Қонысбай Әбіл: «Торғай – ұлттың ұясы»
Елі текті, топырағы киелі, барша қазақтың қамын жеген биік тұлғаларды дүниеге әкелген, «тарихтың тастап кеткен арбасындай» (Ғафу Қайырбеков), қарт Торғайды жырламаған ақын жоқ шығар. Өкінішке орай, кейінгі жылдары Қостанай облысының тасасында қалып, үні бәсең шығатыны жасырын емес. Осы орайда көкейде жүрген көп сауалға тұщымды жауап алу үшін, Қазақстанның халық ақыны, бірнеше поэзия, проза кітаптарының авторы, композитор Қонысбай Әбілмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Көзден кеткесін, көңілден өшіп барады Торғай
- Аға, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында әсем қала Арқалықтың 55 жылдығы 5-6 қараша күндері кең көлемде аталып өтпек көрінеді. Шақырту алдыңыз ба?
- Шақырту алдым. Құдай қаласа барамын деп отырмын. Қала мерекесіне арналған айтысқа қазылық етіп, өзім бір кезде жұмыс жасаған аймақтың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайту ойда бар.
- Үлкен аламан айтыс өтеді екен ғой?
Елі текті, топырағы киелі, барша қазақтың қамын жеген биік тұлғаларды дүниеге әкелген, «тарихтың тастап кеткен арбасындай» (Ғафу Қайырбеков), қарт Торғайды жырламаған ақын жоқ шығар. Өкінішке орай, кейінгі жылдары Қостанай облысының тасасында қалып, үні бәсең шығатыны жасырын емес. Осы орайда көкейде жүрген көп сауалға тұщымды жауап алу үшін, Қазақстанның халық ақыны, бірнеше поэзия, проза кітаптарының авторы, композитор Қонысбай Әбілмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Көзден кеткесін, көңілден өшіп барады Торғай
- Аға, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында әсем қала Арқалықтың 55 жылдығы 5-6 қараша күндері кең көлемде аталып өтпек көрінеді. Шақырту алдыңыз ба?
- Шақырту алдым. Құдай қаласа барамын деп отырмын. Қала мерекесіне арналған айтысқа қазылық етіп, өзім бір кезде жұмыс жасаған аймақтың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайту ойда бар.
- Үлкен аламан айтыс өтеді екен ғой?
- Олай деп шулатуға болмас. Республиканың әр аймағынан танымал ақындар шақырылғанымен, өңірлік деңгейдегі айтыс өтеді-ау деп шамалаймын. Республикалық деңгейде өткізу үшін көп күш керек қой. Телевидениеге жазу, келген қонақтарды күту, сый-сияпат, дегендей. Оны Арқалықтың бүгінгі жағдайы көтере ме соны ескеру керек. Бүгіндері көрші ауылдан біреу келіп айтысқа қатысса республикалық деп дабырайтып айтуға әбден үйреніп алдық. Қытайдан келіп оқып жатқан бала айтысқа түссе халықаралық деп жар саламыз. Сөйтіп жарнама жасауға құмармыз. Бұдан арылу керек.
- Көп жылдар Арқалық қаласында өнер саласында қызмет еттіңіз? Осы өлкенің тумасы ретінде аламан айтыстарға қатысып, топ жардыңыз? Өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз?
- Мені көпшілік домбыра ұстап ән шырқағасын, айтыстарда жиі көрген соң, Арқалықта өнер саласында қызмет жасады деп жүр. Шындығында олай емес, мен журналистпін. Арқалыққа алғаш келген 1980 жылдары "Лениншіл жастың", Торғай, Целиноград облыстарындағы өз тілшісі болып істейтінмін. Сөйтіп жүріп журналистиканың бүкіл баспалдағынан өттім. Коректордан бастап, редакторға дейін. 1988-ші жылы облыс тарқап кеткеннен кейін "Арқалық таңы" дейтін газет ашып, сонда редактор болып қызмет жасадым.
- Ұзын құлақтан естуімізше Арқалық қаласында телевидениенің ашылуына сүбелі үлес қосқан көрінесіз?
- Қаншалықты көмегім тигенін бір алла білер. Бір айтарым 90-шы жылдарға дейін Арқалық қаласында телевидение болмағаны рас. Арқалық екінші рет қайта құрылғанда келген басшылар мені шақырып алып, облыстық газеттің редакторлығын ұсынғанда "Торғайдың атағы жер жарады. Мақтау, марапаттан да кенде емес. Бірақ осы Торғайда телевидение жоқ дегенге ешкім сенбейді. Менің арманым телевидение ашу" деп ойымды жасырмай айттым. Обалы нешік, олар екі қолдарын көтеріп мені қолдады.
