Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3787 0 пікір 2 Желтоқсан, 2011 сағат 05:04

Ахмет Алияз: «Мен қазақ халқына ризамын»

Астана қаласында қазақ тілінің көркеюіне сүбелі үлес қосып жүрген жандар «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды. Естеріңізге сала кетейік бұл салтанатты шара үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Марапатқа ие болғандар ұлттық мәселе аясында ұлағатты пікірлер айтып, баспасөз, телевизия арқылы қалың көпшілікке таныла білген тіл жанашырлары. Сонымен қоса бұл тізімнің бел ортасында  өз қаражатын шығарып қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты шараларға демеушілік танытқан меценаттар бар. Оларға айтар алғысымыз шексіз. Осы орайда Астанада өткен салтанатты шарадан кейін, арнайы абай кз порталы үшін, заты түрік болсада, жаны қазақ, «Тіл жанашыры» белгісінің биылғы иегері,  «біз түбі бір түркінің ұрпағымыз» деп мақтанышын ауыз толтырып айтудан жалықпайтын  «Қазақстан Заман» газетінің бас директоры Ахмет Алияз мырзадан алынған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

"Абай-ақпарат"

- Құрметті Ахмет Алияз мырза! Шыныңызды айтыңызшы қазақ тілін қанша жылда үйрендіңіз?Оны жетік біліп шығуға қандайда бір әлеуметтік мәселе, болмаса, қажеттілік туындады ма?

Астана қаласында қазақ тілінің көркеюіне сүбелі үлес қосып жүрген жандар «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды. Естеріңізге сала кетейік бұл салтанатты шара үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Марапатқа ие болғандар ұлттық мәселе аясында ұлағатты пікірлер айтып, баспасөз, телевизия арқылы қалың көпшілікке таныла білген тіл жанашырлары. Сонымен қоса бұл тізімнің бел ортасында  өз қаражатын шығарып қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты шараларға демеушілік танытқан меценаттар бар. Оларға айтар алғысымыз шексіз. Осы орайда Астанада өткен салтанатты шарадан кейін, арнайы абай кз порталы үшін, заты түрік болсада, жаны қазақ, «Тіл жанашыры» белгісінің биылғы иегері,  «біз түбі бір түркінің ұрпағымыз» деп мақтанышын ауыз толтырып айтудан жалықпайтын  «Қазақстан Заман» газетінің бас директоры Ахмет Алияз мырзадан алынған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

"Абай-ақпарат"

- Құрметті Ахмет Алияз мырза! Шыныңызды айтыңызшы қазақ тілін қанша жылда үйрендіңіз?Оны жетік біліп шығуға қандайда бір әлеуметтік мәселе, болмаса, қажеттілік туындады ма?

- Біз  алғаш Алматыға 1992 жылы келдік. Алматы аэропортына алғаш қадам басқанда қандай елге келгенімізді түсінбей қалдық. Себебі бәрі орысшаға ағып тұр. Қонақтарды қарсы алатын хабарландыруларда Ресейдің тілінде оқылып жатыр. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар еді ғой бұл. Расымды айтсам біз қиялдаған елдің жұрнағыда жоқ. Жергілікті жердің халқы сөйлеп жатқан тілді түсінбегендіктен, басында қорқақтағанымызбен, кейін үйреніп кеттік қой. (Күледі). Сөйтіп Түркиядан келген он бала Алматыға оқуға түстік. Енді біздің алдымызда шешім қабылдау кезегі тұрды. Ол орыс, немесе қазақ тобына кіріп оқу еді. Бұл бізге орысша үйренесіңдер ме, әлде қазақша үйренесіңдер ме деген сыпайы таңдау болатын.(Көп жағдайда шеттен келген азаматтар елдің ішіндегі қазақ тілінің қолдану аясының аздығын көзімен көргесін, орыс тіліне құлай салатыны сондықтан. Сөйтіп тәуелсіз елдің ауасымен демалып, қаржысымен ауқаттанып жүргенімен, орыс тілі арқылы іздегенін тауып жатады. Осыдан кейін қазақ тіліне оларды иліктіру қалай болар екен.  Бұған өзгелер емес өзіміз кінәліміз. Әйтпесе, Ресейге барған ағылшын орыс тілін білмесе не болар еді. Оның бер жағында Өзбекстанға қыдырып келген француздың өзі нан сұрап жеуді үйреніп кетері Һақ. Себебі халық талап ете біледі. Біздің елде осы жағы кемшін түсіп жатады).  Сөйтіп әрі ойланып, бері ойланып оқуға келген он студент тек қазақ тілінде білім алуға шешім шығардық. Оған күлген адамдарда кездесті. Өйткені қай жерге барсаңызда алдыңыздан шүлдірлеген адамдар шығады. Бүгінгідей емес ол кезең өте ауыр еді ғой. Орыс тілінің басымдығы көзге ұрып тұрған шақ. Бізге мұндай шешім шығартқан мына жағдай еді. «Бұл елдің Қазақстан деген аты тұрғанда, қазақ деген жұрты тұрғанда, келешекте, бәлкім 5 немесе он жылдан кейін болсада қазақ тілінің үстемдігі бәрібір орнайды. Ата бабадан қалған ана тілдің киесі ұрпағына қайта оралады. Ол ұлтжанды азаматтардың табандылығымен, ақылдылығымен бәрібір жеңіске жетеді» деген сенім басым тұрды. Сондықтан бәріміз қазақ тілінде оқу үшін дайындық курсына бардық. Алғашында қазақ тілін үйрену қиындау болды. Себебі бәріміз бір үйде тұрамыз. Бос уақыттымызда түрікше сөйлейміз. Қазақша үйренетін орта жоқ. Сонымен бірге біз оқыған алфавит басқа. Әліпті таяқ деп білмейміз.

