Тарлан
Осы 2011 жылдың көктемінің бір күні өнердің, әдебиет, мәдениеттің шырақшысындай ізденгіш Құлбек Ергөбек хабарласып, Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығы туралы әңгіме қозғады. Біраз пікір алыстық. Сол әңгіме менің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке арнайы сауал жолдауыма түрткі болды.
Сауалыма Үкімет басшысынан төмендегідей жауап келді.
«Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 80 жыл толуына байланысты 2011 жылы бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру туралы сауалыңызға орай төмендегіні хабарлаймын.
Өзбекәлі Жәнібековтың ұлт мәдениеті мен өнеріне қосқан сүбелі үлесін ескере отырып, мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастыру жөніндегі ұсынысыңызға қолдау білдіремін.
Республикалық деңгейде биылғы жылы оның қаламынан туған екі томдық «Таңдамалы шығармалар» жинағы мен Ө. Жәнібеков туралы «Рух сарбазы» атты естеліктер жинағы жарыққа шығады.
Сонымен қатар, Өзекеңнің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм түсіріліп, ағымдағы жылы республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілуі жоспарланып отыр.
Биылғы жылы Астана қаласында еліміздің белгілі тарихшылары, этнограф мамандарының бас қосуымен Ө.Жәнібековке арналған ғылыми-тәжірибелік конференция, «дөңгелек үстел» және «Ұлт руханиятының» тақырыбында еске алу кеші өткізіледі.
Осы 2011 жылдың көктемінің бір күні өнердің, әдебиет, мәдениеттің шырақшысындай ізденгіш Құлбек Ергөбек хабарласып, Өзбекәлі Жәнібековтің 80 жылдығы туралы әңгіме қозғады. Біраз пікір алыстық. Сол әңгіме менің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке арнайы сауал жолдауыма түрткі болды.
Сауалыма Үкімет басшысынан төмендегідей жауап келді.
«Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 80 жыл толуына байланысты 2011 жылы бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру туралы сауалыңызға орай төмендегіні хабарлаймын.
Өзбекәлі Жәнібековтың ұлт мәдениеті мен өнеріне қосқан сүбелі үлесін ескере отырып, мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастыру жөніндегі ұсынысыңызға қолдау білдіремін.
Республикалық деңгейде биылғы жылы оның қаламынан туған екі томдық «Таңдамалы шығармалар» жинағы мен Ө. Жәнібеков туралы «Рух сарбазы» атты естеліктер жинағы жарыққа шығады.
Сонымен қатар, Өзекеңнің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм түсіріліп, ағымдағы жылы республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілуі жоспарланып отыр.
Биылғы жылы Астана қаласында еліміздің белгілі тарихшылары, этнограф мамандарының бас қосуымен Ө.Жәнібековке арналған ғылыми-тәжірибелік конференция, «дөңгелек үстел» және «Ұлт руханиятының» тақырыбында еске алу кеші өткізіледі.
Сондай-ақ, Астанада кезінде Ө.Жәнібеков өзі бас болып ұйымдастырған «Отырар сазы» оркестрі, «Адырна», «Сазген» фольклорлық-этнографиялық оркестрі және «Алтынай» би ансамблінің концерті өткізіледі.
Мәдениет министрлігіне қарасты республикалық мекемелерде де Өзекеңнің мерейтойына байланысты біраз іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Ө.Жәнібековке арналған кітап көрмелері мен оқырмандар конференциялары өтеді. Алматыдағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық мұражайында Ө.Жәнібековке арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция мен көрме ұйымдастырылады.
Ал, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайында «Өзбекәлі Жәнібеков - мемлекет және қоғам қайраткері» деген тақырыпта көрме ашылса, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы аудандық кітапханалар мен мұражайлармен бірлесіп «Ө.Жәнібеков - мемлекеттік қайраткер» атты дөңгелек үстел, көрме ұйымдастыруды, мектептерде Өзекеңнің өмірі мен шығармашылығына арналған лекциялар оқуды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі тарапынан биылғы жылдың наурыз айында мерейгерге арналған республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылғанын хабарлаймын.
Премьер-Министр К.Мәсімов»
26 мамыр, 2011 жыл.
....Біздің жасөспірім шағымызда комсомол деген жастар ұйымының қоғамдағы беделі дүрілдеп, абыройы өсіп тұрды. Комсомолдың талабы - жақсы оқу, адал еңбек ету, қулық, ұрлық, сұмдық, өтірікшілік сияқты жаман қылықтардан аулақ жүру болатын. 14 жасқа толған өскелең ұрпақ осы талаптарды таза қабылдап, соған ұмтылатын.
