Тәуелсіздік – ұлы мұрат, қастерлі ұғым
Жаңа дәуір 1991 жылдың желтоқсанынан басталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің сын сағаттарында нар жүгін мойымай көтеретін қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бастады. Елбасымыз ұлтының үмітін ақтап, елді ел қылды, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады, іргелі мемлекет құрды. Ең бастысы, мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жетті. Бұндай жетістік бірлікті елі, білікті төрі, ең бастысы, дана басшысы бар қоғамның ғана қолынан келеді.
Жаңа дәуір 1991 жылдың желтоқсанынан басталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің сын сағаттарында нар жүгін мойымай көтеретін қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бастады. Елбасымыз ұлтының үмітін ақтап, елді ел қылды, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады, іргелі мемлекет құрды. Ең бастысы, мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жетті. Бұндай жетістік бірлікті елі, білікті төрі, ең бастысы, дана басшысы бар қоғамның ғана қолынан келеді.
Тәуелсіз елдің адамдары арасында абыржушылықтар, уақытша күйзелістер мен дағдарыстар кездеспей қоймады. Демек, тәуелсіздігіміз елге де, Елбасына да үлкен сын болды. Ол дүниежүзіндегі елдерге, олардың басшыларына өзін танытуға, мойындатуға тиіс болды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін онымен түбі бір туысқан Түркия бірден қуана құптап, қолын созды. Одан соң басқа елдер бірінен соң бірі Қазақстанды дербес, тәуелсіз мемлекет деп ішкі және сыртқы саясат арасында қарым-қатынастар орнату қажет екендігіне мойын бұрды. Географиялық, аумақтық жағынан алғанда жер көлемі жөнінен Қазақстан дүние жүзінде тоғызыншы орын алатындығы талай шетелдік әріптестерді тамсандырмай қоймайтын еді. Өйткені, қос құрлықты - Еуропа мен Азияны алып жатқан біздің Отанымыз өзінің табиғи байлығымен ғана емес, сондай-ақ байырғы қазақ жерінде алуан түрлі ұлттар мен ұлыстар, тілдер мен діндер өкілдері ешқандай қақтығыссыз, қағажу көрмей, тату-тәтті, достастық, туыстық жағдайында өмір сүріп жатқандығы өзге елдердің қай-қайсына да өнеге боларлық қоғамдық негізде топтасудың толыққанды үлгісі еді.
Ел экономикасында батыл да жүйелі, жігерлі де жедел өзгерістер жүргізуді өмірдің өзі талап етті. Бұл ретте экономикамыз бен адамдарымыздың өмірінде тоталитарлық жүйенің сарқыншақтарынан батыл арылу, дамуымыздың жолын айқындау жүзеге асырылды. Қалада да, ауылда да, далада да адамдарымыздың әл-ауқатын біртіндеп көтеру бағытында игі істер атқарылды.
Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу, Астананы Алатаудан Арқаға ауыстыру, еліміздің ұлттық қорын жасақтау және Қазақстан-2030 стратегиясын құру. Кеңес Одағынан еншісін алып, сол сәтте жан бағудың өзі мұң боп тұрған кезде, Қазақстан Президенті осындай батыл бастамаларды қолға алды. Бүгінде еліміз өз мемлекеттілігін біржолата бекітіп, дамудың қазақстандық моделін қалыптастырды. Осы кезеңде ғасырға бергісіз жолдан өтті, ауқымы жағынан орасан табыстарға қол жеткізді.
Қазақстанның жаңа Конституциясының (1995 жылы) қабылдануы тәуелсіздігіміздің аса биік саяси белесі болды. Онда билік құрудың жаңа қағидалары бекітілді, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау қолға алынды. Қазірдің өзінде біздің басты жетістіктеріміз - бүкіл халық болып қабылдаған осы Конституцияның жемісі деп айта аламыз. Ата Заң деген атқа ие болған Конституциямыз - біздің Негізгі Заңымыз. Ол - мемлекетіміздің басқа заңдарына жол көрсетудің, жөн сілтеудің қайнар көзі, түп қазығы.
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы мемлекеттіліктің заңды түрде рәсімделгенін айғақтап, елдегі тың өзгерістерге жол ашты. Президент сол кездегі күрделі жағдайға қарамастан, өз халқына дамудың сара жолын ұсынды, бұл оның жеке ерлігінің дәлелі. Қазақстандықтар өзінің көшбасшысына, оның гүлдену мен өркендеуге тезірек жету мақсатында елдің конституциялық құрылысын өзгерту қажеттігі туралы идеясына сеніп қана қоймай, іске де асырды.
