Сенбі, 23 Қараша 2024
Сауалнама 4296 16 пікір 23 Маусым, 2020 сағат 16:58

«Тұтас жүйе өзгермей, полиция да өзгермейді»

23-маусым Қазақстан полициясының күні. Алғаш 1992 жылы ҚР Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады. Ол қазақстандық полицияның міндеттері мен функцияларын анықтаған алғашқы құқықтық құжат болды.

Ал, 2007 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілді.

Осыған байланысты біз бүгінгі қоғамда полицияның бет-бейнесі мен беделі туралы қоғам белсенділерінен сұрап көрген едік.

«Полиция қызметіне адал болу үшін - әлеуметтік жағдайын көтеру керек» 

Айгүл Орынбек, заңгер: 

- Қазіргі кезде қоғамда полиция қызметкерлерінің беделі өте төмен. Себебі митингке шығатын адамдарды ұстап, сол жерде бұйрықты орындағаны үшін олар жаман болып көрінеді. Негізінен олар тек қана бұйрық орындаушылар. Соңғы бір-екі жылда болған митингтер олардың беделін әбден түсіріп тастады. Оған митингке шығатындар кінәлі емес, әрине. Бұл жерде Үкіметте отырған реформаторлардың саясаты дұрыс емес. Халық сол үшін де көшеге шығып жатыр. 

Мысалы Шымкент қаласын айтатын болсам, бізге полиция қызметкерлері жеткіліксіз. Қазір 1 млн. адамы бар мегаполис болдық. Бірнеше аудандар қосылды. Ал, штатта полиция жетіспейді. «Қылмыс ашылмай жатыр. Тәртіп бұзушылықтар болып жатыр», деп жатамыз. Бірақ, неге қылмыс көп дегеннің астарына үңілмейміз. Ал, оның себебі - қызметкерлердің жетіспеушілігінен де болып жатады.

Сондай-ақ, полиция жұмысына реформа жасау керек деп айтады. Алайда, оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Мысалы полиция қызметкерлерінің жұмыс істейтін орнын алайықшы. Бір кабинетте екі тергеуші отырады. Олардың әлеуметтік жағдайы да төмен. Мәселен, бір тергеушінің айлығы 200 мың теңге. Оның іс сапарлары бар, қылмыскерді іздеуі бар. Оның бәрін өз қалтасынан төлейді. Ал, полицияның айлығы 100-120 мың теңге. Пәтер ақысының өзі 80-100 мың теңге болады. Бала-шағасының оқуы, киім-кешегі бар. Осындай жағдайдан кейін олар пара алмағанда кім алады? Мен мұны жай ғана участкелік полицияның өмірін зерттей келе айтып отырмын.

Сондықтан, полиция Отанға, мемлекетке, халыққа жақсы қызмет ету үшін олардың әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Сонда ғана бізде қылмыс азайып, тәртіпке шақыратындар көбейеді.

«Тұтас жүйе өзгермей, полиция да өзгермейді» 

Дос Көшім, саясаттанушы:

- Мен полицияның жұмысынан үлкен өзгерістерді көріп отырған жоқпын. Сол баяғы полицияның қызметі. Бұл жерде жақсысы да бар, жаманы да бар. Мәселен, Қордай оқиғасында, коронавирус кезінде олардың күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істегендерін көрдім.

Сонымен қоса, бейбіт шерулерді тарқату, тағы басқа дүниелерге де полицияларды салады. Әрине, олар тек қана бұйрықты орындаушы. Бірақ, бәрібір белгілі деңгейде мәдениет жетіспейтін сияқты. Сондықтан біржақты айту өте қиын.

Қоғамның бәрі ауру болған уақытта оның бір саласы сау боп кетпейді. Сондықтан, жалпы қоғам және билік жүйесі ауыр жағдайда болғанда не әскери сала, не білім саласы, не полиция саласын жақсарту мүмкін емес. Себебі біз билік халықты тыңдамайтын, жемқорлық жайлаған деңгейдеміз, өкінішке қарай. Сол себепті полициялар кеңес кезінен бері айтарлықтай өзгерген жоқ. Тек қана белгілерін ауыстырған шығар.

Бірақ, сәл-пәл қуанатын нәрсе олардың дені өзіміздің қазақтың балалары. Бұрын оны сирек көретінбіз. Қазір ол көзге бірден байқалады.

Ал, оларға реформа жасайтындардың өзі комунистік партиядан шыққан, комунистік номенклатурада жұмыс істеген адамдар. Олар сол жүйеден басқа ештеңе білмейді, өкінішке қарай. Сондықтан әзірге олардың жұмысынан реформа байқалмайды.

«Реформа әуелі полицияның біліктілігіне жасалуы тиіс» 

Камиша Есмұхамбет, заңгер: 

- Қазір халық арасында полицияның беделі туралы екіұшты ой бар. Жақсы деуге де болады. Себебі - қоғамда шын мәнінде өз кәсібіне адал полиция қызметкерлері бар. Жаман деуге де болады. Себебі - қылмыстың күрт өсуі, адам құқықтарын шектеуге қатысты халықтың көңілі толмайтын сәттер бар.

Біз қазір «Ақбілек» қоғамдық бірлестігінде қыздардың зорлық-зомбылығына қатысты мәселелерді көтеріп, ауыл-аймақтарға жиі барамыз. Сонда, өңірдегі полиция қызметкерлерінің осындай жағдайларға білек сыбана кірісіп кететінін көремін. Осы тұрғыдан олардың жұмысына оң баға беруге болады. Ал, керісінше, бізге тергеу мерзімінің өтіп кеткенін, құқықтарының тапталып жатқанын, істің тым ұзаққа созылып кеткенін айтып шағымданушылар да келеді. Әрине, мұндай жағдайлар көпшіліктің полицияға сенімсіздігін тудырады. Себебі - тергеуші, полиция қызметкерлері өз қызметіне дұрыс қарағанда, бір істі 3 жылдап, 5 жылдап тергемес еді.

Сондықтан, реформа біріншіден олардың біліктілігіне жасалуы тиіс. Өйткені көп полиция қызметкерлерінің біліктілігі өте төмен екені байқалады. Мысалы, АҚШ-та полиция адамның досы. Ал, бізде солай деп айта аламыз ба?

Сосын, полициядағы жемқорлықты жою қажет. Сол кезде ғана реформаның деңгейі көрінеді. Ал, құзырлы министрлік қоғамдағы полицияның шынайы көрінісінен алшақ, әдемі видеоролик немесе кино көрсету арқылы оларға деген оң көзқарас қалыптастыра алмайды. 

Әрине, сын айта беруге болады. Бірақ, біз қылмыс болған сәтте бірінші полицияға жүгінеміз. Сондықтан, олардың да арасында өз қызметтерінде жүріп құрбан болған азаматтар бар екенін ұмытпайық. Себебі қазір олардан басқа тыныштығымызды қорғайтын альтернатива жоқ.

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434