Жексенбі, 24 Қараша 2024
Аймақ 19403 28 пікір 16 Маусым, 2020 сағат 13:08

Оңтүстіктен тағы бір облыс орталығы ашылуы керек!

(Журналисттік зерттеу)

Асықата – Мырзашөлдегі жаңа облыстың орталығы болуға әбден лайық!

«Сардоба» су қоймасы бөгеті бұзылуының салдары туралы ресми мәліметтер

Мамыр айының 1-і күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 5.55-те Өзбекстан Республикасының аумағында орналасқан «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданының бірқатар елді мекендері су астында қалғаны белгілі.

Ресми деректер бойынша Мақтаарал ауданының 10 елді мекені, 800-ден аса тұрғын үйлері, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медициналық нысандары су астында қалып, 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Көктем кезінде еңбегі жанатын диқан-фермерлердің 7600 гектарға жуық аумақтағы дақылды егін алқабын су басты.

Үкімет басшысының айтуынша, Өзбекстан Республикасының аумағындағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты Түркістан облысы әкімінің ағымдағы жылғы 2 мамырдағы № 3 шешімімен жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылғы 13 мамырдағы №291 қаулысымен Түркістан облысының әкімдігіне төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға аудару үшін, оның ішінде:

- Мақтаарал ауданының су астында қалған Достық, Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Өргебас және Фердоуси елді мекендерінің тұрғындарына өтемақы түрінде келтірілген зиянды (залалды) 100 000 теңгеден өтеу үшін 650,0 млн. теңге;

- тұрғын үйлерді салу үшін 4,0 млрд. теңге;

- Мырзакент елді мекеніндегі инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу үшін 3,738 млрд. теңге;

- Өргебас және Фердоуси елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және қалпына келтіру үшін 562,0 млн. теңге;

- көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін 1,05 млрд. теңге бөлінді.

Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан бес елді мекенде (Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Достық, Өргебас және Фирдауси) 1 030 тұрғын үй зардап шекті.

Жүргізілген техникалық зерттеп-қараудың нәтижелері бойынша 437 үй жаңа құрылысқа жатады (соның ішінде 235 үй Үкіметтің төтенше резервінің қаражаты есебінен).

Су тасқынынан зардап шеккен залалды алдын ала бағалау қорытындысы бойынша Үкіметтік комиссия Достық, Жаңа Тұрмыс және Жеңіс кенттерінің тұрғындарын көшіру және Мырзакент кенті аумағында орналасқан жаңа шағын ауданда оларға арналған үйлер салу туралы шешім қабылдады.

Осы мақсатта елді мекеннің шетіне 70 га алаңымен жер учаскесі бөлінді.

Әзірленген үлгілік жобаларға сәйкес әрбір үйдің жалпы алаңы 100 шаршы метрді құрайды, бөлме саны 4 болады.

Құрылыс алаңдарында 32 құрылыс компаниясы, 900 жұмысшы және 60 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Тұрғын үй құрылысын ағымдағы жылғы 1 тамызға дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Жетісай және Мақтаарал аудандарында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте Өзбекстан Республикасының аумағындағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне өтемақы төлеу үшін 2020 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 3490,8 млн. теңге сомасында қаражат бөлу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ күн сайын жер асты суларының деңгейін өлшеу жүргізілуде.

«Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ-нің көпжылдық бақылауының деректері бойынша шаю кезеңінен бастап (ақпан-наурыз) және суару кезеңі аяқталғанға дейін (қыркүйек-қазан) барлық су басқан ауылдық округтерде жер асты суларының орналасу деңгейі сыни белгіге (1-2 метр) дейін көтеріледі. Бұл жағдай қолданыстағы коллекторлық-дренаждық желілердің техникалық жай-күйінің нашарлауына байланысты болып отыр.

Осыны ескере отырып, аталған ашық көлденең коллекторлық-дренаждық желілер «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру. 2-кезек» жобасына енгізілді, оларды іске асыру 2019 жылдан бастап басталды және 2021 жылы аяқталатын болады. Бұдан басқа, аталған жобаның шеңберінде суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында жер асты суларының деңгейін төмендету үшін 149 бірлік тік дренаж ұңғымасын салу көзделуде.

Сонымен бірге, су басқан ауданда эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасымен Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқыны салдарын жою бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді.

Сумен жабдықтау көздері мен су құбыры жүйелерін және эпидемиологиялық тәуекелді объектілерді дезинфекциялау бойынша іс-шаралардың орындалуына бақылау ұйымдастырылған. Фердоуси елді мекенінде 2 ұңғымаға дезинфекция жасалды.

Түркістан облысындағы төтенше жағдайды және оның салдарын жою мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.

Асықата – қазақтың тарихи атақонысы

Мемлекеттік деңгейде мәселе шешетін уәкілетті орындарға ұғынықты болу үшін өзіміздің 1998 жылы Алматыда жарық көрген «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми еңбегімізде жазылған деректер арқылы қысқаша түсініктеме бере кетейік.

Асықата – тарихи атау. Сырдың орта ағысының жағалауын мекен еткен халық пір тұтқан қасиетті орындардың бірі – Асықата кесенесі болған.

1917 жылға дейін Мырзашөл өңірінде Асықата мешіті де жұмыс істеген.

Асықата кесенесі мен мешіті Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Самарқан облысының Қожент уезіндегі Иіржар болысының Ақтөбе әкімшілік ауылының аумағында орналасқан.

Асықата кентінің картасы

Тарихи Асықата кесенесі ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Шардара су қоймасы салынған кезде судың астында қалыпты. Бұрынғы Асықата мешітінің ғимараты да соның күйін кешкен.

