Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5792 0 пікір 2 Желтоқсан, 2011 сағат 05:45

Сәдуақас Ғылмани. Шала белсенділер

Таяуда Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде азаматтық тарихымыздың айрықша тұлғасы, қоғам және дін қайраткері, ақын, аудармашы, арабша-қазақша сөздік түзуші, Қазақстан Діни басқармасының бастауында тұрған тұлға Садуақас Ғылманидың (1890-1972) тарихи орнын және оның ел дамуына қосқан үлесін байыптауға арналған «Тұлға және ғұлама құбылысы: кеше, бүгін және ертең» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғылыми жиынды ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институты мен «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қоры бірігіп өткізді. Конференцияда профессор, С.Ғылманидың поэзиялық мұрасын құрастырып жариялаған Д.Қамзабекұлы, Астана қаласы «С.Ғылмани» мешітінің бас имамы Б.Қыдырбайұлы, профессорлар С.Негимов, А.Төлеубаева, Т.Жұртбай, дінтанушы-ғалымдар К.Тиышхан, О.Темірбеков, Е.Шоқаев, өлкетанушылар С.Байбосын, Т.Жанайдарұлы дін қайраткерінің өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы арнайы баяндама жасады. Шараға С.Ғылманидың перзенттері - Үкіжан, Әмина қатысты.

Ғылыми конференцияда елге Сәкен қалпе атымен кеңінен танымал тұлғаның басылмаған мұраларын, әсіресе 110 мың сөзден тұратын қазақша-арабша сөздігін жариялау, қазақтың ірі діни тұлғалары арқылы ата дінімізді насихаттау және ғұламаның атын мемлекеттік дәрежеде ұлықтау шаралары туралы қарар қабылданды.

"Абай-ақпарат"

 

Таяуда Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде азаматтық тарихымыздың айрықша тұлғасы, қоғам және дін қайраткері, ақын, аудармашы, арабша-қазақша сөздік түзуші, Қазақстан Діни басқармасының бастауында тұрған тұлға Садуақас Ғылманидың (1890-1972) тарихи орнын және оның ел дамуына қосқан үлесін байыптауға арналған «Тұлға және ғұлама құбылысы: кеше, бүгін және ертең» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғылыми жиынды ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институты мен «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қоры бірігіп өткізді. Конференцияда профессор, С.Ғылманидың поэзиялық мұрасын құрастырып жариялаған Д.Қамзабекұлы, Астана қаласы «С.Ғылмани» мешітінің бас имамы Б.Қыдырбайұлы, профессорлар С.Негимов, А.Төлеубаева, Т.Жұртбай, дінтанушы-ғалымдар К.Тиышхан, О.Темірбеков, Е.Шоқаев, өлкетанушылар С.Байбосын, Т.Жанайдарұлы дін қайраткерінің өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы арнайы баяндама жасады. Шараға С.Ғылманидың перзенттері - Үкіжан, Әмина қатысты.

Ғылыми конференцияда елге Сәкен қалпе атымен кеңінен танымал тұлғаның басылмаған мұраларын, әсіресе 110 мың сөзден тұратын қазақша-арабша сөздігін жариялау, қазақтың ірі діни тұлғалары арқылы ата дінімізді насихаттау және ғұламаның атын мемлекеттік дәрежеде ұлықтау шаралары туралы қарар қабылданды.

"Абай-ақпарат"

 

Сәдуақас Ғылмани (1890-1972) - көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын. Ерейментау, Ақмола мешіттерінің алғашқы имамдарының бірі. Ол 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы, сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі қызметін атқарды. Қайраткер 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, 110 мыңға жуық сөзді қамтыған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Ел аузынан жиған-тергендер (би-шешендер мұрасы)» жинағын даярлады. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды да әзірледі. Әйгілі «Кәлила мен Димнаны» қазақшаға аударды. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын араб тілінен тікелей қазақ тіліне аударуға атсалысты.

С.Ғылмани ислам жолындағы ағартушылық қызметі үшін 1929-1946 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған. Батыс Сібір аймағында бас сауғалай жүріп, сол кездің ауыр халін ислам құндылықтарына сүйеніп поэзия тілімен жеткізді. 30-жылдардағы саяси репрессиядан соң кеңестік қазақ әдебиеті сыңаржақты ұраншылдық үрдіске ойысса, С.Ғылмани жырлары ұлт трагедиясын шынайы суреттеуімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан ол сол ауыр кезеңнің сезім мен көңілдің танымдық-көркем күнделігі бола алады. Оның үстіне күні бүгінге дейін азапталған, қуғындалған Алаш зиялыларының 30-жылдардағы еңбектері ғылыми айналымға түспей тұрғанда, С.Ғылмани мұрасы сол «ақтаңдақты» біршама толықтырады деп есептейміз.

2010 жылы «Ел-Шежіре» баспасы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институты даярлаған «Садуақас Ғылмани. Шығармалары» атты қомақты мұраны кітап етіп басып шығарды. Діндар ғұламаның көркем шығармалары сан қырлы. «Мінажат мұң», «Саналыға ескерткіш», «Мұңдыдан мұңдыға», «Пендешілік зарым», «Елестейді көзіме», «Қайғылыны жұбату», «Уайым», «Көңілім» т.б. сыршыл өлеңдері, «Хадис аудармасы», «Араб өлеңдері» топтамасы мен «Қасас сүресінен», «Бәни Есрайылдың қазасы», «Әбубәкір қазіреттің біраз жайы» т.б. діни-танымдық өлеңдері мен поэмалары, «Қапанға», «Ермұқан мен Бекболатқа», «Шамсүнге», «Ташмағанға», «Қасымтай Әбжанұлына», «Қасенбайға» т.б. арнау өлеңдері, «Бір әңгіме», «Ертегіден үлес», «Бір ертегі», «Дуана мен патша әңігімесі» т.б. поэмалары, «Сөз құрылысы, «Өлең-жырды қолдану себебім», «Ж.Аймауытұлының «Психологиясына» т.б. сыни-аналитикалық өлеңдері болашақ Қазақстан қазиының ерте-ақ өте сауатты, білімді, білікті болғанын көрсетеді.