Қай кезде де тыңнан түрен салу оңай емес қой. Ескі обкомның Саяси ағарту үйін телевидениеге оңтайлы көріп қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Оған бұрынғы обкомның шенеуніктері қарсылық білдіріп бақты. Себебі керемет ғимарат қой, қимаған шығар. Ақыр аяғында Алматыдағы үлкен кісілер араласып, әрең дегенде мақсатымызға қол жеткізіп едік. Құрылысшылар пайдаланатын «бойный молотокпен» бір жыл бойы он адам құрылысшы болып жұмыс істегенбіз. Өзіміз жасамасақ кім бізге істеп береді деген ойдың жалына жармасып жанымызды салдық. Жасалған жоба бойынша қабырғаларын бұзып, қажет жерлеріне кесек қалап, телевидениенің іргетасын қаладық. Кейін мен оның төрағасы болдым.
- Торғайдың төл перзенті ретінде, шалғайда жатқан Амангелді, Жангелді аудандарының бүгінгі тыныс тіршілігі туралы не айтар едіңіз?
- Тәуелсіздіктің 20 жылы қазақ халқына не берсе, соның бәрі Торғай халқына ортақ. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, тұрмысын, хал қадірін арттыруға келетін болсақ, бұл ұзын сонар әңгіме. Жасыратыны жоқ, басқа өңірлерге қарағанда, республикалық маңызы бар қалалармен салыстырғанда, Торғайдың жағдайы күрделілеу болуы мүмкін. Қазақта "Көзден кетсе көңілден таса болады" деген сөз бар. Бүгінгі Торғай соның кебін киіп тұр. Халық арасында алғаш рет Торғайдан Қостанай бөлініп шықты ма, әлде Қостанайдан Торғай бөлініп шықты ма деген дау әлі күнге айтылады. Бұл деген дүниеге тауық бірінші келді ме, жоқ жұмыртқа ма деген таласты еске түсіреді. Әйтпесе кезінде Торғай деген сөз Қазақстан деген мағынаны алып тұрды емес пе? Патшалық Ресейдің кезінде Торғай уездің орталығы болған.
- Бір айтысыңызда: «Келбетін ақындарым жыр қып болған,
Кетті ғой сабындайын сырғып қолдан,
Дәл содан мүйіз шықса, бұл Торғайым,
Кезінде уезге де кіндік болған»,-
дегенде осыны меңзеген екенсіз ғой?
- Шындығында солай ғой. Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, білім шырағын жаққан Ыбырай, Амангелді мен Әліби, жүректі батыр Кейкі, оның бер жағындағы Нұрхан мен Сырбай, Қайнекей мен Ғафулардың кіндік қаны тамған жер ғой бұл. Бұл тізімді шұбырта берсем ұзақ таңға азық болар еді. Әріден қозғасақ алғаш Торғайдың облыс болып ашылуындағы басты мақсат ұлттық мүддемен орайлас. Торғай облысының қиырдағы Жангелдин, Амангелді аудандарындағы қазақтардың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын көтеру үшін құрылғаны белгілі. Торғай қалай облыс болды іле шала асвальт жол барды сайын далаға. Біздің бала кезімізде Торғайдан автобуспен Қостанайға екі күн жүріп, жолда "Семиозер" деген қалаға қонып, облыс орталығына әрең жететінбіз. Жолдың бәрі шаң топырақ, кедір-бұдыр болатын. Содан қалай облыс болды, жағдай дұрысталып жүре берді. Қырат қырқадағы жалғыз отырған қойшы-қолаңдардың үйлеріне баған орнатылып, жарық тартылды. Су құбырлары жіберіліп, ауруханалар, жаңадан мәдениет үйлері салынды. Мектептер, тұрғын үйлер, адам баласына қажетті дүниелердің бәрі қолға алынды. Кәдімгідей көңіл бөлінді. Бұл Торғайға емес, қазақ халқына жасалған қамқорлық болатын. Өйткені ол жақты тұрақты мекен етіп келе жатқандар мемлекет құрушы ұлттың өкілдері. Мұнымен айтқым келгені Торғай облыс болып тұра бергенде халықтың хал-ахуалы ешқашан төмендемес еді. Облыс статусынан айырылғаннан кейінгі тірлігі құлдырай бастады. Басқаны былай қойғанда қара жолдың өзі азып кетті. Арқалық-Торғай тас жолының тасбақа аяң құрылысы үш жылдың жүзі болды алпыс шақырымнан аса алмай тұр. Ауыз су проблемасы да өзекті мәселенің біріне айналды. Қостанаймен жол қатынасының қиындығы (әсіресе қыс мезгілінде) жиі сөз болып жүр.
