Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3608 0 пікір 31 Қазан, 2011 сағат 05:26

Нұрлыбай Қошаманұлы. Желтоқсан көтерілісінің дәуірлік маңызы (Басы)

 

Елуінші, алпысыншы жылдардан басталған үшінші дүниежүзілік соғыстың елесі, НАТО мен Варшава одағының арасындағы текетірес КСРО-ны жанталаса қарулануға итермеледі. ХХ-шы ғасырдың 80-ші жылдарының екінші жартысында АҚШ пен КСРО арасында қарулану орасан масштабқа жетті. Бұл жылдары дүние жүзінде 50 миллионға жуық әртүрлі соғыс зарядтарының қоры жиналып, олардың жалпы қуаты шамамен 15-20 мыңдай мегатонға жеткен.  Бір ғана 1990-91 жылдардағы мәліметке қарасақ АҚШ-та әрбір 1000 адамға 8,9 жауынгерден келсе, КСРО-да 15,6 жауынгерден келді. Қорғанысқа деп жылына 96,5 млрд сом жұмсалып, шабуылға деп шығындалған қаржы мөлшері 200 миллиардқа дейін жетті. Соғыс қаруын шығарудан АҚШ-тан танкіні 4,5 есе, бронды техникаларды 5 есе, артилерия мен зенит қаруларын 9 есе және сүңгуір қайықтарын 3 есе көп шығарып келді. Әрине мұндай салмақты ешқандай экономика көтеруі мүмкін емес еді. Әлеуметтік салаға, ауылшаруашылығына деген ішкі қаржыны қисапсыз қарулануға жұмсау елді экономикалық дағдарысқа тіреді.

 

Елуінші, алпысыншы жылдардан басталған үшінші дүниежүзілік соғыстың елесі, НАТО мен Варшава одағының арасындағы текетірес КСРО-ны жанталаса қарулануға итермеледі. ХХ-шы ғасырдың 80-ші жылдарының екінші жартысында АҚШ пен КСРО арасында қарулану орасан масштабқа жетті. Бұл жылдары дүние жүзінде 50 миллионға жуық әртүрлі соғыс зарядтарының қоры жиналып, олардың жалпы қуаты шамамен 15-20 мыңдай мегатонға жеткен.  Бір ғана 1990-91 жылдардағы мәліметке қарасақ АҚШ-та әрбір 1000 адамға 8,9 жауынгерден келсе, КСРО-да 15,6 жауынгерден келді. Қорғанысқа деп жылына 96,5 млрд сом жұмсалып, шабуылға деп шығындалған қаржы мөлшері 200 миллиардқа дейін жетті. Соғыс қаруын шығарудан АҚШ-тан танкіні 4,5 есе, бронды техникаларды 5 есе, артилерия мен зенит қаруларын 9 есе және сүңгуір қайықтарын 3 есе көп шығарып келді. Әрине мұндай салмақты ешқандай экономика көтеруі мүмкін емес еді. Әлеуметтік салаға, ауылшаруашылығына деген ішкі қаржыны қисапсыз қарулануға жұмсау елді экономикалық дағдарысқа тіреді.

Кеңес басшылары экономиканы демилитаризация жасамай әлемдік ынтымақтастыққа ену мүмкін еместігін, қоғам дамуының шешуші күші - ірі өнеркәсіп, өндіріс техникасы мен жаңа технологияға байланысты болатынын ескермеді. Дүниежүзілік капитализм мен социализм арасында өзара экономикалық бәсекелестіктің болатынына, Маркстың өндірісті ұдайы ұлғайтып отыру теориясының (теория расширенного воспроизводства) социализмге де қатысы барына  мән бермеді. Бұл салада озық кеткен батыс елдерінен қашқақтап оқшаулана берді. Ішкі экономиканың құлдырауы сыртқы бәсекелестікті әлсіретті. Экономикалық, әлеуметтік дағдарыс тереңдей келе ішкі жалпы өнім 12%-ға төмендеп, сыртқы қарыз 1991 жылы 67 миллиард долларға жетті. Бұл да ішкі экономикалық-әлеуметтік дағдарысты тереңдете түсті.

