Дәулет Тұрсынқұлов. БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ БЕЙНЕСІ ҚАНДАЙ?
Әл-Фараби бабамыз: «Кез-келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара» деген екен. Ендеше, Қазақстан жастарының әлеуметтік бет-бейнесі қандай? Қазіргі жаһандану жағдайында түрлі әлемдік мәдени процестер Қазақстан жастарына қалай әсер етіп жатыр? Осы мәселелер бойынша ой өрбітсек.
39257 отбасы ажырасқан
Әл-Фараби бабамыз: «Кез-келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара» деген екен. Ендеше, Қазақстан жастарының әлеуметтік бет-бейнесі қандай? Қазіргі жаһандану жағдайында түрлі әлемдік мәдени процестер Қазақстан жастарына қалай әсер етіп жатыр? Осы мәселелер бойынша ой өрбітсек.
39257 отбасы ажырасқан
"Жас Отан" жастар қанатының 2008-2011 жылдарға арналған іс жоспарында еліміздің үлкен әлеуетін құрап отырған, Қазақстандағы 14 пен 29-ға дейінгі жастардың саны 4 569 885 адам деп көрсетілген. Бұл еліміздің 30%-ын құрап отыр. Сонымен қатар, мемлекетіміздің үлкен қолдауымен ауыл жастарының білім алу мақсатында қалаға қарай ағылуы, жастар белсенділігінің артуы да қуантарлық жағдай болғанымен, олардын көпшілігі қоғамда лайықты орындарын тауып жатқан жоқ. Мәселеге кеңінен тоқталсақ. Қазіргі жаһандану «модерн» мен «постмодерн» түрлі мәдени модельдерін ұсынуда. Жастарда қазіргі ұлттық идентификация әлсіреп, өзін осы мәдени стильдерге жатқызып, өз бейнесін содан көріп, ризашылық табуы басым. Ондай стильдер қазір «скинхедтар», «рокерлер», «хиппилер», «байкерлер», «металлистер», «криминалитет» т.б. маргинал топтардың тізімі болып кете береді. Жаһанданудың мұндай мәдени модельдері жастардың салауатты әлеуметтік белсенділіктерін (білім алу, еңбекке құштарлық, отбасының құндылығы, жұбайылық адалдық, бала сүю, тәрбиелеу) төмендетіп, жаппай әлуметтік-психологиялық проблемаларға (нашақорлық, маскүнемдік, ажырасу, еңбекке, кәсіпке құштарлықтың жойылуы) батырып барады. Оқу оқып жүрген жастардың басым көпшілігі, қазіргідей қымбатшылық заманда оқудың, пәтердің ақшасын төлеу керек деп, біреуі «охран», енді біреуі ресторанда официант, базарда арба итеріп, күнелтіп жүр. Ал енді мұндай жұмыстарды ауырсынып, күн көрудің оңай жолын іздегендер әр түрлі қылмыстық әрекеттерге барып жүр. Неге жағдай осынша күрделенді?
Мемлекетіміздің болашағына кері әсер ететін ауқымды проблемалар мыналар:
- Еліміздің демографиялық саясатының ақсауы;
- Жастардың наша, темекі, араққа үйір болуы;
- Жастар арасындағы қылмыстың көбеюі;
- Жастардың әр түрлі діни, идеологиялық ағымдардың жетегінде кетуі.
Сөзіміз дәлелді болу үшін статистикаға жүгінсек. Мәжіліс депутаты Ирак Елекеевтің айтуына қарағанда елімізде жыл сайын 300 мың жасанды түсік жасалады екен. Ол - бүкіл туу көрсеткішінің 80 пайызы.(http://i-news.kz/news/ 30.06.10).
Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Cалтанат Байқошқарова былай дейді: "Құрылған отбасылардың (әйелдердің) бала тууының орташа көрсеткіші - 30 жас. Статистика отбасын құрған жандардың өзі балалы болуға асықпайтындығын көрсетіп отыр. Бұл - өте жағымсыз көрсеткіш. Себебі, әйелдердің физиологиялық құрылымын ескерсек, 18-25 жас аралығы - бала көтеруге ең ыңғайлы шақ. Ал 30 жастан кейінгі аналардың бала туу мүмкіншілігі азайып, дені сау баланы дүниеге әкелуі қиындай түседі"( http://www.zhardem.kz/ 30.06.10)
ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, 2007 жылы 146 мың 380 неке тіркеліп, тура бір жылдан соң 36 мың 108 отбасы ажырасап кеткен. Яғни шыңырақ құрғандардың 25%-ы. Ал өткен 2010 жылы 140 386 неке тіркеліп бір жыл өтер-өтпестен оның 28%-ы, яғни 39 257 отбасы ажырасқан.
Қарабайыр "бұқаралық мәдениет"
Әлем бойынша бір күнде 15 миллиард темекі шегіледі екен. Егер осы бір күнде шегілетін темекілерді қатарынан тізіп қоятын болсақ ел шекарасын айналдырып шығуға болады. Қарағанды облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметі бойынша, Қазақстанда темекі шегушілердің пайыздық көрсеткіші бүкіл халықтың 28%-ын құрайды. Жылына осы темекіден 25 мың адам өледі. Осы орталықтың мәліметтері бойынша Қазақсатанда 29 жасқа дейінгі азаматтардың 74%-ы алкогольдік ішімдіктерді пайдаланады, яғни 3 381 715 адам. А.Молдабаев www.centrasia.ru сайтында жарияланған "Афганские наркотики на "северном маршруте" атты мақаласында қазіргі таңда Қазақстандағы наркомандардың саны 100 мың екенін айтады. Ал кейбір халықаралық ұйымдардың ресми емес мәліметтерінше, Қазақстандағы нашақорлыққа ұрынғандардың саны 300 мыңнан асады екен. Олардың басым көпшілігі жастар (http://www.centrasia.ru/ 01.07.10).
