете берген, оны осы жағынан ғана сүріндіре аласың, деп кеңес береді. Содан Өтеулі Орынбаймен кездесіп айтыс басталады. Қарсыласының қарымын білетін Өтеулі Орынбайдың “ант бұзғанын” қайта-қайта алдына тосып отырады. Сондай бір кезде Орынбай:
Шама¬дан айтқан сөзің барады асып,
Жаланы жапсырам деп көп таласып
Өлеңді қойсам қайтет деуім рас
Жұрт соны жүргені ғой алып қашып...
Басады аңдаусызда дүние қақпан,
Қапияда бастырды қызыл шоқты.
Бір қойдым деп ауызға алып едім
Қайтейін төре-қара болған жоқ-ты, деп жалтаруға тырысады. Сонда Өтеулі былай деген екен:
Ореке, осы сөзді жөн дейсің бе?
Алладан тағдыр жетсе өлмейсің бе?
Төреден қорыққаннан тәубе бұздың
Құдайды төрелерден кем дейсің бе?
Осы кезде төрелер “Орын¬бай, сен мана тоқтауың керек еді, енді тіпті оңбай сүріндің”, деп жеңісті Өтеуліге беріпті.
Кіші арғынның тағышы руы Есенбай атасынан Төлек, одан Жанақ, одан Тоғызбай, одан Өтеулі, Өтелбай, Өте туады. Өтеуліден Оспан, Жаба¬ғы, Төлеген, Оспаннан Бақыт пен Сұңқар. Ал Өтелбайдан Мұхамеджан, одан Шайын¬ғазы, Кәкімжан, Кәкімбек, Байғоныс, Байғоныстан Орал (бүгінде Парламент Мәжілі¬сінің Төрағасы). Өтеулінің туған немересі Сұңқар Оспанов ұзақ жылдар Қайғы ауылында мектеп директоры болды, КСРО Халыққа білім беру ісінің үздігі. Өтелбай шаруа болған әрі дүниеден ерте өткен. Содан да болар бала кезінен ән айтып көзге түскен Мұхамеджанды жұрт әкесінің ағасына теліп “Өтеулінің Мұхамеджаны” деп атап кеткен.
Қазақ энциклопедиясында Мұхамеджан жайлы мынадай мәліметтер бар: “Мұхамеджан Өтелбайұлы Қостанай облысы, қазіргі Науыр¬зым ауданында туып, сонда дүние салған. Қазақтың әнші композиторы. Арқа әншілік мектебінің ірі өкілдерінің бірі. Жасында Тройцк, Боқырау, Қараөткел, Атбасар жәрмең¬келерінде ән салып, өнер жарыстырған. Халық арасында кең тараған “Бәтжан қыз”, “Мұхамеджанның хиләуі”, “Көтерме”, “Жайлау”, “Итүрген”, “Назқоңыр”, “Жиырма бес” (кейінгі екеуі осы аттас әндерден басқа) атты ладтық құрылысы күрделі, ырғағы қиын асқақ әндердің авторы. Мұхамеджан әндерінің шығу тарихы толық сақталған. 1972 ж. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Мұхамеджан әндерінің біразын баспадан шығарды”, делінген. Бұл мәліметтерді жарыққа шығарған Қазақстан Ғылым академиясының әдебиет және өнер институтының қызметкері, әнші әрі өнер зерттеуші Талиға Бекхожина.
Өтелбайұлы Мұхамеджанның әншілік, сазгерлік, ақындық өнерінен басқа, сөз тапқыштығы да ел аузында сақталған. Олардың кейбірі жинақтарда жарияланған. Сол елде Мұхамеджанмен рулас Шоланның Ғабдолласы дейтін кісі де сөзге ұста болса керек. Сонымен қатар балгерліктен де хабары бар екен. Қыстың аязды күнінде Мұхамеджан шанаға атын жегіп көрші ауылға бармақ болады. Жолда қамыттың тамақ бауы ағытылып кетеді. Сол кезде Ғабдолла ұшырысады. Екеуі де ел аралауға шыққандарын айтпаса да іштері сезеді. Мұха¬меджан тамақ бауды тартып жатып Ғабдоллаға:
Келеді ел аралап бақсы кісі,
Бола ма, сірә, бақсы жақсы кісі? – деп сөз бастап, енді арғы жағын өзің айтып жіберші дегенде, Ғабдолла ойланбастан:
Бай болсақ екеуміз де отырмас па ек,
Осылай мал табады тапшы кісі, – депті.