Сондай-ақ, КСРО-ның ыдырауына елдегі интеграция процесін жоюға бағытталған сыртқы саяси күштердің үгіт-насихатының да әсері болғанын айтуымыз керек. Дәрігерлік тілмен түсіндірер болсақ: егер ауадағы тұмау вирусы сау адамның ағзасына еніп, адамның қан жүйесіне қанша тараса да, ол адам ауруының ішкі қоздырушысына айнала алмайды. Себебі, ол адам ағзасының (организм) саулығына тәуелді. Дені сау адамның ішкі ағазасы ауру тудырушы сыртқы факторға төтеп бере алатын антителаларға мол. Сол кездерде шетелден тарайтын «Свобода» радиостанциясы өз тыңдаушыларының құлағына жекелеген республикаларға қарағанда Ресей Кеңестік республикалардың арқасында өзіне көп пайда түсіріп, оларды қанауға ұшыратып жатыр дегенді үгіттеп бақты. Мұндай насихат, әсіресе, Балтық, Кавказ, Орта Азия республикаларындағы халықтардың тілдерінде жүргізіліп отырды. Ал, Ресей үшін берілетін хабарларда керісінше, ұлттық республикалар ресейліктердің мойнына мініп отырған масылдар ретінде қарастырылды. Сексенінші жылдардың аяғында радио тыңдаушыларға: «Кім кімнің асырауында отыр?» - деген тақырыпта пікірталас ұйымдастырылды.

Осындай сырттан қосылған, КСРО-ға қарсы басталған идеологиялық ақпараттық шабуыл, ұлттық республикалардың ара жігінің ашылуын жеделдеткен факторлардың біріне айналды. ТЖМК-ға қатысушылардың бірі В.А.Крючковтың өзі сотта: Мемлекет бүтіндей бөлшектеуден өткен соң, КСРО республикаларына шетелдіктердің ықпалын орнықтыру басталатыны жөнінде хабарлар түскен айтқан («Егемендік келбеті», М.Жүнісов 71-бет). 70-ші жылдары АҚШ-тың Болжау Институтының сарапшылары 1985-1995 жылдары КСРО құлайды. Кеңес елін құлататын күш сырттан келмейді, өз іштерінен шығады. КСРО-ның құрамындағы ұлт республикалары жеке-жеке тәуелсіз мемлекеттерге бөлінеді деп болжам жасағанда қарапайым жұрттан бастап саясаткерлеріміз бен ғалымдарымыз: «бұл көре алмаушылық, қызғаныштық, социализмнің жарқын болашағына сенбеу, белгілі бір мақсатты көздегендердің ақпараттық арандатуы» деп шулағаны белгілі.

Әлбетте, АҚШ сарапшыларының болжауы ұзақ мерзімге кешенді түрде жүргізілетінін ескерсек олардың сәуегейлігі кейіннен нақты да, әрі дәл болып шықты. 1985 жылғы Горбачевтың ешбір ғылыми негіздемесіз «қайта құру, жеделдету» деп бастаған саяси, әлеуметтік, экономикалық реформасынан туындаған 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісінен басталған, КСРО-дағы ұлтаралық халық толқулары кезең-кезеңмен 1991 жылғы желтоқсанға дейін созылды. Алматыдан кейін-ақ, Кеңес елінің тігісі сөгіле жөнелді. Ел ішінде кеңестік күштерге қарсы көзқарас орнығып, күшейе келе оған сыртқы факторлардың қирату ықпалы қосылып, КСРО-ның мызғымастығына сына түсті. Желтоқсаннан кейінгі тарихи оқиғаларға хронологиялық ретімен тоқталсақ, төмендегідей одақты шарпыған географиялық аумақты көруге болады.

