Мемлекеттік басқару жүйесін толыққанды жаңарту керек
Әлемдегі 180-н астам елдерде мемлекеттік билік түрлері әралуан. (Монархиялық, супер президенттік, парламенттік, аралас т.б.) Бірақ бірнәрсе анық - мемлекеттік басқаруда тек демократиялық құндылықтарға сүйенген елдердегі халықтың тұрмыс дәрежесі жоғары болып келеді.
Арнайы іс сапармен Белоруссияда екі рет болдым. Табиғаты тамылжыған, орман-суға бай, жері өте құнарлы ел. Авторитарлық президенттік баскару үлгісіндегі ел болғандықтан колхоздың төрағасын орнынан алуға президент араласады. Европа құрлығында орналасқан ел үшін бұл абсурд. Өзімен шекаралас Польша, Латвия,Литва елдеріне қарағанда Белоруссияның экономикалық дамуы анағұрлым артта қалды. Өйткені басқару құрылымы тек бір адамның беделі мен көңіл күйіне сүйенген. Түптің түбінде белорус халқы Европалық Одақ елдерінің толыққанды мүшесі болып , дамыған елдердің қатарына кіретініне сенемін.
Бізде еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін толыққанды жаңартуымыз керек. Мемлекеттік басқару салмағын Парламентке беру, Үкіметті парламент ғана жасақтау және отставкаға жіберу, Парламентке Үкіметтің жұмысын бақылау құқығын беру, жергілікті атқарушы органдардың дербестік құзіретін барынша кеңейту, ауыл, аудан, облыс орталығы болып табылатын қалалардың әкімдерін сол жергілікті тұрғындардың сайлауы арқылы жасақтау, сот билігін барынша дербестеу мен олардың мүшелерін сайлау арқылы жасақтау, сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау процесін бақылауға қатысамын деген барлық қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қатыстыру.
Әрине, мұның барлығы конституциялық реформа арқылы жасалуы тиіс. Бізде Азиядағы Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея , Малазия, БАЭ сияқты елдер қатарында болуына толық мүмкіндігіміз бар.
Мұрат Бақтиярұлы
Abai.kz