Осы Мұхамеджанның баласы Қостанай-Торғай өңіріне белгілі әнші Байғоныс Мұха¬меджановты алғаш 1960 жылдың шілдесінде көрдім. Алматы консерваториясының бірінші дайындық курсын домбыра мамандығы бойынша аяқтап, елге демалысқа келген кезім. Қостанай облысындағы Амангелді ауданының орталығында тұрамыз. Үйге екі кісі келді. Екеуі де ұзын бойлы, келбетті, салиқалы. Әке-шешеме сәлем берді. Мен де оларға сәлем беріп жатырмын. Анам Биғауа, Рәпіш әжем екеуі шай қойып, қазан көтеріп, абыр-сабыр болды да қалды. Қатты қуанған әкем де қонақтармен құшақтасып, амандық-саулық сұрасып жатты. Келген қонақтың жасы үлкендеуі әкемізбен рулас жақын інісі, аудандағы белгілі колхоз басқармаларының бірі Өмірбекұлы Сүлеймен ағайды бала кезімнен білемін. Ал екіншісі ұзын бойлы, ат жақты, келісті кісіні “Бұл атақты әнші Байғоныс деген ағаң”, деп таныстырды әкеміз. Есімін талай естісем де өзін алғаш көруім еді. Көп ұзамай шай да келді. Менің консерваторияда оқитынымды білген Байғоныс аға қарағым домбыра тартсаң қайтеді, деді. Мен төрдегі домбыраны алып бір күй тарттым. Байғоныс аға бір күйші қыз “Айжан қызды” тартқанда Құрманғазы қарағым, күйдің шоғын тартпай, боғын тарттың ғой, деп өзінің атақты “Серперін” тартыпты дейді. “Серперді” білесің бе деді. “Серперді” күйшінің күйшісі ғана тартатыны белгілі, 18-ге жете қоймаған балаң жігіт болсақ та намысқа тырысып, өз шамамша күйді орындап бердім. Маңдайдан мұздай тер бұрқ ете қалды. Әнші ағамызға қарасам жымиып отыр екен, сыпайы ғана “жақсы тарттың”, деп арқамнан қақты. Атақты әншінің мысы басқан болуы керек өзімді үстімнен бір ауыр жүк түскендей сезіндім. Әкеміз Татайұлы Байпақ аудан көлемінде шаруашылық, кеңес, партия қызметтерінде, аудандық партия коми¬тетінің хатшысы болып қызметтер атқарған, елге белгілі адам болды. Әнді де бірқыдыру жақ¬сы айтатын. Ол қолымнан домбыраны алып, шертіп отырып ақын Нұрхан Ахметбе¬ковтің, Біржанның, алтыбас қыпшақ Ақмолда ақынның бірнеше шумақ өлеңдерін айтып берді де бұл “ауылдың алты ауызы” болар, енді кезекті “қонақкәдеге” берейік деп домбыраны Байғонысқа ұсынды. Әнші ағамыз “тамағым ауырыңқырап жүр еді”, деп алды да, домбыра¬ны құйқылжыта тартып “Назқоңыр”, “Жиыр¬ма бес” деген әндерді шырқады. Әндердің атта¬ры таныс болғанымен, әуендерін өмірі естіме¬ген екенмін, олар ағамыздың өз әкесі Мұха¬мед¬жан Өтелбаевтың әндері екен. Содан кейін Сегіз серінің, Біржанның, Естайдың, Үкілі Ыбырай¬дың, Ақанның әндері бірі¬нен соң бірі төгілді дейсің. Алматыдағы сүйікті әншіле¬ріміз – Жүсіпбек, Ғарифолла, Манарбек, Нұғыман¬ды талай естіп жүрміз ғой, оларды сахнадан, ал Байғонысты дәл жанында отырып тыңда¬ған¬¬дықтан ба, сол күнгі өзіміздің үйдегі ән кешінен алған әсерім, елу жылдай уақыт өтсе де, дәл бүгінгідей көз алдымда. Сол күні қонақтар үйде қонып, түннің бір уағына дейін Байғоныс аға салған әндер жанымызды тербеді...