Міне, осындай көзқарас бейбітшіліктің, тұрақтылықтың, өзіне деген сенімділік пен өркендеудің, яғни бүгінде шетелдіктердің аузынан түспейтін «дамудың қазақстандық жолының» тиімді кепіліне айналды. Негізгі заң ұлт құралатын негізгі принциптерді: адам тұлғасының жоғарғы құндылығын, адамдардың тең құқылығын, кез келген себеп бойынша кімді де болсын кемсітуге тыйым салынуын, меншікке қол тигізуге болмайтынын, пікір алуандығын, адамдарды өз құқықтары мен бостандықтарынан айыруға болмайтындығын, халықтың егемендігін, т.б. айқындайды.
Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған да сол Ата Заңымыз. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар қабылдап, Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын республиканың жоғары өкілді органы болып табылатынын да бекітіп берді. Сөйтіп, біздің елімізде тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, екi палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұратын Парламент өмірге келді. Өткен жылы осы Парламенттің 15 жылдық мерейтойын атап өтіп, бүгінге дейінгі атқарған істерін қорытындыладық.
1996 жылы 28 маусым күні бірінші шақырылымның бірінші сессиясы аяқталғанда сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев: «Парламент кәсіби және жеткілікті түрде құзырлы заң шығарушы орган ретінде республикалық және аймақтық мүдделерді үйлестіруді қамтамасыз етуге, жеткілікті дәрежеде сапалы заң жобаларын жасау жұмысына қабілетті екенін көрсетті», - деп заң шығару органының алғашқы қадамына жоғары баға берген болатын. Сол жылдары заң жобаларын талқылау барысында кейбір министрлердің Парламентке келіп, заң жобасы жөнінде түсіндірме беруден қашқақтап жүргенінен хабардар болған Елбасы бұл мәселеге жеке тоқталады. Үкімет мүшелерінің Парламентке дереу келуі керек екенін айта келіп: «Барлық қалыпты мемлекеттерде министрдің Парламентке келуі кәдуілгі, құрметті іс деп саналады. Қазақстан Парламентінің шын мәнінде құрметті орган болуын жақтайтынымды әрқашан айтып жүрмін, ал оның екі палатасы іс жүзінде сондай орган болып отыр. Осындай бола беруі үшін мен бәрін істегім келеді», - деген еді.
Алғашында Мәжiлiс 67 депутаттан сайланса, кейін 1998 жылғы конституциялық өзгерістерге орай 77, ал 2007 жылғы мамырда жаңартылған Конституцияға сәйкес 107 парламентшіден тұратын болды. Олардың 98-і саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Ал 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері болып табылады.
Кәсіби Парламенттің басты ерекшелігі - заң жобаларын жан-жақты қарап, талқылаудан өткізіп, тұрақты жұмыс жасайтындығы. Депутаттың ең негізі міндеті халықтың көңілінен шығатын, мұң-мұқтажын елеп-ескеретін заңдарды қабылдау екені анық. Қазіргі таңда депутаттық корпустың мақсаты - мемлекеттің алға қойған бағытын заңмен қамтамасыз ету болса, бүгінде кәсіби Парламент сол жұмысын толық атқарып жатыр деп айтуға болады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу үрдісі басталды. Алдымен экономикалық реформалар жүргізілді. Қазақстанда жүргізілген экономикалық реформалар республика органдарының экономикалық басқарудағы рөлін, орны мен функциясын түбегейлі өзгерту жолдарын қарастырды. Министрліктердің ендігі міндеттері - басқару емес, өнеркәсіптердің техникалық дамуына, салааралық өркендеуіне дұрыс бағдар таңдау жұмыстарымен айналысу.
Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қоғамдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан әлемдік экономикада өз орны бар елге айналды.
Еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2003, 2006, 2009 жылдары қатарынан үш бірдей құрылтайын өткізді. Ол бүгінде жаһандық үнқатысуға жол ашатын ірі басқосуға айналды. Оның мақсаты - жер бетін мекендеген түрлі халықтардың бейбіт үнқатысуын орнықтыру. Мұны әлемдік кең ауқымдағы аса ірі оқиға деп бағалауымыз керек. Оның бейбітсүйгіштік бағыты мен татуластырғыш әлеуетіне әлем жұртшылығы ризашылықпен үлкен мән беріп отыр. Бүгінде Қазақстанда қанша этнос болса, соның бәріне өз орталықтарын ашып, тілін, дінін сақтап, дамытуға толық мүмкіндік жасалған. Бұл жетістікке қазақтың пейілінің кеңдігі мен даналығының арқасында қол жеткізіп отырмыз. «Елу жылда ел жаңа" деген мақал да бүгінгі Қазақстанға жүрмей қалды. Айналасы 20 жылға жетпейтін уақытта беделді мемлекетке айналдық.