«Басына үкіметтің кім келсе де,
Торғайды ашып-жауып ойнайды екен»
- 1997 жылы облыс екінші тарағанда Серік Құсанбаевпен айтысқаныңызда:
«Торғайым ақ патшаға жақпап еді,
Кеңес те арқасынан қақпап еді.
Екеуі жиырма жылда облысты,
Екі рет ашып қайта жаппап еді.
Торғайым көрген талай шайқасыңды,
Жасыту оңай болмас қайта асылды.
Қонаев кеткен кезде жабылып қап,
Колбиннен құтылғанда қайта ашылды.
Аламын десе құдай қоймайды екен,
Жығылған күреске шын тоймайды екен.
Басына үкіметтің кім келсе де,
Торғайды ашып-жауып ойнайды екен» деген шумағыңыз есіме түсіп отыр.
- «Шын жыласа соқыр көзден жас шығар» дейді қазақ. Сондай көңіл күйде отырғанда айтылған наз ғой. Әйтпесе Торғай халқы да қиыншылық пен қуаныштың бәрін қалың елі қазағымен бірдей көріп келеді. Әттең деймін кейде. Арқалықтай сұлу қала республикамызда аз еді ғой. Ал, енді өнер жөнінен алдына жан салмайтын. Жабдықталуы қандай еді. Мысалы, біздің Арқалықта бар товарлар Қостанайда жоқ болатын. Сол заманда керемет жақсы кадрлар жұмыс жасады әсем қалада. Өзара қалжыңдағандар "Бакиндік 26 комиссарлар" дейтін оларды. Басқа қалаларды шарпыған тоқыру Арқалықты айналып өткен жоқ. Әсем ғимараттардың көбі қирандыға айналды. Кейінгі жылдары ғана есін жинап, еңсесін көтеріп келеді.
- "Көппен көрген ұлы той" деп жатамыз. Дегенмен өзге де жабылған облыстармен Арқалықты салыстыруға болмайды деп жүргендер бар?
- Олармен келісемін. Соңғы жылдары жабылып қалған облыстармен салыстырсақ Торғай елінің әлі күнге еңсесі төмен. Мысалы Семейде көпір бар, Семейде өндіріс орындары жетерлік. Ал, анау Жезқазған қаласы бұрыннан өндірісті қала. Олардың кеңес заманында бергені көп еді, келешекте берері оданда зор екені даусыз. Өз ақшаларын өздеріне жұмсап, жағдайларын жақсартып алуларына толық мүмкіндіктері бар. Облыстың бюджетіне қол жайып сұраншақ адамның кейпіне түспейді. Талдықорған облыс орталығы болып қайтадан жанданды. Көкшетау облыс орталығы болып тамырына қан жүгірді. Осылардың ішіндегі ең халі ауыры Арқалық болып тұр. Арқалықтың артында қалың Торғай елі жатыр. Екі қолға бір күрек таба алмаған жастардың көбі Астанада, Қостанайда, басқа да қалаларда нәпақаларын айырып жүр.
- Есіме тағы бір шумағыңыз түсіп отыр. 90-шы жылдары, облыстың қайта ашылу құрметіне өткізілген айтыста халықтың сұрауымен Ерік Асқаровпен керемет айтыс жасадыңыздар. Сонда; "Торғайым екі жылда қайта оралды, баладай Армияға барып келген" деп халықты ду күлдіріп едіңіз?
- Соның алдында ғана Алматыда республикалық айтыс өтіп еді. Торғай бүгін-ертең ашылады деп толқып жүрген кезіміз. Шолпан Қыдырниязовамен айтысып жатқанымда Торғай туралы сөзшығып қалды. Аузыма алланың салғаны шығар:
«Тағдыры болғанымен қатал қандай,
Торғайдың аты қайта аталғандай.
Соғыста қара қағаз келген ұлдан,
Боп тұрмыз ойда жоқта хат алғандай.
Жақсылық бұрылса егер бетін беріп,
Орынсыз өткен іске өкінбелік.