...Өзбекәлі Жәнібеков ауданнан Орталыққа дейінгі комсомол ұйымдарының жетекшілік қызметтерінде 15 жылдан астам уақыт еңбек етті. Әсіресе, 1962-1970 жылдары Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, жастар ұйымындағы қоғамдық қайраткерлігімен бүкіл елге танылды. Ұлттың, Республиканың мүддесін қорғай білуде де Өзекеңнің тұлғасы Орталық комсомол комитетін басқарған жылдары айрықша көрінді.
Өзекеңмен тұңғыш кездесуіміз 1970 жылдың қаңтарында Қазақстан комсомолы Орталық комитетінде болды. Әрине, Өзекең үшін ондай кездесулер қызметіне байланысты әдеттегі ондаған, жүздеген кездесулер болатын. Ол кісінің алдынан мен сияқты қарапайым қазақтың жігіттері лек-легімен, топ-тобымен өтіп жататын. Сондықтан ондай кездесулер Өзекеңнің есінде қала бермеуі де мүмкін. Ал мен үшін сол кездесу естен кетпес ерекше оқиға. Өйткені, ондай дәрежеде менің тұңғыш кездесуім. Екіншіден, сыртынан атына қанық тұлғамен кездесу. Үшіншіден, бұл тұңғыш кездесу - болашақ өмірдің әр қырында кездесіп, түсінісіп, сырласып, қызметтес те болып жүрудің бастамасы болған шығар.
Жастар ұйымында қызмет жасаған жылдарымызда, ол кісі Орталық, біз аудан деңгейінде жүріп, жастармен тілдесіп, араласып, оларды қоғамның игілігіне, жақсылығына, дамуына, оң бағытына жұмылдыру жұмыстарын үйрендік. Комсомол қоғам тіршілігінің сан салалы бағыттарының барлығына, мектептегі оқудан бастап, спорт, көркемөнерпаз, әскери-патриоттық, еңбек тәрбиесіне тікелей араласатын. Көбіне бастамашылдық көрсететін. Ол кезде комсомолдан өскен аға ұрпақ жастық шағында комсомол қатарында болғанын мақтанышпен айтатын.
Сол жылдары жастардың жалпы біліммен қатар әртүрлі кәсіптік, техникалық білім алуына айрықша мән берілді. Осы бағытта қоғамды басқарушы болған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Үкіметінің арнайы қаулы-қарарларының қабылданып, жергілікті жерлерде жастардың оқуын қамтамасыз ететін жағдай жасалуына Өзекең Республика жастар жетекшісі ретінде тікелей бастамашы бола алды. Қазақстанда металлургия, тау-кен, энергетика, құрылыс, мұнай, тағы басқа өнеркәсіп кешендері бой көтере бастады. Комсомолдың Орталық Комитеті солардың көпшілігін екпінді комсомол құрылысы санатына қосып, қазақ жастарының өнеркәсіп саласына мамандануына қамқорлық жасауға тырысты. Болашақта олардың қатарынан мыңдаған еңбек ардагерлері, ондаған, жүздеген өндіріс басқарушылары өсіп шығып, қоғамға пайдалы еңбек етті.
XX ғасырдың басындағы жастар қозғалысының көрнекті қайраткерлері Ғани Мұратбаев, Саттар Ерубаевтардың есімін кейінгі ұрпақ санасына жеткізіп, тарихи тұлғалар өмірі мен еңбегін сыйлау дәстүрін қалыптастыруда Өзекеңнің еңбегі мол.
Комсомолдың өнер, ғылым, мәдениет саласына да батыл араласып, жас таланттардың өсуіне тікелей қамқорлық жасау үрдісі де осы Өзекеңнің тұсында қалыптасып, жақсы дәстүр болып, кейінгі кезеңдерге дейін де сәтті жалғасын тауып жатты.
Әдебиет, өнер саласында Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты деген құрметті атақ туралы шешім қабылданып, оның алғашқы лауреаты етіп небәрі 23 жыл өмір сүріп, «Менің құрдастарым» романын жазып кеткен Саттар Ерубаевты жариялады. Мөлдіреген жас шағында сол атаққа ие болған Олжас Сүлейменов, Ғазиза Жұбанова, Әнуар Әлімжанов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғали Нүсіпжанов, Анатолий Молодов сынды дарынды тұлғалар Қазақстан әдебиетінің, өнерінің көрнекті қайраткерлері болып өсті. Өнер саңлақтарының өсуі де, еңбегі де жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша өнеге екенін айтқанымыз орынды. Өнер, мәдениет салаларын дамытуға бағытталған әртүрлі конкурстар мен фестивальдарға да комсомол бастамашы болып, олардың халық арасында танылып, мазмұнды әрі тартымды өткізілуіне мән беріліп, кеңінен қанат жайды. Өзекең қазақ жастарының, әсіресе қоғамдық өміріміздің сан алуан саласының талантты өкілдерінің Одақ көлемінде танылып, насихатталуына айрықша көңіл бөлді. Сол үшін аянған жоқ. Қажет жерінде ұсынысын беріп, сөзін айтудан тартынған емес.
