Сенбі, 23 Қараша 2024
Аңыз Абай 9218 7 пікір 30 Тамыз, 2020 сағат 12:59

Абайтану тарихы – халық тарихы

Абайтану тарихы ойшыл мұрасының зерттелу, танылу, насихатталу, бағалану жағдайларын анықтайды. Бұл тарих абайтану саласының өткен соқтықпалы соқпақсыз жолындағы кемшіліктерді анықтап, бүгінгі күнде олардан арылуға ұмтылып, келешекте қайталамаудың қамын ойлауға мүмкіндік береді. 

Абайтану тарихы түрлі кезеңдерден өтті. Ол кезеңдер халқымыздың басынан өткен саяси өзгерістерге байланысты болды. Тоталитарлық жүйе қыспағындағы елдің басқаша халде болуы мүмкін емес те еді. Абайтану тарихы ел тарихымен бірге өрбіді. 

Абайтану тарихын зерттеп, ойшыл мұрасын әрi қарай жалғастырушылар тобы Абай мектебiн құрайды. Абайтану ғылымының іргетасын қалап, қабырғасын көтерген ұлы жазушы М.Әуезов екені аян. Абайтану тарихы мол зерттелген саланың бірі. Сондықтан бiз бұл мәселеге арнайы тоқталмастан, абайтану тарихын данышпан мұрасына жаңаша көзқарас тұрғысынан ғана қарастырамыз.

Абайтану тарихын түрлі кезеңдерге бөліп қарастыруға болады. Кейбір ғалымдар абайтану тарихын абайтанудың негізін салған ұлы ғалым М.Әуезовтің шығармашылық өмірімен байланыстырады. Мұндай жағдайда абайтану тарихы бір адамның ғана тағдырымен анықталмақ. 

Бірақ, Абайтану тарихы халқымыздың тағдырымен тығыз байланысты. Саяси ахуалдың құбылуына байланысты болған жақсы-жаман барлық құбылыстар халқымыздың тарихына да, абайтану тарихына да ортақ болды. Сондықтан, абайтану тарихы – халқымыздың тағдырының айнасы десек те болады. Бұл айнадан халық тағдырын көре аламыз. Осы себептен де, біз абайтану тарихын бір адаммен емес, бүкіл ел тарихымен байланыстырып қарастырғанды жөн деп білдік. Абайтану тарихы – елдегі тарихи және саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты ойшыл мұрасын зерттеу, тану, бағалау, насихаттау тарихы. Сол себептен де, біз оны бір адамның өмірі емес, бүкіл халықтың өмірімен байланыстырамыз. Бұл абайтану тарихындағы, оны тудырған халық тағдырындағы құбылыстарды түсініп, олардың байланысын сезе отырып, келешекте кемшіліктердің болдырмауына мүмкіндік береді. 

Абай мұрасын танып зерттеу қарқыны өткен ғасырдың басында қауырт дамып өте көп жетістіктерге жетті. Амал не, аз уақыттан соң ол қарқын саяси жартасқа соғылды, мерт бола жаздады. Ендi соның байыбына барып, құлдырау себептері мен оның салдарына көз жеткізу үшін абайтану саласының өткен қилы-қилы белестерiне көз жiберiп көрелiк. 

Абайтану тарихы халық тағдырының саяси ахуалының құбылуына байланысты төрт кезеңнен өтті. 

Бiрiншi, қарқынды зерттеу кезеңі, егер абайтану тарихын Абайдың өзi қайтыс болған уақытынан бастап қарастыратын болсақ, бірінші кезең жиырма шақты жылға созылды деуге болады. Бұл кезең – данышпанның қалдырған даналығын халық зор ынта-жiгермен танып-бiлуге, насихаттауға ұмтылған ең айшықты кезең едi. Абай қайтыс болысымен-ақ халқымыздың iрi тұлғаларының бiрi Әлихан Бөкейханов тарихта тұңғыш рет ұлы ойшылдың өмiрбаяны мен дүниеге көзқарасының қалыптасуы туралы шығармашылық мұрасынан бiршама толық мағлұмат келтiре отырып, Абай дүниетанымын орыс тiлiнде шығатын «Семипалатинский листок» газетi арқылы жалғыз Семей өңiрi, жалғыз қазақ даласы емес, бүкiл Ресей көлемiндегi қалың жұртшылыққа жеткiздi. Сөйтiп Ә.Бөкейханов ұлы ойшылдың алғашқы шежiрешiсi және зерделi зерттеушiсi болды. 