Байғоныс Мұхамеджанұлы 1914 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Қайғы деген жерде дүниеге келеді. Өнерлі отбасында туған Бәкең домбыраны бала кезінен ұстап, жиын-тойларда ән айтады. 1938 жылы Амангелді-Торғай ауданаралық колхоз-совхоз театры ашылып, ақын Нұрхан Ахметбеков директоры, ал Байғоныс оның орынбасары болып тағайындалады. Театр әртістері қызметіне сол өңірдің бес¬аспап өнерпаздары Ахметхан Әбіқаев, Қазыбек Әбенов, Хамидолла Нәшке¬нов, Назархан Жекежанова, Әсима Зейнул¬лина, Мағия Жұмабаева, Кенжеғали Жұма¬баев, Құтжан Қанжығалин, т.б. әнші-күйшілер қабылданған еді. 1942 жылы Бәкең әскер қатарына алынып, соғысқа да қатысты, майданда екі рет ауыр жараланып 1944 жылы мүгедек болып елге оралды. Сол жылы Қостанай облыстық филармониясына әншілік қызметке алынды. 1947 жылы сол филармонияның директоры болды.
Белгілі журналист, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Төлеубай Ыдырысов “Ән құдіреті” деген очеркін әнші Байғонысқа арнапты.
“1937 жыл. Август айы. Ақ қардан көрпе жамылып, көк мұздан жастық жастанған ақ басты Алатаудың етегінде алма бағына оранған астана. Мынау Алматының көркі – Опера және балет театры. Театр іші лық толы адам. Әлсін-әлсін қол соғылып, сәулетті сахнадағы әншіге құрмет көрсетеді халайық. “Әнші деп міне осыны айт!”, “Туған екен бір дарын!”, “Ардагер Амангелдінің ауылынан дейді ғой”, “Шіркін, әннің құдіреті-ай” – көрушілердің сөзі осы болды. Ал сахнадағы ат жақты, қыр мұрынды, қараторы балаң жігіт “Сырымбет” әнін асқақтата, арындата орындап, жұрттың құлақ құрышын қандырды.
Бұл республикалық олимпиадаға қатысқан ауыл әншісі Байғоныс Мұхамеджанов еді. Сол жолы ол көркемөнерпаздар жарысында Қазақстан бойынша үшінші орын алды. Оның даңқы енді облыс көлеміне жайылды. Көп ұзамай Байғоныс ауданаралық колхоз-совхоз театрына алынды.
...Бірде Амангелді ауылына осы филармо¬нияның артистері келе қалды. Ішінде өзіміздің Байғоныс та бар екен. Жұрт тайлы-таяғы қалмай клубқа жиналды. Міне сахнаға аты әйгілі әншіміз де шықты. Ол жауынгер-композитор Рамазан Елебаевтың “Жас қазақ” әнін сазына келтіре орындады. Байғоныс бұдан кейін “Майра”, “Назқоңыр”, “Ақбоз ат” сияқты халық әндерін шырқады. Жұрт қол шапалақтап, жер тепкілеп отырып алды. Енді әнші Манарбек Ержановтың “Паровоз” әнін әуелетіп әкетті. Қоңыр үнді, қаз дауысты Байғонысты жерлестері қатты сағынып қалған екен, қайта-қайта қол соғып көпке дейін сахнадан жібермей қойды...”
1949 жылы Бәкең денсаулығына байла¬нысты әншілікті қойып, елге оралады. Ауылда еңбекке араласып, ауылдық кеңес төрағасы, бөлімше басқарушысы, кеңшар директорының орынбасары, т.б. қызметтерді ойдағыдай атқарып, құрметті зейнет демалысына шықты. Мен ол кісіні соңғы рет Амангелді ауданында өткен халық ақыны Сәт Есенбаевтың 100 жылдық мерейтойында көрдім, әңгімесін тыңдадым. Байғоныс Мұхамеджанов 1994 жылы 80 жасында туған жерінде дүние салды. Оның ұлдары ұяда, қыздары қияда. Бәкеңнің үлкен баласы Орал Мүұхамеджанов бүгінде Парламент Мәжілісінің Төрағасы. Лирикалық баритон дауысы бар. Үлкен әнші.
