Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2506 0 пікір 6 Желтоқсан, 2011 сағат 10:17

Президент Роза ОТЫНБАЕВА: «ВЕЛОСИПЕДПЕН ЖҮРГЕНГЕ ДЕ МАҚҰЛМЫН»

Биылғы 1 желтоқсан елеулi күндер қатарында қырғыз жылнамасына кiрерi сөзсiз. Елдiң жаңа тарихында президенттiк билiк бiрiншi рет бейбiт түрде бiр қолдан екiншiсiне өтпекшi. Әйтсе де, жаңа президенттiң iске кiрiсуiнiң салтанатты рәсiмi қалың көпшiлiктi онша қызықтырып отырған жоқ.
Үш президенттің таққа отыру жоралғысын көріп еті үйреніп қалған ел өздерінің күнделікті әрекетімен әлек. Бірақ билікті көздеген саяси күштердің талас-тартысы шырқау шегіне жетті. Жоғарғы Кеңештің бір топ депутаттарының өздерінің төрағасы Ахметбек Келдібековтi парламент мінберінен ашықтан-ашық сынға алуы соның бір көрінісі іспетті. Олардың сөзіне қарағанда, Ахметбек Келдібекұлы қызметін асыра пайдаланып, мемлекет қазынасын ысырапқа ұшыратқан. Спикер болса, кейбір кемшіліктердің орын алғанын мойындап, бір айдан бері кейбір саясатшылар оны жаманатты қылу үшін барлық айла-амалдарын істеп жатқанын мәлімдеді. Сыншылардың Жоғарғы Кеңештің қызметкерлеріне берілетін кеңсе тауарларын, төрағаның брондалған көлігінің дөңгелектерін сатып алуға қанша ақша кеткен қазбалағанына қарағанда спикердің сөзінің жаны бар. Әйткенмен, спикердің қоғамдық кеңесшілерінің өз көліктеріне мемлекеттік KG нөмірін тағынып тайраңдап жүргені, Жоғарғы Кеңеште істеген хатшы-референттердің 18 мың сом айлық алғаны елдің ызасын тудырғаны анық. Өйткені бюджет қызметкерлерінің (олардың қатарында жоғары квалификациялы дәрігерлер, мұғалімдер бар) орташа айлығы 7 мың сомға жетпей отыр.
Президент Роза Отынбаева өткен аптада АҚШ-қа барған сапарынан оралған соң-ақ, оған «қым-қуыт» күндер басталып кетті. Күн сайын 3-4 іс-шараға қатысумен болды. Министрліктер, мекемелер және жоғарғы оқу орындары «маңызды» сылтауларды тауып, Президентке ризашылығын білдіріп жатты. Қорғаныс министрлігі мекемелік «Еңбек сіңіргені үшін» медалiн тапсырса, Ж. Баласағұн атындағы ұлттық университет ардақты профессор дәрежесін тартулады. 29 қарашада Роза Отынбаева Президент қатары журналистермен ақырғы кездесуін өткізіп, БАҚ-тардың өкілдеріне «есеп» берді. Роза Исақовна өзі мемлекет басшысы болып тұрғандағы Қырғызстанның ең үлкен жетістігі- өлкенің парламенттік басқаруға өтіп алғандығы екендігін айтты. Өкініштісі - сот реформаларын аяғына шығара алмай қалған. Алдағы іс жоспары бойынша ол «білім беру, мәдениет, әлеуметтік және сыртқы байланыстар салаларында көп нәрселерді жасай алатынын» айтып, бұл бағытта қайрымдылық қорын ашуға ниеттеніп жатқанын мәлімдеді. Өзіне «экс-президент» арнайы статусын ұйғарып, оған сәйкес, тыныш, тау бөктеріндегі ауасы таза президенттік резиденцияның аумағынан үй, мінгенге көлік берсе қуана тұрғандығын, егер көлік берілмей қалса, машина айдай алмайтындығынан, өзі жақсы көретін велосипедпен-ақ қалаға қатынап тұруға мақұл екенін білдірді. Айта кетсек, Асқар Ақаевке және Құрманбек Бакиевке «экс-президент» статусы берілген емес.
30 қарашада Президент Роза Отынбаева Жоғарғы Кеңештің жиналысына қатысып, Қырғызстан халқына үндеу жасады. Мемлекет басшысы өлкеде өзі басқарған 1 жыл 8 ай мерзімдегі жағдайға баға беріп, республиканың өсіп-өркендеуі үшін елді ынтымақта болуға шақырды.
1 желтоқсанда өтетін президенттік инаугурацияға бұл жолы Қазақстаннан - премьер-министр Кәрім Мәсімов келмекші. Түркиядан Президент Абдуллах Гүл, Грузиядан Президент Михаил Саакашвили, сондай-ақ, шет өлкелерден басқа да жоғарғы дәрежелі меймандар шақырылған.
30 қарашада Премьер-министр отставкаға шықты. Бұл күннен бастап министрлер каби­нетінің мүшелері қызметтерін уақытша атқара бастады. Бір-екі күннен кейін жаңа Президент - Алмазбек Атамбаев Жоғарғы Кеңештегі бес партияның біреуінің жетекшісіне парламентте көпшіліктің коалициясын құрып, жаңа үкіметті жасақтауға тапсырма береді. Негізі, жаңа коалицияны құрмай-ақ, бұрынғыша кете берсе де болар еді. Бірақ парламенттің ішіндегі талас-тартыстар осыған мәжбүрлейді. Егер А. Атамбаев коалиция құруды «Ата Жұрт» партиясына тапсырса, осы партияның мүшесі - қазіргі төраға Ахматбек Келдібековтің қызметінде қалуына көбірек мүмкіншілік туады. Бұрын көпшіліктің коалициясына үш партия біріккен. Бұл жолы оған төрт партия кіріп қалуы мүмкін. Өлкенің Конституциясы бойынша, барлық партия бір коалицияға біріге алмайды. Өйткені парламенттің «денсаулығын» күнде тексеріп тұратын бір оппозицияшыл «санитар» партия керек.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, «Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404