Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 8288 71 пікір 19 Маусым, 2020 сағат 12:18

Мәскеудің арманы - орыс тілді Қазақстан

Алаш туралы ТМД кеңістігіндегі барша қоғамдық пікір, танымдық-сараптамалық мәдени-рухани ақпарат Мәскеудің нұсқауымен жүзеге асырылып жатыр. Солардың ішінде басты орында «Қазақ ұлтшылдығы» мәселесі тұрады. Орталық Азияға неоотарлау жүргізудің қақпасы, патшалық, кеңестік әм ТМД-лық бодандау үш кессе де, милети рухының кесірткелік қауқары қалған қазақ ұлтшылдығы жайында Ресей ғылыми-зерттеу институттары және қоғамдық пікір орталықтары және ҚР тіркелген үкіметтік емес ұйымдар бірде ашық, енді бірде жасырын қызу жұмыс істеп жатыр. Оларға Орталық Азияның өзге түрік тілдес үш елімен емін-еркін шектесетін, осы мемлекеттерде Ресей мүддесін жасқанбай қорғап, күшпен тізе батырып, айдауына жүргізіп, айтқанына көндіру үшін орыс тілді Қазақстан керек. 

Мәскеудің арманы орыс тілді Қазақстан, онда – қазақ тіліне орын жоқ. Бірақ оған жолың болмағыр қазақ және орыс тілді қазақ ұлтшылдығы кедергі келтіріп отыр. Қазір қазақ билігіндегі Ресей мүддесіне жұмыс істейтін шағын болса да, ықпалды топ, орыс тілді нағыз ұлтшыл қазақтардың үнін өшіріп тастап, қызмет пен бизнестен шеттетіп, бас пайдалары үшін бірі ерікті түрде, бірі қаржылық жақтан қысылып қазақ мүддесін ақшаға сатқан безбүйректердің қолымен Мәскеулік қожасынының жазып-сызып берген аяр жоспарын жүзеге асыра бастады. 

Мәскеу неден қорқады? Саны өсе түскен қазақи демографиялық бумнан кейінгі орыстанбайтын ұлттық келбетімізден. Сондықтан қазақ билігіне толеранттық ұстанымын таңып, орыс тілді сүт бетіндегі қаймақтарымызды «Қазақстандық ұлт» идеологиясын, «Азаматтық қоғам» идеясын жанын сала қорғауға жегіп, саны көп ұлттың ұлтшылдығымен өзге тілді этникалық азшылықтың ресейшіл мүддесін қолдайтын күресті бастап кетті. Бірінші болып, Ресей құрған қанды қақпанға жасы жеткен КСРО-ның өнімі Олжас Сүлейменов түсті. Бұрынғы отаршылардың түрт сайтандықпен санасына құйып, аузына салып берген «Қазақстан көп ұлтты» деген девизін,  «Азаматтық қоғам» идеясын жүрген тұрған жерінде айтудан жалықпайтын Кремль сандуғашына айналды. Әлем таныған, Ел таныған ақсақалымыз осылай деген соң, қалған желікпе жастар «Нацпат» және «Қазақофашист» деген сөздік жаңашылдықты қазақстандық орыс тілінің қолданысына енгізді. Мәскеу бұл неологизмді Ресейлік орыс тілінің лексикалық қорына қуана қосты. 

Нәтижесінде Қазақ пен Қазақ Мүддесі туралы сөз бола қалғанда осы екі сөзді ресейлік қуыршақтар оңды-солды қолданатын болды. Енді міне «Неконкурентоспособный национализм//Бәсекеге қабілетсіз ұлтшылдық» деген пәлені тауып алып, орыс тілді ортаны ала тайдай бүлдіре бастады. Өзге ұлтты «Ойбай, екінші Украинаға айналамыз» деп қазақ ұлтшылдығымен қорқытатынды шығарды. 

Олардың арам ойы арыда жатыр. Қазақ ұлтшыл болмауы керек, өзге ұлт орысша сөйлесе –  Қазақ та қосыла орысша шүлдірлеуі керек. Оған қазақша сөйле десең, сен – «Нацпатсың». Қазақты қорлағанды тәубасына келтірер азаматтық іс қылсаң – «Қазақофашиссің». Ата заңнан орыс тілінің «ұлтаралық қатынас тілі» деген мәртебесін алып тастауды айтып жүргендер ел аман, жұрт тынышта ақылынан адасқандар, орыс тілді азшылықтың қалау-тілегін аяққа таптаушы саяси көрсоқырлар, қазақты адам қылып, осы күніне жеткізген «орыс әлемін» сыйламайтын көргенсіздер. Орыс тілінсіз Қазақстан күн көре алмайды – Орта Ғасырлық феодалдық мемлекетке айналады-мыс. Бәрі қазақша болса, Қазақстан құриды. Осы құрымауды тек орыс тілі мен мәдениеті ғана қамтамасыз етеді екен. Осыны күні-түні орыс тілді отандастарымыздың санасына құяды орыс жағы да, қазақ жағы да тоқтатпай отыр. 