Егер тарихшылар тереңінен зерттейтін болса, Асықата – ежелгі тарихи қаланың орны ретінде көптеген құнды деректердің қайнаркөзіне айналатыны сөзсіз.

1936 жылғы 29 мамырда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Мақтаарал ауданының құрамында Асықата ауылдық кеңесін құру туралы қаулы қабылдады. Алайда, Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің 1937 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен осы Асықата ауылдық кеңесі таратылды.

Тарихи Асықата өңірінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1940 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен Мырзашөлдің игерілген жерлерінде, Мақтаарал және Қызылқұм аудандарының шектесетін тұсында Киров ауданы құрылды.

Аудан орталығы болып Бағара селосы белгіленді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1956 жылғы 13 ақпандағы № 133/1 Жарлығымен Киров ауданының 326,4 мың гектар жері Өзбекстанға берілді.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1956 жылғы 27 сәуірде Қызылқұм және Киров аудандары орталығы Бағара селосында орналасқан Киров ауданы болып біріктірілді.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1962 жылғы 2 қаңтарда орталығы Жетісай кентінде орналасқан Киров ауданы құрылды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1962 жылғы 9 шілдедегі Жарлығымен Бағара селосының аты – Киров селосы болып өзгертілді.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1963 жылғы 26 қаңтардағы Жарлығымен Киров және Қызылқұм аудандарының Қызылқұм және Шымқорған ауылдық Кеңестері Өзбек КСР-інің жаңадан құрылған Сырдария облысына өтіп кетті, яғни жоғарыда көрсетілген 326,4 мың гектар жерге қоса Киров ауданының тағы да 805,2 мың гектар жері көрші Өзбекстанның қарамағына берілді.

Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1971 жылғы 11 мамырдағы, ал Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1971 жылғы 12 мамырдағы Жарлықтары бойынша Киров ауданы жерінің біраз бөлігі Қазақстанның сол кездегі Шымкент облысының құрамына қайтарылып берілді.

Алайда, қазақтың Мырзашөл өңіріндегі Киров ауданының көп жерлері Өзбекстанның құрамында қалып қойды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1996 жылғы 9 қазандағы Жарлығымен Киров ауданының аты Асықата ауданы болып өзгертілді.

Ресми мәліметтер бойынша Асықата ауданының орталығы Асықата кенті Шымкент қаласынан 243 шақырым, Жетісай теміржол стансасынан 20 шақырым жерде орналасқан. Асықата кенті тұрғындарының саны 12 060 адамды құрайды.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлығымен Асықата, Жетiсай, Мақтаарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкiмшiлiк орталығы Жетiсай қаласында болатын Мақтаарал ауданы құрылды.

Асықата кентінің картасы

Тарихи Асықата ауданы неге қайта ашылмай қалды?

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен Мырзашөл өңірі жұртшылығының талап-тілектері бойынша тиісінше қажетті құжаттар дайындалды.

Осылайша, «Электрондық үкімет» веб-порталында 2018 жылғы 23 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстіктегі Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қайта қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығының, ал 2018 жылғы 28 ақпан күні «Электрондық үкімет» веб-порталында тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Оңтүстік Қазақстан облысы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы» қаулысының жобалары жарияланды.

Жоғарыда аталған маңызды ресми құжаттардың жобаларында және ғалымдардың ғылыми сараптамалық ұсыныстарында Мырзашөл өңіріндегі 1997 жылы бір ауданға біріктірілген үш ауданды да – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарын бұрынғы тарихи қалпына келтіре отырып үш аудан етіп қайта құру – қазіргі уақыт талабы екені, өйткені қажетті ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу, қадағалау, бақылау, халыққа қызмет көрсету тиімділігі артатыны ерекше атап көрсетілген еді.

Ғылыми сарапшылардың тұжырымдарына сүйенсек, саяси тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда бұрынғы Асықата ауданының ашылмай қалуы салдарынан Мырзашөл өңірінің кейбір елді мекендерінде, әсіресе, шалғайда орналасқан аймақтарда экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешудегі оң өзгерістер жүргізу өте баяулап кетті.

Халық санының көптігіне байланысты елді мекендерді жедел басқаруда да көптеген қиындықтар туындады. Бұл жағдай, әсіресе, шалғайдағы ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымдардың жедел дамуына кері әсерін тигізді. Қазіргі талапқа сай күнделікті атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, бақылап отыру мен қордаланып қалған күрделі мәселелерді дер кезінде, жедел шешуде қолбайлау болатын жағдайлар көбейіп, қиындықтар туғызды.

Қарапайым халық кейде қажетті анықтамаларды немесе басқа да құжаттарды алу үшін сонау шалғайдағы елді мекендерден әуре-сарсаңға түсіп, қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласына қатынауына тура келіп отыр. Бұл ретте жұртшылық аудан орталығына бару үшін алдымен бұрыннан қалыптасқан бұрынғы аудан орталығы Асықата кентіне жетіп, содан кейін ғана Жетісай қаласына қатынап жүр.

Өкінішке қарай, Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына және аймақтың экономикалық дамуына болжамдық сараптама жасаған ғалымдар мен білікті сарапшы-мамандардың 1997 жылы бір ауданға біріктірілген бұрынғы Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының үшеуін де бірдей қайта қалпына келтіру қажеттігі туралы жоғарыда баяндалған ұсыныстары мен қорытындыларына қарамастан, 20 жылдан астам уақыт бойы сол кездегі экономикалық қиындықтардың салдарынан уақытша бір ауданға біріктірілген Мақтаарал және Жетісай аудандары 2018 жылғы 5 маусымда қайта ашылды да, ал Асықата ауданы құрылмай қалды, тарихи қалпына қайта келтірілмеді.