ҚР Статистика агенттігінің ақпараты сүйенсек, 2008 жылы 127 478 қылмыс тіркеліп, оның ішінде 5 769 жасөспірім тіркелген. 2009 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының "Егемен Қазақстан" газетімен бірігіп ұйымдастырған дөңгелек үстелінде Батыс Қазақстан облысының прокуроры Қазақстан бойынша жасөспірімдердің қылмысының өршіп бара жатқандығын айтқан (http://www.egemen.kz/01.07.10).
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде экономикалық, саяси, мәдени дамып жатқанда жастардың дәл осындай немкеттіліктің шылауында кетуі алаңдатады. Әсіресе, бұл енжарлық мәдени дамуымызға тектілік пен талғамның, саралау мен сараптаудың әлсіреуіне соқтырып отыр. Сондықтан бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық мемлекеттің іргесін нығайту мен мәдени құндылықтарымызды сақтап қалу өте өзекті проблемаға айналды. Мемлекетіміздің қоғамдық-саяси дамуындағы мәдени бей-жайлық төмендегідей келеңсіз, зиянкес процестерді тудырды:
- елде жаппай қарабайыр «бұқаралық мәдениеттің» таралуы;
- жастар мен жас өспірімдердің мәдени талғамсыздығы ;
- байырғы ұлт қазақ халқының мәдени мұралары мен құндылықтарын, тілін қажетсінбеу;
- шығармашылық өнерінің сұранысқа ие болмауы;
- кәсібилік өнерден әуесқойлық өнердің басым түсуі, т.б.
Бүгінгі жаһандану уақытында жастарды осындай рухани азғындаудан шығатын жолдарды қарастыру - күн тәртібіне шығып отырған күрделі мәселелердің бірі.
Адамгершілік "витамині" жетіспейді
Біздегі балалар мен жас жеткіншектердің интелектуалдық өресі өздерінің жас деңгейінен асып түсіп «әлеуметтік бәсеке» жолында өз балаларын жекеменшік арнаулы мектептерге орналастыруға ұмтылуда. Әлбетте, балалар, жастар жан-жақты, мол мағлұматты болып жетіліп келеді, бұл арада адамзат баласы білімпаз болып отыр, білім беру жүйесі нығайып, кең қанат жайды, ақпарат көлемі ұлғайды. Демек, бұл факторларды назардан тыс қалдырмағанымыз мақұл. Солай бола тұрғанымен, тәрбие ісінде мына мәселерге мән берілмей барады: жақсылыққа сүйеніп, жамандыққа күйене білу; қайғыны бөлісе білу; қайрымдылық, қарапайымдылық; үлкенді сыйлап, кішіге ізетпенен қарау; мейірбандық сияқты кісілік, адамгершілік қасиеттерді баланың тал бойына егіп, санасына сіңіруге жоқпыз. Соның нәтижесінде өмірде күтпеген тосын жағдайлар - парадокстар алдымыздан орағытып өтеді. Балалар қаршадайынан шетелше бұлбұлша сайрайды, бірақ ана тіліне шорқақ немесе білмегеннен бетімен жер басады. Ал тілін білгендер ділге жоқ. Яғни адамгершілік «витамині» жетіспейді. Осындай жағдайда ұлттық мәдени бет-бейнемізді сақтап қалумен қатар, оны дамытудың стратегиялық маңыздылығы мен болашақ үшін атқаратын қызметін күшейту мемлекеттік деңгейдегі проблема деуге болады. Жастардың жаһандану жағдайында өздерінің ұлттық болмысын жоғалтпау үшін басты қағида: ұлттық болмысымызды, төл мәдени мұраларымыз бен дәстүрлерімізді сақтау және мәдени құндылықтарымызды жетілдіре отырып, жаһанданудың жаппай бірегейленуіне қарсы тұру. Бұл үшін әуелі екі міндетті жүзеге асыруға тиіспіз деп ойлаймын:
1. Ұлттық мәдени ерекшелігімізді сақтаудың ауқымды тұжырымдамасын жасау;
2. Мәдени жаһандасу үрдісінде сақтықпен қимылдау, мәдени қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заңдар қабылдау.
Қазіргі Қазақстан жалпы алғанда көпконфессионалды елдер қатарына жатады. Кейбір деректер бойынша, 1989ж. 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестіктер болса, 2008 ж. Қазақстанның аумағында 46 конфессияға тиесілі 4000-нан аса діни бірлестіктер жұмыс істеген. Олардың арасында 2337 исламдық, Қазақстанның аумағында православтық шіркеуге жататын 281 діни бірлестік (олардың 230 Опш), 7 старообрядтық шіркеу, римдік-католиктік шіркеуінің 82 бірлестігі, 1189 протестанттық бірлестіктері жұмыс істейді екен.
Батыстың болашақты болжағыш футурологтары П. Бьюкенен, Э. Тоффлер, С.Хантингтон сияқты ғалымдары ХХІ ғасырды ақпараттық, идеологиялық күрестің ғасыры ретінде айтып отыр. Бұған жол бермеу үшін тең дәрежеде діни сауаттылық, саяси мәдениет пен саяси сананы қалыптастыру, жалпы алғанда, мәдениет пен білімділік деңгейін көтеру қажет.
Дәулет Тұрсынқұлов,
Алматы
«Үш қиян» газеті