676 оқушының обалы кімде?
ҰБТ 2020! Иә, ҰБТ-ның үш күні өтті, қазірге дейін тестілеуге кірген оқушының 676-сы мүмкіндігінен бір жылға шеттетілді. Бүгін бұл сан тағы да өсетіні анық. Осы оқушылардың обалы кімде? ҰБТ төңірегіндегі дауға сарапшы ретінде эмоциямызды басып, бір сараптама жасап өтелік.
Иә, ҰБТ бала білімін 100% анықтайтын керемет жүйе емес. Бірақ, Қазақстанның дәл қазіргі жағдайында бұдан тиімді жүйе жоқ. Бізді бұдан тиімді жүйелерге барғызбайтын ең басты былық - жемқорлық. Жұмыстың негізгі бөлігін техника анықтайтын ҰБТ-ны былықтырып жатқан қауым, емтихандық жүйеге немесе басқа жүйеге ауысса, қорасындағы малын түгел сатса да, оқуға түсе алмайтын нағыз былық болары анық. Сол үшін де, ҰБТ-ны қолдамасқа амал жоқ.
ҰБТ-дағы тест сапасы туралы 2004-2014 жылдар аралығында ең көп шулады. 2017 жылғы ҰБТ-ның жетілдіріліп, жаңа форматқа өтуі мен тест сапасы туралы әңгіме біраз азайды. Себебі, соңғы жылдары шынымен тест сапасы көп жақсарды. ҰБТ жаңа деңгейге өтіп, баланың өз білімін көрсетуіне, қабілетін сәулелендіруіне жол ашты.
Әттеген-ай, дәл осы тұста 2016 жылдан бері WhatsApp-тың күші ҰБТ-ны 11 жылдық білімнің нәтижесі емес, телефонның мүмкіндігіне айналдырып жіберді. Содан бері 6 жыл телефонмен күрестім. Бірақ, тыңдаған министрлік, тыңдаған Ұлттық тестілеу орталығы болмады. Оның артында Ұлттық тестілеу орталығының екі басшысы сотталып кете барды.
Мақтайтындай бар, бірақ, сол сеңді қазіргі министр Асхат Аймағамбетов пен қазіргі Ұлттық тестілеу орталығы директоры Дидар Смағұлов бұзды.
Өткен жылы министр Асхат Аймағамбетов тағайындала салып қабылдауында болғанда, алғашқы мәселе ретінде осы ҰБТ-дағы телефон мәселесін көтергем.
Сол кезде министр бұл мәселені назарға алатынын айтқан еді.
Іле-шала, әлеуметтік желіде танысып, қазіргі Ұлттық тестілеу орталығы директоры Дидар мырзамен бірнеше рет кездесіп, осы мәселе тұрғысында сөйлестік. Жеткізген ұсынысыма қолдау білдіріп, қоғамда үздіксіз көтерілген бұл мәселеге өте батыл қадамдар жасады.
Біздегі ҰБТ-ны тазарту мақсатында үш үлкен қадамға барды.
1. ҰБТ-да тыйым салынған заттарды (шпор, телефон) ҰБТ пунктіне алып кірген немесе қолданған оқушыларды бір жылға ҰБТ-дан шеттету.
2. ҰБТ тапсырған әр пункт тікелей эфирде бақыланып, ол видеоны 2 ай тексеруге алу. Екі ай ішінде видеода оқушының тәртіп бұзғаны, тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталса, оның балы жойылып, мемлекеттік грант конкурсынан бір жылға шеттету.
3. ҰБТ-да өз жұмысын дұрыс атқармаған ассистент немесе комиссия мүшесін жұмыстан біржолата босату.
Биыл елде карантин болып, 4 тоқсан болмады. Оның үстіне халықаралық емтихандардың талабына зерттеу жасай отырып, оқушыларға екі түрлі жеңілдік жасады.
1. Барлық оқушыға калькулятор пайдалануға мүмкіндік беріп, оны әр партада орналастырды.
