Жұма, 22 Қараша 2024
2669 0 пікір 28 Сәуір, 2020 сағат 19:31

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қанша тұрғын үй салынады?

Қазақстан Республикасында халықты тұрғын үймен қамту мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар аз емес. Азаматтардың баспана алуына қолайы болу үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қолға алынған. Бұл қатарға елдің бәрі білетін «7-20-25», «Нұрлы жер» сынды бірқатар ірі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын атауға болады. Бұл бағдарламалар халықтың ертерек баспаналы болсам деген асыл арманына қанат бітіріп отыр.

Тұрғын үй алғысы келген азаматқа жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалар не үшін қажет? Мұның басты артықшылығы қолына баспана алуға қаражаты жеткіліксіз отандастармыз осы бағдарламалар аясында бөліп төлеу арқылы баспана сатып ала алады. Үй алғысы келген азамат аталған бағдарлама бойынша келісімшарт негізінде ай сайын қажетті төлемдерін жасап отырады. Осы арқылы тұрғын үйдің ақшасын он, он бес, тіпті жиырма жылда төлеуге болады.

2019 жылы екінші қыркүйекте жолдаған «Сындарлы қоғамдық диатлог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біртұтас тұрғын үй саясатын жүзеге асырып, осы бағытта жұмыс нысанын белгілеген болатын.

Мемлекет басшысы аталған Жолдауында:

-Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар, жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар.

Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс.

Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын.

Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру.

Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет.

Мәселен, бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс. Табысы аз адамдар  бұған қатыса алмай отыр, - деген болатын.

Ел Президентінің тапсырмасына сай, елде тұрғын үй бағдарламалары тұрақты жұмыс істеп, азаматтардың баспаналы болуына барынша жағдай жасалып отыр. Біз бүгінгі материалымызда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы аясында істелген жұмыстар жайлы сөз етеміз. Аталған мемлекеттік бағдарлама тұрғындар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру мақсатында 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының ең басты ерекшелігі және мақсаты ретінде ел бюджетінің тұрғын үй құрылысына барынша аз жұмасалуын қамтамасыз ету екенін атауға болады. Түсінкті сөзбен айтар болсақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы елдегі нарықтық механизм дамуын ең негізгі назарда ұстайды. Бұл бағдарлама аясында тұрғын үй құрлысы негізінен жеке инвестициялар және халықтың жинақтарын тарту арқылы жүргізіледі.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлер орта есеппен мемлекеттік инвестициялардан бір теңге, ал жеке инвестицияларды тартылу қызметі бойынша бес теңгені құрайды. Осыдан-ақ, бұл бағдарламаның экономикалық тиімділігін аңғаруға болады. Сонымен қатар,«Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік қолдау арқылы қамтамасыз етіледі.

Биыл біз сөз етіп отырған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырау облысында қаржыландыру көздері бойынша 800 мың шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланып отыр. Бұл дегеніңіз 6,5 мың тұрғын үйді құрайды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында аталған салаға 8,1 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Бұл бойынша, жалпы мөлшері 149,6 мың шаршы метрді құрайтын 1287 тұрғын үй қолданысқа берілді.

Сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар мен тұрғын үйге 20,3 миллиард теңге жұмсалып, тоқсан бес жоба жүзеге асырылды. Осының арқасында өңірде 925 адам жұмыспен қамтамасыз етілді.

- Өткен жылы біз «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 246 пәтер, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 252 пәтердің кілтін тапсырдық. Өз кезегіңізді электрондық үкімет порталынан бақылауға болады, - дейді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кредиттік немесе ұзақ мерзімге жалға берілетін 620 тұрғын үйді қолданысқа түсіру жоспарланып отыр екен. Мұның ішінде жалға берілетін (сатып алу құқығы қамтылмаған) тұрғын үй құрылысына он үш жобаны іске қосу көзделген. Ол үшін бес миллиард теңге бөлу жоспарланған.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысында аймақтық әкімдікке 1,1 миллиард теңге көлемінде қаржы аударылып, бұл қаражат толық игерілді. Биыл жыл аяғына дейін жалпы көлемі 10,2 мың шаршы метрді құрайтын 157 жалға берілетін пәтер қолданысқа берілетін болады.

Облыс халықының кейбір аз қамтылған әлеуметтік топтарына, көпбалалы отбасыларға берілетін тұрғын үйлердің жалпы құрылысына 480 адам жұмысқа алынды. Ал салынып жатқан кредиттік тұрғын үй құрылысына жалпы қырық үш жобаны іске асыру сақсатында бес миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаржыға 27,8 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл дегеніңіз 463 пәтер пайдалануға беріледі деген сөз.

Сонымен бірге «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы шеңберінде екі пайыздық несие беретін «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылады. Сол үшін биыл республикалық бюджеттен Атырау облысының әкімдігіне 239 тұрғын үй салуға 2,4 миллиард теңге мөлшерінде қарыз беру жоспарланып отыр.

Атырау облысында тұрғын үй салу құрылысы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге отыз тоғыз жоба жүзеге асырылады. Осы мақсатқа арнайы 10,3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында аталған қаражаттың 2,8 миллиард теңгесі облыстық бюджетке аударылып, 2,2 миллиард теңгесі қазірдің өзінде игерілді. Біз айтып отырған бұл жобалар аясында 445 адам жұмыспен қамтамасыз етілді.

Атырау қаласында қазіргі таңда тұрғын үй алу кезегінде 21 мың 532 адам тұр.  Бұл ақпаратты атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев мәлімдеген.

Бұл тұрығндардың арасында екі мың елу бір көпбалалы отбасы, он екі мың елу тоғыз мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет қызметкерлері, бір мың қырық бір жетімдер үйінің тәрбиеленушілері бар. Бұдан бөлек апатты үйлерде тұратын жүз алпыс адам, сонымен қатар әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасы санатына жататын 6 мың 121 отбасы бар.

Ал жоғарыда біз айтқан «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы жетпіс екі отбасы тұрғын үйге қол жеткізген болатын. Биыл бұл бағдарлама бойынша баспана алуға 118 адам өтініш берді. Бірақ тұтас елде төтенше жағдай режимінің енгізілуі себепті аталған өтініштер әлі қаралған жоқ, уақытша тоқтатылып тұр.

Қазіргі таңда Атырау қаласында апатты деп танылған 79 тұрғын үй тіркелген. Оның арасында он жатақхана бар. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында апатты деп табылған тұрғын үйдің орнына жаңадан үй салу көзделген. Оған үй кезегінде тұрған аталған ескі үйдің тұрғындарына пәтер бөлу қарастырылып отыр.

Жолдиевтің айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үйлерді жеке меншкке сатып алуға заң бойынша тыйым салынған. Биыл 2013-2014 жылдардан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға пәтер бөлінеді екен. Сонымен қатар, 2009 жылдан баспана күтіп жүрген бюджет қызметкерлерінің де кезегі биыл келгенін мәлімдеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5313