21 қыркүйекте Facebook-тағы парақшасында ол әріптестеріне алғыс айтып, бизнеске кететінін жазған. Алайда қызметтен кетуінің себебін түсіндірмеген. Оның орнына Жетісу ауданының бұрынғы әкімі Мақсат Қиқымов келген.
Сапарбек Тұяқбаев елде коронавирус індеті өршіп, ауруханада орын табылмай, дәрі-дәрмек тапшы болған кезде "дәрі-дәрмек жеткілікті, кейбір адамдар [тапшылық барын] айтып әлі хайп қуып жүр" деген сөзі үшін дауға қалған еді. Шілде айында жергілікті белсенді Светлана Дружинина шенеуніктің үстінен "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен полицияға шағым түсірген.
Белсенді сол кезде Facebook парақшасына тікелей эфирге шығып, үйінің маңындағы дәріханаларға барып, Covid-ті емдеуге арналған хаттамада көрсетілген дәрі-дәрмектерді табуға тырысқан. Екі дәріхананың бірінде тізімдегі дәрілердің тек біреуі ғана табылып, екіншісінде мүлде жоқ болып шыққан. Ол тікелей эфир кезінде қала әкімі орынбасарының "жағдайдан мүлде бейхабар" екенін айтып, шенеунікті қызметінен кетіруге шақырған еді.
Бұған дейін полицияның шағымды қарауға "негіз таппағаны", ал прокуратураның оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қайтарғаны хабарланған еді. Агенттік әзірге бұл шағымға байланысты түсініктеме бермеді.
Сапарбек Тұяқбаев Алматы әкімінің орынбасары міндетін бір жылдан астам уақыт атқарған.
Abai.kz