Күні-түн жылы хабар күтуменен,
Мен жүрмін қара кемпір секілденіп» деп көңілімнің толқуын баса алмай қалғаным бар. Сол жылы Ғафаңның «Арқалық мұңы» деген өзекті мақаласы "Егемен Қазақстанға" шықты. Керемет шын жүрекпен тебіреніп, перзенттік парызбен жазылған дүние еді ол. Мен оны қалалық газетте редактор болып тұрғанда көшіріп бастым. Осы мақала көптеген жүректерге үміт отын жақты. Іле шала жабылып қалған Торғай облысын, қайта ашу үшін ынталы топ құрылды. Сол ынталы топты басқарған Едіресов Смағұл деген ағамыз еді. Әрине "жалғыздың үні, жаяудың шаңы" шықпайтыны белгілі. Осы тарапта Торғайдың бір топ беделді азаматтары жұмыс жасады. Олар Торғайдың қайта ашылуына зор үлес қосты. Оларды Ғафаң өзінің отты тілімен, жалынды сөзімен демеп отырды. Қызығы сол жабылып қалған Торғай облысы екі жылға жетпей қайта ашылды. Соған масаттанған мен шабыт қанатында отырып әлгі шумақты айтып жіберсем керек. Бұл теңеуім сөз қадірін түсінетін жерлестерім арасында көпке дейін айтылып жүрді.
- Екінші рет ашылған Торғай облысының жеті жылдан кейін қайта жабылуына не себеп?
- Қанша айтқанмен нарықтық заман өз дегенін жасады. Жалғыз Торғай емес, Семей, Талдықорған, Көкшетау, Жезқазған секілді облыстар да жабылды ғой. Бірақ жоғарыда айтқанымдай олардың жағдайлары жақсарып келеді. Ал, Торғай о бастан тек мал шаруашылығымен даңқы шыққан облыс. Кейде Торғай облысының қайтадан жабылуын басқарған басшылардың алыстан ойлай алмағанынан болған шығар деп болжаймын. Себебі Торғай мен Ырғыз арасын жалғайтын темір жол салынады дегелі міне отыз жыл. Ол жобада темір жол Торғай даласын басып өтеді деп көрсетілген. Соны сол кездегі басшылар жүрексінбей бастап жібергенде, Торғай облысы қақпақылға түспей аман қалар ма еді деген ой қылаң береді. Мысалы облысты ашатын кезде жан - жақты зерттейді ғой, географиялық, экономикалық жағдайын. Тұрған орнын, климатын дегендей. Осы жерде мынаны айта кеткім келіп тұр. Ертеректе дәл есімде жоқ "Правда" әлде "Известия" газеттерінің бірінде мақала шыққан. Сонда Торғай облысының орталығы Арқалық емес, Есіл болуы керек депті зерттеушілер. Сол менің есімде қалып қойды. Шыныменде облыс орталығы Есіл болғанда қайтер еді. Тоғыз жолдың торабы. Қай бағытқа да жол ашық. Мал шаруашылығына да, егіншілікке де. Сауда саттыққа да. Бәлкім Торғайды басқарған басшылар осыны ескеріп, зерттеу жүргізгенде бәрі басқаша болар ма еді.
Торғай- мал шаруашылығына қолайлы аймақ
- Ауылшаруашылығын дамытып, ірі қара малды асылдандырып, санын көбейтуге үкімет мүдделі. Субсидия бөлініп жатыр. Осы қарқынмен Торғайды қайта көтеру үшін мал шаруашылығын өрістетуге болмас па?
- Неге болмасын. Торғайда қазба байлықпен қатар шикізат мол. Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар. Көмірдің үлкен қоры жатыр. Оның әлі пісуі жетпей жатқандығы айтылуда. Осының бәрін дұрыстап игеру келешектің ісі. Кеңес дәуірінде Торғайдың мал шаруашылығы Қазақстанды ғана емес, басқа да мемлекеттерді асырауға жететіндей деңгейде болғанын көзіміз көрді. Егер Торғайды аграрлық сектормен қалдырып, мал шаруашылығын дамытатын болса, ен даланы малға толтыру түк емес. Мысалы, сыртқа бір тонна бидай сатып пайда тапқаннан, бір тонна ет шығарып сатқан тиімді екенін ауылшаруашылығының мамандары айтудай-ақ айтып жатыр. Кеңес заманында өзім өскен Жангелдин ауданының әр совхозында 50 мың қой, неше мыңдаған үйір жылқы, қаншама табын сиыр болды. Хрушеевтің тың игеруі құнарлы жердің қыртысын қопарып егін ектіріп, жайлауларды жыртып тастады. 54 жылы басталған сүреңнің Торғай даласына да салқыны тиді. Соған қарамай мал шаруашылығы керемет дамыды. Одан бергі тоқырауда мыңғырған мал талан таражға түсті.
