Жұма, 22 Қараша 2024
Жанайқай 8837 15 пікір 31 Шілде, 2020 сағат 13:24

Қандастардың көмек беруіне не кедергі, министр мырза?

Коронавирус індеті елде өршіп тұрғанын білесіздер. Құзырлы министрліктер, елге есеп қылып, ақпарат тарату үшін ашқан «сoronavirus2020.kz» сайтының бүгінгі, 31 шілдедегі дерегіне қарасақ, елде індет жұқтырғандары саны – 89 078 адам. Ал осы індеттен көз жұмғандар саны – 793 адам. Жазылып шыққандары – 59 517 адам.

Қазақстандағы коронавирус статистикасы

Ай басында Ақорда жақта ақ жағалылардың кезекті жиыны өтіп, Президенттен пәрмен түсіп, Үкіметке елдегі эпидемиологиялық ахуалды реттеуге 2 апта уақыт берілгені белгілі. Міне, сол жиыннан тұп-тура 10 күн өтті дегенде, жағдайдың тұрақтала бастағаны туралы ресми ақпарат тарады. Статистика өзгерді. Індеттің беті қайта бастағаны айтылды. Тіпті, Денсаулық сақтау минстрі Алексей Цой Үкімет басшысына карантинді алып тастауға болатынын айтты. Алайда, президент Тоқаев карантинді тағы 2 аптаға созуға, осы екі аптаның ішінде енгізілген шектеулерді біртіндеп алуға тапсырма берді.

Десе де, бұл – індет толық жойылды деген сөз емес. Күн сайын індет жұқтырғандары саны жүз-жүздеп есептеліп жатыр. Өткен тәулікте (30 шілдедегі дерек) Қазақстанда 1414 адам індет жұқтырыпты.

Күн сайын, тіпті сағат сайын дүниежүзіндегі статистиканы есептеп отырған «worldometers.info» сайтының дерегінше, Қазақстан коронавирус көрсеткіші бойынша әлемде 27 орында тұр екен. ТМД елдері ішінде, бұрынғы пост-кеңестік елдер арасында Ресейден кейінгі 2 орында. Тіпті, осы індеттің таралуы ошағы болған, 1,4 миллиард адамы бар Қытай 29 орында. Ондағы індет жұқтырғандардың саны – 84 мыңнан сәл асқан.

Осы деректердің өзі де елдегі эпидемиологиялық ахуалдың әлі толық реттеліп бітпегенін білдірсе керек-ті. Айтпағымыз ол да емес.

Еуропадағы қазақтар Елшіліктің жұмысына наразы

Індет өршіп, ел дәрі-дәрмек таппай, дәріханалар мен қара базарларға сабылып, әуре-сарсаң әлекке түскенде елге керек, елдің еміне керек дәрі-дәрмектерді қоймаға тығып қойып, тапшылықты қолдан жасап, сол арқылы ондаған адамның өліміне себепші болған «СҚ-Фармацияның» қылмысын ел ұмыта қойған жоқ. Бұл бассыздық туралы ақпар президент Тоқаевқа жетіп, ақыры компанияның басшыларын ауыстырып, ескі басшыларды тергеуге алған еді. Елдің ашуы басылмай жатып, тағы бір масқара жайыттың беті ашылды.

Кеше Германиядағы Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы, қоғам қайраткері Өмірхан Алтын әлеуметтік желіде бейне үндеу жариялады.

Мәселе мынадай: Өмірхан Алтынның ұйымдастыруымен, Еуропада тұратын қазақ диаспорасы Қазақстандағы коронавирус індетімен күреске қол ұшын созып, көмек беру мақсатында азды-кем ақша жиыпты. Жиналған қаржыға дәрі-дәрмек пен медициналық заттар сатып алынған. 2020 жылдың 19 шілдесі күні бірнеше қорап дәрі-дәрмек пен меджабдықтарды Германиядағы Қазақстанның Бас консулдығына апарып табыстаған. Алыстағы ағайынның азын-аулақ көмегін елге Елшілік жеткізіп беруі тиіс екен. Алайда, арада 2 аптаға жуық уақыт өтсе де, консулдықтағы қораптар тұрған орнынан қозғалмапты.

Елші де, Консул да дәл қазір демалыста жүрген көрінеді. Ал Еуропа қазақтар қауымдастығының Қазақстанға деп жолдаған гуманитарлық көмегі консулдықтың ғимаратында қаңтарылып тұрған орнында тұрған екен. Бұған ашуланған Өмірхан Алтын: «Бізге жау сырттан келмейді, біздің жауымыз өзіміздің қансыз қазақтар екен!», - дейді ашынып.

Оның айтуынша бұл келеңсіздікке әуелі Сыртқы істер министрлігі, Елшілік пен Денсаулық сақтау министрлігі де кінәлі көрінеді. «Елшілікке, консулдық пен министрлікке жұмыс істей алатын адамдарды әкеліңіз» деп, дат айтқан Өмірхан Алтын бұл бассыздыққа жауаптылардың отставкаға кетуін талап етіпті.

Әлемдегі қандастар көмек жіберейін десе, бұған не кедергі?

