Путин қандай «тосын сый» жасамақшы?
Әлем назары тағыда «Мәскеу мен Минск» арасындағы текетіреске ауды. Осы мәселеге қатысты CNBC медиабасылымында Фредерик Кемпидің (Frederick Kempe) «Көзіңді ашып, Путиннің тамыздағы тосын сыйына зер сал» атты мақаласы жарық көрді.
Фредерик Кемпи бұған дейін «The Wall Street Journal»-да шетелдік тілші болып 25 жылдан астам еңбек еткен. Атлантикалық кеңестің әм президенті, әм бас директоры, АҚШ «ой тамызық» орталықтарының жаһандық мәселелер бойынша беделді сарапшысы.
Біз Кемпидің жоғарыдағы мақаласын «Abai.kz» оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.
Фредерик Кемпидің мақаласы:
«Америка-Қытай» арасындағы көрігі қыза түскен алауыздық жұрт назарын өзіне аудартқанымен, бәрібір осы жаздағы Батыс үшін тосын сый Ресейдегі Владимир Путин тарапынан болады.
Себебі биыл 21-жылға аяқ басқан Путин басқаруындағы Ресейдің халықаралық амбициясы мен ішкі іріп-шіруі арасындағы қарама-қайшылыққа құрылған түзілім қашанда оның мүмкіндігі мен өзге төндірер қаупін алдыңғы қатарға шығарып отырады.
Оның мемлекеттік бандократиясы әскери модернизациялауды кең көлемде өрістетіп, өз құрамына таяуда ғана елге мәлім болған жасанды жер серігіне қарсы ғарыштық қарудың сыналуын қосып отыр.
Бұдан бөлек, алдыңғы қатарлы әскери технологиялары және тиімділігі төмен технологиямен жасақталған жалдамалы армияларда оңтайлы кәдеге жарайтын гипердыбыстық технология саласындағы әлемдік барлау іс-шаралары мен ондағы жетістіктері кеңінен жарнамалануда.
Елдің демографиялық қарттық қақпанына түскені, экономикасының тұралағаны, мұнай бағасының түсуі оның шаңырағын шайқалтып та кетті. Әлемдік банк халқының 12,3%-ы немесе 18 млн. адамы кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан Ресейдің ІЖӨ 2020 жылы 6%-ға кемиді деп болжап отыр.
АҚШ-тың коронавируске, елдегі экономикалық дағдарысқа әм нәсілдік апалаң-топалаңға назарының біржола ауып, Еуропаның өзі ішіндегі алауыздық пен қарашадағы сайлауға қатысты жеке басымен қайғы болуы Путин үшін ең үлкен мүмкіндіктердің көкжиегін ашты десек те болады. «Досы» саналатын президент Трамптың қарашадағы сайлауда ұтылып қалуы да ғажап еместігін бек жақсы білетін Путин сәті келіп тұрған мүмкіндікті құр жібермейтіні де ақиқат.
Төтесінен туған қауіп қиыр шығыстағы Хабаровск қаласында орын алған протестік акциялардың кең көлемді әрі ұзаққа созылуы боп табылады. «Левада» жүргізген сауалнамада ресейліктердің 45%-ы таяуда өткен антикремлдік протестер толқынын құптайтынын жазыпты. Путиннің қарсыластары да темірді қызған кезінде соғып, текке қарап жатпайтыны да белгілі.
Бұл арада тамыз тосын сыйы болатын-болмайтынын кесіп айту өте қиын десек те, оның бірі АҚШ-тағы қарашада өтетін сайлаудың алдында бой көрсететіндігі Ресейдің зор әлеуеті, болмаса әлсіздігі сынды екі фактордың қойындасып кетуіне байлаулы.
Бұдан бұрында Мәскеудің алға басқан қадамы кейін кеткен кезде, Путин өзінің ішкі бақылауын бекемдей түсу үшін шетелдегі авантюрға жүгінетін.
2008 жылғы тамыздағы орыс-гүржі соғысы, 2014 жылғы Қырымды аннексиялауы, 2015 жылдан бастау алған Ресейдің Сүрияның азамат соғысына әскери араласуы, Еуропадағы электоралды әрі жалған ақпараттық белсенділік, әсіресе осы жылғы қаңтардағы АҚШ-тағы сайлауға килігуі сынды тосын сыйды күтуге бола ма?
Осы бағыттағы Ресейдің қадамы 9 тамыздағы беларусь сайлауына білек сыбана кірісуден басталды.
Еуропалық саясатшы Януш Бугайкси Путин беларусьті қақалмай жұтудың сәтін өз пайдасына жаратып, ұлтты азат етуші кейпіне еніп, «Беларустағы толқудың өсуі мен елдегі даулы президенттік сайлауды» өз кәдесіне жаратуы мүмкін, деп санайды.