Енді тіл үйрену үшін не істеуіміз керек деп жүргенде бүгінгі достықтың бойындағы 2-ші мектеп интернат қазақ балалары оқитын жер еді. Сол аймақтың жатаханасынан институттың ректоры бізге орын бергізді. Және кетіп бара жатқанымызда «Сендердің қазақша үйренулеріңе қажетті орта сол ғана. Ол жердегі балалар тек қана қазақша сөйлейді» деп айтқаны есімде. Осыдан кейін біз үш айдың ішінде тілдің мәселесін толық шешіп шықтық. Қазақтар «Бала тілі бал» деп бекер айтпаған. Баланың әрбір ісі, әрбір қимылы қызық қой. Оларды сондай жақсы көріп кеттік. Тіл үйретудегі үлкен ұстаз балалар екенін сол жолы ұғынғанымыз рас. Әрине бұл жерде еңбек пен талаптың тіл үйренушіге құстың қос қанатындай серік болатыны шүбәсіз. Онсыз қарға адым жерге бару мұң. Қара бастың қамын ойлап, әлеуметтік мәселені бірінші жолға қойсақ әрине орысшаны үйренуге тырысқан болар едік. Онда ар-ұяттың алдында дәрменсіздік танытып, түбіміздің тамырына балта шапқанмен бірдей қылмыс жасағаннан айырмамыз не?

- Сізбен бірге тәуелсіздік алған жылдары келіп, қазақша білім алған азаматтар бүгінде қайда жүр?

- Олардың бәрі Түркияда. Өздерінің алған білімдеріне сай қызмет жасап жатыр. Бірақ әлі күнге дейін Қазақстанды, қазақтың тілін ұмыта қойған жоқ. Қазақ десе олар ерекше бір сезімге бөленіп кетеді имандай шыным. Егер мен Түркияға барғанда хабарласпай, жағдайларын сұрамай кетсем кәдімгідей ренжиді. Сосын бауырлас елден дәм күтеді. Бұл жағынан алып қарағанда олардың қазаққа деген махаббаты мен риясыз көңілдерін сөзбен жеткізе алмаймын. Тағы бір айтарым қазақтың қонақжайлығы мен бауырмалдылығына шек жоқ қой. Бізбен араласқан жігіттерде бізге ерекше пейілмен, достық көңілмен қарайтын. Әсіресе журналистика факультетінде ҚАЗМУ де оқып жүргендегі ұстаздарымыздың тәлімді тәрбиесімен, қамқорлығы  керемет еді. Олардың ұлтжандылығы, патриоттық сезімдері қандай еді шіркін. Сонымен қатар екі туысқан халықтың арасындағы тарихы терең шежірені түсіне білуі ғажап еді ағалардың.  Шыны керек бізге, қазаққа деген құрметтің оянуына аста төк құрметте қатты әсер етті. Сонда түрік жігіттері жиналып алып, «осыншама қазақтың пейілімен семірген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін неге үйренбей жүр» деп таң қалатынбыз. Алғашқы келгенде арамызда бұра тартып орысша оқыйық дегендер кездескенін жасырмаймыз. Оларға «Бұл ел жаңа тәуелсіздік алып жатыр, бәлкім екі-үш жылдан кейін қазақ тіліне мәртебе беріп қалса не істейсіңдер деп»үміттің шоғын үрлеп қоятынбыз..

- Сіздің табаныңыз қазақ даласына тигелі де 20 жылға таяп қалыпты. Екі үш жылда қазақ тіліне мәртебе беріліп, қазақстандықтардың бәрі қазақша сөйлеп қалар деген үмітіңіз алдаумен келе жатқан болар?

