«Қазағым-ай» онлайн-концерті өтті
27 қыркүйек «Ұлы дала елінен» жобасы аясында «Халық қазынасы» мемлекеттік өнер ұжымының шетелдегі қандастарға арналған «Қазағым-ай» атты онлайн концерті өтті. Концертті қазақ диаспорасына рухани қолдау көрсету және шетелдегі қандастармен байланысты нығайту мақсатында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» КЕАҚ мен «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп ұйымдастырды.
Аталған игілікті іс-шара 2019 жылдан бері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді. Онлайн концерт Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21:00 тікелей эфирде «Отандастар қоры» КЕАҚ Otandastar channel YouTube арнасында көрсетілді. Баршаға қол жетімді болып, шеттегі қандастарымызға шығармашылық көңіл-күй сыйлаған концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері қатысты. Алыстағы ағайынның ыстық ықыласына бөленген Жанғали Жүзбай, Ерлан Рысқали, Ерболат Шалдыбеков, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова және халықаралық байқаулардың лауреаттары Асқар Мұқият, Ақерке Тәжібаева, Венера Табыс қатарлы өнерпаздардың өнері қандастардың көңілінен шықты. Өнерпаздар көпшілік сүйіп тыңдайтын ұлттық музыкалық туындылар мен жаңа музыкалық композицияларды орындады.
Эльвира Ысқақова,
Минск қаласында тұратын Беларусь еліндегі қазақ диаспорасының өкілі:
- Рақмет, концерт өте керемет көңілді өтті. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар қорына» алғысым шексіз. Атажұрттан жеткен ыстық сәлемді, рухани қазынаны зор қуанышпен қабыл алдық. Әуезді ән, күмбірлі күй тыңдап сағынышымызды бастық. Қандастар үшін жасап жатқан барлық жобаларыңыз табысты болып, жұмыстарыңыз берекелі болсын!
Гаухар Жұмағазықызы,
Тегеран қаласында тұратын отандасымыз Иран Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабына қарасты Қазақ радиосының дикторы және www.parstoday.com/kz сайтының аудармашысы:
- Алыс-жақын шет елдердегі қазақ қандастар түпкі тамырынан ажырап қалмауы үшін рухани дүниелерін молайтатын мәдени іс-шаралар ұйымдастыру аса маңызды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Отандастар қорының пандемия кезінде түрлі музыкалық ұжымдармен әріптесіп, онлайн концерт ұйымдастыруы атажұртын сағынып, жаңалыққа сусап отырған қандастардың жанын жадыратып, рухын көтереді. Бар екенімізді және бір екенімізді білу әр қазақты марқайтады. Осындай мүмкіндікті ұлт мүддесіне сай ұтымды пайдалануға күш салып жатқан «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына және барлық жанашыр жандарға алғысымыз шексіз!
Гүлдана Нарынбетова,
Өзбекстан Республикасы Науай облысы Қазақ ұлттық мәдени орталығы координаторы, республикалық «Нұрлы жол» газетінің аймақтық тілшісі:
- Онлайн концерт ұлттық нақышта өте керемет өтті. 2017-2019 жылдары Қызылорда облысынан филармония келгенде халық әндері мен күйлерін, термелерді тыңдаған болатынбыз. Бізде көбінесе эстрада мен той әндері көп орындалады. Осы орайда шетелде тұратын қандастарға ұлттық аспаптардың үнін естірткен концерт ұйымдастырушыларға, мәдениет қызметкерлеріне, жалпы Дүниежүзі қазақтарының қауымдасты мен «Отандастар қорына» ерекше алғысымызды білдіреміз. Біз шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері, мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымыз әлем сахнасынан көрінетініне сенеміз!
Abai.kz