Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7692 0 пікір 23 Қараша, 2011 сағат 09:34

Қуандық Шамахайұлы. Беті жылтырдың бәрі тележүргізуші бола сала ма?

Диктор және тележүргізуші. Бұл екеуі екі басқа ұғым ба, әлде, бір түсініктің аясындағы екі түрлі нысан ба, немесе қосарланған (гибрид) тұрпаттағы мамандықтың атауы ма? - дегеннің басын ашып алайықшы, ең алдымен.

Бағдарламаны эфирде жүргізетін, мәтінді оқып телекөрерменге ұсынатын телевизия маманы. Егер осылай деп анықтасақ, анықтама екеуіне де ортақ. Сол сияқты екеуіне қойылатын талап, жүктелетін жауапкершілік, артылатын міндет те бірдей болып шығады. Дегенмен ішінара болсадағы әйтеуір, айырмашылықтың болуы дау тудырмаса керек.

Дикторден тұнық әсем дауыс, дұрыс әрі анық дикция, сөйлеудің жоғары мәдениеті мен терең білім, алғырлық, тез ойлап пайымдау қабілет, төзімділік секілді өзге мамандардан дараланып тұратын көптеген қасиеттер талап етіледі. Олар біреу жазған мәтінді жай ғана оқып шыға салатын адамдар емес. Автордың айтар ойын толық түсініп, тақырыптың мазмұнына терең бойлап, әрбір сөз, сөйлемді дауыс ырғағы мен үн тынысына сай мәнерлеп лайықты жеткізумен қатар көрермен қауыммен жылы қарым-қатынас жасай білуге тиіс.

Диктор және тележүргізуші. Бұл екеуі екі басқа ұғым ба, әлде, бір түсініктің аясындағы екі түрлі нысан ба, немесе қосарланған (гибрид) тұрпаттағы мамандықтың атауы ма? - дегеннің басын ашып алайықшы, ең алдымен.

Бағдарламаны эфирде жүргізетін, мәтінді оқып телекөрерменге ұсынатын телевизия маманы. Егер осылай деп анықтасақ, анықтама екеуіне де ортақ. Сол сияқты екеуіне қойылатын талап, жүктелетін жауапкершілік, артылатын міндет те бірдей болып шығады. Дегенмен ішінара болсадағы әйтеуір, айырмашылықтың болуы дау тудырмаса керек.

Дикторден тұнық әсем дауыс, дұрыс әрі анық дикция, сөйлеудің жоғары мәдениеті мен терең білім, алғырлық, тез ойлап пайымдау қабілет, төзімділік секілді өзге мамандардан дараланып тұратын көптеген қасиеттер талап етіледі. Олар біреу жазған мәтінді жай ғана оқып шыға салатын адамдар емес. Автордың айтар ойын толық түсініп, тақырыптың мазмұнына терең бойлап, әрбір сөз, сөйлемді дауыс ырғағы мен үн тынысына сай мәнерлеп лайықты жеткізумен қатар көрермен қауыммен жылы қарым-қатынас жасай білуге тиіс.

Жалпы белгілі бір бағдарламаны талапқа сай тартымды жүргізу дегеніміз дикторден де, тележүргізушіден де дарын, қабілеттілікті, алғырлықты талап етері белгілі. Ал, оны журналист, редактор немесе автор өзі атқарды ма, әлде, диктор немесе тележүргізушінің қабілеттілігінің арқасында эфир арқылы тарады ма дегеннің қайсы болсын, бәрібір хабар жүргізу шеберлікпен тығыз байланысты туындайды.

Соңғы жылдары жарыққа шыққан түсіндірме сөздіктердің бірінде бағдарлама жүргізушісі (host) мен диктордің (anchor) айырмашылығын анықтаған. Ол  «anchor - бағдарламаның барлық мазмұнын жеткізуші. Ал, host радио, телевизияның бағдарламасын игере отырып, шешім қабылдайтын тұлға» деп түсіндірген. Оның түсіндіруіне қарағанда, anchor жаңалықтарды эфир арқылы жеткізуші - диктор, ал, host белгілі бір телехабарды көрермен алдына ұсынушы - жүргізуші болмақ. Олай болса, мынандай дәйектеме ұсынуға болады:

  • Диктор (broad-caster, anchor);
  • Жүргізуші (ведущий, announcer host);
  • Тікелей эфир жүргізушісі (диктор трансляций, ведущий трансляций, transmitter).