- Әрине, біріншіден уақыт өте келе бұл мәселенің оңай шешіле салатын нәрсе емес екенін түсіндім. Екіншіден, ішкі саяси жағы мен, сыртқы факторлық себебі барын екшеледім. Тұрып жатқан өзге ұлттың ғана емес, қазақтың өзінің ішінде де, ана тіліне бетін бұра алмай жатқан қандастардың көп екенін көзім көрді. Мұндай түйіні шатасқан мәселені бір айдың, тіпті бір жылдың  ішінде жөнге келтірудің мүмкін емесін жүре келе, ұғындым. Бірақ 20 жылдағы экономикадағы жеткен жетістік бір төбе екені даусыз. Жүргізіліп жатқан саясаттыңда ұлтқа бүйрегі бұрып тұратын тұстары көп. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда тек қана қазақшамен өмір сүруге болатынына  көпшіліктің көзі жете бастады.. Ашылып жатқан мектептер мен бала бақшалардың саны күрт көбейгенін «Сырт көз сыншы» көріп жүрміз. «Ауызды қу шөппен сүрте беруге» болмайды. Тоқмейілсугеде ерте. Дегенмен мәселені түбегейлі шешкенде ғана бәрі тамаша деген жарасар. Әйтпесе құр мақтанның өресі тар. Егер мәселе түбегейлі шешілмесе қаншама атқарылған жұмыстар нақты бағасын ала алмай, әншейін  жасалынған істей көрінетіні бар. Сондықтан бүгінгі тіл мәселесіндегі түйткілді мәселелер қазақ халқын қанағаттандырып отырған жоқ. Мұны батыл айтуымыз керек. Неге десеңіз айтайын. Билік тіл мәселесін бірден шешкеннен көрі халықтың тарқатқанын қалап отыр. Мынаған назар салыңыз.  Президент айтады «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деп. Бұл сөздің тереңіне үңілсең өз халқым қазақша сөйлей алмай тұрғанда, өзге халықтан мен тіл білуді қалай талап етемін деген сыңай байқалады. Басқа бір қырынан алып қарасаң халық бұл жерде басты позицияны ұстансын. Баласын қазақ бала бақшасына, қазақ мектебіне берсін. Қазақша іс жүргізсін. Жұмыскерлерімен, қарамағандағы адамдармен қазақша сөйлессін деген емеурін тұрғандай көрінеді. Егер осының бәрі шешімін тауып жатса бүгінгі тіл мәселесі автоматты түрде қажеттілікке айналарын елбасы сезбей отыр деуге аузым бармайды. Тағы бірде «Аюда 15 жылда қазақша үйренер еді» деді. Мұныңда астарында терең мағана жатыр емес пе?

- Бүгінде тілді көркейтуге не кедергі? 20 жылдық тәжірибеден түйген ойыңызды айтыңызшы?

- Алдағы 20 жылдың ішінде бүгінгі жағдайға қайта ұшырамау үшін, қазақ мектептерінен өзге мектептерді кем дегенде 50 пайыз қазақшалау керек. Әр ұлт өкілі өз тілімен қатар мемлекеттік тілді де менгеріп шықсын. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені мектепке бармайтын бала жоқ. Алғашқы сыныптардан бастап қазақ тілін енгізу тіл үйретудің басты құралы. Әйтпесе бүгінгі мектепке барсада қазақша үйреніп шыға алмай жүрген оқушыларға кінә артудан аулақпын. Кімде болса саясатқа тәуелді. Кәнігі ұстаз уақыттың өзі, жасалып жатқан игі істерге қанағаттанғанымен, мақсаттың толыққанды жүзеге аспай жатқанына «екі» деген баға қойып жатқандай көрінеді. Егер Үкімет бұл айтқанымызды дереу қолға алмаса, «жартасқа бардым, күнде айқай салдымның» кебін киеміз. Себебі алдағы он жылдыққа бағдарлама жасадық қой тілдің тағдырын шешеміз деп. Бүгінгі қалпымызбен жүре берсек құр айқаймен үміттендірген қайран он жыл тағы өте шықпақ. Қазақстанда өзге ұлт өкілдері көп тұрады деп жатамыз. Әлемде жалпы бір ақ ұлттан тұратын мемлекет бар ма екен өзі? Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің әр қайссысының өзінің мектептері, шығарып жатқан газет журналдары бар.  Кейбір аға ұлттың телевидениесі бар сағаты көп, тілі ресми,  қазақ тілін қай жағынанда орап алуға дайын тұрған. Спутниктік жүйеде алып қарасаң, Қазақстандық он канал бар екен, соның біреуі ғана қазақ тілінде. Қалғандарының бәрі аралас тілде сөйлейді. Қалған жетпіс сексен канал, кей жерлерде екі жүзге дейін баратын каналдар орыс тілінде хабар таратады. Бұл дегеніңіз ақпараттық жүиеде әлі орыс тілі басымдыққа ие екенін көрсетіп тұр. Қазақ халқының арасында орыс тілінен айырылсақ өнерден, білімнен, ғылымнан, мәдениеттен айырыламыз деп жүрген адамдар әлі де бар. Бұлардың үлес салмағы қоғамда азайар емес. Олардың бойларын, саналарын жаулап алған үрейден тазартуға өкінішке орай жиырма жыл аздық еткені қандай өкінішті.

- Ондай үрейден арылу үшін қандай қадамға барған  дұрыс деп санайсыз?

