Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2686 0 пікір 21 Желтоқсан, 2011 сағат 04:05

Жолымбет Мәкішев. Еуразияшылдардың идеясы қазаққа қажет пе?

"Ресей өзін Евразиялық держава ретінде ғана құтқарып қала алады, тек Евразияшылдық арқылы ғана " Л.Н. Гумилев

"Ресей өзін Евразиялық держава ретінде ғана құтқарып қала алады, тек Евразияшылдық арқылы ғана " Л.Н. Гумилев

«Евразияшылдық идеясы» кейінгі жылдары жиі еститін сөзімізге айналды. Оны қозғап жүргендер бұл - ТМД мемлекеттерінің, оның ішінде әсіресе Қазақстанның бірден-бір даму жолы екенін дәлелдегісі келеді.. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей,  көсемдері көбіне Орыстар болғандықтан олар Евразияшылдықты орыс мүддесіне қызмет етуге бейімдеп алған. Оған: «Евразияшылдықты ресейдің геосаяси тұжырымдамасы ғана емес, біздің мемлекеттің геосаяси дәстүрі деп те айтуға болады» деген пікірлерін дәлел ретінде келтірсек болады. Яғни, бұл  Ресейдің империялық мүддесімен астасып жатыр.  Енді бұл идея  Қазаққа несімен тиімсіз  деген сұраққа жауап  іздеп көрелік..... Еуразияшылдар қозғалысы әуелде шетелдегі орыс эмигранттарының арасында дүниеге келді. Олар барлық халықтарға үстемдік етуге ұмтылған Евроцентризм мен романдық-германдық мәдениеттің агрессивтік сипатын сынға алып, 1928 жылы «Еуразия» деп аталатын газет шығара бастайды. Кейін қозғалыс мүшелерінің көпшілігі славяншылдықты өздерінің рухани негізі деп тани бастады. Қазаққа жақпайтын жағы осы. Себебі Қазақтар славяндар емес, аттарының тұяғы Еуразия төсін дүбірлеткен Қыпшақтардың тікелей ұрпағы екені белгілі. Керек десеңіз, бізде оған балама болатын «Тұраншылдық», «Түрікшілдік», «Алашшылдық» сияқты өз идеялдарымыз бар. Бұл жағынан бізге өздерін ресейге сіңіп кеткен «Далалықтардың» ұрпағы санайтындардың көзқарасы жақынырақ. Бірақ бұлар әлі ұйысып, Ресейде үлкен күш бола алмай отыр.  Себебі  орыстардың өзіндегі  «Далалықтарға» қатысты пікір екіге жарылған. Бірі «маңғол-Татарлар» төңірегінде бізде жаңсақ пікір қалыптасқан, сондықтан  қолдан жасалған жасанды тарихты әшкерелеп, ақиқатты айтатын  кез туды десе, Ұлы орыстық шовинизммен уланған кейбір оқымыстылар Қыпшақтар мен маңғол-Татар шапқыншылығына байланысты қалыптасқан қазіргі қоғамдық ойға қозғау салмау керек деген пікірден айнымай отыр. Олар егер Ресей тарихы жаңа көзқарас тұрғысынан талданса, ақтаңдақтар ашылып қалып, «Татарлардың»  орыс мемлекетінің қалыптасуына қосқан орасан зор  үлесіне әділ  баға беруге тура келеді деген уәж айтады. Бір жағынан «Татар-маңғолдарға» басқаша баға беріп үйренген қазіргі билікте оған онша ықылас білдіріп отырған жоқ.  Ондағы оқымыстылар мен қоғам қайраткерлерінің Ресей шежіресіне қатысты екі түрлі позиция ұстанатындығын белгілі тарихшы, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті  Юрий Афанасьевтың мына сөзінен байқауға болады:  «Кез-келген  адамнан  Дмитрий Донской кім болған деп сұраңызшы.  Куликово шайқасы, татар езгісінен құтылу деп жауап береді ...Егер «татар езгісінен құтылу» дегенді Дмитрий Донскойдың өзіне айтса, ол есінен адасып кетер еді.  Себебі, ол мойындайтын патша Татар патшасы ғана болатын. Ал Мамай өзін хан жасағысы келген көлденең көк аттының бірі болды.  Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған.   «Татарлардан азат болу» деген сандырақты ол қабылдамас еді. Бірақ қазір осылай сөз саптау  біздің тарихи қағидамызға айналып кетті»... Ал Еуразияшылар идеясының бізге тиімді тұсы олардың славян-түркі байланысын қайта жандандырып, өңірдегі алыс-беріске жаңа сипат беретіндігі. Олар Еуразия құрлығындағы ортақ тарихи-мәдени құндылықтардан бас тартқан жоқ.  Ұлы даланың әлем өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесіне оң баға беріп,  Орыс тарихы «Татарлармен» тығыз байланысып жатқанын мойындады. Сондықтан Еуразияшылдар батысқа бүйрегі бұрып тұратын отандастарына қарсы шығып, Ұлы Даланы Русьтің құдай қосқан көршісі әрі стратегиялық әріптесі деп таныды. Бірақ бұл мәселеге олар славяншылдық көзқараспен үңілді.  Өйткені орыс өркениеті өзінше бір әлем. Бұл Еуропа да емес, Азияда емес, екеуінің арасындағы синтез дейді олар. Тағы бір ерекшелігі Еуразияшылар, «Татар-маңғол езгісі» Ресей үшін қайырлы болды. Себебі Ресей Шыңғыс хан империясынан еуразиялық мемлекеттіліктің эстафетасын қабылдап алды,-деген пікір айтады. Николай Трубецкой бұл жөнінде былай деген болатын: «Мәскеу патшалығы Татар езгісінің арқасында құрылды. Мәскеу патшалары «орыс жерін біріктіріп» үлгерместен Ұлы маңғолдардың батыстағы ұлысына иелік ете бастады. Мәскеу Қазан, Астрахан мен Сібір хандығын жаулап алған соң ғана күшті мемлекет болды.  Орыс патшасы маңғол ханының мұрагеріне айналды. Осылайша Православ патшасы Татар ханының орнын басып, хан ордасы Мәскеге ауысты»..Алайда Евразияшылдарға қарсы шығып, олардың мақсатын түкке тұрғысыз деп тапқандар да бар. Мәселен Григорий Флоровский «Еуразияшылдықты рухани сәтсіздік,- деп бағалаған.  «Ресейді Батыстан бөліп тастауға болмайды. Біз Еуропаға техникалық қажеттіліктердің әсерінен бет бұрдық. Ал Еуразиялық факторға келсек, Ресей Еуропа мен Азияның арасындағы синтез емес. Еуропаға жиіркенішпен қарап, Азияны қалап алған  Еуразияшылардың өздері еді» деген болатын..Жиырмасыншы жылдардың басында Еуразияшылдар Феодор Достоевскийдің: «Еуропа  бізді құл ретінде қабылдаса, Азияда біз мырза болдық. Еуропа бізді Татарлар десе, Азияда біздерді еуропалықтар деп атады» деген пікірін жиі қайталайтын.  Қалай десекте Еуропа мен Азияның «ортасында орналасқан» Ресей ешқашан империялық мұраты пен амбициясынан бас тартқан емес. Бізге керегі де сақтанатынымыз да осы. Оған Ресейдің президенттік кеңесінің мүшесі болған Сергей Карагановтың  «Ресей өзінің байырғы империялық рөлінен бас тартпайды...Ол барлық амалмен бұрынғыша жергілікті княздерді ақшаға сатып алып,...қажет болса керек жерге әскер де аттандырып тұрады. Бөліп алда билей бер саясатын жүргізе береді»-деген пікірі дәлел бола алады.. Француздардың «Орыстың бетін тырнасаң ар жағынан Татар көрінеді» деген тамаша мақалы бар. Бірақ француздар осылай десе де орыстар тегін тани алмай әлі бүлініп жатыр. Сондықтан «бүлінгеннен бүлдіргі алудың» қажеті жоқ деп ойлаймыз.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434