Өзекеңмен сол кездегі Бүкілодақтық комсомол комитетінің бірінші, екінші хатшылары қызметтерін атқарған Сергей Павлов, Евгений Тяжельников, Борис Пастухов тиянақты санасатын, сыйлайтын. Әрине, оның бәрі оңайлықпен өздігінен бола бермейтіні анық. Ондай дәрежеге жету үшін толассыз еңбек, оның көрнекті нәтижесі, қажетпен көтерілген мәселе, орнымен айтылған ұтымды сөз, бұлтартпас дәлел жинақталып барып, адамның қабілет, қарымын көрсетері де хақ. Өзекең республика жастар одағының жетекшісі ретінде осынау биік талап тұрғысынан көріне білді.
Өзекеңнің қоғам үшін жасаған еңбегі, жеке басының қайраткерлік, адамдармен қарым-қатынастық қасиеттері мыңдаған адамдардың жадында сақталып, көкірегінде, көңілінде, көкейінде өшпес із қалдырды.
Өзекеңнің ғажабы - жоғары лауазымды қызметте болғанда да, одан кеткенде де адами мінезінің бірқалыпты болуы. Өзекеңе деген ел-жұрттың, Өзекеңді білетін адамдардың, қоғамның да қатынасы бірқалыпты «Өзеке» деген сыйласымдылық жағдайда болды.
Дүниеден озғанына он жылдан асса да Өзекеңнің есімі мен тұлғасына сол баяғы халықтық, ұлттық құрмет сезімі өсе түспесе, бір мысқал да кемімеді. Өзекең ұлтымыздың қайраткері бейнесінде ол кісіні көрген, білетін адамдардың санасында сөнбес жарық сәуле болып қалды.
Өзекеңнің өмір жолы, өсу жолдары оңай болған жоқ. Бала кезіндегі басынан өткізген жетімдігі, бозбаладан есейіп жігіт шағында оқуға, білімге, еңбекке деген ізденісі, талпынысы, одан кейінгі үлкен өмірге араласуы туралы Өзекең өзінің «Тағдыр тағылымы» кітабында тартымды баяндаған.
Комсомол қызметінен кейін Өзекең партия қызметіне тартылып, жаңадан құрылған Торғай облысына облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне жіберілді.
Өзекеңнің Торғай өңіріндегі еңбегі аңызға бергісіз. Содан бері қырық жылдан астам уақыт өтсе де, сол кездері Торғай облысында тұрған азаматтар ерекше тебіреніспен еске алады.
Торғай өлкесіндегі бес жылғы еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жаңадан құрылған Сыртқы байланыстар бөліміне меңгеруші қызметіне тағайындалды.
Ол заманда партияға мүше адамдар, әсіресе, басшы қызметшілер өз беттерімен, тек өз қалауымен қызмет таңдай алмайтын. Әрине, шешім қабылдайтын құзырлы партия орны адамның мамандығын, тәжірибесін, қабілетін, мүмкіндігін, мінез, құлқын, сөз жоқ, есептей отырып, ұсынылатын адаммен алдын-ала әңгіме жүргізіп, оның да пікірі ескеріліп, жан-жақты тиянақталады. Кейбір ұсыныстардан бас тартатын да адамдар болуы заңды. Ал Өзекең сияқты қоғам, Отан ісін өзінің жеке басының мүддесінен жоғары қоятын адамдар қандай қиын жер, жұмыс болса да партия сенімі деп қабылдайтын. Ол нашарлық емес, ерекше тектілік еді.
Кейбір шынайы қайраткерлердің өмірі де қайшылыққа толы, күрделі болады. Оның себептерін әлдекімдер долбарлап, болжамдап өз пайымдауынша айтып жатады. Өзекең қандай құбылысқа да, әртүрлі жағдай, мәселелерге өз пікірі бар, шыншыл, турашыл, батыл, ірі, қайраткер тұлға.