- Ол үшін білім беріп жатқан оқу орындарына,  мекемелерге екі тілділікке, әсіресе қазақша оқытуға талап етілуі керек. Мысалы орыс мектептерінде оқып жатқан балаға сабағының тең жартысын қазақ тілінде оқытуға жоғарыдан пәрмен болса, бала амалсыздан қазақ тілін үйренуге ниет білдірері анық. Жетік біліп кетпеседе кеудесінде қазақ тіліне деген бір сезім қалыптасқан болар еді. Оның кейін ол шоқтың шарпыған жалынға айналуы оп-оңай. Бүгінгі таңда қазақ балаларының кейбірі қос тілді, енді біреулері үш тілге баса назар аударған. Бірақ орыс тілді балалар бір  ақ тілмен өсіп келеді. Бір жағынан қарасаң бұл орыстың мүддесіне сай келіп тұр. Ұрпағын ана тілінен алыстатпау үшін. Кері жағыда бар. Орыстың балалары күні ертең бәсекелестікке қабілетті кадр болмай қалуы мүмкін Қазақстанда. Бір ғана тілмен тек қана Ресейде қызмет көрсетуге лайық болып қала бергілері келсе өздері білсін. Неге десеңіз күн өткен сайын демографиялық жағынан болсын, жалпы әлеуметтік жағынан болсын, қазақ халқы бәрібір дамып келеді. Бұл көкіректі керіп айқайлайтын мақтаныш. Алдағы күндері өзге ұлт өкілдері де осы елде күнелтем, ұрпағымды өсіріп өндіремін десе міндетті түрде қазақ тілін меңгеріп шығу тиіс. Бұл саясатты түсініп жатқан өзге ұлт өкілдері аз емес. Бірақ өте төмен деңгейде. Кейбірінің түсінігінде егер саясат бұлай бола берсе ассимиляцияға ұшыраймыз деген байбалам басым. Қазақ халқының болмысына көз жүгірсек, олар ешқашан өзге халықтарды ассимилацияға ұшыратпаған. Оған кешегі мен бүгінгі тарихы куә. Оны бір сөзбен айтуға болады. Қазақта қаншама ру бар. Солардың ішінде руға қосылмайтын төре, қожа, төлеңгіт, т.б рулар аталады. Неге қазақ оларды руға әлі күнге қоспай жүр. Олардың түрлері мен тілдері де қазақ болып кеткен. Бірақ түбіне келгенде оларды қазаққа қоспайды. Неге? Бұл жерде қазақтың гендік тазалық саясатын сақтауы үлкен роль атқаруда. Сондықтан  өзге ұлт өкілдеріне орталарына кірген күнде де, өзінің позициясында қалып, олардың қастарында болғанын көрсетіп отыр. Яғни бұл жерде орыс халқы мен басқада ұлттың өкілдерінің қорқуына ешқандай дерек, керек десеңіз еш негіз жоқ. Өйткені қазақ халқы ассимилияциядан гөрі, интеграцияны қалап тұратын халық.

- Тіл мәселесін бауырлас түрік мемлекеті қалай жолға қоя білді? Соның тарихынан аз кем мағлұмат берсеңіз?

- Он тоғызыншы ғасырдың аяғы, жиырмасыншы ғасырдың басында француз тілінің біздің елімізге мәдени жағынан ықпал етіп жатқаны байқалған. Одан кейінгі 1950 жылдарда ағылшын тілі мен неміс тілінің үстемдігі бой көрсеткен. Сөйтеп мектеп табалдырығынан шет тілдері ретінде оқытылуына жол ашылған бұларға. Бірақ Түркия халқының санасында мынадай керемет қағидат орын тепкені айтуға тұрарлық. Мүмкін бұл еркін ел болғандығымыздың  арқасы шығар. Сондықтан Түркия азаматтары сырттан бір тілді үйренсе оны шет тілі ретінде қабылдайды. Демек, оған өзге позиция, статус берілмейді. Бұл кез келген түрік азаматының тәуелсіз санасында осылай хатталып қалған. Кез келген тіл, шет тілі ретінде қабылданғаннан кейін ана тілдерін ешқашан алмастыра алмайды. Жүз пайыз ағылшын тілін білседе оны тек байланыс құралы ретінде пайдалану керек деген түсінік қалыптасқан. Онымен көл көсір пайдаға кенелем, биік белеске құлаш ұрам деген ой болмайды. Және ондай орта Түркияда күні бүгінге дейін қалыптаспаған. Қалыптаспайтынына да кәміл сенемін. Мысалы Түркияда  біз оқып жүргенде  мынадай түсінік болатын. «Біз ағылшын тілін үйренеміз, ағылшындар біздің тілімізді үйрене ме» деген тәрізді. Егер олар үйренбесе мен неге ағылшын тілін үйреніп жатырмын деп қарсы сұраққа жауап іздейтінбіз. Бұл түсінік жалғыз менде емес, Түркия халқының көбінің кеудесінде жанып тұратын. Осыған қарап  Түркияда екінші шет тілін, орнатқысы келгендер болмады деу қате ұғым. Кей пәндердің мектепте сағаттары арттырылды. Ол үшін шет елден арнайы мұғалімдер шақыртылды. Тағы басқада көптеген шаралар істелді. Бірақ та екінші тілді Түркия жеріне енгізуге ешқандайда жағдай туғыза алмады. Артынша биліктегі жанашыр тұлғалар, бір кездері тіл үйренесің дейтін пәндерден емтихандарды алып тастады. Басқа пәндерден емтихан тапсырсаңда тілден емтихан тапсырмайтын күнге жетеледі. Тапсырған күнде де ол сенің жылдық қортындыңа әсер етпейтіндей жағдай туғызылды. Немесе шет тілінен сабағың қалып қойса, болмаса тапсыра алмасаң, алайда өзге сабақтардан бағаларың жақсы болып тұрса жоғары сыныпқа өте беруге болатын еді. Сондай замандарды бастан кештік біз. Бұл сөзіме қарап Түркияда шет тілдері оқытылмайды деп қалмаңыздар. Түркияда шет тілін оқытып жатқан екі мектеп жүйесі бар. Оның біреуі Анадолы лицейі және жаратылыс тану пәндерін оқытатын пен лицейі деп аталады. Бірақ оларда оқытар алдында бір жыл дайындықтан өткізеді. Оқу бастауыш мектептен кейін, яғни алтыншы сыныптан басталады. Сабақтың тең жартысы ағылшын, қалған жартысы түрік тілінде жүретін жүйеге негізделген. Оның бәрі түркілік ақпараттың, түркілік идеологияның үстемдігінің арқасында тек қана шет тілі ретінде қабылданып, шет тілі ретінде оқытылады. Әрине оғанда Түркияның қажеттілігі бар еді. Өйткені шетпен байланыс жасау, шеттен технология алып келу, шеттен білім алу дегендей арнайы топтарда армия секілді дайындалды мамандар. Ал өзге мектептерде шет тілдерін аса көп міндеттемейді.