Қазақстан үшін өз тәуелсіздігін алар тұстағы халықаралық аренадағы алғашқы елеулі оқиға Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қару-жарақтан бас тарту болды. Бұл жаппай қарулануға жанталасып жатқан заманда ешбір мемлекет басшысының ойына келмеген теңдесі жоқ айрықша шешім еді. Мұндай нартәуекелге бір басының бақытын елінің бақытымен байланыстырған кемеңгер тұлға ғана бара алатыны сөзсіз. Содан бері бүгінгі күнге дейін Қазақстан адамзат тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш әрі жалғыз ел болып келеді. Мұны халқының болашағы үшін қандай да тәуекелге барып, басын бәйгеге тігіп жүрген Н.Назарбаевтың ерлігі десе болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның 2010 жылдың сәуір айында Семей полигонына барып, ажал апанының ауызында тұрып: "Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын", - деп Абай топырағында тебіренуі де сондықтан.
Ерте ме, кеш пе, түптің түбінде адамзат баласының ақылы жетіп, жаппай қырып-жоятын жойқын қарусыз өмір сүретін мамыражай заманға да жетер. Ол заманды біз көрмесек те келер ұрпақ көрер. Қай кезде де, қай заманда да осы істің басында қазақ халқының перзенті, Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғанын адамзат әрқашан еске алатын болады. "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп" айтқан данышпан Абайдың сөзін темірқазық етіп ұстанған Қазақстан бүгінде әлемге бейтарап саясат жүргізетін бейбітшіліксүйгіш мемлекет ретінде танылып отыр.
Орталық Азия аймағының көшбасшысы саналатын біздің ел соңғы жылдары қарқынды даму жолында. Бұл жетістіктер бүкіл экономикамызды қайта құру нәтижесінде мүмкін болды. Тәуелсіз Қазақстандағы экономикалық реформалармен қатар жүргізілген саяси реформалар да мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін жоғарылатты. Бүгін Қазақстан халықаралық және аймақтық ұйымдардың мүшесі ғана емес, батыс және шығыс елдерінің сенімді әріптесі. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың қатысушысы ғана емес, осы уақытқа дейін ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ секілді ұйымдардың төрағалығын сәтті атқара білді. Еліміздің былтырғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы ел имиджін жоғарылатқаны анық. Расында да Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы арқылы әлемдік саясатқа өз ықпалын жүргізіп отырды.
Тарих көшінде ғасырда бір келетін тарихи оқиғалар болады. Сондай оқиға - Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық беделді ұйым өкілдерінің басын қосқан - Саммит өткізгеніміз болды. Мұндай жоғары дәрежелі басқосу ЕҚЫҰ құрылғалы бергі 35 жылдың бедерінде 1975 жылы Хельсинкиде, 1990 жылы Парижде, 1992 жылы Хельсинкиде, 1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткізілген екен. Бір ғажабы, сол басқосулардың ешқайсысы да төрағалық еткен елдің астанасында шақырылмапты. Осылайша Қазақстан әрі төраға, әрі саммит шақырушы ел мәртебесіне ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет қатар қол жеткізген мемлекет болып отыр. Арғы-бергі тарихында аласапыранды басынан көп өткерген, тарихта есесі кеткен ел едік. Тәуелсіз ел болғалы кемдігіміз толып, кемелімізден асып жатырмыз.
Биылғы жылы 24-25 ақпанда Австрияның Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының қысқы мәжілісіне қатыстым. Онда ЕҚЫҰ-ның үш қоржынындағы - саяси, экономикалық, адам құқықтары мәселелері жан-жақты талқыланып, тиісті құжаттар қабылданды. Осы жерде Форум делегаттары Қазақстанда өткен Саммиттің жоғары деңгейде болғанын, ЕҚЫҰ-ның одан арғы бағдарын айқындаған Астана декларациясының қабылдануына барынша күш-жігерін салған Қазақстан өз тарихына орасан саяси мұра жасағандығын, ал биылғы жылы үштікке мүше ретінде ЕҚЫҰ-дағы өзінің белсенді саясатын жалғастырып жатқандығын атап өтті. Сессияда Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауы да әңгіме болды.