Бәкеңнің ән репертуары мол болатын. Ол ел арасында сирек орындалатын халық әндерін көп білетін. 1971 жылы Торғай облыстық радиосының сол кездегі бас редакторы, бүгінгі жазушы-ғалым Қойшығара Салғарин Байғоныстың еліне барып бірнеше әндерін үнтаспаға жаздырып алып келді. Мен радионың көркемдік кеңесінің мүшесі едім. Әндерді тыңдап қабылдап алдық. Әндердің ішінде Мұхамеджанның бізге аса таныс емес “Жиырма бес”, “Байжан қыз”, “Мұхамеджан¬ның хиләуі”, “Назқоңыр”, сондай ақ халық әні “Ақбоз ат”, Мұхиттың “Дүния”, Естайдың “Жайқоңыр”, Сегіз серінің “Сұржекей” т.б. әндер болды. Әндердің орындалу шеберлігіне бәріміз де таңдай қағып, басымызды шайқадық. Обкомның сол кездегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің ұсынуымен Байғоныс¬тың орындауындағы “Мұхамеджанның хиләуін”, “Шертер” ансам¬блінің әншілері концерттерде орындап жүрді. Тыңдаушы жақсы қабылдайтын еді.
<!--pagebreak-->
1973 жылы қолыма музыкатанушы-әнші Талиға Бекхожинаның “Қазақтың 200 әні” деген жинағы түскен-ді. Жинаққа Байғоныс ағаның берген әндері енгізіліпті. Оның ішінде әкесі Мұхамеджанның “Жиырма бес”, “Бәтжан қыз”, “Назқоңыр”, “Хиләу” әндері, кіші арғынның Сүгір деген руынан шыққан халық композиторы Нұрыштың Ореке деген жігітпен бірге Көкшетау түрмесінде отырған кезінде шығарған “Ореке-Нұрыш” және “Әридау” әндері, халық әні “Қараторғай”, сондай ақ белгілі ақын-композитор Шөже Қаржаубай¬ұлының “Хаудыр”, “Гәкку” деген екі әні, барлығы он ән бар.
Байғоныс әнші орындаған “Қараторғай” әнінің бір шумағы “Ертістің ар жағында бір терең сай” деп басталатын Ақан серінің “Қара¬тор¬ғайына” ұқсас болғанымен (бұл нұс¬қада “Ертістің” деген сөздің орнына “Есілдің” делінген. Қ.М.) әннің әуені “Құс болсаң жібек¬тен бау тағар едім” деп басталатын “Сырдың Қараторғайы” деген атауға ие болған немесе кейінірек Үкілі Ыбырайдікі делініп жүрген әнге ырғағы да, әуені де ұқсаңқырайды. Ал әннің бізге бұрын белгісіз болып келген әсем нұсқасын, жоғарыда айтқанымыздай, этнограф Т.Бекхожинаға әнші Байғоныс Мұхамеджанов беріпті. Байғоныс көптеген әндерді ақын-әнші, әкесі Мұхамеджаннан үй¬ренген және ол әндердің құ¬рылысы күрделі, оларды өз дең¬гейін¬де орындау кез келген әншінің қолынан келе бер¬мейді екен. “Қараторғайдың Байғоныс әнші айтқан түрі басқа нұсқаларына қарағанда аса күрделі, секіртпелі, иірімдері көп болғаны¬мен барлығы да орынды қолданылған. Әннің аумағы да кең. Ол заңды түрде дами келе, бірте-бірте шырқау биікке көтеріледі. Содан өз орнымен төмендеп құстың сайрағанындай әдемі әуенге салып, ол әуен қайталанып барып, ән әсем аяқталады.