2. 4 тоқсан карантин кезіндегі бағдарлама сұрақтары ҰБТ-дан алынып тасталды.
Елдегі карантин жағдайына қарамастан, дәл осы талаптар бойынша бүкіл республика деңгейінде ҰТО басшысы жүзге жуық тікелей эфирде сұхбат беріп, әр түрлі БАҚ-та, әлеуметтік желіде 2 айдан астам түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мектептердің бәріне тәртіп ережесін жіберіп, білім бөліміне бұйрықтар берді. Менің өзім неше тікелей эфир өткізіп, ондаған пост жаздым. Бірақ...
Жеп үйренген ауыз жалақтағанын қоймайды екен. Соның нәтижесінде үш күнде 676 оқушы бір жылға өкініште қалды. Енді әуелгі сұраққа қайта оралайын. Осы оқушылардың обалы кімде?
Мұның обалы үлкендерде.
1. Баласына заңды біліп тұрып, телефон алып кіруіне, жалған ұпай жинауы үшін барын салып жүрген ата-аналар қауымы. Балаңыз адам болсын десеңіз, сапалы білім алуына жағдай жасаңыз. Өзіңіз балаңызға ҰБТ-да ұрлық жасауды үйретіп тұрып, "жүйе кінәлі" деп көсіле сөйлемеңіз. Отан отбасыдан басталады. Балаңызға обал жасамаңыз АТА-АНА! Балаңыздың өтірік балы кімге керек?
2. Арлы ұстаз балаға шпор қолдану мен телефон қолдануды үйретпейді. Тіпті ұстаз деген аты бар адам үйретпейді. Өкінішке қарай, ҰБТ-ға алып кіретін телефонын кредитке ата-анасына алып беруге үгіт жасап, балаға телефон артында өз шамасы келмеген сұрақ жауабын әр түрлі чаттардан нан сұраған тіленшідей жауап сұрап, шыққан соң сол оқушының нәтижесіне мақтанатын ұстаздың ол мектепте жүруінің өзі қылмыс.
3. Бізде бір жалған психологтар бар, бірдеме болса бала суицидке ұшырайды деп аттандайтын. Айналайын психологтар, біріншіден әділетке, тәртіпке есі дұрыс адам қарсы шықпайды. Екіншіден, бала әділетсіздікке ашынуы мүмкін, әділетсіздікке күйінуі мүмкін. Бірақ, тәртіп үшін еш бала ондайға бармайды. Әр бала өзінің деңгейін біледі.
Ал, ҰБТ-да 11 жыл жақсы оқыған баладан 11 жыл 2 мен 3-ке оқыған бала әлденеше 10 ұпай жоғары алғанда, ана жақсы оқыған бала мұндай әділетсіз елден түңіледі. Күйінеді. Күйрейді. Мұндай өз балаларына біліміне сай грант бермейтін елден, білімдіні бағаламайтын елден, кім көрінген орта жолдан мемлекеттік грантты адал алмайтын елден суынады, безінеді.
Иә, осындай қатаң талаптар астында интернетте сұрақ қаптап кетті, өте-мөте аудандық, ауылдық жерлерден шығып жатыр. Оның құрбандары бағанағы 676 бала және болашақта видео тексеріліп, тағы біраз баланың балы жойылатыны ақиқат.
Тағы да айтарым сол сөз. Тәртіпсіздікті ақтап алуға тырысу,
заңсыздықты ақтап алуға тырысу,
біліксіздікті ақтап алуға тырысу -
қылмысты ақтап алуға тырысу.
Бұл - ешқашан ілгері басатын қоғамның тірлігі емес!
Біреулер заңның сақталуына қарсы шығуды "демократия" деп атап жүр. Заң үстемдік құрмаған, ереже, бұйрық орындалмайтын елдің ертеңі бұлдыр. Демократия - заңсыздық емес, ол заңның орындалуын талап ету, ол заңды талап ету!
