Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3672 8 пікір 3 Тамыз, 2020 сағат 15:15

Демократияны көрген қазақтар және аңсайтын қазақтар

Дала демократиясына не ықпал етті? Хан неге халқының сөз айту құқығына рұқсат етті? Неге халық қаласа хан түйесін сойды?

2015 жылдан бастап тарихи кітаптарға қызыға бастадым. Ал кейін тарих мамандығы бойынша магистратураға түсуіммен бұл қызығушылық күшейе түсті. Ежелгі тарих, көшпенділер өркениеті мен патшалықтар дәуірі мен үшін қызық.

Бүгінгі таңда біз демократия жайлы көп айтамыз. Ал саясаттануда оны Ежелгі Грекиядан бастап тарқатуға тырысамыз. Еуропалық демократияны санаға сіңірген көптеген жастар, басқа халықтарда бұл құбылыс болмаған деп ойлайды. Өйткені сана тек гректің демократиясын, ондағы халықтық жиналыстардағы пікірсайыстарды қабылдап үйренген. Бірақ көшпенділер өркениетін оқи отырып, дала демократиясының гүлденген кезеңі нағыз бізде болғанына көзім жетті.

Арысы ғұн, ортасы Алтын Орда дәуірін айтпағанда, XV ғасырдың өзінде халықтың сөзі сөз болыпты. Сонда халыққа демократияны алып берген бір ғана құбылыс ол көшіп кету құқығының болуында еді. Көшіп кету. Орысша айтсақ откочевка. Ханның билігі ұнамай ма, жүргізген саясаты оң емес па, халықтың ойын ескермей ма, онда ру ол ханның билігінен бас тартып, көшіп кеткен. Жер кең, ал көшу дағдыға айналған. Сол себепті де хандар халқының ішінде өз жұртымен бірге болуға мәжбүр болған. Көршілес халықтарға шабуыл жасап, қалаларды басып алса да, хандар онда өз адамдарын билікке қойып, өзі бас қосынын далаға тіккен. Көп жағдайда. Неге? Жауап біреу. Қалаға көшкен хан, даладағы халқымен байланысты біртіндеп үзіп, халқы оған қолды бір сілтеп, көшіп кетер еді. Хан сол үрдістен өлердей қорықты. Қорықпасқа болмас еді. Халқы жау шапқанда әскер, бейбіт күнде қолдау болды.

Қасым хан Қазақ Ордасын кеңейткен ұлы қолбасшылардың бірі болды. Бірде Қасым хан моғол ханына былай деп хат жазады. "Біз кең даланың халқымыз. Бізде таңсық та, қымбат та заттар жоқ. Біздің басты байлығымыз жылқы. Мінсек көлік, жесек тағам, ал қуат берер қымызы бал татиды. Біздің жерімізде әсем бақтар мен зәулім сарайлар жоқ. Біздің ләззат алар жеріміз жайылым мен ондағы үйір-үйір жылқылар. Біз онда өмірдің ләззатын алуға барамыз. Сарайда біз ұзақ отыра алмаймыз, сарай жанымызды қысады, кең далада еркінбіз". Бұл хаттан көп дүниені аңғарса болады. Ол далада, яғни даладағы көшпенді халқының жанында болған сәтте ғана өзін толық еркіндікте және хан ретінде сезіне алатын. Міне, осы принципті нағыз "естуші мемлекет" десе болады. Я сен халқыңмен біргесің, оның күнделікті тіршілігін көріп, мұңын тыңдап, ол ішкен судан ішіп, ол жеген тағамды жейсің, я сен алтын сарайда отырғанда халқың сенен бас тартып, көшіп кетеді. Менің ойымша нағыз дала демократиясы деген осы. Хан халқын таңдамайды, қай ханға бағынарын көшпенді халық өзі таңдады.

Ал көшіп кету құқығынан басқа ханға қараша кіріп, датын айта алу, нағыз плюрализмды ту ету ғой.

Мысалы Тахир, Бұйдаш, Тоғым хандар дәуірінде біраз көшпелі қазақ оларды мойындамай, саясатын ұнатпай көшіп кетті. Ал олардан кейін Хақназар келгенде, керісінше оның мықтылығын көріп, қайта көшіп келді. Демократия.

Әрине қазір дәуір басқа, заман бөлек. Бұлай өмір сүру мүмкін емес. Бірақ демократия деген біздің ұлтқа таңсық деуге келмес. Айтпағым осы. Бабаларымыз демократияны көрген қазақтар болса, ал ұрпақтары мына біз демократияны аңсайтын қазақтармыз. Күндердің бір күні демократияның иісі жусан иісімен қатар аңқыған ХV ғасырдағы қазақ даласындай, плюрализмді сыйлап, азаматтық қоғамды ту еткен құндылықтар Ұлы далаға қайта келеріне сенемін. Үміт үзбеймін. Ойыммен келіспеуге құқылысыз.

Асхат Қасенғалидің әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371