Осыған байланысты біз Мырзашөл өңірі халқының 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлықпен таратылған Асықата ауданын қайта ашып беруін өтінген талап-тілектері мен мұң-мұқтаждарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жеткізуге тырыстық.

Егер Мырзашөл өңірін игеру жұмыстары қарқынды жүргізілген тұста – сонау 1940 жылғы 10 қарашадағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының арнайы Жарлығымен құрылған, келесі жылы шаңырақ көтергеніне 80 жыл толатын, өкінішке қарай, 1997 жылы жабылып қалған Асықата ауданы қайтадан құрылатын болса, онда Мырзашөл өңіріндегі аймақтарды басқару жүйесінің сапасы артып, тиісінше мемлекеттік бағдарламалар мен Үкіметтен, облыстан келген тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау да жақсара түсер еді деген ғылыми тұжырымымызды дәлелдеуге күш салдық.

Расында да, Асықата ауданының қайта ашылуы Мырзашөл өңіріндегі елді мекендердегі халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін және инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету міндеттерін жедел және сапалы шешуге септігін тигізер еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының құрамына 93 мыңнан астам халықты қамтитын 1 кент (аудан орталығы Асықата кенті), 7 ауылдық округ, 83 елді мекен енгізіліп, ал Жетісай ауданының құрамына 103 мыңнан астам халық, 1 қала (қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласы), 6 ауылдық округ, 42 елді мекенді өз алдына бөлек аймақ ретінде басқару жеңілдейтін еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының аумағы 64 435 гектарды, ал Жетісай ауданының аумағы 55 992 гектарды құрайтын еді.

Еліміздің халықаралық дәрежедегі мәртебесі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, Өзбекстан Республикасымен шекаралас аудандарда үш ауданның – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының болуы еліміз экономикасының өндірістік және бейөндірістік салаларының алға қарай қарыштап дамуына жаңа серпін беріп, соның нәтижесінде Мырзашөл өңірінің халқы арасындағы жұмыссыздық деңгейін анағұрлым төмендетуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еді.

Жетісай ауданының әкімшілік орталығы Жетісай ауданында қалатындықтан, қосымша бюджет шығындары орталығы Асықата кенті болатын Асықата ауданын ашуға жұмсалатын еді.

Асықата өңірінің халқы 1997 жылы таратылған Асықата ауданының ашылайын деп тұрған жерінен ашылмай қалғанына байланысты өздерінің өтініш-тілектерін Елбасымыздың атына бірнеше рет жолдады.

Біз де Елбасымыз бен Президентіміздің атына сонау 1940 жылы құрылып, 1997 жылы жабылып қалған, Түркістан облысының бұған дейінгі басшыларының тікелей кінәсінен ашылмай қалған Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданын қайта ашуды сұрап, бірнеше рет хат жаздық.

Асықата ауданы қайта ашылса, Мырзашөл өңірінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жастарымыз жұмыссыздықтан арылып, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайы жақсара түсер еді.

Біз осы мәселе бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де қайта-қайта жаздық.

Өкінішке қарай, Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі Жетісай ауданы әкімдігінің ресми сайтында «Асықата өңірін бөлек аудан етіп бөлу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ» деген тақырыппен қысқаша ақпарат жариялаумен шектелді.

Түркістан облысының аумағын екіге бөліп, Мырзашөл өңірінде еліміздің 15-ші жаңа облысын құру не үшін қажет?

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 74 қаулысымен Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілген. Алайда, Үкіметіміз бекіткен Шымкент агломерациясының перспективалық экономикалық әсер ету және әлеуеттік даму аймағындағы елді мекендерінің аумақтарына қазіргі Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандары енгізілмеген.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1056 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарында» да Мырзшөл өңіріндегі аудандар толық қамтылмай қалған.

Әрине, біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы шешімін жан-тәнімізбен қолдаймыз.

Алайда жергілікті тұрғындар арасында «Еліміздің ең қиыр күнгей түкпіріндегі Мырзашөл өңірі мен Шардара ауданының халқы үшін облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуі қаншалықты тиімді?» деген сауалдың туындап отырғаны да өте орынды деп есептейміз.

Кейбір деректер бойынша халқының саны 500 мың адамнан асып жығылатын Мырзашөл өңіріндегі қазіргі Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінен Шымкентке дейінгі қашықтық – 250 шақырым. Ал Түркістан қаласы Шымкенттен 170 шақырым қашықтықта орналасқан.

Облыс орталығы Түркістанға көшірілген соң 500 мыңдай халық тұратын Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз, яғни Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарының тұрғындары Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келу үшін Шымкент және Шардара қалалары арқылы 1000 шақырымға жуық жол жүруіне, кемінде екі күнді тек жолға сарп етулеріне тура келіп отыр.

Жергілікті халықтың Мақтаарал және Жетісай аудандарынан Түркістан қаласына Шардара және Отырар аудандары мен Арыс қаласының аумақтары арқылы барып-келуіне мұндағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарымыз әлі толық дайын емес.

Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жергілікті тұрғындарды Сарыағаштан Түркістанға апаратын темір жол қатынасы, жолаушыларды тасымалдайтын пойыздардың жүру жағдайы жасалмаған.

Жоғарыда аталған Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының халқы Түркістан облысының жаңадан бекітілген ресми әкімшілік орталығы – Түркістан қаласынан тым қашықта, өте алыс түкпірде қалып қойып отыр.

Қазіргі таңда Мырзашөл өңірі халқының Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келуі барынша қиындап кетті.

Бүгінде қайта қалпына келтірілген Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдеріне еңбек күші мол Мырзашөл өңірінен еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныстану бойынша жергілікті жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту; өңірдің халқын еліміздің солтүстік өңірлерінде шаруашылықпен айналысуға шақыру; осы аталған жұмыстарды жергілікті мәслихаттардың депутаттарымен бірлесе отырып жүзеге асыру туралы тапсырма берілген.