- Сізді халық айтыс ақыны деп таниды. Алғашқы айтысқа шыққан күніңізден туған жеріңіз Торғайды жырыңызға арқау еттіңіз. Айтыста айтарымды айттым, өз биігіме шықтым деп ойлайсыз ба?
- Негізі мен жазба ақынмын. Алайда, айтыс ақыны болып атым шықты. Сол арқылы бршама құрметке ие болдық. Айтыс менің өмірімде үлкен орын алады. Алғаш рет 80 жылдары айтыс сахнасына көтерілдім. Шамам келгенше айтыстың ақтангерлерімен тізе қосып баба өнердің өрлеуіне үлес қостым. Шығатын биігіме шықтым. Біздің буын, Әселхан, Әсия, Қатимолла, Ерік, тағы басқа қыздар мен жігіттер, алдымыздағы қос ағамыз Көкен Шәкиев, Манап Көкеновтің соңынан ердік. Қазіргі қазақ айтысын қайтадан жандандырып, оны өз биігінен түсірмеуге күш салдық. Мен мұны толық сеніммен айта аламын.
- Айтыста жүргенде әділетсіздік көрген кезіңіз болды ма?
- Орыстар айтады ғой: «На мой век хватит» деп. Әсіресе қазылар тарапынан кеткен бұрмалаушылықтар патша көңіліді жер қылатын. Тауаның бір қайтып қалса көзіне қамшы тиген аттай жалтақ болып қалады екенсің. Айтыстан ертерек кетіп қалуыма да соның салдары тиді. Екінші жағынан өзіңді шығарып салып қарсы алатын облысың жоқ, жетім баланың күйін кешіп, жарым көңілденіп жүруге де төзе алмадым. Сондай кездері қай жерде жүрсеңде артыңда асқар таудай болып туған жерің тұруы керектігін ұғындым. Елінің, өзіне таныс аймақтың жетістіктері мен кемшіліктерін айызы қана жырлағанда ғана шын ақын тоят алатынын түйсіндім. Қостанай қаншама іргелес жатыр дегенмен, "білмес жердің ой шұқыры көп" емес пе?
- Қостанайдың атынан айтысқа барсаңыз да, Арқалықтың атынан түсіп жүрген кезіңіз көп болыпты?
- Менің сондай принципім болды. Бұл Торғайға деген өзімнің сүйіспеншілігім, бәлкім құрметім шығар. Кез келген айтысқа барған кезімде халыққа таныстыратын кезде былай деп хабарлататынмын. Мысалы қарсыласым, Оңтүстіктен, болмаса Алматылық болып жатса: «Қонысбай Әбіл - Арқалық қаласынан!» деп хабарлайтын. Қазақтың: "Ат төбеліндей болсада туған ел артық, ұлтарақтай болса да туған жер артық" деген сөзін ту етіп алған болуым керек. Әйтпесе қазақтың байтақ даласының бәрі менің Отаным, Ата мекенім. Егер өзіңді дүниеге әкелген топырақты мейірің қанып сүйе алмай тұрып, дархан даланың әр төбесіне тағзым етіп, барлығына бас иемін дегеніңе ел сене қояр ма екен?..
- Бәз біреулер; "Бәленшенің ақындығын сонадайдан танып бәйгеге қосып едім, сенімімді ақтады" деп жатады. Сондай «көріпкелдік» басыңыздан өткен кезі болды ма?
- Бір ғана оқиғаны айтайын. 1990 жылы Ташкент қаласында өткен халықаралық айтысқа мен Қостанайдың атынан қатыстым. Қасыма Гүлнар Қалқаева деген жас ақынды ертіп бардым. Сонда бәз біреулер: «Әлі республикалық деңгейдегі айтысқа қатыспаған баланы халықаралық жарысқа қалай қорықпай апара жатырсың» деп райымнан қайтармақ болды. "Гүлнардың бойында талант бар. Ол үшін мен өзім жауап беремін" деп алған бетімнен қайтпадым. Алла тағала мерейіңді үстем етемін десе аяқ астында екен. Бас бәйгені мен алып, әлгі Гүлнар қызым бірінші орынмен оралды сол айтыстан.
- Бір айтысыңызда:
«Қашанғы қалыптасқан тәртіппенен,
Атымның ауыздығын тартып келем.
Біреуге жазықсыз тіл тигізгеннен,
Өзім сөз естігенді артық көрем» депсіз?