Сонан кейiн қазақ зиялыларының бiрi Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетiнiң үш санына «Қазақтың бас ақыны» деген тақырыппен көлемдi мақала жариялап, Абайдың ұлы көсемдiгi туралы өзiнiң байсалды пiкiрiн былай деп бiлдiрдi: «Сөз жазатын адам әрi жазушы, әрi сыншы боларға керек. Сөздiң шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлiгi керек. Ұнамды, орынды, дәмдi болуына сыншылдық керек. Мағыналы, маңызды болуына бiлiм керек. Абайда осы үшеуi де болған. Бұлардың үстiне Абай – көсем, үлгi шығарып, өнеге жайғыш болған... Абайды қазақ баласы тегiс танып, тегiс бiлу керек». 

Ал халық саңлақтарының бiрi Мiржақып Дулатов Абай ұлылығын тереңінен түсініп, былай деп насихаттап жоғары баға береді: «Бәлки, мұнан кейiн Абайдан үздiк артық ақындар, жазушылар шығар, бiрақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдiкi, қазақ халқына сәуле берiп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай». 

Мағжан Жұмабаевтың рухани биiк деңгейi Абай болмысын дәл танып, оған әдiл баға беруiне мүмкiндiк бердi. Ол бiрiншi болып Абайдың хакiмдiгiн анықтап, 1912 жылы «Алтын хакiм Абайғаң» атты өлеңiнде былай дедi: 

Шын хакiм, сөзiң асыл баға жетпес, 

Бiр сөзiң мың жыл жүрсе дәмi кетпес. 

Бұл алдыңғы толқын ағалардың жоралғысын Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов жалғастырды. Солардың ұйтқысымен Семейде 1918 жылы «Абай» журналы шығарылды. Журнал бiр жыл ғана өмiр сүрiп, 12 нөмiр шығарылғанына қарамастан, Абай мұрасын жинастыру, оны зерттеп, халыққа насихаттау iсiнде елеулi iстер атқарып үлгердi. 

Профессор А.Сағдидің «Абай» атты зерттеу жұмысы да осы кезеңнің елеулі жетістігі еді. 

Осы қысқа шолудың өзiнен-ақ ХХ ғасырдың басында абайтану саласы шын мәнiнде өрiс алғанын көремiз. Халықтың зиялы қауымы рухани көсемiн үлкен ынта, таза жүрекпен қабылдап, терең тануға ұмтылуының нәтижесiнде ойшылдың рухани дүниесi кеңiнен зерттеліп ашыла бастады. Халық оның хакiмдiгiн таныды. Абайтану ғылымы үшiн бұл қарқынды зерттелген «алтын» кезең болды, бiрақ қоғамдағы саяси-әлеуметтiк жағдай оны күрт өзгертiп жiбердi. 

Екiншi, құлдырау кезеңі. Бұл кезең жиырмасыншы жылдардың орта тұсынан отызыншы жылдардың аяғына дейiн созылады. Абай мұрасының тағдырын түнек жолға бұрған өтпелі, ең ауыр да шешушi осы кезең болды. Себебi абайтану тағдырының күрт өзгеруi дәл осы уақытта шешiлдi. Бұған елдегi саяси ахуал себеп болды. Халықты «мәңгiлiк бақытқа», яғни коммунизмге рухани болмысты мойындамай-ақ, тек қана тұрпайы материалдық әлемнiң заңдылығы бойынша жеткiзуге болады деген жаңсақ қағиданы идеологиялық құрал етiп алған атеистiк көзқарастағы тоталитарлық үкiмет болмыстың шынайы рухани қажеттiлiктерiн түгелдей жоюға кiрiстi. Себебi, ақиқатқа сәйкес келмейтiн сыңаржақты, қыңыр идеяны тек тоталитарлық әдiспен ғана жүйеге асыруға болатын едi. Сондықтан Кеңес үкiметi азамат соғысы бiте салысымен, елдiң есiн жидырмастан, халықты идеологиялық сараптан өткiзуге кiрiстi. Тоталитарлық жүйе өзiнiң қалыбына келмейтiн идеологиялық ағымдар өкiлдерiн түгелдей құртуға бет алды. Ол үшін революцияның ішкі жаулары мен саботажға қарсы күрес үшін құрылған бір кездегі ЧК енді ОГПУ болып жаңаша құрылды. Сөйтіп, ол Кеңес үкіметінің саясатына тура келмейтін идеялық ағымдармен күресетін қаһарлы ұйымға айналды. 

