Онлайн байланыс (әңгіме)
(Әзіл-шыны аралас әңгіме)
Онлайн жүйе арқылы қашықтықтан қатынасудың құдыретін мына бір атың өшкір (атауын ырымдап айтпай отырмын) індет жайлаған кезде жақсы сезіндік. Жаңа ғасырымыздың - адамзат ой-өрісінің кемел жетістігі «Интернет» дейтін пәле күнделікті өмірімізге ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ баса көктеп келді де, кимелеп отырып, төрге озды. Енді, жатыр әне, бас құдаңдай жантайып.
Соның нәтижесі ме, әлде, салдары ма, нақты айта алмаймын. Несі болса да, еңбектеген баладан - еңкейген қарияға дейін жер қопарыла қозғалып, аспан айналып түсе қалса да, пысқырып та қарауға мұрсатымыз жоқ, ештеңеге мән бермейтін иіс алмас, мылқау кейіппен қолдарымызда бір-бір алақандай қол телефонды шұқылап, әр жерде біріміз шалқайып, енді біріміз еңкейіп, тағы біріміз тоңқайып, өзара «ләм-мим» деп тіл қатыспай, сазарып, меңірейіп шұқшиып отырғанымыз.
Интернет желісі арқылы үйден шықпай-ақ жұмыс істеу, бала-шағаны оқыту, ас-су, азық-түлік алдыру, жиналыс- кездесулер өткізу, концерт қойып сұхбаттасу, қыз ұзатып, шілдехана жасау, өсек айту, қыз-жігіт, әйел-еркекті таныстырып жеңгетайлық ету т.б. қызмет түрлерін санамалап термей-ақ қояйын. Тек осынау үйден шықпай тәртіп сақтап отырған карантин кезіндегі басымыздан өтіп жатқан бірлі жарым жағдайға ғана көңіл бөлейін.
Әрқашанда, алғашқы кезекте өскін ұрпағымызды тәрбиелеп, оқыту кезек күттірмейтіні мәлім. Біздің отбасымызда әзірше бастауыш сыныпта оқитын бір кішкентай тұлымды қызымыз бар. Таңертең бәріміз оқу кестесіне сәйкес ерте тұрып, сол жалғыз оқушымызды қоршап , орындыққа жапа-тармағай жайғасамыз. Қазіргі оқу - қиын, бір адамның шамасы жетпейді. Сондықтан, бүкіл отбасы болып, қауымдасып оқымаса болмайды. Құрамымызды қысқаша таныстырайын: мен атасы-қою қалың қара қасы бар бір кездегі көсеміміз – Леонид Ильич Брежневтің «тоқырау жылдары» деп аталған заманында Ресейде оқып, жоғары оқу орнын бітірген, инженерлік күректей дипломым бар зейнеткермін; ұлым, яғни жаңағы немеренің әкесі ҚазГУ-ден филиалогия бітірген тілтанушы; келінім, яғни немеренің анасы-химия биологияның, ал үйдегі бойжеткен қызымыз ағылшын тілінің мұғалімдері.
Осы қауымның негізгі басшылық - билігі көп жылдық ұстаздық еңбек өтілі бар келінде. Өзі де оқушыларды топ-тобымен қойша қайырып, жусатып өргізіп-тұрғызып, басқарып үйренген тәжірибелі, талабы тастан да қатты. Яғни, ол - біздің жетекшіміз, айтқанын бұлжытпай орындаймыз. Келін оқу кестесі бойынша алма кезек, рет-ретімен немеренің жанына бізді орналастырады.
«Орналастырады» дегенде, сабақ беретін желінің келесі жағындағы пән мұғаліміне біздің дабырлаған дауысымыздың естіліп қалмауына, бейне түсірілімде көзге түспеуімізді қадағалап, тәртібімізді бақылайды. Оқушының тура қарсы алдында отырсаң, ол көз қарасымен, бет бейнесімен, ым-ишарасымен алдында кісі барын білдіріп алады. Құпиялықты кәнігі барлаушы-тыңшылардан бетер сақтап, ескеруіміз қажет. Сондықтан көбінде өз кезегі келген тобымыздың негізгі көмекші мүшесі сабақ үстелінің астына жайғасуы керек.
Яғни, театр сахнасындағы «суфлердің орны» деген сөз. Негізінде үстел асты маған жайлы, өйткені менің бойым аласа, денем шағын адаммын. Ал, басқаларға, бойшаң жастарға өте қолайсыз: бастарымен үстелді тіреп, екі бүктеліп, өздері жауаптанған пән сабағы біткенше терлеп-тепшіп қиналып кетеді. Менде бір кемшілік бар: жасым келген қартықтың кесірінен аяқтарым толық бүгілмейді, үстелден сыртқа шығып тұрады.