“Халық сазгерлері, әндердің мазмұнын тереңдетумен қатар ырғақтық құрылысын кеңейтіп күрделі түрге айналдырды. Ол туындылар әнші шеберлігінің ғана айғағы емес, олар сол ән шыққан өлкенің жалпы әншілік өнері деңгейінен хабар береді”, дейді Т.Бекхожина. Бұл сөздер Байғоныс әншінің ғажайып өнеріне берілген әділ баға десек қателесе қоймаспыз.
Ал Өтеулі ақын Қыз Қағазбен сөз қағыстырғанда Қыз Қағаздың:
... Ей жігіт әсем-әсем сөз сөйлейсің,
Жылқы мал сіздің жақта бар бола ма? –
деген сұрағына Өтеулі:
... Сұрасаң Таз, Тағышы елімізді,
Қағушы ед атпен тартып желімізді, – деген жауабында Таз, Тағышы екі елді қатар атайтын себебі, олар атам заманнан көрші елдер. Екеуінен де белгілі, ірі-ірі тұлғалар шыққан. Жинақтағы “Жиырма бес” деген әннің шығу тарихы мынадай. Таз деген рудан шыққан Байжан ақын мен Қоден деген кісі жолаушылап жүріп қоналқыға бір үйге келіп түседі. Ол үйдің ер адамдары қала шығып кетсе керек, үйде жас келіншек пен бір қыз отырады. Қоден алпыс жаста, Байжанның жетпіс бестен асқан кезі екен. Үй оңаша қалғанда Қоден қалжыңдап:
Байжеке, мырза көңіл болды қалай,
Бақшаны аралаушы ең талай-талай
Қондырсам осынау тұрған қызыл гүлге
Етуге ептеп сайран жайың қалай? – дегенде, Байжан:
Бұл күнде жетпіс беске келді жасым,
Жасымда қабыл еді ілтифатым.
Кешегі жиырма бестің тентегінде,
Сайраттық талай бақтың сандуғашын, – деп, жауап берген. “Жиырма бестің” әнін Мұхамеджан Өтелбайұлы шығарыпты. (Т.Бекхожина “Қазақтың 200 әні”).
Жалпы, Мұхамеджан әндері нәзік лирикаға бейім болғанымен өте сауатты әншілер болмаса жалпылама айта беруге бағына қоймайтын күрделі туындылар. Көптеген әншілердің тісі бата қоймайтыны да сондықтан болар.
Шоқанның досы Г.Потанин: “Ән аспаннан қалықтап ұшып жер бетіне жақын келеді. Оны байқаған халық әнді ұстап қалған, ал ән жоғары қалықтаған жердің адамдары ешнәрсе үйрене алмаған. Құдайдың құдіретімен келген ән қазақ жерінің үстімен өте төмен ұшып, оны естіген қазақ халқы әнді жақсы айтатын болған”, деген аңыз әңгімені Шоқан Уәли¬хановтан естіп едім, шынында да қазақтардың даусы таза, үні күшті, естуі тамаша” деп жазыпты. (А.Жұбанов, “Замана бұлбұлдары”).
Осыған ұқсас бір әңгімені ертеректе Ескеров Төлеу деген туысқан ағамыздан естігенмін. Оның мазмұны Торғай өңіріндегі руларға байланысты. “Бұлт болып ұшқан ән-мен күй, жыр қараман, төлек, таз, сүгір секілді рулар тұратын ауылдардың үстіне жақындап келіп, қалықтап тұрған екен. Ал, кейбір рулы елдердің үстінен тоқтамастан өте шығыпты. Тағышылар тұратын Қайғы ауылына ән мен күйдің, жырдың бұлты келіп қонған екен” деп еді ол. Сол ағамыз айтқандай, жоғарыда аталған Жанақ, Өтеулі, Мұхамеджан, Байғоныс сынды ақын, жыршы, әншілер бір ғана әулеттің өкілдері. Ол елден XІX ғасырда Тышқан деген батыр, кезінде Қайғыда мешіт салып, ислам дінін насихаттаған Мұртаза хазірет, Амангелді, Торғай аудандарында ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастырып, облысқа, республикаға аты тараған күйші-домбырашы Сейіт Тымпиев, режиссер Мейрамхан Қапышев сынды адамдар шыққан.
