Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 13983 0 пікір 25 Мамыр, 2020 сағат 16:35

Қазақша сөйлеген Пан кім, орысша сұраған Мамытбеков кім?

Әлгінде Сенат «Саяси партиялар» және «Сайлау» туралы Заң жобаларын мақұлдағанын білесіздер. Ұлттық кеңесте талқы болып, артынан Президент пәрмен беріп, азды-кем өзгерту жасалған Заң жобасы туралы баяндаманы Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан дейтін адам жасаған еді. Қазақ тілінде. Мемлекеттік тілде.

Сенаттағы сол жиында министр міндетін атқарушы Наталья Пан қазақша сөйледі. Депутаттардың қазақ тіліндегі сауалдарына қазақ тілінде жауап берді. Рас, Наталья Панның мемлекеттік тілде жасаған 6 миниуттық баяндамасын «5-ке» бағалауға және келмес. Десе де, оның Қазақстанның мемлекеттік тіліне деген құрметі көптің көңілінен шықты. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та, әлеуметтік желі қолданушылары да, ақпарат құралдары да, саясатшылар да, бәрі-бәрі Пан ханымға «пах» десті.

Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл Конституцияда жазылған. Демек, Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы – Парламентке келген әрбір министр мемлекеттік тілде сөйлеуі міндет! Бұл жаңалық емес, заңдылық!

Солай десек те, 28-29 жылда екі-ақ заңды қазақ тілінде қабылдаған Қазақстан Парламенті мен бөтен елдің мемлекеттік тіліне «буазкөңіл» қазақ билігіндегі ыңғай «жолтандардың», «ана тілімді ұмытып қалдым, уақыт берсеңіздер қазақша сөйлеп келемін» деп мүләйімсіген министрлердің мемлекеттік тілге көрсеткен өгейлігінің қасында Наталья Панның бұл жолғы жасағаны «әп, бәрекелді» дегізер жаңымды жаңалық болды, рас.

Десе де, сол жиында солтүстіктегі сойы бөлек жұрттың, бөтен елдің мемлекеттің тіліне мұқтаждығын аңғартып, өз сауалына «орысша» жауап беруін талап қылған депутат та болыпты. Ол – Еділ Мамытбеков дейтін адам екен. Міне, «azattyq-ruhy.kz», «rast.kz» сайттары Сенатор Мамытбековтың қазақша сөйлеген министрден орысша жауап беруін сұрағанын жарыса жазып жатыр.

Енді бұған не дейсіз? Осыдан кейін сұрақ туады. Қазақ тіліне қырын қарайтын кім? Қазақша сөйлемейтін кім? Наталья Пан кім? Еділ Мамытбеков кім?

Самые высокопоставленные женщины Казахстана | NUR.KZ

Наталья Пан. Қарағандының Абайында туған адам. АҚШ-та оқып келген экономист. Қаржы министрлігінде, Президент әкімшілігінде қызмет істеген. Қазір ҚР Әділет вице-министрі екен.

Мамытбеков, Едил Куламкадырович — Википедия

Ал Еділ Мамытбеков ше?

1964 жылы туған. Биыл қазанда 56 жасқа толады.

Ленинградтағы Жданов атындағы университетте оқыған. Мамандығы – математик. Өзі ғылым кандидаты, доцент екен.

«Wikipedia-дағы» деректе – ол туралы: «казахстанский госдарственный деятель», деп жазылған екен. Қазақшаға қотарсақ – мемлекет қайраткері.

1991-96 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМУ-да сабақ берген, әкімшілік жұмыстар атқарған. 1996-98 жылдары Үкімет аппаратында, премьер-министр кеңсесінде қызмет істеген. 1996-2008 жылдары Президент әкімшілігінде қызметте болған.

2008-2009 жылы ҚР Индустрия және сауды вице-министрі, 2009-2014 жылдары ЕАЭО мен Кедендік одақта Жауапты хатшының орынбасары қызметін атқарған. 2014-2015 жылдары Астана әкімі аппаратын басқарған. 2015-2017 жылдары «Нұр Отанның» Астанадағы филиалында төраға орынбасары болған. 2017 жылы Парламент Сенатының депутаты. 2019 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының өкілі.

Ақпаратта жиі айтыла бермегесін бе, әйтеуір бұл депутаттың есім-сойын бұрын-соңды естімеген екенбіз. Сөйтіп, Сенаттың ресми сайтындағы Еділ Мамытбеков туралы деректерге көз жүгірттік.

Әуелі, қысқартылған сөздер мен сандарды қоса есептегенде 51 символдан (сөзден) тұратын өмірбаянын оқып шықтық.

«Заң шығару қызметі» дейтін айдарды ақтарып көріп ек, 2019 жылдың қыркүйек, қараша және желтоқсан айларына тиесілі «бақандай» үш заң жобасы жазылыпты.

«Халықаралық қызметі» деген айдарда да іліп-алар ақпарат жоқ. Бар болғаны 4 Халықаралық жиынға қатысыпты. Оның өзі 2019 жылдың еншісінде екен.

«Сөздері, мақалалары мен жарияланымдары» деген дәудей айдар тіпті қаңырап тұр екен. «Астана» арнасына берген жалғыз-жарым сұхбатының сілтемесі ілініпті.

«Аймақтарға сапарлар» айдарынан 9 материал таптық. Оның үшеуі 2020 жылға тиесілі екен. 08.01.2020 және 09.01.2020 жыл деген датамен көрсетілген «Нұр-Сұлтан қ. Халқымен кездесу» атты үш материалды ашып көрдік.

«Фотогалерея» айдарын ақтарып шықтық. 170-тен көп сурет (бәлкім фото-есеп) бар екен.

Сенатор Мамытбековтың депутаттың қызметі туралы басқа ақпарат жоқтың-қасы. Ресми сайтты ары ақтарып, бері ақтарып отырып тапқанымыз осы.

Мақұл, Мамытбеков мырза депутат болған 2017 жылдан бері түк бітірмей отырды десек, «жаптым жала, жақтым күйе» болар... Үш жылда үш заң жобасын әзірлеп, сосын 4 рет шетелге шығып, 9 рет аймақтарды аларап, бір сұхбат беріп, «құда да тыныш, құдағи да тыныш» деп отыр екен дегенге сенудің өзі қиын ғой. Алайда, депутаттың депутаттық қызметі туралы егжей-тегжейлі ақпаратты басқа-басқа емес, Сенаттың ресми сайтынын іздейтініміз өтірік емес. Ал ондағы тапқанымызды жоғарыда жаздық.

Хош! Депутат Еділ Мамытбеков туралы азды-кем ақпарат бердік.  Үш жыл депутат болғанда қандай жұмыстар атқарғаны әуелі Құдайға, сосын Мамытбеков мырзаның өзіне аян шығар. Біздің айтпағымыз, Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы – Парламенттің Жоғарғы палатасына кеп, мемлекеттік тілде сөйлеп тұрған министрден бөтен мемлекеттің тілінде жауап сұраған депутат «сенаторлыққа» лайық па? Өздеріңіз бағамдай беріңіздер...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387