Бірақ қарапайым халықты өздері өмір бойы тұрып келе жатқан жайма-шуақты Мырзашөл өңірінен саршұнақ аязды күндері көп Сарыарқа даласына көшіре салу оңай шаруа емес!

Оның үстіне қоныс аударушыларды қабылдаудың 2020 жылға арналған өңірлік квотасы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық қысқартылып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 967 қаулысымен 4 750 адам деп белгіленген.

Ал Мырзашөл өңірінде тұрақты тұрып жатқан жергілікті халықтың саны, жоғарыда айтқанымыздай, бейресми деректер бойынша 500 мыңнан асып жығылады.

Әрине, мүмкіндік болып, Үкімет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатса, Мырзашөлдегі қалың қазақты Арқаға көшірген дұрыс!

Алайда Мырзашөлдегі 500 мың тұрғынның барлығын бірдей еліміздің солтүстігіне көшіру мүмкін бе?!

Біздіңше, қазіргі Түркістан облысын екіге бөліп, еліміздің ең қиыр күнгей тұсындағы және Сырдария өзенінің орта тұсындағы аудандар мен қалаларды біріктіріп, Қазақстанның Мырзашөл өңіріндегі 15-ші облысын ашқан өте қажет және шұғыл түрде шешілуі тиіс өзекті мәселе деп ойлаймыз.

Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне және Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылуына байланысты қазақтың Мырзашөл өңірінің еліміз үшін саяси-экономикалық және стратегиялық тұрғыдан ерекше маңызы бар екенін ескере отырып, шекара маңындағы елді мекендерді жалпы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының негізінде қазіргі Мақтаарал, Жетісай, Шардара және оған іргелес жатқан Сарығаш және Келес аудандарының негізінде өз алдына дербес Мырзашөл облысын құру қажет.

Өткен жылы алты ай Асықатада тұрып, жұмыс істедік

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы өзіміз басқаратын «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің арнайы жобасын жасап, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2019 жылғы «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» атты тақырыптағы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік грантын ұтып алған едік.

Осыған орай, біз Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Түркістан облысындағы бүгінде Жетісай ауданының құрамына берілген Асықата өңірінде балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде мұражайлардың, кітапханалардың және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелердің ақпараттық-танымдық, шығармашылық және оқыту қызметін дамыту жөніндегі арнайы жоспар әзірлеп, көптеген іс шараларды жүзеге асырдық.

Атап айтсақ:

- Мырзашөл өңіріндегі мектептер мен колледждерге бармайтын балаларды анықтап, босқындар мен мигранттардың балалары туралы талдамалы ақпарат жинадық, білім беру ұйымдары жоқ елді мекендерден балаларды тасымалдауды ұйымдастыру мониторингін жүргіздік;

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1056 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына» толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, жарты миллион халық тұратын Мырзашөл өңірін дамытуға қаржы бөлінуін сұрап, ұсыныстар жолдадық;

- 2019 жылғы маусым – қазан айларының аралығында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде «Мырзашөл» ақпараттық-білім беру орталығын ашып, Мырзашөл өңіріндегі мектептер мен колледждердің бітіруші жастары арасында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы жайында жан-жақты ақпарат беру жұмыстарын жүргіздік;

- Мырзашөл және оңтүстіктегі өзге де өңірлерден шыққан, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша еліміздің Солтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан көп балалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларымен кездесулер өткіздік;

- 2019 жылғы 25 қыркүйекте Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінің Мәдениет үйінде, 300 адам қатысқан «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткіздік;

- Еліміздің қиыр оңтүстігіндегі кіп-кішкентай аумақта халық өте тығыз орналасқан, негізінен мақта шаруашылығына маманданған ерекше өңір ретінде кеңінен танымал Мырзашөлдегі Асықата кентінде ұйымдастырылған, Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелеріне арналған осынау Республикалық конференцияға орай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Васильевич Скляр, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев, Қазақстан Республикасының сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Бидайбекұлы Нұрымбетов, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Руслан Ерболатұлы Дәленов, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев, сонымен бірге барлық облыстардың және Шымкент қаласының әкімдері өздерінің жылы лебізді құттықтаулары мен сараптамалық тұжырымдамаларын жолдады;

- Білім алуға балалардың құқықтарының бұзылу себептері бойынша талдау-анықтамалық материал дайындадық;

- Балалар еңбегінің ең нашар түрлерін алдын алуға зерттеу нәтижесі негізінде уәкілетті мемлекеттік орталық және жергілікті органдарға ұсыныстар дайындап, жолдадық;

- Тиісінше Мырзашөл өңіріндегі өте өзекті мәселелерді шешуге мемлекеттік тұрғыда ерекше назар аударып, нақты іс-шараларды қолға алуды сұрап, Елбасымызға, Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бірнеше рет арнайы хаттарымызды жолдадық.

Біз өз хаттарымызда Үкіметтің наразын мынадай өзекті мәселелерге аудардық.

2001 жылдың 1 қарашасында Сырдария өзенінің үстінен жергілікті халыққа ерекше маңызы бар, ұзындығы 400 метрлік «Тәуелсіздік» көпірі және шағын 5 көпір пайдалануға берілді.

Қазақстанның Мырзашөл өңірін Шымкент қаласы арқылы қазіргі Түркістан облысының орталығымен және басқа аудандармен осы «Тәуелсіздік» көпірі байланыстырады.

Асықата кентінен Шымкент қаласына дейінгі қашықтық – 240 шақырым, ал Шымкент қаласынан – Түркістан қаласына дейінгі қашықтық – 170 шақырым.

