Іс-қимыл кезеңінде ескерілуі тиіс екі мәселе
«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген екен бұрынғылар. Айтсақ ауыр, айтпасқа және болмайды: елімізде қазір сәби күлкісі естілмейтін шаңырақтың қатары көбейіп бара жатқан көрінеді. Себебі, жыл сайын 20 мың жұп бала сүю үшін ресми тіркеледі екен. «Бұның сыртында бала сүю үшін дәстүрлі халық еміне сүйеніп жүрген ерлі-зайыптылар қанша ма?» – дейді мамандар.
«Құлақ естімегенді – көз көреді», қазір қазақы орта «әйелді қолдан жүкті қылатын» орталықтар (ЭКО) туралы жақсы біледі. Бір перзентке зар боп жүргендер қазір сол ЭКО орталықтардың көмегіне жүгінуде. Қазақстанда бедеу әйел мен белсіз еркектің қарасы молайып, баласыз үйлердің көбеюіне көңіл бөлген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл мәселені «мемлекеттік мәселе» деп отыр. Мемлекеттік деңгейге көтеріліп келе жатқан осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты бүгінгі Жолдауында мән бере сөйледі.
«Өкінішке қарай, – деді Президент, – елімізде әр алтыншы отбасы сәби сүйе алмауда». Бұл дерек, сөз жоқ, тұтас ұлт болып дабыл қағуымызды талап ететін дерек. БҰҰ-ның Орта Азия елдері бойынша халық санының өсіміне жасаған болжамында да Қазақстан қатарынан қалып тұр. Әйтсе де, қазақ та қара орман халыққа айналып келеді. Деректерге жүгінейік.
1991 жылы Қазақстан халқының саны 16 793 000 еді. Біраз жұрт тарихи отанына кері қайтты, көшті. Алайда қазақтың қарасы көшіп келген ағайынмен толықты, еселеп артты. 2002 жылдан бастап бізде де табиғи өсімнің жақсарғаны байқалады. Биыл Қазақстанның халқы 19 миллионды еңсеруі мүмкін. 19 миллионның 70-75 пайызы қазақ болатыны да айқындалып келеді. Жоғарыдағыдай көңілсіз деректермен қатар міне, осындай жетістіктеріміз де бар, оны да ескеруіміз керек. Мен осы екі жайтты қатар қоя отырып мынаны айтқым келеді:
1. Баланың былдыры мен ойыншықтың сылдыры естіліп жатуы үшін барлық қазақ отбасында этномәдени құндылықтар бірінші орынға қоюылуы керек. Бұл ретте қажет десеңіз, мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек шығар. Өйткені қазір дәстүрлі отбасы өмірі мультикультуралистік үдеріске көшіп, деградацияға ұрынуда. Жастар отбасы шаттығынан бұрын материалдық игіліктерге қол жеткізіп, аста-төк өмір сүрудің қамын көбірек күйттейді. Ал ондай тұрмыс бірден бола қоймайды. Болған жағдайдың өзінде жүйкені тоздырып, уақытты оздырып барып болуы мүмкін. Бұл аралықта отбасы иелерінің денсаулықтары сыр беріп, бір бірінен суынып кетуі де ықтимал. Сондықтан Жолдауда айтылғандай, Үкімет жас шаңырақ иелерін әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың шегінде уақыт өткізбей баспанамен қамтамасыз етуі керек.
2. Президент бүгінгі Жолдауында мұнайдан түсетін табыспен өмір сүру «эпопеясының» аяқталғанын ескертіп, нақты кәсіппен шұғылданатын, іскерлік ортаны дамыту жөнінде қадап-қадап тұрып айтты. Дұрыс. Енді біз осы іскерлік ортада тілдік мәселе ескерілуі керек дейміз. Биыл Қазақстанның халқы 19 миллионға жетсе, оның 16 миллионын қазақтың құрайтыны даусыз. Ал сол 16 миллионның дені қазақ тілді екендігі бүгінгі күні дау тудырмайды. Демек, іскерлік орта да, бизнес пен экономиканың тілі де, экономикалық-әлеуметтік бағдарламалардың тілі де мемлекеттік тілге жылдам көшуі керек. Осы керектер Үкімет тарапынан пәрменді түрде қолдау тапса, Жаңа жағдайдағы Қазастанда іс-қимылдың шын мәніндегі жаңа кезеңіне қол артуымыз әбден мүмкін деп ойлаймын.
Президент Жолдауына қатысты бір түйіп айтар пікірім әзірге – осы.
Дәурен Қуат
Abai.kz