- Түркияда Ататүрік билікке келген кез несімен ерекшеленеді? Екі туысқан елдің тәуелсіздік алуының түбінде қандайда бір ұқсастық байқала ма?

-Түркия мен Қазақстанның жағдайын салыстырмау керек. Түркия азат, алпауыт империя құрған ел. Ататүрік империялық елден келіп республиканы құрды. Ал Қазақстан болса бодандықтан шығып тұрып, тәуелсіздігін алды. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік тіл қазақ тілі болсын дегенде, сол кездегі депутат ағаларымыз «жоқ орыс тілі мемлекеттік тіл болсын, қазақ тілі бұрынғы өз жолымен жүре берсін дегендей сөздер айтқанын білеміз. Осының өзі ел тәуелсіздік алса да, ел сенім артқан ағалардың саналарының тәуелсіздік ала алмай бұлқынып жатқанының белгісі болып есте қалғаны бәлкім содан. Ал Түркия республикасы құрылғанда Ататүрік бұл мәселені түрік ұлтының мүддесіне орайластыра шешті. Бірақ Ататүрік «түрік ұлты» дегенді ерекше доктринамен бекіттірді. Онда  «Біз Түркияда бір жалаудың астында, бір елде өмір сүріп жатқан ұлты бөлек болсада, әйтеуір осы елге азамат болған тағдырлас кісілерді түрік деп қабылдаймыз» делінген. Яғни Түркияда тұратын армиян да, гректе тб. өзге ұлт өкілдеріде сол күннен бастап түрік болып саналды. Әрине қарсы шыққандар болды. Олардың уәжі мынау болған.  «Біз осы елде тұрғаннан кейін оның заңымен келісеміз. Бірақ сіз біздің дінімізбен тілімізді сақтауға рұқсат етіңіз» деп талап тілектерін жеткізген. Содан бастап біздің елдің төлқұжатында ұлтымыз емес, дініміз жазылатын болыпты. Ата түрік фамилия туралы да заң шығарған басшы. Бұлда болса халықты бір ортаға біріктіруге, ұйыстыруға, ұлттарды шоғырландыруға жасалған сәтті қадам болып түрік тарихында алтын әріппен жазылды. Сөйтіп сол кездің өзінде тіл, дін, ұлт мәселе әділ шешілді. Айтуға жеңіл болғанымен оңайшылықпен тарқамады сол жылдардың қайшылыққа толы қою бұлты. Себебі басқаны қойып түріктердің өзі қарсы шықты бұл идеяға. Кәдімгідей оппозициялық топтар пайда болды. Олармен қатал, кейде оңтайлы күрестер жүргізілді. Сыртқы факторлардың қоздырушы күшке айналып, қоғамда түрлі пікірлер тудырғаны да шындық. Ататүрік өмір сүріп жатқан кезең Еуропаның қатты ұлтшылданып бара жатқан кезеңімен тұспа тұс келді.

- Өзіңізде білесіз, қазір елімізде үш тұғырлы тіл саясатын қарқынды дамыту қолға алынды. Осының бала психологиясына қаншалықты әсері бар деп ойлайсыз?