1987 шілде - Мәскеуде өзінің ата қонысы автономиясын қайтаруды талап еткен қырым татарларының шерулері басталды;

1987 тамыз - Балтық бойы республикаларында 1939-40 жылдардағы шекараны қайта қарауды талап еткен шерулер басталып, оның соңы Мәскеу тарапынан 1991 жылы - Литва мен Латвияға танкілер кіргізу жолымен билік төңкерісін жасауға жалғасты;

1987 қараша - таулы Қарабақта сол өңірді Армения құрамына қосуды талап еткен армян ұлтшылдары бас көтеріп, мұның соңы 1990 жылы ұлтаралық  Армян Әзірбайжан соғысына ұласты;

1989 сәуір - Тбилисидегі (Грузия) бейбіт халық шеруі кеңес әскері тарапынан атылды;

1989 шілде - тәуелсіздік үшін грузин-абхаз және грузин-осетин халықтарының арасындағы қарулы қақтығыстар басталды;

1989 мамыр - Ферғана ойпатындағы ұлтаралық төбелес түрік-месхеттерінің Өзбекстаннан қуылуына әкелді;

1989 маусым - Жаңа Өзен қаласында әлеуметтік, экономикалық екі жақты қанаушылықтан туындаған теңсіздіктің соңы қазақтар мен кавказдықтар арасындағы ұлтарарлық қақтығысқа ұласты;

1989 жылы Ақтөбе облысына қарайтын мұнайшылар кенті Кен Қияқта тағы да әлеуметтік екі жақты қанаудан туындаған, бірнеше күнге созылған халық толқуы қайталанды. Нәтижесінде орталықтың жергілікті халыққа жасап отырған әділетсіздіктерінің беті ашылып, кейбір шенеуніктер қызметтерінен кетіп, көптеген әлеуметтік мәселелер шешілді;

1990  қаңтар - Бакуге әскер күші кіргізілді;

1990 тамыз - Қырғызстанның Ош қаласындағы қырғыздар мен өзбектер арасындағы дау ұлтаралық қанды қақтығысқа жалғасты.

1991 жылы федеративті мемлекет Югославияда Сербия мен тәуелсіздікке ұмтылған Хорватия арасында қарулы қақтығыстар басталды. Югославия Социалистік Федеративтік Республикасы Президиумының төрағасы Йович Белград телевидениесінен сөйлеп, ол ел ішінде азамат соғысының басталуы ықтимал екенігі жөнінде өз алаңдаушылығын білдірді. Мәскеуде қазанның 15 күні Президенттер М.Горбачевтың араағайыншылығымен С.Милошевич және Ф.Туджманның арасында бейбітшілік пен тату көршілікті тану жөнінде келіссөздері басталды («Халық кеңесі» газ., 25.10.1990).

1991 жылғы 18 мен 20-шы тамыз аралығында Мәскеуде КОКП-ның оңшыл консервативтік күштері М.Горбачевтың Қырымда, Б.Ельциннің Алматыда жүргенін пайдаланып әскери-өнеркәсіп өкілдерімен бірігіп, мемлекеттік төңкеріс жасады. Заңды сайланған КСРО президенті М.Горбачев биліктен аласталды. Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысы шектеліп, БАҚ уақытша жабылатындығы айтылды. Тамыз бүлігі кезінде төңкеріс жасаушылар елдегі әлеуметтік тұрақтылықты желеу етіп, адамдарға қолайлы жағдай жасаймыз деген уәдемен халықтың әлеуметтік қорғанышы әлсіз қамтылған бөлігінің қолдауына ие боламыз деп үміттенді. Олар халықтың қарапайым бөлігінің неге көңілі толмайтынын, оларға не қажет екенін ұғына білді және сол арқылы бұрынғы тәртіпті сақтап қалуға ұмтылды. Жаңа комитет еліміздің барлық жерінде олардың шешімдерінің мүлтіксіз орындалуын талап етіп, оған көнбегендердің жазалауға ұшырайтынын ескертті.

«Бастық айтса болды, бас шұлғиды шыбындап» деген, елде төтенше жағдай енгізілгеннен кейін, олардың айтқанын жергілікті жерде орындауға ұмтылғандар да табылды. Жеделхаттың біреуі Теміртауға да жетті. Онда: «Теміртау. Қарағанды металлургия комбинатының директорына. Кәсіпорындар мен ұйымдарына КСРО-дағы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің №1 қаулысын орындау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру жеке өзіңізге жүктеледі...» - делінген. КСРО қара және түсті металлургия Министрі О.Н.Сосковецтің 20 тамыз күні, Мәскеу уақытымен 15 сағат 30 минутта Теміртауға жолдаған жеделхаты осылай басталған. Оған Қарағанды металлургтер комбинаты директоры ойланбастан «Орындалсын» деп бұрыштама соғыпты.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320