Осы аптада 32 ресейліктің Минск маңындағы санаторийде қамауға алынғанынан кейін, өз елінде үш бірдей оппозициялық топтың қыспағында қалған Беларусь президенті Александр Лукашенко: «Кремльмен ым-жымы бір әскери мердігері Вагнер сайлау алдында елде тұрақсыздық орнату үшін өзінің 200 жалдамалы жендетін жіберді», деп айыптады.
Бір нәрсе түсінікті: Ол – Путиннің Лукашенкомен қарым-қатынасы қатты суысып, соңғысы Мәскеу басымдыққа ие болып отырған, Ресей үшін өте тиімді екі мемлекеттің бір одаққа бірігуіне өз қарсылығын ашық білдірді. Лукашенко бұған дейін Еуропа және АҚШ-пен тығыз байланысқа түсіп, мемхатшы Майк Помпеоның ақпандағы іс-сапарында асқан қонақжайлық танытқан.
Путин көбіне өз жеріндегі кремлдік билікті азып-тоздыратын, Лукашенконың басын ала қашуы немесе батыстық құндылықтарға, Гүржістан мен Украинаға бүйрегі бұратын оппозициялық іс-әрекет тәрізді кез келген бас көтеруге қарсы шығады.
Кейбір сарапшылар Путиннің тап осындай авантюраға баруына тәбеті қайтып, жүні жығылып қалды дегенді сөз етеді. Бірақ ол әлі күнге дейін АҚШ-ты, Еуропаны немесе өзге де елдерді көзге ілмейтіндігін танытып жүр.
Өткен аптада Трамп өзінің «Axios on HBO» телеарнасына берген сұхбатында: «Ресей Ауғанстандағы америка солдаттарын өлтіру үшін талибтерге ақша төлеп отыр деген барлау мәліметі бойынша, Путинмен сөзге келіспей қалғаным жоқ», деп мәлімдеді. Трамп ақпан айының аяғында қолына күнделікті барлау мәліметі түскеннен кейін Путинмен ұзын саны сегіз рет сөйлескенін айтты.
Егер өткеннің сабағы – келешектің тәлімі болады десек, онда экономикалық сырқат Ресейде Путиннің басына қара бұлт үйіріледі дейтін батыс данышпандарының армандарына қосыла қоймаймыз.
Бәрі бір ол өзінің халықаралық табыстарымен қанаттанып, беті қайтып көрмеген тентек мектеп оқушысы секілді кеңес дәуірінің дәуренінің үзілуін әділетсіздік деп санап, оны қалпына келтіру жолындағы жұмысын өзіне оңтайлы тәсілмен жалғастыра беретін болады.
Financial Times тілшісі Катрин Билтон (Catherine Belton) жазған «Putin's People: How the KGB Took Back Russia and Then Took On the West» кітабында болашақ президент өзінің мансап жолының әр кезеңінде КГБ әдіс-тәсілдерін кеңінен кәдеге жаратқанын ашып көресете алған», - деп Энн Эпплбаум рецензия жазады.
Тағы бір біз сүйенетін дереккөзі Константин Малофеевпен бірге Еуропа бойынша баламалы демократия мен еуропалық интеграциялық ұйымды құрған ресейлік бизнесмен Владимир Якунин аталған кітаптың авторы Болтонға: «Ресейдің жаһандық жағдайын қалпына келтіру басты мақсатымыз», дегені.
Өз кезегінде Ресей бойынша америкалық сарапшы Анджела Стент: «Ресей өзінің шектеулі экономикалық мүмкіндігіне қарамай, әлі күнге дейін белді халықаралық ойыншы болып табылады. Бұған себеп, АҚШ-тың сенімділігіне қатысты өз одақтастары арасындағы туындап, өрістей түскен күмән»,- деп жазады.
Вашингтонның Путин туралы кеңінен тараған «баскесер – диктатор» деген пікіріне қарамай, оның жаһандық әріптестері, оның ішінде Таяу Шығыстың жоғары шенді шенеуініктері оның (Путиннің) бойынан бизнес жүргізуге аса сенімді прагмат көшбасшыны көретіндіктерін ашық сөз етеді. Олар Сүрияда Иранға қарағанда Ресейдің, Ливияда Түркияға қарағанда Ресейдің болуын құптайтындарын жоққа шығармайды.
Жазғы «бомбаның» жарылуына байланысты Стэнт: «Бәрі тұрақты болып көрінгенімен, аяқ астынан бәрінің өзгеріп сала беруі орыс тарихына тән дүние. Путин жұртты таң қалдырудан жаңылмай келеді. Аяқ астынан асығыс ұйымдастырған референдум дәл осының дәлелі. Қанша дегенмен өзіне қатысты ешкім күтпеген шақырулармен бетпе-бет келіп, билік тізгінін белгісіз уақытқа дейін сақтап қала білді»,- деп жазады.
Ал, енді осы тамызға қатысты сөз ететін болсақ, егер бұл тосын сый болатын болса, онда ол Путиннің таңдауы болғаны деп бәс тігуге бармын.
Дайындаған Әбіл-Серік Әлиакбар
Abai.kz