Бүгінде халқының саны 100 мың адамнан асатын Асықата өңірінің халқы Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына бару үшін Шымкент қаласы арқылы – 410 шақырым, ал Шардара ауданының аумағы арқылы бару үшін – 500 шақырымға жуық, ал барып, кері қайтып келу үшін 1000 шақырымға жуық жол жүреді.

Облыс орталығы Түркістанға көшірілген соң 500 мыңдай халық тұратын Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз, яғни Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарының тұрғындары Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келу үшін Шымкент және Шардара қалалары арқылы 1000 шақырымға жуық жол жүруіне, кемінде екі күнді тек жолға сарп етулеріне тура келіп отыр.

Мырзашөл өңірінде жаңа облыс ашудың және 15-ші өңірдің орталығы ретінде Асықата кентін таңдаудың халықаралық маңызы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 16-18 қаңтарында Америка Құрама Штаттарына барған ресми сапары кезінде Қазақстан мен АҚШ «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екені, бұл ретте болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуы да құпталғаны белгілі.

Осы кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанмен стратегиялық әріптестікте АҚШ пен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасқа, Ауғанстандағы АҚШ әскеріне көрсетілетін көмекке ерекше назар аударған еді.

Міне, АҚШ секілді әлемді билеген алпауыт мемлекет Орталық Азияға көзін тігіп отырған қазіргі күрделі халықаралық жағдайда, Өзбекстан мен Тәжікстанның, ары қарай Ауғанстанның иін тірескен тұсында, аумағы жағынан бар болғаны 176 мың гектар ғана болатын кіп-кішкентай жерде жарты миллионға жуық халық тұрып жатқан, тұрғындарының саны жағынан тұтас бір облысқа сай келетін Мырзашөл өңірі халқының еліміз бойынша ерекше мемлекеттік маңызы бар ірі экономикалық және мәдени орталықтарынан өте алыс түкпірде қалып қоюы саяси тұрғыдан алғанда айрықша алаңдатарлық жағдай және оған ешқандай да жол беруге болмайды.

Еліміз үшін ерекше стратегиялық саяси-әлеуметтік және экономикалық маңызы бар қиырдағы күнгей өңіріміздегі жалпы тұрғындарының саны 710 мыңнан астам адам болатын Мырзашөлдегі жаңа 15-ші облыс Қазақ елінің Өзбекстанмен шектесетін, ары қарай Тәжікстан және Ауғанстан мемлекеттеріне ұласатын шекаралық бөлігін мықты қорғаныс ретінде нықтап, бекемдеп тұрады.

Бұған қоса, Қазақстанның мемлекеттік шекара сызығын анықтау және белгілеу жұмыстары жүргізілген кезде Мақтаарал және Жетісай аудандары үш жағынан Өзбекстан аумағының қоршауында, ал төртінші тұсы Шардара су қоймасымен түйісетін тұйық жағдайда қалып қойғаны белгілі.

Осылайша, бүгінде Мақтаарал және Жетісай аудандары Қазақстанның негізгі аумақтық жерінен түкпірде, басқа мемлекеттердің қоршауында, Тәжікстан мен Ауғанстанның шекараларына өте таяу жатқан жартылай анклав (жартылай эксклав) ахуалында жатқаны жергілікті халықты ерекше алаңдатып отыр.

Оның үстіне, жоғарыда айтқанымыздай, Мырзашөлдегі жаңа 15-ші облыс тезірек ашылса, қазақтың Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығы Түркістан қаласына барып-келу үшін 1 000 шақырымға жуық жол жүріп, қиналмас еді.

Тағы бір өзекті мәселе мынау.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 14-15 сәуір күндері Өзбекстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарымен барған болатын.

Мемлекетіміздің басшысы Ташкент қаласындағы «Өзбекстан» халықаралық форумдар сарайында өткізілген Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсімінде: «Шұғыл түрде түркі дүниесінің ғана емес, әлемдік мәдениеттің мақтанышына айналған біздің елдеріміздің басты рухани және тарихи орталықтарын бір-бірімен байланыстыратын Түркістан, Самарқанд, Бұхараны бір бағытқа қосатын туристік кластерін ашуға болады деп есептеймін», - деген ұсыныс айтты.

Біз мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған Қазақстанның Түркістан және Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара қалаларының аралығындағы туристік кластерге Түркістан облысындағы Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының аумақтарындағы рухани, тарихи-мәдени ескерткіштерді қосу қажет деп есептейміз.

Осыған орай, біз 2019 жылдың 17 сәуір күні еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына арнайы хат жолдап, Қазақстанның Түркістан және Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара қалаларының аралығындағы туристік кластерге Түркістан облысындағы Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының аумақтарындағы рухани, тарихи-мәдени ескерткіштерді қосу туралы ұсыныс білдірген едік.

Ойымызды түйіндеп айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 406 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасының» «Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері» атты 4-ші бөлімінің «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» деп аталатын 4-ші тармақшасына өзгертулер мен толықтырулар енгізген дұрыс болар еді.

Жоғарыда көрсетілген Тұжырымдамадағы «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластеріне Түркістан қаласы мен Шардара қаласы аралығындағы ежелгі тарихи елді мекендердің орындары мен тарихи кесенелерді, сондай-ақ Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі Мақта шаруашылығы тарихының музейі секілді туристердің қызығушылығын тудыратын орындарды енгізу қажет.

Егер мемлекеттік бюджет есебінен қажетті қаражат бөлініп, тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілетін болса, тарихи шаһар Түркістаннан Шардара қаласы арқылы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіне апаратын жол бойында, Сырдарияның сол жағалауында еліміздің қазіргі заманғы, жоғары тиімді және бәсекеге қабілетті туристік саласын қалыптастыруға мүмкіндік беретін ежелгі тарихи ескерткіштер мен ежелгі елді мекен орындары аз емес.

Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі туризмді дамытуға бағытталған «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластерін Түркістан – Шардара қалалары – Мақтаарал ауданының Мырзакент кенті аралығында жаңа туристік бағытпен толықтырып, осы өңірдегі туризм орындарын инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылыммен дамыту, жол бойындағы туристік нысандарға жетуге жағдай жасау, туристер демалатын жерлердегі қызмет көрсету сапасының деңгейін жақсарту және тағы да басқа мәселелерді шешуге ерекше назар аударылып, көңіл бөлінуі тиіс.

Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандарының карталары

Сарыағаш қаласы неге Мырзашөлдегі жаңа 15-ші облыстың орталығы бола алмайды?

Елбасымыз қол қойған Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 4 мамырдағы № 152-VІ ҚРЗ Заңы бар.

Бұл Заң бойынша 2017 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама ратификацияланған.

Осы аталған Заңның 1-бабына сәйкес жоғарыдағы Келісімнің 3-бабының 2-тармағы жаңа редакцияда жазылып, Америка Құрама Штаттарының Ауғанстан Ислам Республикасына жіберетін арнайы жүкгінің және онымен бірге жүретін персоналдарының коммерциялық теміржол транзиті Қазақстан Республикасына Өзбекстан Республикасынан және керісінше бағыттағы өтуге тиіс өткізу пункттерінің бірі ретінде Сарыағаш/Келес елді мекендері көрсетілген.

Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми мәліметтері бойынша Азия даму банкі Сарыағаш қаласы айналма жолының құрылысын қаржыландыруға ниетті болып отыр.

Яғни Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысының Сарыағаш және Келес аудандары аумағында Сарыағаш қаласы мен 36 елдімекенді айналып өтуге мүмкіндік беретін жаңа автожол салынады.

Бүгінде Азия даму банкінің өкілдері 2021 жылы іске асырыла бастайтын ауқымды жобаны зерттеуге кірісіп кетті.

Жоба аясында «Абай – Қызыләскер» жол учаскесі салынып, «Қызыләскер – Чиназ» (Қонысбаев бекеті) жолының кіреберісі қайта жаңартылады. Ұзындығы 102 шақырымды құрайтын жаңа тасжол төрт жолағы бар І техникалық санатқа жатқызылмақ.

Қазіргі таңда жолаушылар пайдаланып жүрген жол Сарыағаш қаласы мен Жібек жолы, Зортөбе, Дербісек, Жемісті, Қапламбек, Қызылжар, Ақниет, Қарақалпақ, Дарбаза, Дастан, Жаңаталап, Ақ үй, Еңкес, Дмитриво, Жолбасшы, Құрылыс, Абай, Ошақты, Қошқарата, Бесқұбыр, Бесқұбыр 2, Комитерн, Қызылту, Ұшқын, Жамбыл, Орджоникидзе, Мақташы, Бірлесу, Алғабас, Оңтүстік, Жиделі, Жүзімдік, Бірлік, Сарыағаш, Көгерту, Қызыләскер сияқты 36 елді мекен арқылы өтеді. Жоба жол-көлік оқиғалары санының азаюына, сондай-ақ, елді мекендердің экологиялық жағдайының жақсаруына септігін тигізеді.

Мұнымен қоса, жаңа айналма жол Қазақстанның басқа елдермен халықаралық байланысын кеңейтуге, елдің транзиттік әлеуетін жақсартуға ықпал етпек.

Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, жобаның алдын ала құны 159 млрд 302 млн теңгені құрайды. Жоспар бойынша жолды салу жұмыстарына 25 мыңнан астам жұмылдырылады. Жол 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс. 

Қысқасы, Америка Құрама Штаттарының Ауғанстан Ислам Республикасына жіберетін арнайы жүгінің және онымен бірге жүретін персоналдарының коммерциялық теміржол транзиті ретінде Қазақстан Республикасына Өзбекстан Республикасынан және керісінше бағыттағы өткізу пункттерінің бірі болып табылатын Сарыағаш/Келес елді мекендерін еліміздің 15-ші жаңа облысының орталығы етіп белгілеуге саяси жағынан алсақ та, халықаралық қатынас жағынан алсақ та, мүлдем жол беруге болмайды!

Мырзашөлдегі болашақ 15-ші жаңа облыстың орталығы болатын Асықата кентінің қазіргі ахуалы алаңдатып отыр

Біз өткен жылы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мақұлдаған әлеуметтік жобада көрсетілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Асықата өңірінде балалар және жасөспірімдерге арналған кітапханаларды және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелерді аралап, фотосуретке түсіріп алған едік.

Жетісай ауданындағы Абылай Әлімбетов атындағы саябақты аралап көріп, Асықата өңірі балаларына арналған осынай мәдени-демалыс мекемесінің әбден тозығы жеткеніне, көптен бері күтім көрмегеніне, бұл саябаққа балалардың келіп, ойнап-күліп, демалуы былай тұрсын, мұнда жүру ересек адамдардың өзі үшін де өте қорқынышты екеніне көз жеткіздік.

Біз жоғарыдағы мәселелер бойынша Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Асықата өңірінде тұратын ұстаздар қауымымен және ата-аналармен сұхбаттасып, ой-пікірлерін білген едік.

Ұстаздар мен ата-аналардың айтуынша, Асықата өңіріне балалар бассейні қажет. Мұнда жыл сайын жаз мезгілінде суға кетіп, қайтыс болған балалар өлімі тіркеледі.

Асықата өңірінде күннің ыстығы салдарынан ағыны қатты, қауіпті өзен-арықтардың суына түсіп, шомылатын балалар өмірінің қауіпсіздігін ескеріп, алдын-алу қайғылы жағдайлардың алтын-алу шаралары жасалмаған.