Қазаққа әл-Фарабиді алғаш қайта танытқан ғұлама, соңына «Әл-Фараби және Абай» секілді таңдаулы еңбек қалдырған академик Ақжан Машани бүй депті: «Мен С.Ғылманиды өзімнің ғылыми жетекшім деп есептеймін. Өйткені, «екінші ұстаз әл-Фараби араб емес, қазақ жерінен шыққан ғұлама» деген хабармен жер жүзін шарлап, анықтауға кірісіп, араб-парсы тілдерінде жазылыған шығармаларды оқи алмай жүргенімде Сәдуақасқа кезіктім. Ол кісі маған керекті шығармаларды аударып берді. Соларды зерттей келіп, әл-Фараби зиратын тауып, оны қазақтың Отырар-Фараб қаласынан шыққан оқымысты екенін дәлелдеп, ел-жұртына таныстырдым» (Әлім Түгелбайұлы естелігі, «Ереймен» газеті, қаңтар, 2002).

Бірсыпыра дерек көздерінде С.Ғылманидің «Діни педагогика» атты оқулық жазып, Махмұт Шалтуттың «Бейбітшілік пен соғыста» еңбегін және «Діни ғибраттар туралы түрлі мемлекеттерде шыққан заңдар» сынды құжаттарды аударғаны, сондай-ақ «Париж қаласынан сұрақтар» деп аталатын теологиялық дүние әзірлегені айтылады. Рас, ел арасында «Сәкен қалпе айтыпты» дейтін әңгіме-әпсаналар да көп. Бұл ретте ғылманитануға діндар Қайыржан Исатайұлы, журналист-зерттеуші Нұрқасым Қазыбек, шығыстанушы Мұхит Салқынбай және ғұламаның өз перзенттері Үкіжан, Әмина апалар атсалысып жүргенін оқырманның есіне салған ләзім.

Тұтастай алғанда, Садуақас Ғылмани өлең-жырлары - жалпы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихын, әсіресе ХХ ғасырдың 30-жылдарын мейлінше толықтыратын айрықша мұра.

Дихан Қамзабекұлы, ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

ШАЛА БЕЛСЕНДІЛЕР

 

Белсенді кім?

Бола ма мін,

Пайдаланған теңдіктен?

Асып жатқан,

Белшеден батқан,

Сезіне ме кемдіктен?

Көпшілігі мынау,

Істе бар ма ұнау?

Тек қана аты - белсенді.

«Сыйса да бер,

Сыймаса да бер,

Дейді көбі,- бес сомды».

О да - біздей адам,

Қараңғы, көбі - надан,

Бірақ бар мол-мол белгісі.

Келер өте шауып,

Жоқ зәредей қауып,

Көрінер көпке зор кісі.

Айтатыны - «мен - құдай»,

Көзіңді аш жұмбай,

«Көр, міне,- дер,- әкеңді.

Заң жолында,

Іс қолымда,

Ұрмаймын дер әкемді».

Сүйтіп тұрып боқтар,

Айтқанға болмай тоқтал,

Ырымға титтей білім жоқ.

Ар ұяттан кем,

Ерні толған дөң,

Саңғыруы өте көп.

Дудардай шаш,

Түзете алмай қас,

Салғаннан келіп бас салар.

Басында кәртөз,

Ашулы, боп-боз,

Білгенді тіпті қас санар.

Тік отырмай құлап,

Аяғын жимай сұлап,

Үстінде - қара көйлегі,

Аяғында шеблет,

Басқандай әбілет,

Сөккені жан боп көрдегі.

Кейбіреу сояу,

Аузына жақын таяу,

Саусағымен ұстаған.

Бұрқыратып түтін,

Кемдіксіз бүтін

Ешнәрсе жоқ қыстаған

Біздікі - «жолдас»,

Ұқсамай болмас,

Бар үлгісі, өрнегі

Зиян мен пайда,

Білу оны қайда?

Пар болмақ жанға төрдегі.

Табылса «гөркі»,

Енеді көркі,

Қуанған мәз боп қайғы жоқ.

Далақтап шапқан,

Шын тәңір атқан,

Көздегені бір күн боп.

Жабылып ішкен,

Көкейін тескен,

Тентек су өте құмары.

Боқтасып бәрі,

Төгіліп ары

Сезінбей бар ма ұнары?

Біле алмай зиян,

Білімділер жиған.

Хабары жоқ шинамдай.

Қызыл қан басы,

Кәрісі, жасы,

Бір ісі жоқ ұнардай.

Далба-далба киім,

Боқтасқан сыйын,

Үміт үздің олардан.

Өздерінше жөн,

Адалдан кем,

Жиркенбей жол деп қолданған

Сайтанның туын,

Сезбейді уын,

Білмейді үлкен зарарды.

Дініне де,

Деніне де

Жәйіліп уы тарар-ды.

Алкогөл атты,

Белгілі у затты,

Улайды өте құмар ғып.

Ішті болды,

Қойды қолды,

Істеген ісін ұнау ғып.

Төбеде қолы,

Күзеулі байтал формы,

Сипап қайырып кекілін.

Есалаң, жынды,

Өзін әуре қылды,

Кім деуге келмей секілін.