Енді бұлардың әрбірінің ерекшеліктеріне тоқталайық.

Диктор деген мамандық жүргізушіден әлдеқайда бұрын радио, телевизия өмірге келгенде онымен бірге пайда болған.  Барлық елде радио мен телевизияның үні осы дикторлар арқылы қалыптасты. Барлық елде дикторлар радио мен телевизияның алғашқы үні әрі көрнекті өкілі ретінде тарихта қалды. Кеңес одағы тұсында да дикторларға биік талап қойылды. Елдің ішкі және сыртқы саясатын терең түсінген, білімі мен пайымы терең адам ғана диктор бола алады делінді. Шын мәнінде диктор дарын-қабілеттілікті, жағымды әсем дауысты, анық та айқын сөз саптауды, әртістікті терең меңгерген маман болуға тиіс болды.

Диктор - шебер шешен оқу мәнерімен мәтінді жандандыратын ішкі жан дүниесі бай өнер адамы. Диктордің жүргізушіден айырмашылығы неде? -дегенге келсек, ол аудиторияны басқарып, бағыттап отырмайды. Оның атқаратын міндетінің өзі тыңдаушылар мен көрермен қауымға ақпаратты, журналистің дайындаған мәтінін жеткізу. Алайда, бұл диктор қызметінің қатып қалған қағидасы емес. Егер диктор бағдарлама жүргізетін,  тікелей хабарға жетекшілік ететін болса, әрине, ол қатысушылармен, аудиториямен қарым-қатынас жасауына тура келеді.

Бағдарлама жүргізу кезінде тіл байлығының мүмкіндіктерін толығымен пайдалану, сөзді мазмұнына сай дұрыс қолдану талаптары қойылады. Ал, хабар мәтінін оқығанда диктордің оқу мәнері мен өзіндік тәсілі айқын көрініс табады. Кейбір дикторлерде жүргізушілік мүмкіндігі кең, қабілет-қарымы жеткілікті болғанымен оқудың аясынан шыға алмай тар шеңберде тұйықталып қалатыны бар. Сондықтан, жүргізушілер секілді еркін қимылдай алмайды. Радио, теледидар арқылы жаңалықтар жеткізудің, рөл ойнап, образ жасаудың, тікелей эфирде әңгіме-дүкен құрудың, бағдарлама жүргізудің әрбіріндегі шеберлік қабілеттілік өзара айырмашылықта болады. Мысалы, драмада ойын негізгі орынға шықса, бағдарламада жүргізушінің комментарийі, ал, жаңалықтар қызметіндегі оқылым түсінікті, қысқа әрі анық және жеңіл екпенді болуға тиіс.

Бүгінгі таңда жүргізушілік мәнерді алға шығару бағыттың кең өріс алғаны рас. Алайда, бұдан диктордің позициясы төмендеп, жүргізушінің дәурені жүріп тұр деп түсіну тағы сыңаржақтық болар еді. Мысалы, Жапонияның әлемге әйгілі NHK телекомпаниясы жыл сайын 25 дикторді жұмысқа қабылдайды екен. Бұл туралы мәлімдеген аталмыш компанияның дикторы Миада Осамуи олардың бесеуі ғана әйел адамдар болатындығына назар аудартқан. Сондай-ақ, «Америка даусы» радио станциясы халықаралық жаңалықтарын оқитын дикторлерге әркез байқау жариялайтындығын оның вэб сайтынан жиі кездестіруге болады. Шет елдерде дикторлерге деген сұраныстың, беделінің қандай деңгейде екендігін жоғарыдағы мысалдардан айқын аңғаруға болады.

Жүргізуші (ведущий, announcer, host). Бұған радио, телевизия, сахна өнері және түрлі мәдени іс-шараларын жүргізетін барлық жүргізушілерді жатқызуға болады.

Жүргізуші - өмірлік тәжірибесі мол, жан-жақты, білімді, рухани әлеуеті мықты, алғыр әрі әзілқой, ойлау қабілеті жылдам тапқыр, кішіпейіл бола тұра өзіне сенімді, адамдармен жайлы қарым-қатынас жасай алатын тұлға.