Өзіңіз аламан айтыстарда топ жарып жүргенде, халықтың есінде қалардай ащы мысқылға толы запыран сөздерді жоғары жаққа айта алдым деп ойлайсыз ба?
- Ол жағынан бетім ашық. Жазықсыз біреуге тіл тигізуден құдай сақтасын. Айтар жерде бұқпантайлап қалу маған жат. Айтар сөз ауызға келіп тұрғанда тілімді тістеп қалған кезім жоқ.
Бүгінгі айтыс - мал табар айтыс
- Бүгінгі айтыста шындықты бетке шыжғырып басатын ақындар өсіп жетілді. Сіздермен олардың арасында қандай айырмашылық бар?
- Айырмашылық жетеді. Біз өз облысымызды сөз етіп отырып, қалың қазақтың мұңын айтқанды жақсы көретінбіз. Заманымыз солай болды бәлкім. Өлара кезең еді ғой. Қылышынан қаны тамған қызыл империяның дүрілдеп тұрған кезі. Қазір демократияны жамылып кім айтпай жатыр. Қолына домбыра ұстағанның бәрі ақылгөй. Кейбірі көзге түсіп қалу үшін әбден жаттанды болған тақырыпты қаузап, "шырылдап" шындыққа араша түседі. Қазір қай ақынның аузына қақпақ қойылып жатыр. Айтам деген сөзін айтады. Ал біздің кезде ондай болмайтын. Соған қарамай қөзімізді жұмып қойып ащы шындықтарды айтып жүрдік. Кейде "таяқ" жеп қалатынбыз. Әлі есімде Олжас Сүлейменов депутат боламын деп шығып, Алматыда соған байланысты науқан ұйымдастырылды. Кейін Олжасқа өз сөзінен бас тартқызып, дауысымды жұмысшыларға беремін дегізіп тынды қарсы жақ. Айтыс қарсаңында орын алды бұл оқиға. Соған ыза болған мен айтыс барысында осы келеңсіздікті түйреп өттім.
"Ұлы болса жеті елдің тілін білген,
Өсек пенен аяңға іліндірген.
Қарақшыны Колбиндей депутат қып,
Олжастайын асылын сүріндірген" дедім. Қаншама ащы болса да осылай деп ашық айтуыма тура келді.
Бүгінгі айтыстың деңгейіне көңіліңіз тола ма?
- Расын айтсам көп жағдайда толмайды. Айтыстың жиі-жиі өтуі ақындарды жаттандылыққа, қайталаушылыққа итермелеп жатыр. Халықтыңда баяғыдай ынтазарлығы байқалмайды. Өйткені тәттіні көп жеген сайын адам баласы одан шығады ғой. Таңдай- тамсанып жегенді қалайды. Не нәрсенің де көп болған жерінде сапа азая береді. Екінші жағынан бүгінгі айтыс дүние жинау айтысы болып кетті. Інілеріммен қарындастарымның көңіліне келмесін. Біз халықты дүр сілкіндіріп жүргенде үш тал гүл мен бір дипломды алып мәз болып ауылға оралатынбыз. Менің замандастарым айтыс арқылы дүние жинауды ойлаған емес. Біздің бар мақсатымыз халықты риза етуге бағышталды. Қалайда дәмді сөз айтып елдің алғысын алуға тырысатынбыз. Қаншама шабытымыз тасып жатса да әдептен аспаушы едік. Бүгінгі айтыскерлер сияқты жүлде үшін біріміздің бетімізді біріміз тырнаған жоқпыз. Қазақта мақал бар ғой, «Дүние пейілді бұзады» деген. Сол рас па деп қаласың кейде. Қазір машинаны көздің құрты қылып сахнаға кіргізіп қояды. Ақындарымыз демеушіні, болмаса машинаны қойған әкімді мақтайды келіп. Себебі машинаның кімге тиетінін солар шешеді ғой. Осының салдарынан ақындар бірін-бірі көрместей болып айтысады. Кейбіреулері айтыс мәдениетін бұзып анайы сөздер айтып жатады. Қарындасты қарындас деп, ағаны аға екен деп сыйламайтын ақындарды да көріп жүрміз. Сыйластық болмаған жерде үлкен өнер туады дегенге өз басым сенбеймін.
- "Қазақта қыз бен жігіттің айтысы болып Біржан мен Сараның айтысы қалды. Ал Көкен ата екеуіңіздің айтысыңыз аға мен інінің, сыйластығын паш етіп көпшіліктің есінде қалғаны өтірік емес.