Аяғында киім,

Боқпен беріп сыйын,

Аттанар үйден міні жоқ.

Күйегін асып,

Мастанып тасып,

Адамдықтың түрі жоқ.

Кейінде пәлте,

Тар шалбар келте,

Ауропа форым оларда.

Киінген кісі,

Көрініп мысы

Ит ұқсасын оларға.

Далақтап шабар,

Көздегені алар,

Айтуға қызмет заңдікі.

Қарны тойса,

Дегені болса,

Заң қалар - қызмет бардікі.

Кейінде плащь,

Өзінше тыраш,

Майлап шашын тараған.

Тройкамен кейі,

Сырты ғана ойы,

Соны адамдық санаған.

Ылғи ыржың,

Үзілмей қылжың,

Қақтығып, соқтығып ұрынған.

Үрпиген шашы,

Қошқардың басы,

Тамағын кенеп қырынған.

Қалтада қолы,

Қолданған жолы,

Сенделіп жүру, тұрақ жоқ.

«Мынау сорлы,

Бола ма орны?»

Дегенді естір құлақ жоқ.

«Жолдастар, тыңда,

Гәп бар мұнда»,-

Деп бастайды сөздерін.

Басы елде,

Аяғы селде,

Құр қомпайтып өздерін.

Ғылымға құмар,

Болмайды ұнар,

Қауыз сабан дәні жоқ.

Баспа сөзді,

Салмайды көзді,

Құр сауаттық мәні жоқ.

Жүптейді кегін,

Жоқтап кемін,

Мұқатпақ көздеп аларын.

Алса қойды,

Алмаса болды,

Тұтатпақ пәле фонарын.

Тамызып отын,

Даярлап сотын,

Қырмақ, жоймақ болады.

Күйдіріп неген,

Ойдағы деген,

Рәсуә қылу ұнады.

Неген көнді,

Дегені болды,

Өкпе үшін қияр өлімге.

Ұшыраса атқа,

Табы жатқа

Кем бе өлімнен тегінде?

Алыс-жақын,

Адам атын,

Әділдік қып қарамас.

Ашу, намыс,

Бітірген бар іс,

Обал-сауап санамас.

Қит етсе өкпе,

Наз қылар текке,

Қорқытып түйген қабағын.

«Қап, сені ме?

Көр мені де...»,

Ызғарын төккен қарағым.

Сондағысы не?

Айтпадың «іш, же...»,

Не болмаса бермедің.

«Мен міне - ұлық,

Айыбың толық,

Деп,- бәлем оны көрмедің.

Қылармын саған,

Болсам аман»,

Деп жеті ата ауызын.

Келсе науқан,

Етермін талқан,

Көрсетер сүйтіп қауызын.

Дәннен ырым,

Жоқ және білім,

Құр далиған шап та шап.

Не онда жоқ,

Не мұнда жоқ,

Заң жолы қалған, аш та жап.

Мұнымен ұйым,

Табылу қиын,

Заңда да, әм дінде де.

Айқын жолды,

Қаралап болды,

Көз салмай кемдік, мініне.

Мұнымен заң,

Орындалған,

Бола ма, қалқам, ойлашы?

Заңда да ұят,

Дінде де ұят,

Болмаса сонда қоймашы.

Шын ойласаң,

Мол толғасаң,

Бұдан ұят тіпті жоқ.

Адам атың,

Жоғалып затың,

«Жыртқыш» деудің жолы боп.

1931 жыл 2 июль

 

КӨЗ КӨРГЕНГЕ РИЗАЛЫҚ

Я, раббы, зор тамаша заман болды,

Әлемге не ғажайып петнә толды.

Жүз жасаушы аң жылдың жәйін білмей,

Айран-асыр қозғалып ми су болды.

 

Сең соғумен сенделген балық құсап,

Жөн таба алмай шатасты оңды-солды.

Ен жайылу, кең жүру қолдан тайып,

Мысалы шідерленген малдай болды.

 

Малда тәуір: тамақ тоқ,уайым жоқ,

Ежелден мойындаған оған көнді.

Бірбеткей бағыты бар айуанның,

Бар мақсаты сол жолда болды-толды.

 

Екі жақты жаралған адам ұлы,

Бос қалса бір жағынан болды сорлы.

Жалғанда ойлау, күн көру - ол бір жағы,

Соңғылықты ескеру - жүктің зоры.

 

Құдай десең, соңғылық түсед еске.

Жүрек шер боп, көңілге қайғы толды.

Былай тартсаң, өгізге ажал жетіп,

Былай тартсаң, арбаңыз әм мерт болды.

 

Екі жақтан айрылсаң қалдың жаяу,

Ар жағында белгілі ажал таяу.

Құс жей ме, жыртқыш жей ме - сен бір жемсің,

Бұлтартушы етпесе саған аяу.

 

Ұйқы жоқ, тыйыштық жоқ һәм шыдам жоқ,

Құралған жүрегіңе түрлі қаяу.

Күйесің де пісесің дамыл таппай,

Әлім бар деп зарланып хақ құдай-ау.

 

Бүгін шатсың, үйіңде көңіл тәуір,

Қатын-бала көрген соң жақын бауыр.

Ызың тисе құлаққа жабырқаңқы,

Мысалы шыбжаңдайсың атша жауыр.

 

Жауыр болмай өлсең де кімге батар,

Ықты жөнді білдірмес долы дауыл.

Қай араны паналы деп барсаң да,

Ықтатпайтын күзетте бір жасауыл.

 

Сырты үйтіп, іші бүйтіп жылмаңдайды,

Бос емес осындайдан ауыл-ауыл.

Сыбанып, бел буынып, арын сатқан,

Осындайлар белгілі тәңір атқан.