Радио, телевизия жүргізушілері үшін студияда жазылым (запись) жасатуға мүмкіндік болса да көбінесе тікелей эфир таңдалып жатады. Жүргізушілер алдымен бағдарлама қонақтарын таныстырады, әңгіменің көрігін қыздырып, бағытын түзейді және телефон арқылы көрермен, тыңдаушы қауыммен байланыс жасауы мүмкін. Тікелей мағынасы бойынша түсіндірсек, жүргізуші дегеніміз тыңдаушылар мен көрерменді бағдарламаның айналасына топтастырушы. Кең арнада қарастырсақ, тыңдау, пайымдау, сөйлеу, баяндау және әртістік өнерді меңгерген сезімтал жан болуға тиіс.

Ресейлік әріптестеріміздің жазуларына қарағанда, радио мен телевизия жүргізушілерінің өзара елеулі айырмашылықтары бар:

  • Бағдарлама мәтінін жазған автор, журналистің өзінің жүргізуі;
  • Автордың дайындаған мәтіні бойынша әртістер мен тележүргізуші оны өзінің туындысы іспетті жүргізуі;
  • Сала мамандарын (заңгер, ұстаз, психолог, экономист) жүргізушілікке шақырту;
  • Сахна жүргізушілерінің телемамандармен салыстырғанда өзіндік өзгешеліктері бар. Уақыт пен кеңістікте де елеулі айырмашылықтар кездеседі. Олар көрерменмен қазіргі шақта бетпе бет кездеседі.

Жалпы бүгінгі телевизия өмірінде де аудиториямен тікелей қатынас алға шығып бара жатқандықтан талап негізінен ортақ деуге болады.

Тікелей эфир дикторы, жүргізушілері. (диктор трансляций, ведущий трансляций, transmitter) Тікелей эфир бағдарламаларын көбінесе тәжірибелі жүргізушілер атқарады. Оның жауапкершілігі де айтарлықтай. Мемлекеттік немесе халықаралық маңызы бар ірі іс шаралардың ашылу немесе жабылу салтанатты рәсімдері кезінде тікелей эфир арқылы оқиғаны халыққа жеткізу оңай шаруа емес. «Азиада» тұсында тікелей эфирге жүргізуші болып тағайындалған белгілі әншінің тележурналистикадағы тәжірибесіздігі халыққа сол сәтте әшкере болғаны телевизия ұжымдарына үлкен сабақ болса керек. Жүргізушінің жеке дайындығы да бұл жерде елеулі рөл атқармақ.

Диктор, тележүргізушілердің еңбек өнімділігінің нәтижесі нақты материалдық зат еместігі белгілі.  Керісінше, адам руханиятының жемісі болып табылатындықтан үнемі алға ілгерілеуге ұмтылып жетілдіре түсуге бағытталады. Сол арқылы халықтың рухани сұраныстарын қанағаттандырғанда ғана диктор, жүргізушілер еңбегінің нәтижесі жемісті болады.

Тыңдаушы, көрермен қауым тікелей эфир арқылы қабылдаған бағдарламаға көңілдері толып қанағаттанғанда ғана диктор, жүргізушінің еңбегі ақталады деген сөз. Сондықтан, бағдарлама жүргізуші үшін кәсіби шеберлігін әрдайым шыңдап, жетілдіріп отыру талабы қойылады.

Жүргізушіліктің пайда болуы және қажеттілік. Кәсіби тұрғыдан келсек, дикторлік пен журналист қызметінің қосарланған формасы болып келетін жүргізушілік көрермен, тыңдаушылармен тікелей қатынас орнатады. Оның артықшылығы да осында. Сондықтан, әлем журналистикасының қазіргі бағыт-бағдары жүргізушіліктің  маңыздылығын арттырып, оны кәсіби мамандықтың деңгейіне көтерді.

«Хабар жүргізу», «жүргізушілік өнер» деген ұғымның да пайда болуының өзіндік тарихы бар. Дерек көздеріне зер салсақ, әлемдегі ең алғашқы жүргізуші - американдық Муроу көрінеді. Ол радиохабардың аты аңызға айналған журналисі болғанымен алғашқы тележүргізушілердің ұлағатты ұстазы болып саналады. Дүниежүзілік екінші соғыс кезінде «Муникэ оқиғасының» көзкөрген куәгері әрі оны дер кезінде ыстық нүктеден тікелей хабарлаған, бомбаланған дүкеннің ішіндегі қираған сөрелердің бірінде микрофонын орнатып қойып, төгілген жеміс шырындарының еденге тамшылап сыртылдаған дыбысын естіртіп, кезекті әуе шабуылы алдындағы бір сәттік мүлгіген тыныштықты радио арқылы жұртқа жеткізген журналист болатын ол. Сонымен қатар журналист Муроу немістің бомбалаушы ұшақтарының баса көктеп келе жатқанын Лондон қаласындағы бір биік мұнараның үстінен бақылап тұрып, жағдайды айна-қатесіз баяндап, мұхиттың арғы жағындағы американдық тыңдаушыларға соғыстың шынайы көрінісін анық түсіндіріп келген. Осылайша, соғыс аяқталғанда Муроу қолына қару алып соғыспаса да Америкаға атағы жайылған ержүрек азамат ретінде танылған.