- Үш тұғырлы тіл мәселесінде президенттің ойлап отырғаны бар секілді. Өйткені ол кісі шетелдерге көп шығады. Батыс пен Шығыстың үлгілеріне қарайды. Тіл біліп жатқан балалардың әлдеқайда парасаттылығының жоғары екенін көріп отырады. Өйткені арнайы дайындау жүйесінен өтетінін біледі ғой. Бірақ бір мәселені ұмытпауымыз керек. Шығыс ақыны Жәлелиддин Румидің керемет сөзі бар. «Егер сенің бір аяғың өзіңнің құндылықтарыңда болатын болса, екінші аяғыңмен кез келген құндылықты баса бер» дейді данышпан ақын. Демек ақынның айтпағы, өзіңді танып болсаң, бүкіл әлемді аралай бер бұның саған ешқандай зияны тимейді дегенді білдіреді. Бұның үш тұғырлы тіл мәселесіне қатысы бар. Егер сіз қазақ тілі арқылы өзіңіздің құндылықтарыңызды баланың санасына құя беретін болсаңыз, ол өзге тілдің бәрін қазақы психология мен қабылдайды. Яғни қазақы түсінікпен ұғынады. Олар үшін шет тілі тек қана байланыс құралы болып қалатын күнде туар. Егер осындай  түсінік бала санасына мықтап орнаса онда оған жүз тіл үйретсеңізде ешқандай проблема көлденеңдемейді.

- Жапонияда бала өзін әбден танып болмайынша шет тілін оқытуға тыйым салынады екен?

- Жалғыз Жапония емес Еуропаның көп мемлекеттері осыған қатты ден қойған. Бала бастауыш мектепте міндетті түрде өзінің ана тілінде ғана сабақ алуы керек. Қалған тілдерді санасы жетіліп, оң солын тани бастағанда меңгере бастаса да кенде қалмайтыны зерттеліп болғалы қашан. Үш тұғырлы тіл саясатында менің білуімше осындай талаптар ескерілген тәрізді. Үшінші сыныпқа дейін ана тілінде содан кейін ғана өзге тілдерге басымдық беріле бастайды. Біз айтып жатқан алғашқы сыныптардан бастап Қазақстанда ағылшын тілін үйреніп жатқан бала жоқ. Осы жағын халық әлі толық түсіне алмай жатқаны байқалады. Жүйенің қалай жүріп жатқанын білмегендіктен де әртүрлі алып қашты сөздер гулеп тұр. Осы жерде мынаны баса айтқым келеді. Үшінші сыныптан кейін оқытылған күнде де сіз балаға шет тілінің әріптерімен жеңіл желпі сөздерін ғана үйрете аласыз. Себебі бала таза тілмен шұғылданбағаннан кейін, оған уақытының бес ақ пайызын бөле алады. Одан артық уақытын оқушы басқа пәндерге арнайды. Үш тұғырлы тіл басталғалы бері биыл төртінші жыл, сол төрт жылдың ішінде барлық мектептерден тест мейлі сынақ өткізіп көрсеңіз, қанша бала қай тілді қаншалықты деңгейде меңгергенін байқар едіңіз. Шындығына келгенде үш тұғырлы тілді меңгеріп жатқан екі үш пайыз оқушы болуы мүмкін. Қалған  тоқсан жеті пайызы өзінің бір ғана тілімен кетіп бара жатыр. Мен газеттің басшысы болғаннан кейін көп мектептермен кездесулер, басқада іс шаралар өткізуге мұрындық болып жүремін. Сонда байқағаным таза қазақ тілінде білім беріп жатқан мектептерде қазақ тілінің үстемдігі бәрібір көрініп тұрады. Мұның артында ағылшын тілін тек қана шет тілі ретінде оқытып жатқандықтың нақты көрінісі көзге ұрады.

- Тәуелсіз мемлекетіміздегі орыс мектептерінің үстемдігі қандай ойға итермелейді сізді?