 

Айтаққа еріп үреді түкті көрмей,

Көз шелей, көкірек соқыр сазға батқан.

Өзі білмес, білмеуін тағы сезбес,

Мойындамас білгенге қыңыр атқан.

 

Жоғарғы елге, төменгі селге кетіп,

Өз құрай алмай бытыратқан.

Қомпиады тауықтың қоразындай,

Бар белгісі мойнына күйек артқан.

 

Бір жапырақ қағазы үлкен сүйеу,

Мен разы тәңіріме мойындатқан.

Мойындадым, шын көндім бұл тағдырға,

Кеселіне пейілдің қабаттасқан.

Аллаһ сыны - бенденің көнер ісі,

Шын мүһмен хабары бар шариғаттан.

 

1936 жыл 5 март

Тілекті мұң

Ұштым пана жар таппай,

Болған соң мазақ мен қақпай

Тұғырым қалды орнында,

Қонарлық оған жол таппай.

Қараңғы түн - көргенім,

Маған деген таң атпай,

Сырты - басқа, іші бір,

Қандасымнан жар таппай.

Өткеретін күнім көп,

Көзімді таңға бір жаппай.

Қалықтаймын аспанды,

Ұшамын мұңдас мен текке.

Текке ұшпаймын таппаймын,

Паналар орын мен көпте.

Сауысқандай шоқалақ.

Болдым өте жел өкпе.

Жел өкпелік - бас қамы,

Сақтануым керек-ті.

Ұшамын шүйгіп аспанды,

Қонарлық таппай тұрақты.

Сектенемін, қорқамын,

Сезіп құрған тұзақты.

Бір таяныш - дос табу,

Өте ұзын құлақты.

Соны ізденіп, зар қылып,

Ағызам көзден бұлақты.

Тиыштық жоқ бір жанға,

Көргені бәрі азап-ты.

Қақпайда жүрген мен бір доп,

Тағыдыр қылған мазақты.

Әзіргі бейнет - көргенім,

Таба алмай іздеп рахатты.

Шерленемін, көздеймін.

Шолып, ұшып аймақты.

Көздегенім - бір сая,

Дегендей-ақ жәй тапты.

Сондықтан бетім бұрамын,

Жер іздеп қонақтамақты.

Көзім салып шолимын,

Мынадай мекен орыннан,

Талмай іздеп жолымнан,

Дос-жардың көмек қолынан,

Әр нәрсеге себеп деп,

Көздеуге тиыштық алмақты.

 

АРМАНДЫ ОЙ

 

Есалаң-ақ, ақылынан мен адасқан,

Жағдайлы бетке қарап қадам басқан.

Қалықтап жоғары ұшып шырматылам,

Көз сүзіп көрінгенге мен мұң басқан.

Қанат жетпей, ой жетіп мойын созам,

Ерікті ұшып барғандай шаршамастан.

Сонда ойым «басар жерің мынау» дейді,

Ұшқанда сол ретпен тіпті адаспан.

Ол жерлер оңға ұшқанда кездеседі,

Қарағаш, қызыл шілік әрмән ассам.

Бозайғыр көл маңайын шолып өтіп,

Ақшоқы, Қаратұмсық, Қызылтастан,

Шоққызыл, Үштөбе мен Ешкіадырды,

Бәрімен шертіп шерді мен мұңдасқан.

Қайта оралып, тік ұшып, қонақтар жер,

Тапсам деймін Қарадыр не Қойтастан.

Аттас, бастас едің деп үн шығарып,

Бет түзеп кейін қарап көзден ассам.

Сонымен бір уһ деп демімді алып,

Азырақ болсам деймін шерім басқан.

Осы арман қажытады, шаршатады,

Сенделтіп гүлді өмірді тұман басқан.

 

ЗАРЫ

Мен зарлы, бетім қара көркім бітіп,

Барады сағынышым жүректі ертіп.

Кейде қиял алдымда елестейді,

Қызығы әлгі жерлер қалған кетіп.

Дәмесі қызықтайтын елдің жерде,

Мен-дағы сағынамын үміт етіп.

Туысым боз торғайым, сар шыбығым,

Жүргендер бар шығар ғой жолын күтіп.

Қандасым аққұйрық та тырқ-тырқ етіп,

Жүрген шығар құбылып жалт-жұлт етіп.

Болмаса күнделікті күнге сенген,

Іш-тысы жыртқыш торғай бірдей кетіп.

Кейбіреуі шарасыз әдіс жасап,

Құтылу қамында жүр мол ой кетіп.

Қызғыш мінез кейбіреу көлді қорғап,

Жүрген шығар біздейдің жолын күтіп.

Бәрінің бұл сырынан хабар алмай,

Есалаң шермендемін қайғы жұтып.

Сол жерлердің торғайы қай, қайсысы

Болсада жүрегінен үміт етіп.

Жаралы, шерлі көңіл мұңын сайрап,

Ұшырған мұңмен қағаз желбеңдетіп.

Дөп тиіп жүрегіне сағынғанның,

Жіберер көзден жасын бір-бір шертіп.

Нақақ, неге күйгенім еске түсіп,

Жіберер қарындасым мұң тербетіп.

Қай көзбен мұңым көрет дегендей-ақ,

Аламын бос жер көрсем бір күңірентіп.

Сағынған тым құрыса сөзім көрсін,

Сандуғаш азайды ғой көбі кетіп.

Нені бұзар, не іске кесел болар,

Дегендей сәулелінің ойы жетіп.

Сандуғаш арман шетін солай сайрап,

Жалтақпен қонақта жүр үйтіп-бүйтіп.

 

ЖҰМБАҚ ІЗ

 

Кезеді үш, төрт, жеті, екі цифр,

Екі қоссақ шықпайды тағы қиқыл.

