Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4822 13 пікір 12 Мамыр, 2020 сағат 11:33

"Қазақ жалқау" деген - Кеңестік билік ойлап тапқан жалған стереотип

Бәрі қарапайым қазаққа ақыл айтқыш әйтеуір. "Қазақ жалқау", "қазақ еріншек" дейді. Әнші мен әртістен сұхбат ала беретіндерді түсінбеймін. Не айтады бұлар? Көбінің соңғы оқыған кітабы "Әліппе". Солардан қандай кемеңгер ой, ғылыми тұжырым күтесіңдер...білмедім.

Жалпы қазақ жалқау ма? Жалпы "жаман ұлт болмайды, жаман адам болады" деген сияқты, "жалқау ұлт болмайды, жалқау адам болады". Ресей империясы артынша Кеңестік билік қасақана ойлап тауып, қоғамға тастаған бірнеше жалған стереотип бар. Қазақты жалқау, еріншек, білімсіз ұлт ретінде суреттеп, ұлттық рухты түсіруге барын салды. "Қазаққа білім керек емес, ол қой бақса жетеді" деді. Бәрі де жалған, өтірік, қасақана ойлап табылған саяси әдіс болатын. Жә, қойшы сол бір шірік кезеңді. Қазір КСРО емес, басқа дәуір. Бірақ сол көзқараспен әлі өмір сүріп жатқан жандар бар. Көбісі қазақтар. Миын шаю мүмкін емес болып қалған.

Ей, қазақты жалқау дейтіндер! Сендер өзі кітап оқисыңдар ма? Шетел тарихшыларының не жазып жатқанын қарасаңдаршы. Бәрі қақаған қыста, аптап ыстықта көшпенділер қалай күн кешкеніне таңданыс білдіреді. Қамалдан шықпай қамалып отырғандар ондай өмірде болса, бір күн шыдамай өліп қалатынын жазады. Сол көшпендінің бірі мына біз едік. Қырық градус аязда ат үстінде мал бағып, ел қорғап, төрт мезгіл жүздеген шақырым көшіп күн кешетін дәуірде - жалқаулар бірінші арам қатады.

"Өткен дәуір ғой ол" дейтін шығарсың. Жақсы, қазіргі уақытқа оралайын. Терезеңді аш. Не көріп тұрсың? Көліктер зулап жатыр. Барлығы өз жұмысымен жүр. Бірі жүк тасып, енді бірі құм тасуда. Бәрі қазақтар. Салынып жатқан құрылысты қара. Қаптаған құрылысшы. Көбі қазақтар. Ауланы сыпырып жүрген кімдер, базарда сауда жасап жатқандар ше, зауыттар мен кен орындарындағылары ше, мал бағып, егін еккендер ше, компаниялар мен фабрикаларда кімдер жүр, мектептер мен ауруханаларда кімдер сабақ беріп, емдеуде, 12187 шақырымды кім күзетіп тұр? Бәрі қазақтар. Оның бәрі жұмыс.

Қазақ жалқау болса, көктем шыға сала бақша еге ма? 250 мың тонна орамжапырақты жалқаулар өсірді ма? Жоқ, еңбекқор қазақтар өсірді. Шіріп кетуі, өтпей қалуы қарапайым қазақтың емес, нашар мемлекеттік менеджменттің және тосыннан келген індеттің кесірі.

Қазақ жалқау болса мыңдағаны Оңтүстік Кореяда айға бата беріп жүр ма? Жоқ, қиналып қаржы тауып жүр. Жалқау болса Сеул аспай, алма піс, аузыма түс деп жата берер еді-ау ауылында.
Айта берсе мысал көп.

Елге ақыл айтқыш әншілер мен әртістер қара жұмыс істеп көрмей ма, сосын терең пәлсапа айта берсін. Ауыздарын екі-ақ рет жазылған запиське жыбырлатып, әр тойдан миллион алатын адам нағыз еңбек пен қара тер жайлы ой толғамаса да болады жалпы. Өйткені түсінбейді.

Бір ұлттың атынан оның табиғатына сипаттама бере салатындар көбейді. Мынау жалқау, анау еңбекқор дейді. Айналайындар, әр ұлттың арасында еңбекті сүйетіндер де, жатып ішерлер де болады. Өмір ғой. Бұл әлемде шыбық басын сындырмайтын жапон да бар, күріш екпейтін қытай да бар, еңбек етпейтін ағылшын да бар, әріп танымайтын еврей де бар. Бірақ олар ешқашан "еврей еріншек", "жапон жалқау" демейтін шығар. Мүмкін әншісымақтары деп те жатқан болар.

Айтпағым жалқау деген түсінік ұлтқа емес, жеке адамға қатысты. "Мен жалқаумын" деп айта бер, бірақ "менің ұлтым жалқау" деп айтпа. Бұ қазақ айлығы шайлығына жетпей бірнеше жұмыста қатар жүрген халық.

"Қазақ жалқау" деп қазақ айтып тұрса, анталаған жауға табалауға себеп, мазақ етуге мүмкіндік бермей ма? Соны неге ойламайсыңдар.

Асхат Қасенғалидың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5492