Қайғы ауылын көптеген ғалымдар, жазушы-ақындар атақты Асан Қайғының атымен байланыстырады. Ауылдың жанында “Қайғы” деген шағын көл бар. Одан әрі “Күйік” деген сулы қопа да бар (1916 жылы Амангелді Иманов сарбаздарының патша әскерімен болған атақты “Күйік соғысы” өткен жер). Асан Қайғының бір баласы өліп, Асанның көз жасынан “Қайғы” көлі, ал екінші баласы өлгенде “Күйік” қопасы пайда болыпты, дейді ел ішінде. Ал Асан есіміне “Қайғы” сөзінің қосылуы және көлдің де “Қайғы” аталуы осы себепті деген әңгімелер де бар. Осындай аңыздардың ізімен ақындар Ғафу Қайырбеков және Фариза Оңғарсынова өлең-жырлар жазған.
Орыс жазушысы Дмитрий Львович Иванов (1846-1924) өткен ғасырдың бас ке¬зін¬де “Қазақ даласына саяхат” деген очерк¬тер жинағын жариялайды. Кітапта аталған “Татыр”, “Қаратал”, “Қарасу”, т.б. жерлер осы күнгі Қостанай облысының оңтүстігіндегі әңгімемізге арқау болып отырған “Қайғы”, “Күйік”, Қызбелге жақын бас-аяғы 40-50 шақырымдай. Мысалы, Өтелбаев Мұхамеджан Қайғыда тұрғанымен Күйік пен Қызбелден шөп шауып, кешкілік ауылға қайтып келе жатып домбыраға қосып ән айтады екен. Ол кісінің дауысының күштілігі сондай, жолдағы ауыл адамдары демдерін ішіне тартып әншіні тыңдайтынын бала кезімізде еститінбіз. “Күйік” пен “Қызбелдің” (Сәбит Мұқанов¬тың “Мөлдір махаббат” романындағы Бәтес пен Бүркіттің туған ауылы) арасы 6-7 шақырым жер.
Д.Иванов “Қарасудағы түн” деген очеркінде жазушының жолбасшысы болған Нұрғожа деген дарынды қазақтың өте әңгімешіл, өзі әнші әрі күйші, тіпті түн қараңғысында жұлдыздар бағытымен баратын ауылына жолсыз жете беретінін, қара қобызда құйқылжыған күйлер тартып, асқақ әндерді ағытатынын тамсана жазған. Автордың “Бейіт басында” деген очеркі туралы К.Ш.Кереева-Канафиева “Русско-казахские литературные отношения” деген кітабында былай деп жазады: “Очерк “На кладбище” посвящен описанию общир¬ного казахского рода “такчже” (“тағышы” – Қ.М.). Когда то этот род был богатый, затем обнищал, многие из них вымерли. Потому что соседи были неспокойные, часто воевали. А тут еще джуты подошли: сколько у них в те годы скота пропало! – говорить Нургожа”.
Өтеулі ақынның ата-бабасы, әулет-ұрпағы туып өскен қонысы бұрын “Асан Қайғы”, ал кейін тек “Қайғы” деп аталатыны оқырманға белгілі. Ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбеков былай дейді: “...Аты аңызға айналған Асан Сәбитұлы XІV ғасырдың 60-70-жылдары Еділ бойында дүниеге келген... Содан күндердің бір күнінде Орманбет хан өліп, қазақ-ноғай айрылысқан аласапыран заман болады. Сол аласапыранда Асан бүкіл әулетімен Ұлытауға көшіп келеді.
Мұнан кейін ол, желмаясына мініп, қара қобызын бөктеріп әлемді шарлап, халыққа жайлы қоныс іздейді. Болған жерінің бәріне баға беріп, болжау айтады. Елдің мұң-шерін қобызына қосады. Содан бастап ол Асан Қайғы атанады. Оның “Зар”, “Желмая” күйлері болыпты.