Өзекең өмірінің бір ерекшелігі - ол кісінің комсомолдан кейін ылғи жаңа құрылымға жіберіліп, келген жұмысын түбірінен бастап өзінің құрып шығуы. Торғайға барғандағы қызметі түгелдей «алғашқы рет», «тұңғыш» деген анықтауыш, айқындауышпен байланысты болды. Одан кейін Орталық партия комитетіне келгенде де Сыртқы байланыстар бөлімі жаңадан құрылып, оның жұмысын бір жүйеге түсіру Жәнібековке тапсырылды. Өзекең қысқа мерзімде бұл тапсырманы да ұршықша иіріп, жаңа бағыттың мәртебесін көтерді.
Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне келгенде де құрылымы, ұйымдастыруы жағынан жаңа, қажеті мен мазмұны жағынан ертеден көп зиялы адамның көңілінде жүрген маңызды саланы қолға алып, оның нақты, жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілуін негіздеді. Ол - қазақ халқының тарихы мен мәдениетіміздің тарихи ескерткіштері, этнография, ұлттық дәстүріміз бен мәдени өркендеу жолдары еді. Әрине, лауазым дәрежесі тұрғысынан Өзекеңнің білімі, мүмкіндігі, қайраткерлігі орынбасардан гөрі әлдеқайда жоғары екенін ел, қоғам білетін. Алайда, жоғарыда айтылған рухани өміріміздің маңызды қазынасы үшін Өзекеңнің сол салаға келіп, 6-7 жыл еңбек етуі - қазақ этнографиясы, тарихи ескерткіштері, салт, дәстүрі үшін көзі ашылып, көгеріп, көктеп, бағы жанған жылдар болды десем, ешқандай артық айтқандық емес.
Өзекең тұңғыш рет еліміздегі тарихи ескерткіштердің ерте дәуірден бастап бүгінге дейінгі толық жинағын жүйелеп, тізімге түсіртіп, оларды оңалдырып, қайта жөндеуден өткізіліп, қалпына келтіру қажеттігін мемлекеттік мәдени-рухани құндылықтар дәрежесіне көтерді. Сол жылдары Өзекеңнің бастамашылдығымен Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштер жинағының 10 томдығы шыға бастады. Бұл жерде - Кеңес Одағы билігінде «біздің тарихымыз 1917 жылы қазан төңкерісінен басталады» деген уағыз идеологияның меңдеп тұрған шағында ұлттық мәдениетіміздің ерте замандағы қайнар көздерін танып, мойындауға үлкен бетбұрыс болғанын еске сала кеткен де жөн.
Мәдениет министрлігі жанынан Өзекеңнің тікелей ұсынысымен, жобасымен тарихи-мәдени ескерткіштерді жөндеп, әуелгі қалпына келтіру, оларды елдің рухани құндылығына айналдыру мақсатында «Казреставрация» ғылыми-зерттеу институты, арнайы басқарма құрылып, жаңа жүйелі істерге қамқор болды. Сол жылдар аралығында осы бағытта атқарылған қыруар игілікті жұмыстарды Өзекеңнің есімінсіз айту да, көз алдымызға келтіру де мүмкін емес.
Қазақ халқының этнографиялық бай әлемін қалпына келтіріп, ұлттық салт, дәстүр, сананы жаңғыртып, оның жүздеген білгірлері мен іздеушілерін игілікті жұмысқа жұмылдыра алған да Өзекең. Соның айғағы - Өзекең өзі бас болып, ұзақ жылдар тірнектеп жүріп, жинақтап ашқан Алматы қаласындағы республикалық музыкалық ұлт аспаптар мұражайы еді. Кезінде ол мұражайдың ашылуы үлкен оқиға болған. Мұражай жұмысымен қатар құрылған этнографиялық «Сазген» және Нұрғиса Тілендиевтің атақты «Отырар сазы» ансамбльдері де өз нақыштарымен, өз үндерімен дүниеге келді. Аталмыш мұражайдың жұмысын жолға қою айтуға жеңіл, шын мәнінде тауқыметі көп, әлеуметтік жағдайы жоқ жұмыс еді. Сондай-ақ, «Отырар сазы» ұжымы тарихының өзі бөлек әңгіме. Бұл жерде айтудың реті келіп тұрғаны - Нұрғиса Тілендиев пен Өзбекәлі Жәнібековтің бірлесіп, сол мұражайдағы ұлттық аспаптарды үлкен ансамбльде «сөйлетуі» еді. Анау-мынау бастық, шенеуніктерге тарпаң мінез көрсетіп жүретін Нұрекең (Нұрғиса Тілендиев) Өзекеңмен үндесіп, шүйіркелесіп кететін.