Өздерiнiң түпкi мақсаттарын Кеңес үкiметiнiң саясатымен үндестiрiп, адал қызмет етуге кiрiскен Алаштықтарға «ұлтшылдар» деген таңба басылып, олар саяси қуғынға ұшырады. Абайды солардың саяси көсемi ретiнде танығандықтан, оның мұрасына үлкен қатер төндi. Себебi бүкiл болмыс заңдылығын толық қамтитын Абай мұрасы терең рухани мәнде болғандықтан, ол прагматикалық, дөрекi атеистiк идеяға кереғар едi. Сондықтан репрессия құралы ұлы мұраға тура бағытталып, Абайға «ұлтшылдардың атасы», «бай ақыны» деген жала жауып, оның қалдырған рухани мұрасын Алаш қайраткерлерiмен қатар жоюға кiрiстi. Қысқасы, заман ағымы күрт өзгерiп, абайтану саласының тарихи барысы бөтен арнаға бұрылды. 

Сол кезеңдегi Абай мұрасын бағалау деңгейі қандайлығына көз жеткiзу үшiн бiрнеше мысалдар келтiрейiк. 1928 жылы 2 шiлдеде «Советская степь» газетінде жоғары лауазым иесi болып жүрген философ Iлияс Қабыловтың «Философия казахского поэта Абая и ее критика» дейтiн мақаласы жарияланды. Абайдың дүниетанымын сол кездегі философиялық тұрғыдан бұрмалауды осы жұмыстан көруге болады. Автор Абайды қазақ еліндегі ескi патриархалдық-рулық тәртiптің жоқшысы және жаңа туындап келе жатқан ұлттық буржуазияның жаршысы етiп көрсетедi де, ойшылдың мұрасын бүгiнгi қоғам өмiрiне жарамсыз, тiптi зиянды деп бағалап, оның атына тiл тигiзiп, неше түрлi саяси жүгенсiз сөздермен балағаттайды. Ол мақаласын былай деп аяқтайды: «Қазақстан партия органдарының идеологиялық майдандағы ең маңызды мiндетi абаизмдi кәдiмгi буржуазиялық қоқсық ретiнде құрту болып табылады. Сондықтан қысқа мерзiмде Қазақстанның партиялық-кеңес ұйымдарының барлық мәдени күшiн Абай iлiмiне және оның жақтастарына қарсы ұйымдастыру керек». 

Абайдың ойшылдығын зерттеушiлер ғана емес, оның ақындығын зерттеп жүрген филолог-әдебиетшiлердiң көзқарасы да осы пікірден алыс кеткен жоқ. Оған белгiлi журналист, бiлгiр әдебиетшi, белсендi сыншы атанған Ғаббас Тоғжановтың 1935 жылы Алматы мен Қазанда латын әрпiмен басылып шыққан «Abaj» атты әдеби-сын кiтабi дәлел бола алады. 

Бiрақ қазақ мәдениетiнде Абайдың орнын ештеңемен толтыруға болмайтын едi. Бұны сол кездегi идеологияны басқарушылар да, зиялы қауым да жақсы түсiндi. Сондықтан Абай мұрасының тағдыры жөнiнде ғылым, мәдениет, өнер саласында жүрген қайраткерлер арасында айтыс басталды. Мұның бәрi, белгiлi дәрежеде, орталықтан шыққан, коммунистiк партияның пролетарлық емес мұраға шабуыл бастаған саясатының ықпалымен болды. Әрбiр қоғамдық формацияда өмiр сүрген адамдар сол дәуiрдiң идеологтары (феодалдық дәуiр ақыны, буржуазия ақыны, пролетариат ақыны, т.с.с.) саналды. Жергiлiктi қоғамның даму барысы ескерiлмей, оған қатысты құбылыстарға орталықтағы бағалар көшiрiлiп жапсырылды. 

