Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 7923 10 пікір 28 Шілде, 2020 сағат 17:12

Полицияның не керегі бар?

1
Күні кеше қожа-молданың сақалын жұлып, сәлдесін тартып алып, тырқырата қуатын заман болған. Оны да істеген өзіміз. Өз үйіңде намаз оқуға болмайтын. Қазір елімізде мыңдаған мешіт бар. Уағыз деген тасқын.
Ұстазға жарымаған ел едік. Ұстазды әулиеден кем көрмеуші едік. Жаңа дәуірде ұстаздардың да тамағы, ішек-қарны, нәпсісі бар екенін білдік. Олардың қадірін кетіруді көздеген науқан ақыры өзінің діттеген мақсатына жетті. Қазір ұстазбын деп айту ұят болмаса да, мақтаныш емес. Бірден-ақ қандай адам екенің мәлім болып қалады.
Жалпы білім-ғылымды мансұқтадық. Білім емес, диплом құнды болды. Білімдіден көкесі бар білімсіз озды. Инженер емес жиендер, дәрігер емес дәметкендер, заңгер емес зиянгер пайда болды.
Үлкенді сыйлаған халық едік. Ата-анасын кәпір санап бір дастарханда отырмайтын ұрпақ өсті. Бүгінде сақал саптайтын қариялар емес, жастар болды. Қазір сырт көз үшін сәл басылды, амал-айла ауыстырды.
Роллан Сейсенбаев ағамыз жетпістің маңайындағы бес ақсақалды жиырмадан енді асқан жеті жігіттің сабағаны туралы жазыпты. Әкеміздей болсаңдар қайтейік деп тұрып сабапты...

2
Қалай ойлайсыз, уағыздардың тасқыны, мешіттердің жиі, мұнарасының биік бола түсуі жалпы қылмыскерлердің, жемқорлардың, коррупционерлердің, педофилдердің санын неге азайтпай отыр?
Еуропа шіркеулері мешітке айналып жатыр деп шаттанамыз. Мұның артында не тұр. Соқыр ұстағанынан айрылмайды дейді. Бәлкім, бізді тағы да төте не, адасқақ жолға салып жіберіп, сырттан қызықтап қарап тұрғандар бар? Біз мешітте уағыз тыңдап отырғанда, олар баратын жеріне жетіп алмасына кім кепіл? Не нәрсенің де шегі бар. Мен дінге, оның ішінде ислам дініне қарсы үгіт айтып отырған жоқпын. Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың өзі намаз санын шектегенін еске алудамын. Күніне бір сағатын құлшылыққа арнайтын жұрт қалған 23 сағатта бос жатуға тиіс пе, әлде немен айналысса болады деп ойланудамын.
Ұстаздарды «чмо» қылып, санаттан шығарып тасталы қашан? Дәрігерлеріміздің түрі анау. Әлемдік пандемияны жеңе алмай отыр?
«Милиция – менің қорғаным» дейтін. Қазір полицияда бедел жоқ. Жалпы құқыққорғау органдарында бедел жоқ. Өйткені олар «парақор, жемқор, сыбайлас, надан, топас, қорқақ, сатқын, маскүнем» деген ақпарат жер-көкті жаулап алған.
Міне, осындай бағытта ойлай берсек, Қазақстанда, қазақта кәдеге жарайтын ешкім де, ештеме де қалмас!
Расында да, осының бәрінің артында жалпы қазақты, қазаққа тән дүниенің бәрін мансұқ ету, жаратпау, менсінбеу, тәрк ету жатыр. Оның музыкасы, әні мен күйі, өнері, салт-дәстүрі, үйі, тұрмысы, үлкені-кішісі, жалпы ел-жұрты, мемлекеті, полициясы, әскері, дәрігері, инженері, білімі мен ғылымы, өткені мен бүгіні – түгел жарамсыз деу, өзінен өзін жеріту саясаты әжептәуір табысты жүріп жатыр. Оған өзіміз де үлес қосудамыз. Әдейі емес. Кейде аузым бар, айтарым бар деп, кейде, шындықты шыңыраудан шығарамыз деп. Кейде ашумен, кейде айтақпен, әйтеуір, бүгін ауыз да, қалам да жақсылықтан гөрі жаманды теруге қалып алды. Көзіміз де солай көретін, құлағымыз да солай еститін болды.
Сондықтан да болар, сержант болсын, полковник болсын жағасынан алу, желкеден түйіп жіберу, нөпір болып, түн қараңғылығын пайдаланып, тепкіге алу айып емес, ерлік саналады.