Иә, құрметті ата-аналар, ұстаздар. Елдің ең басты саласы - білім. Білім саласының ең басты бағыты білімдіні қолдау, елге есі дұрыс, білімді, патриот кадр тәрбилеп шығару. Ал, ҰБТ - соның ең маңызды бір басқышы. Бұл былық болса, сапалы кадр да, жарқын болашақ та жоқ.
2017 жылы ҰБТ-ға 20 күн қалғанда осы желідегі бір қыз өзінің сіңлісін алып келді. Химиядан дайындап беріңізші, медицинаға тапсыратын еді деп, жақсы деп алсам, әлгі қарындасымыз 8 сыныптың ең қарапайым химиялық теңдеуі түгілі, көбейту кестесіне жарты сағат ойланады. Үш күн сабақ өтіп, әпкесін шақырып алып, басқа салаға апару туралы кеңесімді бердім. Ашуланып, алып кетті. Сол жылы тамызда грант тізімінде әлгі қыз 128 балмен жалпы медицинаның грант иегерлерінің тізімінде тұрды. Әпкесіне хабарласып "қалай түсті?" деп едім, "шүкір, телефон бар ғой" деді. Күйіп кеттім.
- Айналайын, кейін сіңлің істейтін поликлиниканы айтып қойшы, мен мүлдем алыс жүрейін, - дедім. Шыны керек, қорқамын. Болашақта ол ешқандай да сауатты дәрігер болмасы анық. Себебі, оның базалық білімі жоқ. Бірақ, ата-аналар жабыдан тұлпар жасағымыз келеді.
Дәл сондай, атын әрең жазатын студенттер жоғары оқу орнында өріп жүргенін университет мұғалімдері жылағандай жеткізеді. Тіпті елдегі 4 жыл бұрын бір медициналық университетке 850 оқушы қабылданған еді. Қазір 4 курста 250-ге жетпейтін студент оқиды. Қалған 600 оқушы қайда? Оқи алмай қоштасты. Қайран мемлекеттік грант, қайран есіл экономика. Ол тағы жақсы, тіпті, әр сессиясын ақшамен жауып, қызылмен қорғап шығатын қанша "сауатсыз" бар. Елдің ертеңі дәл сондай сауатсыз мамандармен аса қауіпті.
Бүгін төртінші күн, ұйқысыз әр баланың жайын аңдып, ҰБТ-ны бақылап, ҰТО баспасөз қызметімен сағат сайын пікір алмасып отырмын. ҰБТ жылдағымен салыстырғанда, қайталап айтам, салыстырмалы түрде таза. Бірақ, 100 пайыз емес. Дәл қазір тіпті өз оқушыларым өте жақсы нәтижемен шығып жатса да, солардың нәтижесін жариялай алмаймын. Себебі, ҰБТ-дағы тәртіпті қолдаушылардан қарсы шығушылар көп. Тәртіпсіздікті ақтап алғысы келетіндер көп. Әлемде ҰБТ-да қылмыстық жаза қолданатындар да, тек әскерилер өткізетін де елдер бар. Және солар ең даму қарқыны жоғары елдер.
Бала, баланың ісі шала. Біз балаларға арамдықты үйретпейікші. Адалдықты үйретейік. Таза қоғам, сауатты қоғам құрамыз десек, баршамыз күш салайық. Тіпті мына қоғамға бір министрлік, бір ұлттық тестілеу орталығы да шамасы келмей жатыр. Себебі, біз толық заңсыз, жемқор елге айналып болғанбыз. Осыдан тазарамыз десек, әр адам күш салайық.
Біз тәртіпті үш жыл орната алсақ, оқушы да, қоғам да өздігінен үйренеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің қабылдау емтиханында, Назарбаев университетінің қабылдау емтиханында ешкім "көшірем" деп ойламайды. Дәл сол секілді күйге жеткізуіміз керек.
Бұл - ар алдындағы, болашақ алдындағы ЖАУАПКЕРШІЛІГІМІЗ!
Аятжан Ахметжанұлы
Abai.kz