Осы деректің өзінен-ақ, эфирдегі жүргізушілік дегеніміз радио арқылы оқиғаны бейнелеп шебер баяндайтын тікелей бағдарламадан туғанын анық аңғаруға болады.

Қазақстанда алғашқы радиохабар 1921 жылдан бастап таратыла бастады дегенді алғаш рет журналистикатанушы ғалым Марат Барманқұлов мәлімдеген. Ол жайында өзге зерттеушілердің де түрлі пікірлері бар. Әзірге бірізділік болмаса да қазақ радиосының ғасырға жуық тарихы бары басы ашық әңгіме. Ол тұста жазу аппаратуралары болмағандықтан хабар атаулының бәрі тікелей толқынға шыққан болса керек. Олай болса, сол тұста тілші аталғандардың бәрі де алғашқы хабар жүргізушілері болып есептелмек. Мұның өзі алдағы уақытта саланы жіті зерттеуді, тарихи деректерді айқындауды талап етеді.

Журналист жазған немесе өңдеген мәтінін аудиторияға тікелей жеткізудің бірден бір жолы бағдарламаны өзі жүргізуі. Журналистің дайындаған жүз пайыздық ақпаратының  аудиторияға 90-95 пайызы жетеді екен. Қалған бес-он пайыз ақпарат құлаққа жеткенше желге ұшқандай болып, назардан тыс қалады. Айталық, сөз тасымалдау ойыны деген болады ғой. Алғашқы айтылған сөз қаншалықты көп адам арқылы бір біріне жеткен сайын белгілі деңгейде өзгеріске ұшырап, тіпті мүлде басқаша мағынаға ауысып кетіп жатады. Сол секілді жоғарыдағы бес, он пайызды жоғалтпаудың мүмкіндігіне оқиға ортасындағы адам сол мезетте тікелей репортаж арқылы жеткізгенде ғана қол жеткізуге болады. Олай болса, журналистерден жүргізушілік қабілетке ие болуды қазіргі заманның өзі талап етіп отыр.

Алайда, әр журналист бағдарламасын өзі жүргізген жағдайда бәрі жаппай жүргізушілікке айналып кетеді екен десек, қателескен болар едік. Нашар жазылған мәтін жүргізушінің шеберлігінің арқасында жанданып құлпырып кетіп жатады. Сол секілді жақсы жазылған мәтінді автор өзім жүргіземін деп бүлдірмесіне де кепілдік жоқ. Әр журналист жүргізуші немесе диктор бола алмаса да оларға кәсіби талап қоя алатын, жүргізушілік шеберліктің негізін білетін мол мағлұматы болғаны абзал.

Тәуелсіздік жылдары телеарналар мен радиохабар ұжымдары сан жағынан да, сапасы тұрғысынан да ұлғайды. Қазірдің өзінде елімізде республикалық аумақта хабар тарататын телеарналар саны оннан асты. Жекеменшік және коммерциялық телекомпанияларды айтпағанның өзінде мемлекеттің қолдауымен «Мәдениет» (бүгінгі күні эфирге шықты), «Білім» (келесі жылы жұмысын бастайды) телеарналарының құрылып жатқаны елдің рухани, мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Жергілікті өлкелерде де ашылып жатқан түрлі телеарналар мен радиостанциялар баршылық. Олардың бәріне де мамандықтың шеберлігін игерген мәдениетті де білікті жүргізушілер керек.