- Айтысымның ішіндегі ерекше орынға қоятыным Көкен ағамен арада өткен айтыс. Ол айтыста мен Көкен ағаны жеңейінші деп, сүріндіруді алдыма мақсат етіп қоймадым. Ол кісі де соңымнан ерген інімді жолдан ығыстырайын деп тырысқан жоқ. Мұның келешек ақындарға үлкен тәрбиелік мәні бар. Асыл ағаны аялап отырып-ақ көп нәрселерді айтуға мүмкіндік алдым. Ол кісі де үлкен жүрекпен көкейінде жүрген сөздерін шығарды. Сол 1990-шы жылғы Наурыз айтыста мен халық ақыны деген атақ алдым. Сонда Ерік Асқаровпен жолым түйісті. Және таңдап қойғандай ең соңғы жұп болып шықтық. Түс ауа басталған айтысымыз түнгі 11-ге дейін созылды.
- Бұл Горбочевтың қайта құруды көксеп, тақта отырған кезі емес пе?
- Ия, тап солай. Бұл айтыста көп нәрсе айтылды. Қайта құру ма, әлде қайта «құру ма?» деп Горбочевті де шымшып өттік. Торғайдың жабылғаны да сөз орайында айтысқа арқау болды.
"Сұраққа жауап таппай қаламыз ба,
Жабылды екі облыс даламызда.
Бірақ та секретарьлар кінәлі емес,
Барлық гәп Мәскеудегі ағамызда" деп Еріктің айтып салмасы бар ма? Сонда мен:
"Ерікжан, інім едің еріп жүрген,
Жанымда ақ бөкендей желіп жүрген.
Ойына келген сөздің бәрін айтып,
Қызығын жариялықтың көріп жүрген.
Халқымыз болып қалған шошымалы,
Бұл сөзің көпшілікке тосын әлі.
Аузыңды Мәскеу жаққа салған кезде,
Кейбіреу тыңдауға да шошынады" дедім. Сонда Ерік: "Мәскеуден неге қорқам Қоныс аға, Горбочев қазақша тіл білмейді ғой" деп жауап тапқандай сытылып кеткені. Сол жерде қарап тұрмай мен де:
"Ерікжан, талмады ма жағың әлі,
Айтыста сынған жоқ қой сағың әлі.
- Горбачев қазақша тіл білмегенмен,
Аударып беретін жан табылады" деп халықты қыран топан етіп едік. Сол жолғы айтыстың керемет өткені сондай айтыс біткенше бір адам орнынан тұрған жоқ. Айтыс арасында екі-үш рет тік тұрып қол соғып қошемет көрсеткенін қалай ұмытарсың. Біткен соңда халық тарамай Ерік екеуміздің атымызды айтып, айтыстың өткірлігіне ризашылықтарын білдіріп жатты.
Ермакты тұғырынан тайдырып, Чкаловты ауылдан қуған ақын
Павлодардағы бір айтысыңызда:
«Қарға сұңқар болмайды жыйылып құр,
Соны ойласам жүрегім күйініп тұр.
Тірісінде қазаққа ол не істемесін,
Өлген соң да қылышын үйіріп тұр» депсіз Ермак ескерткішіне шүйіліп.
- Ия. Ермактың ескерткіші жайлы ұмытпасам Серік Құсайынов пен айтысқанда айтқан болармын. Содан кейінде бірнеше рет айналып соғып шүйліккенім бар. Ескерткіш тұрған ауданның әкімі Есімханов Қуат деген жігіт еді. Сол азамат кейін Ермак ескерткішін бір түнде алып тастады. Намысты азаматтың ғана қолынан келетін дүр іс қой бұл. Кез келген айтысқа барғанда онамастика, басқада ұлтқа қатысы бар мәселелерді көтеретінбіз. Тағы бірде Повлодарда бір қойшы жігітпен айтыстым. Сөйтсем әлгі жігіт «Чкалов» совхозынан екен. Оның бұрынғы Естай ақынның ауылы екенін білетінмін. Содан айтыс барысында :
«Чкалов ауылыңа келіп пе еді,
Жүзбе жүз өзіңді де көріп пе еді.
Боранда ығып кеткен қойларыңды,
Қайырып сомолетпен беріп пе еді.
Сен өзің аруақты сыйлайсың ба?
Бойыңа ізгілікті жинайсың ба.