Сол сияқты идеологиялық саясаттың әсерiмен Абай философиясы сыртқа тебілді. Мәселен, Абайдың хакiмдiгi ұмытылып, оның рухани дүниесіне терең енуге мүмкiндiк болмады. Себебi данышпанның «Алланың өзi де рас, сөзi де рас» дейтiн ойлары, дүние сырларын түгел қамтитын хакiмдiк тұжырымдары коммунистiк идеологияға кереғар едi. Сондықтан, Абай мұрасын жаңа ағымға бейімдеп, саясат мүддесінде пайдалану үшін енді оның ақындығына ғана көңiл бөлініп, өзін ағартушы, асса ұлы гуманист ретінде ғана танып насихаттайтын болды. Сөйтiп, келешекте Абай мұрасы тек осы деңгейде ғана зерттеліп бағаланды. Әрине, бұндай көзқарас ұзақ уақыт оның рухани биiк тұлғасын, шынайы ұлылығын көлегейлеген қара бұлт iспеттi едi. Осылай Абай ілімі коммунистік саясаттың құралына айналды. 

Үшiншi, тоқырау кезеңі. Бұл кезең отызыншы жылдардың аяғы, қырқыншы жылдардың басынан бастап елiмiздiң тәуелсiздiк алуына дейiн, яғни 1991 жылға дейiн созылды. Ол саяси қыспақтың әлсiреп, не болмаса күшейгенiне байланысты толқымалы болды. Абайды «ұлы ақын» деп бағалаған таным өзгермей сақталып, ал ойшылдығы шет қағылған ахуал қалыптасты. Бұл Абай ұлылығын толық тануға мүмкіндік бермейтін тоқырау кезеңі еді. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында «Абайтану» деген бөлім ашылды. Кеңес дәуiрiнде, 1985 жылға дейiн, абайтану саласында жиырма төрт докторлық және кандидаттық диссертация қорғалған екен. Бұлар, негiзiнен, Абайдың ақындығын, сөз өнерiн зерттеген филологиялық бағыттағы жұмыстар. Әрине, Абайдың ойшылдығына көңiл аударған К.Бейсенбиев, Ә.Жиреншин, С.Мұқанов, Н.Смирнова, М.Сильченко, Т.Тәжiбаев тәрiздi зерттеушiлердiң iрiлi-кiшiлi бiрсыпыра жұмыстары болды. Бiрақ оларға заманның тар арнасы ойшылдың рухани дүниесiн толық ашып, өзіндік бағасын беруге мүмкiндiк бермедi. 

Дегенмен, осының өзi, бұл тоқырау кезеңі үшiн, ұлы ақынды мүлде ұмыттырмау жолындағы жеңiс едi. Сөйтiп, Абайдың хакiмдiк тағылымы шоғырланған қарасөздерiн философтар емес, әдебиетшiлер зерттеді. Оның өзiнде елуiншi жылдардың бас кезiнде ғана филолог ғалым Ханғали Сүйiншалиевтiң «Абайдың қарасөздерi» атты монографиясында көрiнiс тапты. Ол, әрине, негiзгi назарды қарасөздердiң идеясына емес, әдебиетшi ретiнде олардың текстологиясына, түр, стиль, тiл ерекшелiктерiне аударды. 

Бұл кезеңде Абай мектебiнде заманымыздың заңғар жазушысы, әдебиетшi ғалым, академик Мұхтар Әуезовтiң орны бөлек болды. Оның «Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы»  атты монография жазып, оны бiрнеше рет өңдеуден өткiзгенi, Абай өмiрiне сүйене отырып «Абай жолы» атты эпопеясын жазғаны көпшiлiкке белгiлi. Бiрақ Абай үшiн күресу жолында ол үнемi қудалануда болды. М.Әуезов Абайға шығыс мәдениетiнiң әсерiн, суфизмнiң әсерiн көрсеткенi, мұсылман әлемiнде Абайдың жаңашыл, реформист болуға жақындағанын, Абайдың өзiн орыс ақындарынан кем санамағанын көрсеткенi үшiн сынға алынды. Абайдың рухани дүниесiне тереңдеп енуге саяси жағдай мүмкiндiк бермегендiктен, бұл кезеңде ойшыл мұрасы тек қана жалпы өркениеттiк және гуманистiк деңгейде бағаланып, оның ағартушылық, немесе демократиялық пікірлеріне көңiл аударатын шығармалар басым болды. Абай мектебiнде осы бағытта Х.Әдiлгереев, Т.Әлiмқұлов, К.Бейсембиев, Е.Ермеков, Ә.Қоңыратбаев тәрiздi бiрсыпыра зерттеушiлер еңбек еттi. 

