Ұлт тарихы анимациялық фильмдер арқылы дәріптелуде
Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Көне құмыраның сыры» атты анимациялық фильмнің үшінші бөлімі жарық көрді. Қалалық әкімшіліктің тапсырмасы негізінде жарыққа шыққан туынды үшінші мегаполисті қызғалдақтар мекені ретінде таныстырған.
Көрерменге ой салар тағылымды туындының қоюшы режиссері белгілі аниматор Батырхан Дәуренбеков. Ал, сценарий авторы Бақытжан Құлжабай.
Режиссер бұл туынды арқылы Қазақстанның қызғалдақтар отаны екенін дәлелдеуге тырысқан.
«Елімізде қызғалдақтың көптеген түрі өседі. Яғни, Қазақстан – қызғалдақтар отаны. Біз өскелең ұрпаққа сол туралы көбірек айтуға тиіспіз. Бір өкініштісі, экспедиция кезінде алғаш рет суретке түсіріп жариялаған Грейг, Кауфман секілді неміс азаматтарының есімдері бірегей өсімдік түрлерінің атауына айналып кеткен. Мәселен, белгілі жазушы Мархабат Бағұт ағамыз шұбайқызыл деген атауды насихаттап жүр. Қандай керемет! Бізде осы туындымыз арқылы қызғалдақтардың қазақша аттарын насихаттауды мақсат еттік.
Бәріміз Жапон елінде сакура ағашы гүлдегенде ол жаққа туристер ағылатынын білеміз. Сол секілді біздің де өңір көктемде қызғалдақтармен жайнап кетеді. Шымкен – қызылды, жасылды гүлдерге толады. Мұндай көрініс өзге өңірлерде жоқ. Демек, Шымқала- қызғалдақтар қаласы»,- дейді туындының қоюшы режиссері.
Бұл анимациялық фильмнің төртінші бөлімі де аяқталуға аз қалған. Онда «Ақсақ Темірдің Шымкент қаласына келуі» жайлы баяндалады. Бұл туындыда тарихшы әрі шежіреші Шарафиддин Яздының кітабынан алынған деректер келтірілген. Ал, фильмді жарыққа шығару жұмысын Сақ киностудиясы қолға алған. Туындыда Ақсақ Темірдің жорықтарының бірінде Шымкент арқылы, нақтырақ айтсақ Қошқар ата өзенінің бойына тоқтағаны туралы тарихи деректер келтіріледі.
Айта кетейік, бұған дейін «Көне құмыраның сыры»анимациялық фильмінің екі бөлімі жарыққа шыққан. Біріншісі – “Отырарды қорғау” деп аталса, екіншісі “Ұлы ұстазбен кездесу” деп аталады. Ол бөлімдерде екінші ұстаз атанған Әл-Фараби мен қазақстың бас ақыны Абай сынды тұлғалар насихатталып, мемлекеттік рәміздер дәріптелген.
Бүгінгі таңда Елбасының бұл Рухани жаңғыру жобасы қоғамның мәдени-рухани өмірінде ерешк маңызға ие болып отыр. Осы жылдың басында ҚР Мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаев аталған жобаның маңызы туралы айта келіп, бұл бағдарламаның аясында атқарылған жұмыстарға тоқталған блатын.
Қырымбек Елеуұлының айтуынша, биыл Рухани жаңғыру бағдарламасының негізінде 6 бағыт бойынша, 13 арнайы жоба жүзеге асырылады. Ал, атқарылған жұмыстар да аз емес. Мәселен, “Туған жер” жобасының аясында қалталы азаматтардың қолдауымен өткен жылы 60 миллиард теңгеге жуық ақша жиналған. Нәтижесінде, 631 нысан күрделі жөндеуден өтіп, 889 нысан жаңадан салынған.
Бір сөзбен айтқанда “Рухани жаңғыру” бағдарламасы – қазақстандық рухани-мәдени өмірге, озық білім мен ғылыми-зерттеу нысандарына, тарих пен археология және тағы басқа да бағыттардың жаңаша дамуына серпін берді.
Abai.kz