Асықата өңірінде он төрт жасқа толмаған балалардың мақталық және қауын-қарбыз, т.б. өсірілетін егістік алқаптарда, базарларда, сауда орындарында, асхана-кафелерде, ойын-сауық орталықтарында жұмыс істеуге тарту, балаларды оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін жұмыстарды орындауға қабылдау жағдайлары өте жиі кездеседі.

Асықата өңірінің бір бөлімшесінен екінші бөлімшесіне қатынап оқитын балалардың өмір қауіпсіздігі мүлдем ескерілмеген. Соның салдарынан автокөліктер көп жүретін күре жолдардан жаяу жолаушылардың өтуі үшін арнайы жолақты белгілер мен бағдаршамдар қойылмағандықтан, бірнеше рет балалар өлімі орын алған.

Асықата кентіндегі автожолдарға орнатылған бағдаршамдар өте аз, олардың саны бір-екеуден аспайды.

Жетісай ауданына тікелей қарасты жазғы лагерьлер жоқ. Аудан аумағынан тыс жерлердегі жазғы лагерьлерге баратын балалардың саны жалпы мектеп оқушыларының үлес салмағына шаққанда, өте аз.

Асықата кентінде орналасқан Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Асықата аймақтық балалар кітапханасы филиалының қазіргі орналасқан ғимараты өте тар және өте ескі, әбден тозығы жеткен.

Асықата өңіріндегі көп қабатты үйлерде балалар ойнайтын арнайы алаңдар жетіспейді және мектеп оқушыларының мектепке баратын жолдарына тас төселмеген, балалар мектепке көктемде шаң-топырақ, ал күз бен қыста лай-батпақ кешіп баруға мәжбүр болады.

Біздің 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің атына Асықата өңірінің ахуалы туралы хатымызда көрсетілген және тұрғындар тарапынан көтерілетін өзекті мәселелер кезең-кезеңімен мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыларға сәйкес өз шешімдерін табатын болады деп уәде берген еді жергілікті әкім-қаралар.

Түркістан облысы әкімдігінің бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, Жетісай ауданында 1 шығармашылық орталығы, 2 өнер мектебі қызмет атқарады. Өнер мектебінің бірі Жетісай қаласында орналасса, екіншісі Асықата кентінде орналасқан.

Сонымен қатар, Жетісай қаласы мен Асықата кентінде спорт мектебі жұмыс істейді.

Асықата өңірінде орналасқан №1 (Асықата кентінде) және №2 (Ш. Ділдәбеков ауылдық округінде) спорт мектептері 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс жүргізіп келеді.

Жоғарыда аталған спорт мектептерінде 1811 жасөспірім (оның ішінде Асықата өңіріндегі 2 мектепте – 562 бала) спорт түрлерімен шұғылданады.

Асықата кентінде орналасқан А. Әлімбетов атындағы саябақ қазіргі таңда тұрғындардың, демеушілердің қолдауымен, сондай-ақ, шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жетісай қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қаражаты есебінен күтіп ұсталады екен.

2019 жылы аталған саябаққа 1860 дана ағаш көшеттері отырғызылған. 15 дана электр бағанасына электр желілері тартылып, жарықшамдар орнатылған. Сондай-ақ, аудандағы 12 кент, ауылдық округтерге 12 жазғы заманауи үлгідегі спорт алаңшаларын салуға 75 млн. теңге қаржы бөлінсе, соның бір алаңшасы Асықата кентіндегі саябақ ішінен салынуы жоспарланған.

Бұған қосымша Асықата кентіндегі саябақты жетілдіру мақсатында жеке инвестиция көздері қарастырылып жатыр екен.

Асықата кентінде орналасқан «Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесіне қарасты Асықата аймақтық балалар кітапханасы филиалының орналасқан ғимараты 1971 жылы құрылған.

Кітапханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген. Жетісай ауданының мәдениет саласы бойынша даму бағдарламасына сәйкес Асықата аймақтық балалар кітапханасы филиалын 2020 жылы ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған.

Асықата кентінде 3 балалар ойын алаңшасы бар. 2016 жылы 1 алаңша кенттің Әл-Фараби көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер аумағынан салынса, 2019 жылы Мақатаев және Әмірханов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлер аумағынан салынып, пайдалануға берілген. 

2019 жылы жалпы жолдарды жөндеуге ауданға 3 млрд. теңге, құрылыс саласына 5 млрд. теңге, ауызсу жүйелерін жүргізуге 813 млн. теңге, 11 елді мекенді газдандыруға 287 млн. теңге, абаттандыру жұмыстарына 228 млн. теңге қаржы бөлінген.

2019 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 30 млн. 742 мың теңгеге Асықата кентіне қарасты жалпы ұзындығы 2,49 шақырымды құрайтын Қазыбек би, Қажымұқан, Болашақ, Сәтпаев көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын көп қабатты үйлер аумағындағы М. Мақатаев, Айбергенов және М. Маметова көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Түркістан облыстық бюджетінен 17 млн. 866 мың теңге бөлінген.

Асықата кентінде жұмыс істейтін №2 Ш. Қалдаяқов атындағы Асықата балалар өнер мектебінің іргетасы 1969 жылы қаланған, өткен жылы бұл білім ордасына 50 жыл толды.

Бүгінгі таңда саз мектебінде 21 ұстаз тәлім береді, оның ішінде 10 ұстаз жоғары білімді, 11 ұстаз арнаулы орта білімді. Мектепте домбыра, фортепиано, қобыз, баян, аккордеон үйірмелері жұмыс істеп, 147 шәкірт білім алады. Оның ішінде 33 оқушы «Бірлік» елді мекенінде, қалған 114 оқушы Асықата кентінде орналасқан №2 Ш. Қалдаяқов атындағы балалар өнер мектебінің ғимаратында тәлім алады. Мектептің 150 оқушыға дейін қабылдай алатын мүмкіндігі бар.