Биыл Қазақстан құрамына 57 мемлекет кіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына басшылық етіп, Батыс пен Ислам әлемі арасында үнқатысу орнату міндетін көздеп отыр. Бұл шаралардың бәрі сайып келгенде, Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа қосқан өзіндік үлесі.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына және Ислам Ынтымақтастығы ұйымына төрағалық ету арқылы Қазақстан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы байланысты тереңдетуге атсалысып келеді. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөздеріне назар салайық: «2010 жылы біздің ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді. Ал 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымы министрлерінің конференциясына төрағалық жасайтын боламыз. Қазақстан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы сындарлы іс-әрекет тақырыбын жылжытуға әрі осы және басқа да халықаралық ұйымдар аясында нақты шешімдер қабылдауға қол жеткізуге ықыласты».
Президентіміз әрқашан да халыққа, Қазақстандағы ең беделді, басқарушы саяси ұйым - «Нұр Отан» партиясына зор сенім артады. Сондықтан партиямыздың XIII съезі Елбасымыздың сенімін ақтау жолындағы стратегиялық мақсаттарымызды айқындауға арналды десек те болады. Еліміздің барлық аймақтары мен Алматы, Астана қалаларынан съезге келген 600-ге жуық делегат «Нұр Отан» партиясы атынан өз көшбасшысын кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат етіп ұсынды. Үміт ақталып, сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 95,5 пайыз дауыс жинап, халқының шексіз сеніміне ие болды. Республика жұртшылығы «Президент біреу, басқамыз тіреу болып тәу етер киеміз Тәуелсіздікті ұлылап, өркениет көшіне ілесе берейік!», - деген шешімге тоқтады. Осы жерде Қазақстанның елі сүйген, елін сүйген Президентінің халықаралық деңгейдегі, шет мемлекеттердегі абыройы мен беделі жайында өзім куә болған жағдайды айта кеткім келеді.
Былтыр ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының өкілі ретінде Украинадағы Президент сайлауына бақылаушы ретінде барғанмын. Сол сапарымда сайлау учаскесінде 90-шы жылдарға дейін еліміздің Қостанай облысында тұрған, кейіннен Украинаның Киев облысының Бродянский ауданына қоныс аударған, учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі Усольцева деген бұрынғы жерлесімді кездестірдім. Менің Қазақстаннан екенімді біліп, Усольцева ханым халықаралық бақылаушылардың алдында Қазақстанда қалған туған-туыстарымен хабарласып тұратынын, сондай-ақ Елбасымыздың тікелей басшылығымен республикада болып жатқан барлық игі шаралар жөнінде өзінің хабардар екенін баяндай келіп, біздің Президентімізге тамсана жоғары баға берді. Сол сәтте менің бойымды еліміз үшін, халқымызды кемел келешекке бастап келе жатқан Елбасымыз үшін ерекше мақтаныш сезімі билеп, төбем көкке жеткендей болды.
«Қазақстан - 2030» Стратегиясынан бастау алатын биылғы Жолдау - алдыңғы жылдардағы жолдаулардың заңды жалғасы болып табылғанымен, дамудың жаңа кезеңдеріне байланысты өзінің айтары айрықша, халыққа берер жақсылығы да бөлек Жолдау болды. Басты басымдықтар ел экономикасын үдемелі инновациялық индустрияландырудың жалғасы ретінде модернизациялауға және әлеуметтік саясатқа бағытталды. Әр ауыл өзі жайлаған аумақты ұқыпты да үнемді игеріп, оған керек технология мен кәсіби мәдениетті толығымен меңгере алса ғана өзінің көсегесін де, елінің көсегесін де көгертетінін мәлімдеді.
Жеріміз үлкен де, халқымыз аз! Бұл түсетін табысты түгелдей тұтынуға жібермей, өндірісті кеңейтуге жұмсауға қолайлылық туғызады. Халқымыз жаппай сауатты, индустриялы және техникаланған агроөндіріске баулынған. Бұл біздің технологиялық жаңаруларға бейім екендігімізді танытады. Осы жағдайда Президент ауылды индустрияландыру қажеттігіне баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің «ең зор экспорттық әлеуеті бар» - еттік мал шаруашылығын дамыту мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Президент ел өңірлерін дамыту бағдарламасын әзірлеп, бекіту туралы бастама жасады. Менің ойымша, бұл ұсыныс өз кезегінде ел өңірлерін кешенді түрде дамытып, тұрмыс-тіршілігіне тың серпін беретіндігіне сенімдімін.