Жүргізушілер таңдауда теле, радио ұжымдары эфирге көбінесе кәсіби мамандардан гөрі әуесқойларға көбірек ден қоятындықтан эфир мәдениеті төмендеп, жауапкершілік босаңсып кеткен. Соның салдарынан бағдарламалардың тартымдылығы төмендеп солғын тартады, жүргізушінің өзінің ғана емес, ақпарат құралының беделі мен жүргізушілік өнердің құны түседі. Оларда эфир мәдениетінің ең қарапайым талаптарының өзі бұзылып жатады. Айталық, дауыстың тоны құлаққа түрпідей тиетін, тілі жұтаң әрі быдық, сөзі өшкін, «ң» мен «і»-нің өзін дұрыс дыбыстай алмайтын, ернін сылпылдатып, екі қолын жөнді-жөнсіз ербеңдетіп, стендапқа ербеңдеп шыға келетін тележүргізушілер мен репортерлер көбейді. Микрофон, камера алдында жасалатын қарапайым қарым-қатынас нормаларын білмейтіндіктері, сөйлеу қабілеттіктері тым осал екендіктері бірден аңғарылуының өзі олардың жүргізушілікке мүлдем жарамайтындықтарын айғақтап тұрады.

Замана талабы мен сұранысқа сай алдағы уақытта маман даярлайтын ЖОО-дағы журналистика факультеттері жүргізушілерді соңғы курстарда арнайы оқытып, мамандандырып шығаратын жүйеге көшіргендері дұрыс. Қазіргі кезде жаңалықтар қызметіндегі диктор жүргізушілердің өзі кейде «артық қыламын деп тыртық етті» демекші, бірде әлдебір шетел арналарына еліктеп айғайға басса, енді біреулері өзара еркін сөйлесеміз деп одан ары бүлдіріп, жасандылықтан арыла алмай жүр. Апталық шолуларды жүргізетін кейбір әріптестеріміз өзін тым асқақ ұстаймын деп тіпті көктен түсе алмай шала бүлініп отырғанын көргенде езуге күлкі үйіріледі. Өз табиғатында жоқ болмысты қолдан жасаймын деп әуірелену ешқашан көрермен көңіліне қонбайтындығын әр кәсіби маман сезінуге тиіс.

Көру өнері (визуальное искусство) яғни, телевизияда, сахнада тыңдау өнері (авизуальное искусство) және радио арқылы сөйлегенде ана тілінің төл табиғатын жетік білетін, тіл байлығының бай қорын тиімді пайдалана білетін, дауыс ырғағы мен оның тоны, жылдамдығы үйлесім тапқан, құлаққа жағымды, түр келбеті де келісті, көзге жылы, түсі игі, көрерменмен лайықты әрі сыпайы қарым-қатынас жасай білетін тележүргізушілерді білікті етіп даярлап шығару бүгінгі таңда аса өзекті.

Елімізде радио пайда болғанына бір ғасырға таяу, ұлттық телевизияның туғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін Радио, телевизия институты тұрмақ жеке факультет те жоқ. Оны айтасыз, арнайы мамандандырылған курс, білім жетілдіру, қайта даярлау семинар-тренингтердің өзі жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жоқ. Тәуелсіздіктен бұрынғы мамандардың дені Мәскеуден білім алып келген. Әлі сол жүрістен жаңылған жоқ.  «Жүргізуші», «диктор» атты күрделі кәсібіи мамандарды отандық төл білім ордасында даярлау ісі алдағы кадрлық саясатымыздағы елеулі қадамымыз болуға тиіс.

Тақырыпта қарастырылып отырған диктор, жүргізушілік жайындағы мәселе радио, телевизия, сахналық деген кәсіби жүргізушілер тобының сыртында қоғамдық қатынастағы басты тұлға болып табылатын өзге ұйымдардың да іс қызметтерімен белгілі бір формада қатысты болумен қатар аталмыш өнердің ерекшелігін айшықтайды.

Жүргізушілік өнер жайында. Жүргізу өнерінің теориялық және тәжірибелік зерттеулерін кәсіби радио, телевизия, өнер, мәдениет аясында ғана емес, әрбір ұйым, мекеменің мәдени менеджменті, бизнес істері, адамдар арасындағы қатынас секілді көп қырлы коммуникациялармен тығыз сабақтастыруға болады. Айталық, бизнес саласына келсек, өнімдерін, тауарларын немесе көрсетілетін қызметінің түрлерін қаншалықты тиімді насихаттаса, соншалықты мол табыс таппақ. Жалпы белгілі бір топты, тұтынушы қауымды нақты мерзімде бірлескен іс қимылға жұмылдырудың өзі жүргізушінің (ұйымдастырушы) қызметімен байланысты болмақ.