Орыс та иеленген бір совхозды,
Атақты Естайыма қимайсың ба?» дедім. Халық шулап қоя берді. Көкейлерінде жүрген ойды ақын айтып тұрса қалай үнсіз қалсын. Сөйтіп айтыс бітіп, кешке ас ішіп отырсақ бір жігіт келіп тұр. «Мен мәслихаттан едім. Жаңа ғана бізді бастығымыз жинап алып, жиналыс өткізді. Ауылдың атын бүгіннен бастап Естай ақынға бердік» демесі бар ма? Бұл да ақынның мерейін өсіретін абыройлы іс қой? Бірде Оңтүстікке ақындар экспедициямен барған кезімізде Әселхан екеуіміз айтысып, Әселханға мен: «Халықтың ырысының, берекесінің символындай тайқазанымыз неге келіп өзінің мекенінен - Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінен орынын алмайды» деген сарында ой айтқаным бар. Сонда Әселхан»: «Қонысбай-ау, бұл енді екеуміз шешетін мәселе емес қой, мұны министрліктің деңгейінде шешсе игілікті іс болар еді» деген болатын. Сол айтыста көтерген біздің пікіріміз кейін биліктен қолдау тауып, көп уақыт өтпей Эрмитаждағы тайқазан елге оралды. Ол кезде айтылған сөзге мән беріліп, пікір талас тудырып жататын.
- Бүгінгі таңда да ақындардың аузымен өзекті тілетін ащы сөздер айтылып жатады ғой.
- Ол рас. Кез келген әкім мен шенеунік көзге шұқып көрсеткен кемшілікті түзеуге құлықты емес. Газет, журналдар шулап жазып жатқан сыни мақалаларға да тұшымды жауап беріліп жатпағанын көзіміз көріп жүр. Біздің кезімізде айтыс ақынының сөзі жерде қалмайтын, сондықтан да олардың ел арасында беделі зор еді.
- Торғай облысының атынан айтысқа барып, қайтқанда Қостанай облысының ақыны болып оралғаныңызды өз аузыңыздан естісек?
- Ой, ол бір қызық оқиға болды ғой. 1988 жылы Қарағанды қаласында айтыс болып, Айгүл Түсіпбекова деген қызбен сөз қағыстырдым. «Қай облыстың атынан айтысып отырсыз?» дейді маған сөз орайында қағытып. Сөйтсем, Торғайдың Қостанай облысына көшкені жайлы жарлық шығып кетіпті. Мен оны оқымағанмын. Айтысқа дайындық барысында жаман жерім телевизор көрмеймін, газет парақтамаймын. Бар ынтазарым айтысқа ауып, бүкіл дүниені ұмытатыным бар еді. Әлгі қыздың сөз саптасынан Торғайдың тарағанын сездім. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой.
«Қонысбай қарызға сөз сұраған ба-ай,
Бүгінше сынамашы бұл ағаңды-ай.
Торғайым тарап кетіп болып тұрмын,
Асқар тау арқа сүйер құлағандай.
Нұрханның отты жырын сүйеу көрдім,
Есімін Амангелді тіреу көрдім.
Халыққа оңай тиіп жатқан жоқ-ау,
Қатесі бір кездегі біреулердің.
Ойласаң жүрек кетер мұздай болып,
Табаннан өткен ызғар сыздай болып.
Қостанай қолтығына қайта кірдік,
Тұрмыстан қайтып келген қыздай болып»,- дедім қарсыласыма берген жаубымда. Менің бұл жерде айтқым келетіні Торғайдың қанша айтқанмен даңғарадай аты бар ғой. Ырысты, құтты мекен. Ештеңені өзгертпей ақ қойсын, бірақ Торғай облысы деген атын қайта қалпына келтірсе деп армандаймын. Облыстың орталығы Қостанай болып қала берсінСонда «Арба да сынбас еді, өгіз де өлмес еді». Оған да жететін күн болар. Өйткені менің басыма келген ой атқа мінген азаматтардың басына келмеуі мүмкін емес қой.
- Жазба жырларыңыздың бірінде:
«Жыр етуге елімнің жарқын ісін,
Арналады ізденіс, талпынысым.
Әл кеткенше қолымнан домбыра ұстап,
Ән салумен өтемін халқым үшін»- жырлаған екенсіз.
«Қолыңыздан әл кетпей, сөзіңізден дәм кетпей, көмейіңізден ән кетпей, бойыңыздан сән кетпей аман-есен жүре беріңіз!» деп сұхбатты аяқтағым келіп отыр. Рахмет!
Сұхбаттасқан - Мұстафа Шалқар
«Абай-ақпарат»