Бейсенбі, 10 Қазан 2024
2352 0 пікір 14 Мамыр, 2020 сағат 11:58

Мәжіліс балаларға екпе салдыруды міндеттейтін кодекс жобасын мақұлдады

13 мамырда мәжіліс депутаттары "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жобада балаларға екпе салдыруды міндеттеу қарастырылған.

"717 түзету қабылданды, екі түзету қабылданған жоқ. Оның бірі - депутат Бекболат Тілеухан ұсынған "Профилактикалық екпе салдыру" туралы баптағы "міндетті" деген сөзді "құқылы" деген сөзбен ауыстыру. Екіншісі - екпе салынбаған балаларды балабақшаға қабылдамау туралы норманы алып тастау" деді депутат Зәуреш Аманжолова.

Ол аталған соңғы бапты жұмыс тобы сарапшылармен, тәуелсіз мамандармен бірігіп талқылағанын да атап өтті.

"Ақыры барлық екпені екі топқа: міндетті және ерікті деп бөлу туралы шешім қабылданды, ал балабақшаларға балаларды "ұжымдық иммунитет" деңгейіне байланысты кіргізетін болады" деді Аманжолова.

Қазақстанда вирустық гепатит, қызылша, дифтерия, полиомиелит және өзге де ауру түрлерінен сақтану үшін екпе салдыру міндеттелген.

Қазақстан үкіметі дайындаған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасындағы екпені міндеттеу туралы ереже қоғамда дау туғызған. Былтыр жыл соңында бірнеше мың адам интернетте қол жинап, балаларға жасалатын екпені міндеттеу туралы ұсынысты ​алып тастауға шақырған.

Abai.kz

0 пікір