Тамырын тереңнен тартқан, ғасырлар бойы дала демократиясы мен еркіндік сезімінің құндылық белгілерін сақтап келген, бастауын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті Жарғы» сияқты көне заңдардан алатын Қазақ елінің заң шығарушылық қызметінің қалыптасу жолы жеңіл болды деп ешкім айта алмайды.
Бұдан біз қазақстандық парламентаризмнің қалыптасу жолы күрделі болғанын, парламентаризм талабына, табиғатына сай келмейтін қоғамдық сана мен саяси тәжірибедегі үстірт көзқарастар мен пікірлерді еңсерудің оңайға түспегенін, Қазақстан Парламенті қоғамдағы реформаларды табысты жүзеге асыруға қабілетті саяси-демократиялық институтқа тек тәуелсіздік жылдары ғана айналғанын аңғарамыз. Он бес жыл тарих үшін көп уақыт емес. Осы уақыттың ішінде небір күрделі кезеңдер мен сындарлы сәттерді бастан өткерген Қазақстан Парламенті іс үстінде қалыптасып, кемелденді, сындарлы тәжірибе жинақтады, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен айтсақ, еліміздің келбетін өзгерткен заңдар қабылдайтын деңгейге көтерілді.
Өз бойына әлемдік және отандық тәжірибенің жақсы үлгілерін жинақтап, оларды қазіргі саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік салалардағы жағдайларға бейімдеп отырған Парламенттің жемісті қызметі туралы мысалдарды алыстан іздеудің қажеті жоқ. 2010 жылғы 1 қыркүйекте Парламентте Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі сессия аралығында атқарылған істерге тоқтала келіп: «Міне, бұл мәселелерде Парламент кәсіби шеберлігін танытып, үлкен іске зор үлесін қосты. Бұл орайда, Парламент жоғары заң шығарушы орган ретінде еліміздің өсіп-өркендеуі жолында пәрменді жұмыс жасауда. Мызғымас мемлекеттігіміздің бас бағдарына айналған Ата Заң аясында көптеген заңдар қабылдануда. Осы сайланымның депутаттары үш сессияның ішінде 340-тан аса заң қабылдағаны мұның жарқын айғағы болып табылады. Бұл заңдардың басым көпшілігі қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге арналған», деп депутаттарға ризашылығын білдірген.
Парламент Мәжілісінің депутаттары негізгі ішкі жұмыстарымен қатар, халықаралық және парламентаралық қызметті де белсенді жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар, әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезеңінде ерекше сипатқа ие болғанын айту артықтық етпес. Парламенттің регламентіне сәйкес депутаттар тоқсан сайын аймақтарға шығып, сайлаушылармен кездесіп тұрады. Ондағы басты мақсат - халықты жоғары өкілетті орган, үкімет тындырып жатқан істерден хабардар ету. Осы кездесулердің барысында халықтың талап-тілектеріне де айрықша көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, олар көтерген мәселелерді тиісті орындарға жеткізуді басты міндетіміз деп білеміз.
Биылғы жылы Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басты. Егемендігі мен тәуелсіздігі туы астында Қазақстанның жиырма жыл ішінде даму жолы Елбасы саясатының дұрыс екендігін дәлелдеді. Қазақстан Республикасы халқының өз тәуелсіздігін сақтауға, нығайтуға белінің бекемдігін танытты. Адамдарымыздың үлкендерінің де, кішілерінің де, жастарымыздың да өз болашағына деген сенімдерінің зор екендігін олардың бүгінгі бет алысы, келбеті көрсетіп отыр. «Тәуелсіздік, - деді Елбасы, - біздің алдымыздан жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолдан ешқайда бұлтармай, алға баса береміз».
Тәуелсiздiк алған жылдарда ел экономикасына 126 млрд. доллардан астам шетелдiк инвестиция тартылды. Жалпы iшкi өнiм өсiмi 2010 жылы 7 пайыз, өнеркәсiп өндiрiсi 10 пайыз, өңдеу өнеркәсiбi 19 пайыз мөлшердi құрады. Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейiн артты». Елдің тәуелсіздік жылдарындағы үдерісінің интегралды көрсеткішінің бірі - ол халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ. 1994 жылы ІЖӨ халықтың жан басына шаққанда жеті жүзден астам долларды құрады. 2011 жылғы 1 қаңтарда ол 12 есеге өсті және 9 мың АҚШ долларына артты. Әлемдік тәжірибе тәуелсіздігінің 20 жылында бірде-бір ел мұндай нәтижеге жетпегенін көрсетіп отыр.
Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.