3
Жезқазған полициясының бастығы мен қызметкерлері Сәтбаевқа түн ортасында еріккенен, қызық көрсек дегеннен емес, қызмет борышымен, ішкі жауапкерлік күшімен барды. Қылмыскерді ұстасты. Түрлі тәртіпсіздікті алдын алу үшін барды. Түн түнегі жамылып, анталаған, ақырған, шақырған топтың ортасына түсіп көріңіз. Сәл мүлт кетсеңіз тапталып қаласыз. Негізі олай болуға тиіс емес. Бірақ, қазір мүмкін. Және болып жатыр. Өйткені қоғамдағы рухани-иделогиялық ахуалды соған дайындап әкелдік. Сөз түсінбейтін, сабырға жоқ, үлкенге тоқтамайтын, әскер тезін көрмеген, тәртіптің не екенін білмейтін, әлди жыры мен ертегі тыңдамаған, әкесі – телефон, шешесі – тоңазытқыш буын, бірнеше буын өсті. Вотсап пен интернеттен көргеніне мәз.
Бұл шындық. Әлем сондай. Африка, Еуропа, Америка сондай. Тек Қазақстан емес. Біз қайта сақталып тұрмыз. Сол себепті бұл қалай болды деп уайымдап, талқылаудамыз деп өзімізді алдарқатуға болар. Шындығында, әлемдік геосаясаттың қозғаушы күштері бізді де аборигендік жаңа рөлге ыңғайлап жатқан жоқ па? Біздің өзіміз соған еш қарсыласпай, қайта дем беріп жатқан жоқпыз ба?
Халықпен біргеміз. Митингілетпесек те билікке іштей оппозициядамыз. Жалпы интеллигенция солай болуы керек. Бірақ, бұл сыңарезу болу дегенді білдірмейді. Биліктің дұрыс ісін дұрыс дейік. Көптің де қателесетіні болады. Оны да айта отырайық. Халық көптігімен халық емес. Даналығымен халық. Сабырымен халық. Көпірген көбік халық емес, тобыр.
Елді ойласақ, таразының басын тең ұстауымыз керек. Қазанды қайнатамыз деп, от сала беріп, пешті жарып, үйіміздің күлін көкке ұшырып алмайық!
4
Өткен күндері бірнеше полиция қызметкері соққыға жығылды. Қызмет көліктері өртелді, қиратылды, бүлінді. Қазақстанның бюджеті ондаған миллионға ортайды. Мұны істеген кім? Қай жау, қай дұшпан? Қай олигарх, қай коррупционер? Оны істеген отаншыл, ұлтшыл, намысты, қайратты, қарулы, спортшы, жігерлі, ұйымдаса білетін, тез жинала алатын, жапырып кете алатын өзіміздің жастар. Ақын Мағжан сенетін жастар! Бірақ біз жастардан осыны күтіп пе едік?
Әрине, түптің түбінде, бұған жеткізген, кінәлі олигархтар, коррупционерлер, Назарбаев, Тоқаев, Мамин, Үкімет, ІІМ, БжҒМ, депутаттар, Ким, Машкевич, Шодиев, Кұлыбаев және басқалар десем кейбір құлаққа жағатынын білем.
Бірақ, қандай істе болсын әркімнің өзінің жеке жауапкерлігі бар! Мұны білмейтін, не ұмытқан адамды кім деуге болады? Заңды білмеу жауапкерліктен құтқармайды.
Көліктерді өртеу, полицияны соққыға жығу елдегі коррупция мен қылмыстылықты жоймайды. Саяси реформаларды жақындатпайды.
Жезқазған полициясының бастығын танымаймын. Сол түні толқыған топ ортасында да жай сөйлеп тұрды. Кенеттен, арттан біреу арамза соққы жасады. Құлагерді соққан Батыраш-Қотыраштың ісін жасады. Солай қорқаулық жасауға көрер көзге еш себеп, еш ілік жоқ еді. Содан басталды. Бүгін мәлімдемесін тыңдадым. Сабырлы, жай сөйлейтін ұстамды, қиын жағдайдың өзінде борышынан бас тартпайтын, басқаның тасасына тығылмайтын адам екені көрінеді.
Қазақша сөйлемейді деп жатыр. Топ ортасында да сөзден тартынғаны содан болар. Бұл енді қазақы өңірге қазақша еркін білмейтін адамды қызметке қойған басшылардың қателігі. Екінші жағынан, қызынып алған жұрт сөз тыңдайтындай күйде тұрған жоқ еді. Көп ішінен шыққан сабырға шақырған үндер құмығып қалып жатты...
5
Адамдар бірін бірі ашық өлтіретін қан майдан соғыстың өзінің ережелері бар. Бейбіт халыққа зәбір көрсетуге болмайды. Қатыгездікке жол жоқ. Тұтқынды қинауға, жау жақтың әйелдерін зорлауға, талаушылықпен айналысуға болмайды. Мұны бұзғандарды әскери трибунал соттайды.
Ал бізде бейбіт заманда ережесіз соғыс жүруде. Өз ішімізде, өзіміздің мемлекетіміздің негізіне қарсы. Өз полициясына бағынбайтын елге сырттан күш кіргізіледі. Гуманитарлық көмек, бітімгерлік күш деп аталады. Екі қолын ысқылап осыны күтіп отырған жұрт аз емес.
Қалай ойлайсыз: «Бұлардың бастықтарын *ігу керек!» - деп ұран тастаған адам ертең сізді, басқаны аяй ма? Соның өзін полицияға қызметке алсын. Қаншаға шыдар екен? Қанша адамның обалына қалар екен? Ол өз қызметкерлерін, қызмет мүлкін, көліктерін барша жағдайда қорғай ала ма? Әлде, өзі бірінші болып қашып кете ме?
Орыс тіліндегі ақпарат, пост, комменттерді де зерделеп отырамын. Жалпы қазаққа деген құрмет азайып барады. Оған кінәлі өзіміз. Өйткені өзімізді өзіміз сыйламайтын болып кеттік. Ойлайтын сана мәңгіруде. Алла дейтін ауыз боқтықпен былғануда. Жасайтын қолдар қиратуда. Жететін аяқтар тепкілеуде. Қорғайтын азаматтар қорқаулық танытуда. Көш бастар жастарымыз жалдамалы жұмыста. Анда-санда бір бұрқ етіп, қақпақты көтеріп бі шығарып қояды. Бағыт-бағдары бұлдыр, жоспары шикі не жоқ, тактика мен стратегия мақұрым. Әйтеуір вайфай мен кола бар.

Болат Сыздықтың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320