Өзімсінген он цифр тағы ішінде,

Жасырын қастық сезбеген бұл айқын сыр.

Өзеннің ығы ұшқанда беткейді ала,

Кездесер үлкен-кіші, қатын бала.

Сұрақ жоқ, сынау да жоқ, қағажу жоқ,

Әрине, панасызға үлкен пана.

Қайткен күн әлгі жерлер цифрлардан,

Кем қылып жаратпаған Хақ-тағала.

Сенімім жүрегімде айқын осы,

Бірақ толық ұша алмай жеке ғана.

Ұққанған мен сайраймын мұңым ашық,

Жалғыз-ақ түскізе алмай сөзім шала.

Қандасым, қарындасым аты - торғай,

Сәлемім қабаттасқан бірге жана.

Заңына жаратылыс мен бағындым,

Сол арасын толығынан ұғып қара.

Саналы, сәулеліге арнап жаздым,

Миымның жеткен жері осы ғана.

1930 жыл 29 январь<!-pagebreak--><!--pagebreak-->

 

САНАЛЫҒА

 

Бір жапырақ қағаз арнап ұшады,

Еркіндік кем, іші содан пысады.

Жалтаң жерде жайтаңдатпас қырғи бар,

Бұғып құты содан қатты қашады.

 

Көріне алмай қағаз бетін қаралар,

Шер тарқайтын бір жолым деп шамалар.

Басындағы күнге сенген, сендірген,

Қайтсе дағы бір бағытпен табалар.

 

Үйтпеген жан жүрек жолын басқа ұстар,

Шамасынша достық ізге жол нұсқар.

Қылт етпелі заман құбылыс жағдайын,

Қайткен күнде жүрегінде нық ұстар.

 

Бүгін былай, ертең олай - тұрмыс сол,

Саналады бір күн жолсыз, бір күн жол.

Аяқ тайса табалауға әзір-ақ,

Әділдіктен шеткерірек теріс қол.

 

Сол сықылды баста күнге сенуде,

Жан-тәнімен соған ынта беруде.

Табиғаттың құбылмалы заңдарын,

Сыңар көзбен үстірт қарап көруде.

 

 

Шайышқылы ауылында,

1932 жыл, 31 январь

 

МҰҢДЫДАН МҰҢДЫҒА

Сағындым, сәлем жаздым, ұсындым қол,

Иншаллаһ, қосылмақтан үмітім зор.

Зар шеккен мұң қолында тұтқындардың,

Бостандық табуына дұғада бол.

Шарық па, пәләк дей ме - біле алмаймын,

Әйтеуір сол арқалы құбылыс мол.

Ғасырдың жиырманшы мүшелінде,

Кездескен түрлі шатақ тараған жол.

Бірімен сіз кеткенсіз, бірімен - біз,

Білімсіз уақытында ылди мен өр.

Жалғыз жол тағдырдағы кездестірсе,

Ел тауып сүйінбей ме адасқан ер.

Жылы жел хабар берсе жақсы жаздан,

Күн көзі жылы тиіп мейірленер.

Жылы жел жақсы жазға қойса сұрақ,

«Бостандық - үкіметтің ұраны» дер.

Күн көзін мысалдадым билеушіге,

Билеуші кім екенін әркім білер.

Өбейін, қолың тұтып бармағыңнан,

Жан достым, алыстамай берірек кел.

 

ХАТҚА ЖАУАП

Мұңдасым, мұңды болсаң мұңға қара,

Сен түртсең жарылмай ма біздің жара.

Қасыреттің арқалаған ауыр жүгін,

Көз салшы, көңілін сұрап бишараға

Өзіңнен қалай екем мені көрші,

Салмақтап салыстырып шамала да.

Бір оқтан қансырасақ екеуміз де,

Сұраймыз жазып бер деп кімнен дауа.

Сізде арман құрдасымнан болмау керек,

Былайша бұл туралы берем баға.

Бас қосып мәжілістес бірге болып,

Көрдіңіз гауһар жүзін мейірің қана.

Ақтарып мұң мен шерді ортаға сап,

Қос бұлбұл қонақтадың бір панаға.

Біреуі сол күніңнің мыңға балау,

Қанағат етпейсіз бе осы араға.

Мәңгі боп қалмадым деп дүниеде,

Тағдырға ұнай ма екен жапқан жала.

Қатты айтсам қайрат берер қам көңілге,

Етпессіз ол сөзіме өкпе-нала.

Сабаздың өзі түгіл ізін көрмей,

Қаңғырып бізде қалдық бір далада.

Арманым өлсем көрге бірге кірмек,

Ойлаймын іштен тынып, оһ, дариға!

Ауызға нәсіп болса ауыз жетер,

Ашпайын бұғып жатқан мұңды бекер.

Аз сөзден көп мағына абайлатып,

Ағаңыз осыменен тәмам етер.

 

1936 жыл 1 январь

 

ДӘУЛЕТ, БАҚЫТ, АБЫРОЙ НЕ?

 

Бақ, дәулет, абырой деген - мәлім аттар,

Шатаспай үлкен-кіші бәрі жаттар.

Кім ие үшеуіне бола қалса,

Дүниеде бұдан артық не атақ бар?

Сондықтан ізделуге ынта салып,

Әр адам талаптанып болмақ құмар.

Талқылап бас-басына түсіндіріп,

Айтайын сәулеліге мейірі қанар.

Ұғынбас үстен қарар өз алдына,

Өзінше білген ісін артық санар,

 

ДӘУЛЕТ НЕ?

Дәулет ат - дүние, мүлік, мал көптігі,

Бола алсын, бола алмасын жан септігі.