Келін бір рет: «Ата, аяғыңызды жинап отырыңыз !»,-деп, қатаң ескерту жасады. Келіннің қатқыл сөзі көңіліме келіп, шамдана жаздадым. Бірақ, тәртіптің аты –тәртіп. Оның сыртында, кезінде «кәменестік» тәрбие алып, партия мүшесі болған, авторитарлық-диктатуралық жүйеге мойынсынып үйренген басым тізем қақсап, сіресіп отырғанына қарамай, «басқарушының» қойған принциптік талабына қарсы шықпай, дереу аяғымды жинап ала қойдым.
Мен негізінде «математика» пәніне жауаптымын. Кейбір есептері күрделі болғандықтан басқа шешу амалын таба алмай тарыққанда өзім оқыған жоғарғы математика курсының дифференциал, интегралдарын қолданатын тәсілімен шығарып беріп едім, ұстазы «теріс» деп бағалапты. Содан бері немерем: «Ата, сен математиканы білмейсің, есеп шығара алмайсың»,-деп бетіме басатын болды.
Кейбір пәндерді «бір бастан - екі бас артық» деген қанатты тәмсіл бойынша екі үш жақтап қаптап отырып орындаймыз. Қайсыбір сұрақтардың жауабын таба алмағанда ГУГЛ-ге жүгінеміз. Мысалға: «жер шарының мередиан сызығына перпендикуляр экваторды бойлап ұшқан ұшақтың жылдамдығына атмосфераның термодинамикалық заңы қалай әсер етеді?»,-деген сұраққа мықты болсаңыз жауап беріп көріңіз. Яғни, біз өз тобымызға-командамызға ГУГЛ-ді қосып алып, ботақандай қызымызға ілесіп, баршамыз бірлесе білімімізді көтеріп оқу оқып жатырмыз.
От басымызда тәртіпке бағынбайтын бір жан бар. Ол- жасы төрттегі оқушы қызымыздың туған бауыры- Төреш деген ұл. Сабақ жүріп жатқан телеарнаны басқаға ауыстырып жіберу, қолданып отырған айфонды ала қашу немесе сабақ үстінде отырған әпкесімен қабаттасып сөйлеу, ыржықтап бейне түсірілімге түсіп кету сияқты тентек, қитұрқы қылықтары бар. Ондай кезде «бас жетекшіміз» өтімді амал шараларды, тіпті «шапалақ» атты қатаң тәрбие құралын қолдануға дейін барып қалады.
Сонымен бәріміз шуылдасып жүріп екі сағаттай сабақтан кейін «үһ» деп тыныстаймыз. Әр күн сайын тек біреуінде ғана 30-дай оқушысы бар бірнеше сыныпқа сабақ беріп, жеткіншектерді тәрбиелеп жүрген ұстаздардың еңбегінің бағасын, қадір - қасиетін біле бастағандаймыз.
Сіздер тарапынан «Сонда бұл немеренің әжесі қайда?»,-деген заңды логикалық сұрақ қоятындарыңызды біліп отырмын. Осыдан барып екінші әңгіме туындайды. Әжесі, яғни менің бәйбішем Нұр-Сұлтан қаласында карантинде қызымыздың үйінде. Осыдан үш ай бұрын солай жолаушылап кеткен. Біз, яғни қалған отбасы мүшелері Алматы қаласының қасындағы елді мекендеміз. Онлайн арқылы қашықтықтан қатынасудың тағы да бір қызық-шыжығын, әсіресе бәйбішеміз екеуіміз бір кісідей көріп жатырмыз. Таңертең ояна салып:
-Бүгін қалай ұйықтадың? Денсаулығың жақсы ма?,-деген сұрақпен жаңа күнді қарсы аламыз.
-Қандай түс көрдің?-деп сұрайтын әдетіміз бар еді, бірде қашықтықтан қосағым көңілдене көрген түсін айта бастады:
-Түсімде сен маған бриллиант тасы бар алтын сырға, он саусағымды толтыра қымбат алтын жүзік алып беріпсің,--дейді желпініп.
Мен дереу ашуға бастым:
-Сен өзің ақыл естен айрылып, алжасқаннан саусың ба? Қазір доллардың құны шарықтап, алтынның бағасы аспандап кеткенін, дүниежүзінің, қала берді, еліміздің, мына өзіміздің жағдайымызды неге түсінбейсің? Тым болмаса екеуімізге үкіметтен берілетін қосымща көмек те жоқ, өйткені, зейнеткерміз. Сен өзің қазір қайда отырғаныңды білесің бе? Орталықта еліміздің жүрегі- андағы астанада отырсың! Көзіңді ашып жан-жағыңа қарамайсың ба!—деп, біраз сілтеп бақтым.
