Жексенбі, 13 Қазан 2024
2392 3 пікір 8 Қыркүйек, 2020 сағат 10:48

Сауд Арабиясында журналист Хашогги ісіне байланысты үкім шықты

Сауд Арабиясында мемлекеттік айыптаушы 2018 жылдың қазан айында өлтірілген журналист Жамал Хашоггидің ісіне байланысты түпкілікті үкім шығарды. Бұл жөнінде Al Arabia телеканалы хабарлады.

Бес адам 20 жылға сотталды. Үшеуі жеті жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олардың бәрі журналист өліміне айыпты деп танылды.

Биыл мамыр айында Хашшоги отбасы әкесін өлтіргендерге рақымшылық жасауды сұраған. Королдік заңына сәйкес, мұндай жағдайда айыпталушылар өлім жазасына кесілмейді.

The Washington Post газетінің колумнисі Жамал Хашогги 2018 жылдың қазан айында Стамбұлдағы саудиялық консулдықта азаптап өлтірілген. Оның денесі әлі табылмады.

Хашогги Эр-Рияд саясатын, ашық айтқанда, тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманды қатаң сынап келген.

Былтыр қазан айында Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Хашогги ісіне байланысты жабық өтіп жатқан сот процесі халықаралық талаптарға сай келмейді деп сынаған. Желтоқсан айында айыпталушылардың бесеуіне өлім жазасы, үшеуіне түрме жазасы кесілген болатын.

Ал шілде айының басынан бері Түркия да Хашогги ісіне байланысты сот процесін бастады. Онда Сауд Арабиясының 20 адамына қатысты іс жүріп жатыр. Оларды сырттай соттамақ.

Abai.kz

3 пікір