Кейбір ұйым, мекемелер мерейтойларын немесе маңызды мәдени іс шараларын басқаруға танымал тележүргізушілерді арнайы шақыратыны бар. Бұл соншалықты тиімді тәсіл емес. Негізі шешендік өнерге жуық, ұжымын бес қолдың саласындай жақсы білетін өз адамдары болғаны тиімді. Сондай «ұжымдық жүргізушлердің» өзінде жүргізушілік өнердің алғашқы мағлұматы бар, өзіндік мәдениеті қалыптасқан тұлға болғаны абзал.  Жалпы топтың назарын аударып, мәдени шараны басқару оңай іс болмағанымен оған үйренуге, жүргізушілік қабілеттілікті игеруге болады. Сондықтан, мәдени іс шаралар жүргізу, шешендік өнер жайында білім беруге бағытталған оқыту семинарларын БАҚ қана емес өзге ұйымдар да өткізуге мүдделі болуға тиіс. Себебі, осының өзі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, оның бай қайнар көздерін ашуға, мүмкіндігін кеңейтуге елеулі үлес қосар еді.

Өнер - шынайы өмірдің әдебиет, театр, музыка, кино, сурет арқылы айқындалған бейнесі. Өнер атаулының барлық түрлерін жинақтап, бәрін жаңаша жаңғыртқан нысан - радио, телевизия өнері болып отыр. Телевизия, радио - халықтың санасына ықпал етіп, ақпараттары арқылы танымға жетелеп, ой-өрісін жетілдіріп, тәлім-тәрбие беретін БАҚ қана емес, сонымен қатар ол көруге, тыңдауға арналған айырықша өнер. Біз радионы, телевизияны және сахнаны өнер ретінде мойындаймыз. Олай болса, олардың нақты айқындамасы болып табылатын бағдарлама жүргізуді де өнер ретінде тануға тиіспіз.

Өнерге сезім арқылы бойлағанда ғана біз оны түсінеміз және игереміз. Сондықтан да, белгілі дәрежеде табиғи түйсіктің, дарын қабілеттің болғаны абзал. «Бір пайыздық дарын мен 99 пайыздық еңбектің арқасында табысқа жетуге болады» деген тәмсілдің жүргізушілік өнерге де қатысы бар.

Атақты шешен, саясаткер Роберт Пеел ерекше дарын иесі болмаған. Соған қарамастан бала кезінен қалыптастырған жаттығу, дайындықтың арқасында биік атақ абыройға жеткен көрінеді. Бала кезінде әкесі оны үстелдің жанына тұрғызып қойып жатқа сөйлетеді екен. Пеел өзі де діни уағызды қайталап оқып, жаттауға тырысты. Алғашқы кезде соншалықты нәтиже бола қойған жоқ. Жаттығуларын жалғастырған сайын назар аудару, зейін қою қабілеті арта берген. Осылайша, уағызды бір сөз, бір әріп қалдырмай жатқа соғатын жағдайға жеткен. Кейін ол теңдессіз шешендігімен саяси бәсекелестерін шаң қаптыратын қабілетті игерген. Оның оқыған нәрсесін жадында айна қатесіз сақтау қабілеті бала кезінде әкесінен үйренген жаттығудың арқасы еді. Мұндай қабілет тележүргізушілер үшін өте маңызды. Бір оқығанын есінде сақтай алатын алғырлық жүргізушіге қажет ең басты қасиет деуге болады.

Әлемде жүргізуші өнері ғажайып ретінде мойындалып, таңдай қақтырған талай дикторлер, жүргізушілер туып шықты. Айталық, атақты Ларри Кингтің еркін әрі ашық жарқын қатынасы, ресейлік диктор Г.С. Шумаковтың қарапайым әңгіменің табиғатына жақын оқитын мәнері, қазақ радиосының аты аңызға айналған «үні» Әнуар Байжанбаевтың құлаққа жағымды қоңыр даусы дегендей мысалдарды келтіруге болады. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан телеарналары мен радиосында да халықтың ықыласына бөленген жүргізуші, дикторлер көп болды.