- Мәселе сонда болып тұр ғой. Егер сол мектептерді тым болмағанда қос тілді қылып бөлшектесек, тілдің мәселесін тез арада шешуге жол ашылар еді. Қазақстанда таза орыс мектептері тұрғанда тіл мәселесінің өрлеуіне көзге көрінбейтін кедергілер көп. Оның түрлі себептерін оқырман іштерінен сезіп отырған болар. Мен өткен аптада Ассамблеяның құрамындағы орыс қауымдастығымен тіл комитеті ұйымдастырған орыс халқының бүгінгі жастарының арасындағы қазақ тілі мен биіне ұйымдастырылған жарысқа қазылық еткен топтың мүшесі болдым. Сонда қазақтың ортасында өскен, қазақ жастарымен бірге жүрген, солардың ауылында есейген орыс балаларының қазақ балаларынан артық тілді меңгергенінің  куәсі болдым. Қазақтың салты мен дәстүрін керемет білетіндері бірден байқалып тұрды. Соған қуандым. Ұлт болам деген кез келген халық құрамындағы өзге ұлт өкілдерін бір арнаға құятын жүйелі саясаттың жетегінде ұстанғаны дұрыс. Орыс өзінің мектебінде білім алып, жоғарғы оқу орнын орыс тілінде бітіріп, содан кейін барып қоғамға араласа бастаса, басқада этностардың өкілдері өз бетінше қой айдап, ақжарқын қазақ халқының тіліне құрмет көрсетпесе, ондай елде қандай ынтымақ болмақ. Мысалы бала тұлға болып қалыптасқанша мемлекетті құрушы ұлтпен араласуына мүмкіндік берілмесе, оның келешегі жарқын болады дегенге өз басым сенбеймін. Өйткені олар ертеңгі күндері бірін біріне бөтенсіп қарауы ықтимал. Егер ол балалар бір мектепте, бір партада жағаласып, артынан төбелесіп, кейде біріне бірі сүйсініп, ортақ тілде түсінісіп өсетін жүйеде тәрбиеленсе олардың келешекте сол тілді отаным деп қабылдайтынына шүбәңіз болмасын. Сонда ғана қазақ тілі мойындалып, құрметтелетініне сене беріңіз. Бұл жөнінде Түркия мемлекетінің ащы сабағы Қазақстанға үлгі болса қанекей. Он тоғызыншы ғасырдың соңына қарай Түркияда өзге ұлттарға ашылып жатқан мектептерде, тек қана өздерінің тілдерінде білім алуға бар жағдай жасалынған. Бірақ түрік халқымен араласа алмағаннан кейін ол халықтар ел басына нәубет түскенде жалт бергенін кәрі тарих есімізге салып отыр. Соның нақты көрінісі  Түркиядағы Армиян мен Грек мәселесінде туындаған жағдайларды айтсақ жеткілікті. Гректер бірінші дүниежүзілік соғыста ағылшындармен бірігіп кетіп Түркияға қарсы соғыс жариялады. Ағылшындар Түркияның батыс өңірін жайлап кіре бастағанда, Түркияда тұратын Гректердің тоқсан тоғыз пайызының солар жағына шығып кеткенін көрдік. Ал Армияндар орыстар мен француздарға қосылып Түркияның шығыс жағын жаулап алмақ болған кезде жергілікті Армияндардың бәрі дерлік солар жаққа шыққаны тарихымыздың қанды беттері болып қалды. Сондағы Түркия мемлекетінің басты қателігі мынада еді. Біртұтас емес жүйеде білім алған жастар, мемлекет құрушы ұлттың ішкі дүниесімен, салт дәстүрін, тілі мен ділін сыйламаған жерде, татулықтың жалауы желбіріп тұрмайтынын кеш ұғынды. Ендігі жерде білімді жасағанда бір орталықтандырылған жүйемен оқытып, түйткілді жағдайларды уақытылы шешпесе тағыда сол қателікке ұрынып кету қаупі барын билік сезінді. Ал осындай алмағайып заманда қаны бір  Күрдтер бізді сатқан жоқ, қару асынып бірге күресті. Оның басты себептері бауырластығы, мұсылмандығы болған шығар. Сонымен бірге бір медреседе құлын тайдай тебісіп өскен халықтың шығарда жаны бір болған. Оларды ұйыстырып отырған тіл мен діннің тамырластығы деген дұрыс болар. Міне осыдан кейін жаңа жүйе қалыптасты. Өткен күн көзден кетіп көңілден өшті. Қара қотырланған жараның аузын тырнап қайтемін. Бүгіндері  армиян диоспорасына арналған Түркияда сегіз мектеп бар. Грек балаларын оқытатын мектептер саны да сол шамада. Бірақ олардың сабағының тең жартысы түрікше жүреді. «Аузы күйген үрлеп ішеді» емес пе? Мемлекетпен санасу, оның тіліне құрмет көрсету кейде осылай мәжбүрлеуден басталатыны келешектен үміті бар елдерге сабақ болса игі. Осындай игі бастаманың арқасында Түркияда өмір сүріп жатқан халықтардың ауызбіршілігінің орнағаны рас. Түрі басқа болсада, тілі бір болғандықтан тілегі де бір екенін көріп келеміз.

- Сіз әңгімелген оқиғалар «жаман айтпай жақсы жоқ» дейік, Қазақстанда орын алуы мүмкін бе?

-Олай деп кесіп айтып жамандық шақырғым келмейді. Бірақ әрбір халықтың басынан өткен тарих екінші бір ұлтқа сабақ болуы керек деп ойлаймын. Қазақтың жүріп өткен жолынан, өткен өмірінен сабақ алатын оқиғалар жеткілікті. Мысалы Ыбырайлар алғаш мектеп ашқанда қос тілді қылып неге ашқан. Егер орыстандыру ойларында болса орыс мектебін жасақтау үшін ақ патшадан қолдау табар еді ғой. Ондағы мақсат екі тілді егіз қозыдай қатар меңгертуді ойлағандықтан туындаған. Егер бір ғана орыс тілінің жетегінде кететін болса жарға апарып соғатынын түсінбеді деу ақылға сыйымсыз. Бүгінгі тәуелсіз елде таза орыс мектептерінің болуы, келешекке ұмтылған қазақ мемлекетіне тиімсіз. Сонымен қатар жалтақтай беруде, оң шешім шығаруға өз кесірін тигізіп келеді.

