Бекқожа Жылқыбекұлы. Орыс тілінен дәйексөз келтіру індеті
Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi тiл мәселесi бұқаралық ақпарат құралдарының күнтәртiбiне күңiрене iлiккен iрi мәселердiң бiрi болып келедi. Алайда, қазақ тiлiнің мемлекеттiк мәртебесiнiң жоғын жоқтап, барын түгендеп жатқан белдi- белдi мерзiмдi басылымдардың өзi әлi күнге дейін орыс тiлiмен шүлдірлеп сөйлеп келе жатқандығы жанымызға қатты батады. Мысалы: «Искренне признателен политбюро ЦК КПСС за принятие кардинальных мер по укреплению руководства компартии Казахстана...» («Қазақ әдебиетi» 2002-жыл. Ақпан 3-бетiне қараңыз). Бұл қазағым деп қайысып жүрген Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы Алматы бөлiмiнiң төрайымы‚ Оспанова апамыздың қазақ тiлiндегi сұхпатының орыс тiлдi дәйегi. Ал ұлтжанды ұлы ақынымыз Мұхтар Шаханов ағамыздың «Құлдық Сана формуласы немесе Шыңғысханды пiр тұтушылар әлегi» деген көлемдi мақаласында келтiрiлген: «Каждый воин, принимавший участие в осаде, должен был зарубить мечом от 300 до 400 человек...» деген сияқты орыс тiлiндегi дәйексөздерден аяқ алып жүре алмаймыз. («Қазақ әдебиетi» 2002 жыл. 5 қантар 5 бетке қараңыз). Дәл осындай мәңгүрттiк мәреге жеткен, асқынды ауруды Қуанбек Боқайовтың «Қазақ әдебиетiнде» жарияланған «Мегаполис Әзiмбай Ғалиды Геббельске теңедi. Не үшiн? » деген мақаласының тең жарымына жуық көлемiнен кездестiрiп те қатты қиналамыз.

Бұл індетті тек «Қазақ Әдебиетi» газетiнен ғана емес, басқа да мүйiзi қарағайдай, беделдi мерзiмдi басылымдардан да жиі-жиі кездестiремiз. Мысалы: «Егемен Қазақстан» газетiнiң 2002 жылғы 2 ақпан санындағы бiр мақаласында белдi ақынымыздың бiрi О. Тұржан апамыз: ұлы Пушкин қезiнде «Брака» деген кiшкентай мақаласында» «свадебные песни унылы, как вой похоронный» деп жазыпты деп қөрегендiгiн танытады. «Жас Алаш» газетiнiң 2002 жылғы 29 қантар саныңдағы «Атакенттегi әбестiк» атты мақала авторы: Неге екенiн бiлмеймiн ол « да, Я из деревни, Я мамбет». Поэтому спою про деревню» деп дүрс еткiздi деген дәйектi орыс тiлiнде көлденең тартады. Сондай-ақ «Жас Алаштың» 2002 жылғы 12 қаңтар санындағы К. Сәттiбайұлының «Жала» атты мақаласындағы дәйексөздер мен «Егемен Қазақстан» - ның 2002 жыл 5 ақпан санындағы Т. Жексенбайдың мақаласындағы кiтаптар мен энциклопедияның аттары бүлкiлдей орыс тiлiнде берiледi.
Тiптi, бұдан да сорақысы «мне сорок пять.» Все нормальные люди давно застрелились или хотя бы спились...» (Қазақ әдебиетi 2001жыл 7 қыркүйек санындағы Т. Жандаулеттiң әңгiмесiне қараңыз) деп, әнгiменiң шекесiне бадырайтып эпиграф қойып әңгiме, «Не надо мне коня в дорогу, несет меня в дорогу» («Қазақ әдебиетi» 2001 жыл. 3 тамыз санындағы А. Кемелбаеваның эссесiне қараңыз) деп, «Я помню чудные мгновения» ( 2001ж. Елорда баспасынан шыққан «Көзмоншақ» жыр жинағының 21 бетiне қараңыз. Авторы Б. Айтболатұлы) немесе «Я по вас...соскучилась...» (2001 жылы Сөздiк- Словарь баспасынан шыққан «Сарыалақаз-сағыныш" атты жыр кiтабының 69 бетiне қараңыз. Авторы К. Құныпия) деп өлең жазатындығымыз өз ана тiлiмiздi аяқ асты етiп, корлаудан басқа ешнарсе емес екендiгi белгілі.
Күллi дүниедегi барлық қандастарымыз қазақ елiнiң қара шаңырағы астына малдас құрып, ұлтжандылыққа бет бұра бастаған дәл осындай кезеңде, егер Моңғолиядан келген қазақ зиялылары өздерiнiң зерттеу еңбектерiнде моңғол тiлiнде дәйексөз, ал Қытайдан келгендерi қытай тiлiнде дәйек, Ираннан оралғандары парсы тілінде сөздәйек алып, шығармашылықпен шұғылданатын болса, онда «алды - алдына би болған өңкей қиқымның» көкесi сонда болар едi. Бiрақ, шетелден оралған қандас зиялыларымыздың бұл құлдық санадағы індеттен дiн аман екендiгi бәрiмiзге белгiлi. Оның керiсiнше, «Қазақ тарихын бiлмейтiн адам Қазақ тарихын қалай жазып жүр» (Қазақ әдебиетi) атты үштен бiрiне жуығы орыс тiлдi дәйексөздермен көмкерiлген мақаланы жазған белгiлi ақынымыз бен «Аягөзге Достоевскийден келген хатты» (Егемен Қазақстан) жазған жонды журналисiмiз сияқты азаматтарымыздың мақалалары ана тiлiмiздiң асқақ та ауқымды байлығын оты сөнiп, ойсырай бастаған орыс тiлiнен әлi күнге дейiн ұялмай-қызармай iздеп келе жатқандығы күлкiлi әрi өте қауіпті қадам екендiгiн ерекше ескеруiмiз керек.
Қысқасы, ешбiр ұлт тiлiне аударуға ғасырлар бойы тыйым салынып келген қасиеттi «Құран Қәрiмнiң» азулы аяттары қазақ тiлiне аударылып, оның рухани күш-қуаты жан дiлiмiзге бiртабан жақындап жаткан бүгiнгi күнде құлдық санадан әлі күнге дейін құтыла алмаған зерттеуші, ақын-жазушылардың қазақ тiлiндегi мақала зерттеулерiнде және шығармаларында келтiрiлген дәйексөздерi орыс тiлiндегi түп нұсқасы бойынша аудармасыз берiлiп жүр. Сонда ол дәйек пен дәйексөздердің қасиеттi «Құран Қәрiмнiң» аяттарынан да құдіреттi болғаны ма? Сонда мұндай солақай, көрсоқырлыққа айналған, тiл шұбарлығын келтiрiп шығаратын алапат індетке кiм кiнәлі? Өкiмет пе, әлде мерзiмдi басылымдардың бас редакторлары ма? Жоқ мақала авторлары кiнәлi ма? Бұл өзектi түйiндi шешуге қиыт етсе парламентке жүгiнетiн «Парасаттылығымыздан» емес, қайта қазақтық ар-ұжданымызды ту етiп көкке көтерiп келе жатқан Мәдениет және ақпарат саласын меңгеріп отырған министрлiгiмiзден жағымды жаңалық естуге асыққанымыз жөн болар.
Ескерту:
Бұл 2003 жыл жазылған мақала еді. Ешбір баспасөз жарияламай қойғандықтан, сіздерге ұсынып отырмын.
«Абай-ақпарат»