Хабар жүргізушілер арасында әлемнің елеулі оқиғаларына арқау болғандары да баршылық. Мысалы, Доминикан республикасының «Соль» радиосының дикторы Х.Н. Идальго сексен сағат бойы үзіліссіз тікелей эфирде хабар жүргізіп Гиннес кітабына енуге мүмкіндік алған. Ол бағдарламаны жұма күні таңертең бастап, дүйсенбіде түстен кейін аяқтаған. Сексен сағат бойы үзіліссіз жұмыс істегенде оған 12 адам көмектесіп, оқитын мәтіндерін өңдеп дайындаған. Гиннестің талабы бойынша 52 минут бойы үзіліссіз сөйлеу және арасында 15 минут қана тынығуға тиіс болған. Ол соңғы 45 сағатта тыңдаушылар сұрақтарына жауап берген. Оның басты мақсаты елінің атын Гиннеске енгізу еді.

Радио, телевизия бағдарламаларын, түрлі іс қызметтерін ұйымдастыруда автордың идеясын өз іскерлігімен байыта отырып, көрермен, тыңдаушыларға жеткізетін ерекше міндетті атқаратын, туындыны аудиторияға жеткізетін ақырғы сатысында жұмыс істейтін еңбеккер жандар айналып келгенде дикторлер мен хабар жүргізушілері. Олардың жұмыс көрсеткіштері арқылы тек бір телекомпанияның ғана емес, бүкіл елдің телеөнерінің даму деңгейі  айқындалады.

Жүргізушінің мәдениеті, қарым-қатынасы, білімі мен қабілет-қарымы бағдарлама мен оқиғаның барысын анықтаумен қатар тыңдаушылар мен көрермендерге ықпал ететіндігімен ерекшеленеді. Себебі, тыңдаушы, көрермен қауым жүргізушінің сөйлеу мәнеріне, тіл байлығына, қабілетіне, мінез-құлқына еліктеп, қатынас мәдениетін игереді. Сондықтан, жүргізушілік өнерге оның этикасы, мәдениеті, шеберлігі және денсаулығында ешбір ақаудың болмауы секілді ұғымдар да жатқызылады.

Күні бүгінге дейін елімізде дикторлер мен жүргізушілердің кәсіби ерекшеліктерін, кешегісін, бүгіні мен ертеңін зерттеген ғылыми еңбек атаулы жоқтың қасы. Оқулық жайын тіпті ауызға алудың өзі артық. Мәнерлеп оқу, көркемсөз жайында туындылар баршылық. Олардан алғашқы мағлұматтарды алуға, жалпы ұғымдарды түсінуге болады. Алайда, микрофонмен, камерамен қатынас жасайтын радио, телевизия дикторлеріне, жүргізушілеріне мамандық талабына сай келетін оқулық бүгінде ауадай қажет болып отыр. Қорыта келе мынандай ұсыныстар жасауды жөн көрдік:

-  Жүргізушілік өнері  мен шеберлік мәселесі кәсіби диктор, жүргізуші, шешен лекторлердің аясымен шектелмейді, әлем журналистикасының қазіргі бағыт-бағдары жүргізушілікті алға шығарып, кәсіби дәрежеге көтеріп, лайықты бағалап отыр. Әр журналистің жүргізуші болуы міндетті болмаса да жүргізушілік шеберліктен мол білімі мен толық мағлұматы болғаны абзал;

- Радио, телевизия бағдарламаларын халыққа таратып жеткізушісі - диктор, ал, аудиторияны өзіне бағындырып, жетелеушісі - жүргізуші деп түсінуге болады. Аталмыш сипаты диктор мен жүргізуші жұмысының аражігін айырып, бағыт-бағдарын айқындайды. Дегенмен, оларға қойылатын талап пен жауапкершілік ортақ;

- Елде радио, телевизия арналарының көбеюі жүргізушілерге деген сұранысты арттырды. Телеарналарда жүргізуші болу үшін түрі келісті, даусы жағымды болса жеткілікті деген теріс ұғым қалыптасты да оны оңай санап, кім қаласа сол игеріп кететіндей жеңіл ойлайтын қате түсінік пайда болды;

- Журналист-жүргізуші мамандығын оқытатын жеке оқу орнының өзін айтпағанда, арнайы мамандандыру курс те, жекелеген пәндер мен оның практикумы да ЖОО факультеттерінің базасында жоқтығы кадр дайындау саясатының осалдығын көрсетеді;             

- Алдағы уақытта дикторлік, жүргізушілік өнерін зерттеуге білікті ғылыми мамандарды жұмылдырып, тәжірибелі ұстаздардың қатысуымен білім жетілдіру семинар-тренингтерін жетекші телеарналардың жанында тұрақты ұйымдастыруды жолға қою керек.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397