2019 жылы Асықата кентіндегі 7 көшені орта жөндеуден өткізу мақсатында аудандық бюджет есебінен  49 585,0 мың теңге қаржы қаралып, 7 көшеге орта жөндеу жұмыстар жүргізілген.

Сонымен қатар, Асықата кенті әкімі аппаратының төртінші деңгейлі бюджет есебінен абаттандыру, көріктендіру мақсатында біршама жұмыстар атқарылған.

Өзбекстанның «Сардоба» су қоймасының бұзылуы Қазақстанның Мырзашөл өңірінде жаңа облыс ашу мәселесін жеделдетіп отыр

Иә, Өзбекстанның «Сардоба» су қоймасының бұзылып, Мақтааралдың бірнеше ауылдары топан судың астында қалуы Мырзашөл өңірінде жаңа облыс ашылып, еліміздің 15-ші жаңа өңірінің орталығы болып Асықата кентінің таңдалуын барынша жеделдетті.

Бізге жеткен бейресми ақпараттар бойынша қазіргі Асықата кенті облыстық мәртебесі бар қалаға айналып, ол алдағы уақытта ашылайын деп отырған Мырзашөлдегі жаңа 15-ші облыстың орталығы болып белгіленуі мүмкін.

2019 жылғы мәліметтер бойынша Асықата ауылдық округі халқының саны – 25 300 адам.

Жергілікті қоғамдастық жиналысының 03.03.2020 ж. № 02 хаттамасымен Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентін дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген.

Осы аталған бағдарламадағы мәліметтерге сүйенсек, 1957 жылы құрылған Асықата кентінің халық саны – 12 060 адамды құрайды.

2019 жылдың қазан айында жасалған Асықата кенті шекарасын нақты белгілеуге арналған жерге орналастыру схемасы бойынша Асықата кентінің аумағы – 363,94 га.

Асықата кентін Мырзашөлдегі жаңа облыстың орталығы ретінде жобалау жұмыстары 2019 жылдың күзінен басталып, қыс бойы жүргізілгенін қазіргі егістік алқаптарында жер өлшеу жұмыстарын жасаған фотосуреттердегі азаматтардың үстіне киген киімдерінен байқауға болады.

Алдағы уақытта Мырзашөлдегі жаңа облыстың орталығына айналатын қазіргі Асықата кентінің құрамына Жетісай ауданындағы Ынтымақ ауыл округінің 300 га, ал Өркениет елді мекенінің 36,13 га жерін беру көзделіп отыр.

Осылайша, қазіргі Асықата кентінің орнында бой көтеретін, жалпы аумағы 700,007 га болатын жаңа қаланың – Мырзашөлдегі жаңа облыстың орталығына айналатын жаңа қаланың қазығы қағылып жатыр!

Жергілікті басшылар Мырзашөлдегі жаңа облыстың орталығы болуға лайық қала деп Сарыағашты ұсынған.

Алайда, мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдамаған.

Өйткені Президенттің айтуынша, қоғамдық-саяси және экономикалық-әлеуметтік жағынан Сарыағаш қаласы жаңа облыстың орталығы болу талаптарына сай келмейді.

Қазіргі Түркістан облысы екіге бөлінген жағдайда жаңа өңірдің орталығы міндетті түрде Сырдария өзенінің арғы бетінде болуы тиіс және мемлекеттік шекарадан кем дегенде 20 шақырым алыста болуы керек деген шарт қойылған.

Сол себепті Шардара қаласы да Мырзашөл өңірінде ашылатын жаңа облыстың орталығы етіп белгілеуге сай келмейді.

Жоғарыда баяндалған талаптарға Сырдарияның жоғарғы бойының сол жағын алып жатқан Мырзашөл өңіріндегі төрт ірі елді мекен – Жетісай қаласы, Мырзакент, Атакент және Асықата кенттерінің ішінде тек Асықата кенті ғана жауап беретіні анықталған.

Алдын-ала жасалып жатқан жоспар бойынша жаңадан ашылатын Мырзашөлдегі 15-ші облыстың құрамына қазіргі Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандары енгізілетін болады.

Бүгінгі Түркістан облысынан енші алып өз алдына бөлек шығатын Мырзашөлдегі жаңа облыстың халық саны қолымызда бар ресми мәліметтер бойынша мынадай:

- Мақтаарал ауданы – халқы 131 781 адам;

- Жетісай ауданы – халқы 172 903 адам;

- Шардара ауданы – халқы 78 621 адам;

- Сарыағаш ауданы – халқы 191 096 адам;

- Келес ауданы – халқы 136 000 адам.

Сонда Мырзашөлдегі жаңа 15-ші облыс халқының саны – 710 401 адам болады.

Алдағы уақытта өткізілетін ұлттық халық санағында Мырзашөлдегі жаңа 15-ші облыс халқының саны қазіргі ресми көрсеткіштен іс жүзінде әлдеқайда көп болып шығатынына кәміл сенеміз.

Қорыта айтсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқаратын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Мырзашөл халқы үлкен үміт артады.

Елі сүйген, Елін сүйген Елбасымыз бен парасат-пайымы мол Президентіміз бүгінде түкпірде қалып қойып, Өзбекстанның «Сардоба» су қоймасының бұзылуынан үлкен зардап шеккен Мырзашөл өңірінде Қазақстанның 15-ші облысы тезірек құрылып, жаңа өңірдің орталығы етіп қазіргі Асықата кентін бекітеді деп асыға күтіп отыр!

Құрметпен,

Мырзантай Қожабайұлы Жақып,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессоры (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD).

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543