Сөйтіп жүріп бірде Тана, Танай деген егіз қызға кездесіп, оның Танасына үйленеді. Қазіргі Қостанай деген жер осы Тана мен Танайға Асанның ұшырасқан жері еді дейді. Танадан Асанқайғы Абат деген ұл көреді. Ол елге қадірлі болып, ер жеткен шағында жау қолынан қаза табады. Осыдан кейін Асан Қайғы да дүние салып, Ұлытаудың басына жерленеді. Қазір Ұлытау батысында Торғай жеріндегі қос өзеннің бірі – Үлкен Қайғы, екіншісі Кіші Қайғы деп аталады. Алғашқысы Асанның құрметіне, екіншісі Абаттың құр¬метіне аталған дейді”. (А.Сейдімбек “Қазақ¬тың күй өнері”, Астана, “Күлтегін”, 2002.).
Ал жазушы-этнограф Сейіт Кенжеах¬метов Торғай өзенін Асан Қайғы көріп “Қа¬ра суы бал татыған, ақ шабағы май татыған” жер екен десе, “Терісаққан” өзенін “Сары¬арқаның тұздығы екен” депті. Науырзым ауданында “Қайғы” деген жер Асан қайғы есіміне қойылған атау. “Қызбел” тауының “Ақ Отау” деген жерінде Асан есіміне бай¬ланысты аңыз бар, деп жазады. (С.Кенже¬ахметов, “Ата Мұра” 1990 ж.).
Ал келесі әңгіменің авторы композитор Бақытжан Байқадамовтың туған апасы, жазушы Данабике Байқадамова. Қайғы деген жерге келгенде Данаш әкесінен: “Қайғы деген қарасудың аты жаман екен, балалары сол суға кеткен аналардың атандырғаны шығар?” деп сұраған. Сонда әкесі: “Мана Күйіктен өтіп Науырзымға жетіп қалдық. Осы аталған жер аттарына зер сала қарап отыр. Қайғы Қарасуы бұрын “Асан Қайғы Қарасуы” делінетін. Қазір Қайғысы ғана қалды. Қарасуға бала кетіп атанған жоқ, жаудан аулақ болатын қоныс іздеген ел данасы Асан желмаямен жүріп осы Қарасудың басына түнеді деген әңгіме бар. Асан қазаққа саналы, көреген адам болған. Одан ел билеген хандар да ақыл сұраған. Қайғыдағы ауылдың “Асан келді, Абат жер¬ленді” деген сөздері құлаққа әбден сіңген”, – депті Байқадам Қаралдыұлы. (Д.Байқадамова “Аңыздың айғағы бар”, “Лениншіл жас” газеті, 16.08.84.).
Қайғыда мешіт ұстаған Мұртаза хазірет¬тің баласы Сәтмағамбет Мұртазин елде мұ¬ға¬лім болып жүргенде 1937 жылы жазықсыз қудалауға ұшырап, Омбы жағына ауып, жиырма жылдан кейін елге қайта оралады. Сол кісінің “Туған жер” атты өлеңін Қайғыда туып өскен, кейін Аман¬гелді, Жангелдин аудандарында жауапты қызметтер атқарған Теміржан Әбеуов деген азаматтың айтуынан жазып алған едік. Сәтмағамбеттің сол өлеңдерінен үзінді келтірейік:
Туған жер шөбің алтын, жерің жанат,
Науқасқа суың шипа, дертті жазат.
Күйіктің зу-зу еткен қамыстары
Сыртылдап дыбыс берген бейне сағат.
Бозқасқа, Қызбел мына екі қабақ,
Арасы Қайғы-Күйік тарау алап.
Бас иер күндік жерден шаттық жүзбен
Күбірлеп есендесіп екі манат.
Бозқасқа бозбалаша күлімдесе
Қызбелің сыланбай ма шашын тарап
Бес аша, жалғыз төбе Қыземшектен
Қызбелді қашатындай тұрған қамап...
Жоғарыда келтірілген ғалым-жазушы¬лар¬дың, ақсақалдардың әңгімелері “Қайғы ауы¬лы” деген атаудың Асан қайғы бабамыз¬дың есіміне байланысты екенін растай түседі. Ендеше, аңыздағы ән-күй бұлтының Асан Қайғы ауылында тұратын тағышы руына келіп қонуына киелі Асан атамыздың да сүбелі үлесі бар секілді болады да тұрады.
Қайыржан МАҚАНОВ, өнер зерттеушісі, сазгер. Астана.
«Егемен Қазақстан» газеті 24 маусым 2009 жыл