Дегенмен уақыт өткен сайын саяси қыспақ әлсiреп, Абай мұрасының деңгейi қоғамдағы қалыптасқан ой-пiкiрден әлдеқайда жоғары екенi көптеген ғалымдардың көкейіне қона бастады. Сондықтан Абайдың дүниетанымын басқа қырынан талдауға ұмтылған бiрсыпыра еңбектер де пайда болды. Бұлардың қатарында Ж.Әбдильдин, Қ.Әбiшев, С.Ақатай, М.Бурабаев, Ғ.Барлыбаева, Ә.Нысанбаев, Қ.Нұрланова, М.Орынбеков, Ғ.Есім және басқа философ ғалымдарды атауға болады. 

Жалпы алғанда, бұл кезеңде Абай дүниетанымына тереңдеп енуге мүмкiндiк болмаса да, халқымыздың өнер-бiлiм жетiстiктерiне қол жеткiзген iрi-iрi тұлғалары әрдайым Абай өнерi деңгейiмен бағаланып отырды. Бұл олардың шығармашылық биiгiне ылғи да Абай биiгiнен қарап, жетiлу жолдарын болжап отыруға мүмкiндiк бердi. 

Төртiншi, жаңа кезең. Бұл кезең елiмiздiң егемендiк алған уақытынан, яғни 1991 жылдан басталып, бүгiнгi күндерге дейiн созылып келедi. Бұл кезең – коммунистiк бiржақты саясат жойылғаннан кейiнгі, Абайдың хакiмдiк мұрасына жаңаша көзқарас кезеңі. Мұның өзi Абайдың ойшылдық әлемін шын мәнiндегi рухани тұрғыдан зерттеу кезеңi ендi ғана басталды дегендi бiлдiредi. Абай мұрасы басқа жағынан қанша көп зерттелсе де, философия ғылымы үшiн әлi игерiлмеген тыңмен бiрдей. Бүгiнгi таңда оның дүниетанымына жаңа көзқараспен қарап, ақиқат мәнiн танып, насихаттау арқылы нәрлi рухани бұлағынан халықтың сусынын мейлінше қандыруға мүмкiндiк туды. Ал Абайға жаңа көзқарас дегенiмiз бұған дейiн аса көңiл бөлiнбей келген оның хакiмдiгiн тану, яғни ойшыл мұрасының негiзгi құндылығы оның «Алланың өзi де рас, сөзi де рас» деген сөзiне негiзделетiнiн мойындау. Сонымен бiрге Абай дүниетанымы бүгiнгi қалыптасқан дiндарлық шеңберден әлдеқайда кең жатқанын ескеру. Оның бiзге қалдырған дүниесi дiни көзқарас қана емес, сонымен бiрге, жалпы әлемдiк заңдылықтарды қамтитын руханилық деңгейде жатыр. Бұл бағытта академик Ғ.Есiмнің «Абай дүниетанымын тану – қазақ философиясын танудың кiлтi» деген ойды дәлелдейтiн бiрсыпыра шығармаларының маңызы зор. Бұлар Абайдың хакiмдiгiн тануға бетбұрыс жасап, абайтану саласын жаңа арнаға салуға арналған еңбектер болып табылады. 

Сонымен, жаңа кезеңдегі Абайға көзқарастың басты ерекшелігі – кемеңгер ақынның ойшылдығына көңіл бөлу. Яғни Абай тұлғасынан ұлы ақынды ғана емес, енді ұлы ойшылды да көруіміз керек. Өкінішке қарай бұл көзқарас ғалымдардың арасында да, көпшілік арасында да әлі толық қалыптаса қойған жоқ. Бұған жақсы дәлелдің бірі – ескі көзқарас пен жаңа көзқарастың арасындағы даудың ашық күреске айналуы. Бүгінгі күндері Абайды ұлы гуманист, ағартушы деп қана қабылдамай, оны ұлы ойшыл ретінде қабылдап, рухани деңгейін ашып көрсету мәселесі тұр. Сонда ғана ұлы мұраның бүкіладамзаттық құндылығын көріп, оны өз дәрежесінде қабылдай аламыз. Әсіресе бүгінгі күндердегі рухани жаңғыру барысында Абай ілімін қолдану жолдары кеңінен зерттелуі керек. Сонымен бірге, ойшыл мұрасының түпкі мәнін, кемел адам, хал ілімі, имани гүл, толық адам ілімі деген кейбір ғалымдарға әлі де болса бұлыңғыр болып жүрген танымдар жүйесін зерттеп ашуымыз керек. Ал бұлардың барлығы да философиялық танымдар, сондықтан, сөз жоқ, оларды зерттеу филологтардың ғана емес, философтар мен теологтардың ісі. 

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338