Қайтсе де соған ие дәулетті боп,

Өзінше көрілмеген жоқ кемтігі.

Малы көп, дүниесі көп дәулетті атты,

Болса да мұң мен қасірет қоршап апты.

Жұрттың көзі түседі, құмартады,

Жиюшы тартса дағы мол азапты.

Дәулет ат арапша тіл - «дуләт» деген,

Дал түрі, үсті болып көшірілген.

Мәнісі «кезек» деген сөз болады,

Зерттеп қарасаңыз арап тілден.

Ендеше дәулеттің де баяны жоқ,

Біреуге артын, біреуге бетін берген.

Біреу бір күн бар болса, ертең жұрдай,

Бұған қарсы сөз туар қандай жерден.

 

АБЫРОЙ ДЕГЕН НЕ?

«Абырой» парсы тілі бізге кірген,

Екі сөз зерттегендер анық білген.

Ауысып түрік, қазақ, қырғыз тілдер,

Бірінің ізіменен бірі жүрген.

«Ап» деген - су дегені барлығының,

Лапызға мағынаны солай ілген.

«Рой» - жүз, бет дегенге алынады,

Білінер мына мағына осы түрден.

Жүз суы беделі бар әр сөзінде,

Адамға арналған ат болып кірген.

 

БАҚ ДЕГЕН НЕ?

Бақ қонса бір адамға бақты атанбақ,

Іздеген мақсат келіп, мейір қанбақ.

«Таудай талап болғанша, бармақтай бақ

Берсін» деп мәтел қылған қалап, таңдап.

Бағы зор пәленшекең, тәуір адам,

Деген ат тағылмақ қой оған арнап.

Бақыт не, қандай нәрсе бақ болады?

Сол жерін қараңызшы етіп барлап.

Бақытқа таласуда қанша адам,

Бақытсыз саналмақ қой күні қаран.

Сол бақыт малдылық па, ұлылық па?

Болмаса беделділік пе жолы сараң?

Болмаса шешендік пе, тілге ұста?

Болмаса ғалымдық па, болмай надан?

Түрлі адам түрлі жорып байламай жүр,

Өзінше мақұлдаумен жолын тәмәм.

Мен бақытты деп айтып дүрдиеді,

Болса да көріністе күні қаран.

Өзінші бақтымын деп көтеріліп,

Ми жолы болса-дағы күнде алаң.

 

МЕНІМШЕ БАҚЫТ

Бақыт сол - адам үшін бар тиыштық,

Қанағат мол көрсе де аштық-тоқтық.

Сабыры зор қайғы мен тарлық келсе,

Саналған бір есеппен барлық-жоқтық.

Өзіне өзі разы шаттығы мол,

Көңілі ренішсіз зәрі жоқ боп.

Өзімсінген істері көз алдында,

Қайткен күн өте тартқан уайым жоқ

Сүйекке сіңген дағды өзгерусіз,

Туған жер өскен-өнген туысы көп,

Бір жүріп, бірге көріп ортақтасып,

Елінде, не ерінде жаттығы жоқ.

Ісінде қағажу жоқ, қағуы жоқ,

Бір басы көппен бірге аш боп, тоқ боп.

Осы адам бақытты деп шамалайын.

Сыналса жазған сөзім айыбы жоқ.

 

***

Ауырлық басқа түскен заман болды,

Бұрынғы оңды, бұл күнде жаман болды.

Кезектесу - табиғат заңы сол ғой,

Болғанның күні бүгін қаран болды.

Зор құмартқан ізденіп, атақ алып,

Бұл күнде жүректе шер жараң болды.

Төрсіз жерге отырмас сабаздарға,

Жиынның босағасы арам болды.

Қысқасы жанған өшіп, болған құрып,

Кешегі бүгінгімен тәмәм болды.

Тұрмыс - жел, адам басы болған қаңбақ.

Жел қуса бөгелерлік жоқ қой салмақ.

Сазасын өткендегі бүгін алып,

Уақыт сол мұқатушы қалмақ қармап.

Құлаққа адал сөзің бір ілінбес,

Тұрса да қағу жеген қанша зарлап.

Сөз тыңдау былай тұрсын, көз салмайды,

Соңынан қалмасаң да зарлап-зарлап.

Маңыңа жуымайды - күйең жұғар,

Табалар қайта өзіңді сөгіп, қарғап.

Бүйтуі тұрмыс күші, еткен солай,

Жолсыз ғой болмады деп деуге былай.

Іші өрт күйдіреді шарасы жоқ,

Көбінің өткен күні іштен жылай.

Әрине, жалпылама бірдей емес.

Азының іші-тысы бейім солай.

Не түсінген маңызға, не даңғаза,

Әйтеуір дүрмек ізі кеткен ұнай.

Сол жолмен күшті жеңген, күшсіз қалып,

Әлсіреп көбі жүрген өліп, талып.

Жығылғанның үстіне жұдырық боп,

Не тұтқын, не айдалу ұзақ барып.

Мұны қиын көруші болған қашқын,

Не тау-тас, не ұзақ жер арнап алып.

Сонымен бір бөлегі жырақ жерде,

Өз басы не үй-мүймен көшіп барып.

Бір бөлегі елінде, өз жерінде,

Ел іші алтын бесік ойға салып.

Соның бірі мен болып он төрт айдай,

Бір елден жеке басым жалғыз қалып.

Таянышым - бір ие, тау-тас - себеп,

Артық кейіс көрмедім арып-талып.

Қайда жүрсем үлкендер аға болып,

Кішілер іні болды көзін салып.

Өз жерім, өз мекенім күнде көріп,

Тұрар болдым әр мезгіл мейірім қанып.

Туысың, өз еліңдей болу қайда,

Жолды орында ойнадым іліп-шалып.