-Сен өзің өміріңде маған бір түйір алтын алып берген кезің болды ма? – деп, ол мені кіналай жөнелді. Содан қаражарыспен қыза-қыза шапқыласып, дауласып біраз жерге барғанымызда, бәйбішем ақталып:
-Бұл менің өңім де емес жай түсім ғой,- деді.
-Мейлі, осыдан кейін мұндай түс көрмейсің! - деп тыйым салып тастадым.
-Жоқ көремін қайтесің!-дейді ол қасарысып.
-Жоқ, көрмейсің!
-Көремін!
-Көрмейсің!
-Көремін!
Телефондарымызды лақтырып, желіден шығып барып, зорға тоқтадық. Екі күндей Интернетке кірмей бір бірімізбен хабарласпай қойдық.
Дегенмен, қырық жылдан астам отасқан ерлі-зайыптылармыз ғой, ақыры, көпке кетпей тіл табысып, Интернет желісіне қайта оралып татуластық.
Осы карантин кезінде шаштараз атаулының бәрі жабылып қалғанын білесіздер. Шашымды сыпыртып тастадым да, сақал, мұрт өсіре бастадым. Кезекті онлайн тіке байланыс кезінде әйелім түрімді көріп:
-Сенің біріншіден бетің жалпақ , мұрның қонқақ, әрі сақал мұртыңда бірде –бір тал қара қылшық жоқ шымқай ағарып кеткен, саған жараспайды екен.,-деді.
Әрбір ер адамның әйел затына , әсіресе жастай қосылып, көп жыл жастықтас болған қосағына ұнағысы келіп тұратын мінез-құлқын білесіздер ғой. Ондай қылықтан мен де ада емеспін, сондықтан жаңадан жасап алған имидж бейнеммен қош айтысуға тура келді. Сақал, мұртымды жылмағайдай етіп алып тастадым.
Осы қолымыздағы келін үйге түскен оншақты жылдан бергі менің тағы бір міндетім: келін мен ененің өзара келісімін, татулығын сақтауына мұрындық болу, түйіні күрделі мәселелерді шешісу еді. Сол әдетпен келінім бір күні енесінің біліміндегі бір түйткілді мәселені менің алдыма жайып салды:
- Ата, мұздатқышта апамның резерв-қорға сақтаған, сыйлы қонаққа деп арнаған қойдың семіз төрт жамбасы, басқадай қоспа жілік, сүйек еттері бар екен. Сол еттерден сорпалы тамақ істейін деп едім, айтып ескертіп рұқсатын алып беріңізші,- деді.
-Қызым, (келінімді келгеннен солай атап кеткем) қазір елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде, мұндай ұсақ-түйек нәрселерді қанша апаңның құзыретінде болғанымен, жалтақтамай өзіміз тура шешеміз, -дедім батылданып.
Енесінен зәресі ұшып қорықпаса да, сыйластығын қастерлейтін келінім:
-Ата, дегенмен апама онлайнмен көрсетіп, келісімін алайық та!,-деді. Сонымен асүйдің бас билік иесі - менің бәйбішеме онлайн түрде байланысып, мұздатқыш, тоңазытқыштардың қақпақ-есіктерін айқара ашып, келінім қойдың жамбасы, тоқпас жілік, омыртқа секілді сүйектерін бір -бірден жайып, талдап көрсетіп, кеңес сұрап жатыр.
Енесі келініне берген әдістемелік кеңесінде: кішілеу екі жамбасты, тоқпас жілік еттерімен қосып тамақ істеуін, мынау бір қиын кезеңде үнемді, жинақы болуын тапсырып, батасын беріп, сонымен сеансымызды аяқтадық. Бәйбішемнің қылығы, ақыл парасаты, ұстанымы, билікке құмарлығы түрік сериалындағы құтты Көсем бегім дерсің.
Карантин кезінде тәртіп сақтап, үйде отыруға әбден дағдыланып, жатылып алдық. Біз ауылдың шет жағында тұрамыз, үйдің іргесінде қасымызда оңаша қыратты төбе бар. Сол қыратқа немерелерімді ертіп бой жазып қайту ежелгі әдетім. Немерелеріме иен төбеде «маска тақпай-ақ қойыңдар» деймін. Анау төрт жастағы немерем қазіргі тәртіпті мойындап үйренгені сондай, анадайдан алыста бір адамдардың қарасын байқап қалса: «Ата, әне кісілер келе жатыр, маска тағайық, әйтпесе вирус жұғады»,-деп өзіме ақыл айтатын болды.
Иә, «сақтансаң ғана құдай сақтайды»,-деген. Тәртіпке бас ұрып, сақтану арқылы бұл пәледен құтыламыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Батай Мақабылұлы
Abai.kz