Халықаралық құқықтанымда «Мемлекеттік тіл» деген ұғым да, түсінік те жоқ. Тек қана «Ресми тіл» деген атау ғана бар. Және «Ресми дін» деген де халықаралық стандарт бар. Бразилияда: «Ресми тіл – португал тілі, Ресми дін – католик діні» деп ел Ата Заңында жазылған. «Мемлекеттік тіл» ұғым-түсінігі тек КСРО бодандығынан құтылған елдерде ғана қолданылады. Және «Ұлтаралық қатынас тілі» деген термин Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа ешбір елдің Конституциясында кезікпейді. Бір сөзбен айтқанда арбаның бесінші дөңгелегіндей заңсыз қолданылым. Осы бесінші дөңгелекті – қолдап қорғаушылардың көздегені не? 

Өзбекстан да өз Конституциясына «Ұлтаралық қатынас тілі» деген терминді енгізбесе де, қажет кезінде орыс тілі ресми тілді алмастыра алады деген бір жолдық сөйлемге бола көресінді көруде.  

Сонымен орыс тілділер қазақ ұлтшылығына қатысты не дейді соған тоқталайық. Орыс тілді азшылықтан бойын аулақ салған түрлі ұстанымдағы қазақ тілді оппозиция өмірге келді. Олар  ана тілінде сөйлегендіктен, ұлттық құндылықты пір тұтқандықтан ұлттық партия құра алмайды, бұған керісінше, ресейшіл орыс тілді қазақстандықтар  мемлекеттік тілді білмесе де, қандай партия құрам десе де жол ашық. Батыс тура осындай адам құқығын аяққа таптайтын саяси бассыздыққа таң қалуда. 

Демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты қазақ ұлтшылдары (национал-патриоттары) өздерін еркін сезіне бастады. Осы өздерін еркін сезіне бастаған Қазақ ұлтшылдары үш топқа бөлінеді.

Біріншілері – ҚР Конституциясына өзгеріс енгізіп, орыс тілін мәртебесінен айыруды әм ресми тілді білмейтіндерді мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салуды көздейді. Екіншілері Қазақстан «көпұлтты» емес, этникалық азшылықтағы орыс тілді тұрғындары бар, титулды ұлттан ғана тұратын мономемлекет деген ұстанымды ту етіп көтереді. Үшіншілері постколониялық  синдром бойын жайлаған алармистер (үрейшілдер) Бүркіт (Ақш), Айдаһар (ҚХР) және Аюдан (РФ) төнген қауіптен қазақ мәдениеті мен ділін сақтап қалу үшін күреседі. Бірақ әзірше титулды ұлт арасында ұлттық-патироттық көңіл-күй өсе түскенімен, не билік, не саяси партиялар осы жолдағыларды өздерінің орыс тілі үстемдігін сақтайтын толеранттық саясаттарына өз зиянын тизізетін радикалды идеология деп санап келеді.

Бүгінге дейін жүзеге асқан «Қазақ жобасы» 

1) Мемлекеттік тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтап қала алды;  2) Халықтың экономикалық әл-ауқатын белгілі деңгейде қамтамасыз ете алды; 3) Демократия мен жеке бас бостандығы сөз жүзінде қалса да, әркім өз пікірі үшін жазланбайтын болды; 4) Халықаралық аренадағы акторлыққа қол жеткізді. 

Енді жүзеге асатын, бірақ ресми биліктің ресейшіл бөлігі қолдамайтын жоғарғыдағы үш ұлтшыл топ ұсынатын жаңа «Қазақ жобасы» төмендегідей:

1) Ресми тіл – қазақ тілі, ресми дін – ислам діні.

2) Тіл реформасында «бір ұлт – бір жазу» арқылы жүзеге асырылатын Орталық Азиялық орыс латын жазуы

3) Әлеуметтік-саяси өмірде ұлттық, діни партиялар мен қозғалыстар құрылып, соның негізінде қазақ тілді элитаны бизнес пен саяси билікке әкелетін саяси-экономикалық қопаралы реформаның негізінде қазақтың техникалық ұлтқа айналуының алғышартының жасалуы. Қазақ тілді билік пен парламентті өмірге әкелу үшін күрес.

4) Қазақ қоғамындағы ұлттық азшылыққа қатысты «бір ұлт – бір тіл» саясаты арқылы әуелі жеңіл, кейін ауыр қазақтандыру процесінің орын алуы. 

Бұның бәрі қазақтар өз елінде ұлттық жазу мен барша өзге тілдегілерге түсінікті кірме сөздік алаштық тіл реформасын сәтімен жүзеге асырып, Орталық Азиядағы бәсекеге қабілетті техникалық ұлтқа айналғанда ғана жүзеге асады. 

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

71 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529