Наз көтерер ініге өкімдік қып,

Шәшін жұлдым уыстап қолыма алып.

Кейде жұдырық тигіздім жақсы көріп,

Жуыссын дене тиіп мейір қанып,

Өстіп жүріп ішкен су май орнында

Санадым халық жүргенде анық.

Шетте жүрген май ішсе у болмай ма,

Көңілдегі тұрса да бәрі орналып.

Соған қарап өзімді зор бақытты

Санаймын да тұрамын миға салып.

Болмаса ұзамауда басқа ойым,

Көпшілік санаса да ойына алып.

Маған қарап бөгелген ойы анадай,

Бертінде көп өкпемен жүр шырмалып.

Обалымыз саған деп наз қылады,

Жақыным, дос-жарларым, кейбір халық.

Мендегі ой, мақсат қандай шамаламас,

Әйтеуір білуші ед деп өрнекке алып.

Өкпе қылсын, қылмасын ойым анау,

Тілек сол, бар мақсат сол, жолым анық.

Ұзақ кеткен сағынар елді, жерді,

Қызығын өткендегі ойына алып.

Көз - бұлақ жас ағызар өзен қылып,

Жиналған тұрмыс жақсы болса да анық.

Ел мен жұртын сағынбас ол меңіреу,

Айырылып қандасынан жүрген ғарып.

Басында шамалас болған қалды,

Айуан мен арасында қанша парық.

Ер туған, ит тұрғанға семірмек қой,

Мәтел сөз әулиеден кеткен дарып.

Сондықтан мен бақытты деп айтпақпын,

Көрседе аңдаушылар сынына алып.

29 май  1932 жыл

 

ҰЗАУ СЕБЕБІМ

 

Қимадым елді, жерді қанша заман,

Жүрген соң жалтақпенен басым аман.

Үйі жоқ бөденедей бытпылдақтап,

Кешірдім көп өмірді оймен алаң.

Сырт бүтін көрер көзге тұрмысымда,

Саналды көрушіге емес жаман.

Іш түтін, тартқан мехнат азабым мол,

Мешіт, кітап, ми жетім күні қараң.

Бар жұбаныш ел менен жер ішінде,

Жүрген бірге өзіммен қандас адам.

Бауырлас, тума-туыс бәрін көріп,

Оңалуға жақындап жүрек жарам.

Біресе онда, біресе мында қонып,

Елімнің аймағында бастым қадам.

Мен торғай пана іздедім бір басыма,

Жағалап бірден бірге дос-жар адам,

Сонымен үш-төрт айдай көше қонып,

Айтуға есептелді тұрмыс жаман.

Үйткен шүкірәнәм мол кемді көріп,

Бар ғой деп ел-жерімде басқа панам.

Қашқан түлкі қызық боп көрінбек қой,

Менің де өң, сипатым соған таман.

Бүлдіріп аузы жаман жақсы атанбақ,

Кездесті сары түстен қиын заман.

«Айтақ қайдан шығад?» деп құлақ түрген,

Сезініп екі тазы алаңдаған.

Соққысы сол алаңның шеттеп тиіп,

Болмады соңғы орным қоныс маған.

Сонымен бас тайғызып үйім қалды,

Жер таппай паналарлық ми сандалды.

Үйдің іші тамағын бәрін алып,

Мен сорлы бір бетіне кетіп қалды

Қалың тау, қалың шілік арасында,

Тығуға дүние тамақ ойына алды.

Сақта деп дұшпан жаудан өзің аяп

Бөдене мақсат жаққа кете барды.

Жанымда бар жолдасым пана іздедім,

Тағы да пана болар жер көздедім.

Өз қонысым мекенім жағаламақ

Көңілде бар пыланым ой мезгедім.

Соны ойлап бір ауылға кеп жасырынып,

Мен жәйін білдірдім ғой жер кезгенім

Қысқасы атасы жат өз елімнен,

Ой суып баяндадым мен безгенім.

Іштескен азаматтан ақыл сұрау,

Ойым сол ұзамасқа етсе ұнау.

Баяғы қимағаным елім, жерім,

Ой жолы құдықтай-ақ бір шыңырау.

Мақұлдаса маңайттап бірге болып,

Заманның келешегін солай сынау.

Жібердім ақылдас деп жолдасымды,

Бар ма екен бір жобасы дерлік мынау.

Қысқасы, қанатына алмақ болған,

Іштескен інілерден басы құрау.

Өз елің, өз туысың бірге болу,

Қорытқан бар ақыл сол бізде ұнау.

Сол сөзін алып келді жолдас барып,

Қонысқа өз қыстауым ойға салып.

Біз де ұнатып бас қосып дос-жарлармен,

Келуге бел байладық үй-жанды алып.

Әуелі дүние-мүлік жеткізуге,

Сонан соң көшірерміз үйді барып

Дегенді ақылдастық жолды тауып,

Жолдасым келтіруге ертең барып.

Сол жерде бір суық сөз естілді,

Қатыннан Бұзау, Жарық келген барып.

Бір тазы ондайланған түлкі алуға,

Қалуға ішіп, жем қып қанға жарып.

Қуып жету шарасын көздеп жатыр,

«Қап, бәлем, құтылар,- деп, - қайда барып?»

«Сол түлкісі сіз болу керек,- дейді,-

Өзің біл, хабар бердім, бұл шын анық».

Естідік бұл хабарды күн батарда,

Қисыны бола ма енді жай жатарға.

Енді қайда барамын, қайда пана,

Үсті-үсті дос-жаранға көз сатарға.

Зәре, құт менен кетті естіген соң,

Айналдым шатасумен бас қатарға.