Сұхбат. Өмірхан Алтын - Қазақстан және әлемдегі соңғы жаңалықтар

Өмірхан Алтын:

- Мен - Еуропа қазақтар форумының төрағасы Өмірхан Алтын, Германияның Бавария өлкесінің орталығындағы Мюнхен қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығы алдында сіздерге бір жайтты түсіндіруге тырыспақпын.

Осыдан біраз уақыт бұрын атамекен Қазақстандағы бауырларымыздың covid-19 деген қытайдың сұм вирусы салдарынан қырылып жатқанын көріп, осындағы ағайындар бас қосып, көмек жіберейік деп, біраз ақша жинадық. Ағайын-туыстарға ем болсын деп ниеттендік. Білеміз ғой, біздің алған 4-5 жәшік дәрі-дәрмегіміз қайбір жыртықтарын жамасын... Бірақ сонда да көңіл білдірейік деп, ағайындардың ақшасына дәрі-дәрмек, «аспирин 100», «парацетомол», қолғаптар мен медициналық маскалар алдық.

Осы айдың 19-ы күні бұл жәшіктерді осы жерге әкеліп тапсырдық.  Ал осыдан бір-екі күн бұрын осы жерде істейтін жігіттер: «Аға сіздердің жүктеріңіз әлі кеткен жоқ, тұр», дейді. 19-ында әкелген жүктеріміз міне, 30-ы болды, әлі тұрған орнында тұр екен. Бұл жағдайға не деуге болады? Мен бүгін сол жәшіктерді қайта алып, амалсыз өзім жіберейін деп тұрмын. Ол жақта ағайындар індеттен қырылып жатқанда, бүкіл әлемдегі қандастар көмек жіберейін десе, бұған не кедергі?

Мына жақтағы жігіттер айтады, бұған жауапты бірінші – осындағы Бас консул, сосын Берлиндегі Елші, Елшінің үстінен қарайтын Астанадағы Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі екен.

4-5 жәшік дәріні елге жіберу қолдарынан келмейді

Ағайындар-ау, біздің кішкенеде болса көмегіміз деп,  жинаған дәрі-дәрмегіміз 19-ынан бері осы үйде жылжымай тұрған. Кейбір опасыздар, жемқорлар бұған пысқырып та қараған жоқ. Олар тек өздерінің жеке бастарының мүддесін ойлап, жауапкершілікті ешкім алғысы келмейді. Бізден жүз емес, мың пайыз кепілдік сұрап отыр. Дәрілердің қағаздары, зауыттың қағаздары, шоты т.б. барлығы бар. Бірақ, соған қарамастан, 19-ынан бері 4-5 жәшік дәріні елге жіберуге пәрмендері жоқ. Қолдарынан келмейді.

Мен осы үшін де үлкен кәсіпкерлерге хабарласып, сұрадым. Олар: «Ей, қарақтарым, сендердің естерің дұрыс па? Бұл -  гуманитарлық көмек. Бұлардың ешбіріне қағаз сұрамауы керек. Мысалы індет жайлаған осындай кезде белгілі бір көмектерге барлық кедергілерді, шектеулерді алып тастап, кіргізуі керек қой», дейді. Мына «аспирин» Германияда өндірілген. "Маған зауыттың тұпнұсқасын алып кел", - дейді. Мен бір, миллион долларлық жұмыс істеп жүрген адам сияқты... Осы қасиетті Арапа күнінде мына масқараны суреттейтін сөз таба алмай, жүрегім ауырып, ызыланып тұрмын.

Негізі бұл – кішкене бір көмек. Бірақ, мына жағдай Қазақстандағы шикіліктің, жағдайдың адамгершіліктен кетіп қалғандығының көрсеткіші болып тұр. Бізге қастандық қылып жатқан ешкім де емес, өзіміздің қансыз қазақтар екен, айналып келгенде.

Жұмыс істей алмайтындарды қызметінен алыңыз!

Өткенде 100 тонна жасанды дәрі ұсталды деп жатыр. Оны жасағандар қайда? Жоқ! 7 миллион маска ұсталды деді. Олар қайда? Олар қайтіп кіріп жатыр? Біздің 4-5 жәшік дәріміз міне, екі жеті болды, атамекен Қазақстанға жетпей тұр.

Мен бұл жерде бір нәрсені талап етемін. Аса құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! Негізі президент ретінде осының барлығына Сіз жауапкерсіз! Жауапкер адам ретінде Сізден сұрарым: Бірінші, дәл осындай қыиын-қыстау кезеңде 4-5 жәшік дәріні Қазақстанға жеткізе алмаған, қазір демалыста жүрген Мюнхендегі Бас консулды, Берлиндегі Елшіні, Елшіден жоғары Сыртқы істер министрлігін, жігіттердің айтуынша, бұған Денсаулық сақтау министрлігіндегі азаматтардың да қатысы бар екен, ендеше оларды да дереу қызметінен алыңыз! Орнынана жұмысты білетін, жауапкершіліктен қорықпайтын, ұлттық ар-намысы бар адамдарды әкеліңіз! 

Қадірлі бауырлар, мынадай қиын-қыстау кезде сақ болыңыздар! Аман болыңыздар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қорықпайық. Өз құқығымызды өзіміз талап етуді білейік!

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321