Мұражай туралы Үкімет қаулысы болғанымен оның көп мәселесі - атап айтқанда - ғимараты, қызметкерлердің пәтері, штат кестесі, жалақы мөлшері, жалпы қаржысы толық шешілмей жатты. Осының бәрі тиянақталып, Орталық комитеттің бірінші хатшысына баяндалды. Дінмұхамед Ахметұлы сол кезде Орталық партия комитетінің өнеркәсіп істері жөнінде хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге мұражай жағдайымен мұқият танысып, соңынан екеуі бірлесіп, барлық мұқтаждарын шешіп, нақты қамқорлық жасады.
Нұрсұлтан Әбішұлы мен Өзбекәлі Жәнібекұлының рухани жақындықтарын комсомолдан еститінбіз. Кейін Нұрсұлтан Әбішұлы республика Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болғанда да, Президент болғанда да Өзекеңе зор құрметпен қарап, оның еңбегі мен қоғамдық қайраткерлігін жоғары бағалап, денсаулығы сыр бере бастағанда қамқорлық, көмегін де мейлінше шын ықыласымен жасағанының да куәсі болдым.
Өзекең қызметте де, адамдармен қарым-қатынаста да талғампаз, талапшыл, кірпияз. Әсіресе «қағаз», әртүрлі саяси құжаттар, баяндамалар, сөз, саяси мақала жазуға өте шұқанақ. Ол кісінің ойын табу қызметкерлерге оңай болмайтын. Өзекеңнің ой-өрісі кең, білімі терең. Қандай да жұмысқа асқан жауапкершілікпен әрі тың көзбен қарайтын.
Өзбекәлі Жәнібекұлының ғибратты істері көп-ақ. Соның ең абыройлысы да, ең ардақтысы да халқымыздың жады мен тұрмысында сақталып қалған салт, дәстүрлерінің өмірге қайта оралып, ұлт салтанатына айналуы. Өзекең Мәдениет министрі, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болған жылдары Наурыз мерекесінің қайта туып, жанданып, жаңарып, мемлекет өмірі дәрежесінде бүкілхалықтық мейрам болуына тікелей бастамашы болды.
«Қазақ тілі» қоғамын құрып, оның мемлекеттік тіл болу идеясын қалыптастырды.
Өткен ғасырдың 20-30 жылдары жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ халқының ұлт болашағы үшін құрбан болған ардақты арыстарымызды ақтау туралы саяси шешім қабылдау қажеттігін алғашқы болып, өзімізде, әлі Одақтың шаңырағы шайқалмай тұрғанда Мәскеуде, Орталық билік дәрежесінде көтерген де Өзекең. Кезінде Петербордағы Эрмитажға алынып кеткен қазақтың киелі Тайқазанының елге оралуы да Өзекеңнің еңбегімен байланысты.
Сондай-ақ әртүрлі саяси толқындардың шарпуымен қиратылған, сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру ісі де Өзекеңнің бастамашылдығымен жүйелі сипатқа бет түзеді.
Олардың қатарында Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Жошы кесенелері, Жаркенттегі мұсылман мешіті, Қарқаралыдағы Құнанбай мешіті, Ұлытаудағы, Ордадағы, Сырымбеттегі, тағы басқа тарихи құндылықтарымызды айтуға болары хақ.
Осы мақаланың басында келтірілген Үкімет басшысының хатына сәйкес - ұлтымыздың ардақты ұлдарының бірі Өзбекәлі Жәнібековтың есімін есте сақтап, оны құрметтеуге де мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты айтуымыз әділдік болар еді. Биыл Өзекеңнің 80 жылдығына орай көптеген шаралар ұйымдастырылды. Өмірден өткеннен кейінгі жылдары БАҚ-да Өзекеңнің өмірі мен еңбегі туралы көптеген естеліктер мен мақалалар жариялануда. Өзекеңнің еңбектері, кітаптары жарық көріп жатыр. Солардың ішінде Еркінбай Әкімқұлұлының «Ғибратты ғұмыр» сериясымен шыққан «Өзбекәлі Жәнібеков» атты еңбегінің ерекше құндылығын айтқан жөн. Қарашаның басында қайраткердің туған топырағы Шәуілдірде Өзекеңнің ескерткіші ашылмақ...
Өзекеңді еске алғанда, алдымен ол кісінің қажымас қайраткерлігі, қатаң болса да әділдігі мен адалдығы, елжіреп тұрмаса да шынайы жанашырлығы мен сенімді бауырмалдығы көңіліңді шуаққа бөлейді.
Өзекең ұлтжанды қоғамшыл, патриот еді. Қоғамдық қызметтің, адал еңбектің, мемлекетке, ұлтқа сарқыла қызмет етудің тарланы еді.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор.