Талғарда кезекте тұрған азаматтарға 170 жалдамалы пәтер берілді
Астана күнін мерекелеу қарсаңында Талғар қаласында тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 170 пәтер тапсырылды.
Жалпы 170 пәтердің 61-і "Халықтың әлеуметтік осал топтары" санаты бойынша, 55-і "Көпбалалы отбасы" санаты бойынша, 34-і "Жетім балалар" және 20-сы «Мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйым қызметкерлері» санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға бөлінген.
Берілген пәтерлер аудан әкімдігінің тапсырысы бойынша Талғар қаласының «Жаңа Талғар» ықшам ауданында салынған.
Сонымен бірге құрылысы аяқталған тағы 170 пәтерлі 3 үй «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Осы алты үйдің құрылыс жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен жалпы 3 млрд 135 млн теңге жұмсалды.
«Ауданымызда тұрғын үй алу кезегінде 4912 адам тұр. Қазіргі уақытта тұрғын үй жағдайын жақсартуда азаматтарды қолдау үшін шаралар кешені іске асырылуда. Осы жылы 340 пәтерлі 6 үйдің құрылысын аяқтап, қолданысқа бердік. Келесі жылы 9 қабатты 5 үйдің (360 пәтер) құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», - деп қорытындылады аудан басшысы Жолан Омаров.
Abai.kz