Тау іші паналықтан қалып тұр ғой,

Ағаш, жапырақ көбеймей мен жатарға.

Күнде тауды сүзеді мал жоғалса,

Қисыны жоқ бұл жақты ұнатарға.

Қасымда бір дос-жарым берді ақыл,

Майтөбе аз күн қоныс үлкен мақұл,

Дүние қалсын, үй қалсын бас сағытта,

Басылған соң жинарсыз дүние-ғапыл.

Жүрушілер басылсын іздеп болып,

Әуелі өз басыңды уайым қыл.

Басың сау, ерік өзіңде жүрген болсаң,

Қисыны басқа нәрсең келер ақыр.

Ұнатып осы ақылды міндік атқа,

Тәңірім кездестірме табы жатқа.

Ас ішіп, яшиғы оқып, хош айтыстым,

Қол ұстап жанымдағы жамағатқа.

Таң ата Майтөбеге жетіп келдім,

Төпелеп қатты жүріп сәтті шақта.

Көрістік дос-жарлармен амандасып,

Екен ғой ол ауылым сағынбаққа.

Көңіл жай, төбе қыстау болып қалдық,

Білдірмей із, сыбысты жаман жатқа.

Шын сағынған немқұрайт, тыс сағынған

Тілеуқор кездеспеуге мен апатқа.

Менде ой көп: сыртым бүтін, ішім түтін,

Кейінгі жандарымнан ұшып құтым.

Аман-сау қосыла ма, жоқ бола ма,

Екі жақ мол ауырлық жазған тырқын.

Жау қолында кездессе жан мен дүние,

Бұзылмақ оңалмастай менің шырқым.

Соны ойлап ішкен ірің, жеген желім,

Соларға жіберуге ауды мұратым.

Жібердім мен соларға екі кісі,

Тиген соң іні, жолдас мол тынысы.

Қажыдым өте мұқап бұл жүріске,

Тұрмыстың қақпайлаған зор жұмысы.

Екі қон бөгелместен қайтып кел деп,

Тапсырдым өте қысаң бұл жұмысты.

Тәңірім өз басымнан асырма деп,

Тіледім күн-түн демей зор қылмысты.

Жәй жүрген дос-жарыма күйем жұқса,

Не қылам тіршілік деп бұл жүрісті.

Келмеді төрт-бес күндей кісілерім,

Сезіндім болған ғой деп тағдыр жерін.

Қан өтті бұл ішімнен, ішкенім - у,

Бұдан да келсейші деп шын-ақ өлім.

Бір басымнан кесірім асып кетті,

Дегендей шықты менің ащы терім.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей-ақ,

Қосылды уайым сөз көрім-көрім.

Демеу сөз көпшіліктен шыға алмады,

Пәле сөз жабылды үске өрім-өрім.

Көз етім сарғайды ғой қарай-қарай,

Тағдыр күн болғаны ма осы жерім?

Шырт ұйқы жүз бөлінді, тиыш кетті,

Бермеді бұл уайым маған көнім.

Жалғыз-ақ қайткен күнде уайым жоқ,

Көрінді бұл таяныш үлкен белім.

Адамзат өте жұқа жаралған ғой,

Сол жолмен өсіп-өніп таралған ғой.

Тұрмыстың шырмауымен шырматылып,

Тұйыққа бір өткелсіз қамалған ғой.

Жалғыз-ақ сенім деген есік ашып,

Жол тапқан зор қуаныш саналған ғой.

Тағдыр ат сол сенімге есім болып,

Көпшілік ауызында жол алған ғой.

Қисығын түзетпесе осы тағдыр,

Адам зат айуанмен бір саналған ғой.

Екі дүние бағыты иман болып,

Көзінде білген заттың қаралған ғой.

Мағанда әлгі мұңдар әсер беріп,

Көңілім бір тұйыққа қамалған ғой.

Леп шығып, аһ дегенде жүк азайып,

Үстінде тағдыр-сызық жамалған ғой.

Жұбатып сол тағдыр іс мені уатып,

Үстімнен өте ауыр жүк таралған ғой.

Үй-мүймен көшіп келді кісілерім,

Қуанар келмеді ме енді жерім?

Бұлт басқан күннің көзі жарқ еткендей,

Жоғалды бір минутта ішкі шерім.

Үйдегіден қан өтсе, түздегі май,

Дегендей ренішсіз жібергенім.

Масайрап қуаныстық менде ауылда,

Кептесіп айтып жатты көргендерін.

Енді ойым осы араны мекен қылмақ,

Ішіп-жеп ырызық қып тергендерін.

Іргемнің өз елімнен айрылмауы,

Көздеген менің өте мақсат жерім.

Бір басым бір жолаушы боп жүрермін,

Тәңірімнің көзден көріп бергендерін.

Қатын-балам паналар осы жерде,

Дегендей айтқым келіп көпке тілге.

Байқасам бәрі сырдақ бой қашыртқыш,

Кеңдікте екен мені тақсыр дерге.

Бір басы - көздегені, басқа ойы жоқ,

Бәрі дос кеңдік күнде һәм кең жерде.

Тарлықта қамшы үшін де бере алмаймын,

Сырты адам, қоян жүрек жол ғой дерге.

Іші айтад «кет әрмән» деп, сырты - оңды,

Жүрмейді жүрегі мен тілі бірге.

Шын достар өтірік дос болып шықты,

Қалсын деп қатын-балаң өлген жерде.

Әуелден таянғаным - жалғыз ием,

Басқаны келмеген тіл «әке» дерге.

Не болса бір иенің жазуымен,

Ежелден үйренгенмін мен көнерге.

Жалғыз-ақ екі жесір ойдан кетпес,

Қия алмай жас ағызған қанмен бірге.

1932 жыл

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377