Бейсенбі, 10 Қазан 2024
6757 10 пікір 12 Мамыр, 2020 сағат 11:06

Гүлнара Каримованың ұлы анасынан тартып алынған байлықты жариялады

Өзбекстанның тұңғыш президентінің немересі Ислам Каримов Instagram’дағы парақшасында және қарындасы Иманның Facebook’тегі парақшасында өзбек президенті Шавкат Мирзияевке үндеу жариялады. Автор онда анасынан тартып алынған байлық тізімін жариялаған.

Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримованың тәркіленген байлығының арасында "Узбекистон почтаси" ("Өзбекстан поштасы"), Perfectum Mobile операторы, Ташкенттың ең жақсы аудандарындағы 98 пәтер бар.

Тізімде МДС медициналық орталығы мен екі жекеменшік клиника, әуежайдағы және Ташкент қаласындағы duty free сауда нүктелері, Levi’s, Mango, Benetton және басқа да әлемдік брендтерінің дүкен желілері, бес мейрамхана, төрт кинотеатр, екі спорт және спа-клубы, жиырмадан астам құрылыс алаңы, астана орталығындағы 20 сауда алаңы, риелтор компаниялары, фермалар, ауыл шаруашылығы фирмалары бар.

Ислам Каримов жолдауында анасының байлығы сот шешімінсіз президент Шавкат Мирзияев күйеу баласының қолына өткені айтылған.

"Атамыздың өзі салып берген біздің саяжай да сіздің күйеу балаңыздың аралас жекпе-жек қауымдастығының иелігіне өтті" деп жазды Гүлнара Каримованың баласы.

Өзбекстандағы Coca-Cola зауыты да қазіргі мемлекет басшысының күйеу баласының қолына өтті дейді Ислам Каримов. "Әкем М. Максудидің айтуынша, отбасымыздың кәсіпорыны - жүздеген миллион доллар тұратын Coca-Cola Өзбекстан зауыты сіздің күйеу балаңыздың басқаруына өтті" делінген Каримов жолдауында.

Ол Гүлнара Каримовадан тартып алынған байлық мемлекет қазынасына алынды дегенге күмән келтірген. "Біздің саяжайды, Coca-Cola және басқа да активтерді ашық саудаға шығарғанын естімедік" деп жазды Ислам Каримов.

"Қазір оларды мемлекет емес, басқа біреулер басқарып отыр" деп жазды Өзбекстанның тұңғыш президентінің немересі.

Өзбекстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримованы өзбек соты түрмеге отырғызды. Оған қылмыс тобын ұйымдастырды, ақша бопсалады, байлықты талан-таражға салды, заңсыз мүлікті легализациялады және басқа да қылмыстар жасады деген айыптар тағылды.

Өзбекстанның Бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың шетелдегі есепшоттардағы ақшасы елге қайтарылуы керек деп есептейді.

Бас прокуратура Каримова мемлекетті және оның азаматтарын 1 трлн 270 млрд 200 млн сум, 1 млрд 651,8 млн доллар шығынға батырды деп хабарлады.

Қазір Гүлнара Каримова Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы әйелдер колониясында отыр. Оның шетелдегі есепшоттарындағы ақшаға бірнеше мемлекет таласып жатыр.

Abai.kz

10 пікір