- Алла сәтін салса, 15 қаңтар күні мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталады. Президенттікке сайлауға түсу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру жүктелген заң бойынша. Осыны заңдық тұрғыда екшелеп төменгі палатаға сайланып жатқан депутаттарға пайлану өз жеміс берер еді дейтіндер бар. Бұған алып қосарыңыз бар ма?

- Тек қана депутат емес мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтындардың барлығы дерлік қазақ тілінен емтихан тапсырып, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін күн туды. Мұндай талаптың келешек жастардың санасына бүгіннен құйыла бергенін қалар едім. Балаң көңілдерде ертең мемлекеттік тілді білмесем маған басшылық қызметтің есігі жабық деген «қорқыныштың» ұялауының өзі неге тұрады? Мұның әсері күшті білгенге. Жалпы билік баспалдағымен өрмелеген шенеуніктерге қанша білікті, талантты болсада тіл мәселесіне келгенде жаздай жадырамай, қыстай қарып түссек дегенді баса айтқым келеді. Бұл тіл үйренуге құлықсыздарды тәубесіне түсірер еді. Оның бер жағында қай мемлекетте өмір сүріп жатсаң, сол мемлекеттің тілін, ділін  көтермелемесең, абройын үстем қылмасаң, елдің наразылығын туғызарың сөзсіз. Осыны кейбірулер ескергісі келмейді.  Сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Мені де тәуелсіздіктің 20 жылдығында қазақ тілінің әлі тұғырға қонбай отырғаны жиі мазалайды. Мысалы мен олардың тілін білемін, неге олар менің тілімді білмейді деген ашу келіп алқымға тіреледі кейде. Неге? Бірақ мұның жауабы жоқ.  Осы ой алаш баласының бәрінің көкейінде жүргенін қалаймын. Бәлкім билік бұл мәселені ойланып жатқан шығар. Халықта толғанып жатқан болар. Қалай дегенде де «жақсы сөз жарым ырыс». Түбінде мемлекеттік қызметте істеп жатқан әрбір азаматтың ресми тілмен қоса мемлекеттік тілді меңгеруін жоғарғы жақ қолға алатын күн туар. «Үмітсіз шайтан ғана». Қазақтың толеранттылығы барша халықтың ұйқысын бұзбай, кешірімен қарауға итермелеп отыр. Мұның қазаққа тигізер пайдасы да шаш етектен. Қазақ халқы парасаттылыққа, ерекше қабілетке, бұл ғасырдың талаптарына сай өсіп келе жатыр. Оның жемісін қазақ халқының бүгінгі ұрпағы тамсана жейді деген ойдамын. Осы көшке ілесе алмай жүрген ағайындар ертең өкінетін болса, ешкімге өкпелемесін. Оларға барлық жағдай жасалды. Бір емес үш тілдің мәселесін шешіп қойдым деп ертеңгі күндері елбасы айта алады. Бұл жағынан жүзі жарқын патшамыздың.

- Өзіңіз басқарып отырған Қазақстан Заман халықаралық газетінде тіл мәселесін қаншалықты көтеріп жүрсіз?

- Тілдің мәселесі күйіп тұрған 1995, 96, 97 жылдары өткір материалдар мен батыл ойлы мақалаларды көтерген біздің газетіміз болатын. 2005 жылдан бастап тіл, ұлт, дін мәселелерін үзбей жазып келеміз. Құдайға шүкір қазақ газеттерінің алдында жүрмесекте, артында қалған жоқпыз. Халықтың газетімізге деген ықыласы осының делілі. Бүгінде газетіміз Қазақстанның бар аймағына таралады. Осыған шүкіршілік.

- Сөз соңында «Тіл жанашыры» төс белгісін алуыңызбен құттықтаймыз?

- Негізі мен атаққа құмар адам емеспін. Осы медальғада өзімді өзім ұсынған жоқпын. Мені достарым, таныс жігіттер ұсыныпты деп естідім. Дегенмен мені танитын ағаларым осы Ахмет Алиязды медельға ұсынайық. Тілге жаны ашыр бір азамат болса сол дегенін естіп қуанғаным рас. Олардың мұндай ыстық ықыластарына рахметтен басқа айтарым жоқ. Өзім шеттен келсемде, қазақ болмасамда, қазаққа жат адам емеспін.  Түбі бір туысқан Түркия елінен келгенімді үнемі айтып жүремін. Қазақ тілін меңгеріп, газет, журнал шығарып қоғамның дамуына өзімнің үлесімді қосып жатқаным үшін берілді деп ойлаймын   «тіл жанашыры» төс белгісі. Еңбегімді елеп жатқан қазақ ағайындарыма, әсіресе тіл жанашыры қауымдастығына және тіл журналы ұжымына  мыңда бір алғысымды, және де рахметімді тағы айтамын. Ахмет Алияздың да осы қоғамға біттей болсада пайдасы тиді ау, дегеннің белгісі ретінде таққан медаль маған артылған сенім.  Мен оған қуаныштымын.

- Сұхбаттыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан - Нағашыбай Қабылбек

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377