Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2992 0 пікір 10 Қаңтар, 2012 сағат 07:27

Ерлан Қарин: «Жаңаөзен қайғысына ортақтасу – қазақтығымызға да, мұсылманшылдығымызға да борыш»

Тәуелсіз  Қазақ елінің  тарихында  бұрын-соңды болмаған, бұқараны алаң қылған Жаңаөзен оқиғасының өткеніне де  бір айға жуық уақыт болыпты. Елдің шетінде, дұшпанның өтінде емес,  бейбіт күнде  азаматтардың  мерт болғаны қаймана қазақтың қабырғасына бататыны өтірік емес. Бұқара қазір Жаңаөзендегі  дүрбелеңнің  нақты себептерін, тіпті салдарларын да толық біліп отыр деу қиын. Сан түрлі пікірлер де, жорамалдар  да аз емес. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Дегенмен, біз, белгілі саясаттанушы Ерлан Қариннен осы тақырып төңірегінде сұхбаттасып,  бірнеше  сауал қойған едік. Биліктің бір өкілі болса да, өзекті мәселелерге өз пікірін қашанда ашық білідіріп жүрген Ерлан мырзаның көзқарасы бұл жолы да өзгелерден ерекшеленді.

- Ерлан Тынымбайұлы, бүгін де 16 желтоқсанда өткен Жаңаөзен дүрбелеңінің нақты себептері туралы түрлі алып-қашпа әңгіме көп. Алайда, түрлі нұсқалар  көбейген сайын мәселенің шынайы себебі тасада қала беретін сияқты?

Тәуелсіз  Қазақ елінің  тарихында  бұрын-соңды болмаған, бұқараны алаң қылған Жаңаөзен оқиғасының өткеніне де  бір айға жуық уақыт болыпты. Елдің шетінде, дұшпанның өтінде емес,  бейбіт күнде  азаматтардың  мерт болғаны қаймана қазақтың қабырғасына бататыны өтірік емес. Бұқара қазір Жаңаөзендегі  дүрбелеңнің  нақты себептерін, тіпті салдарларын да толық біліп отыр деу қиын. Сан түрлі пікірлер де, жорамалдар  да аз емес. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Дегенмен, біз, белгілі саясаттанушы Ерлан Қариннен осы тақырып төңірегінде сұхбаттасып,  бірнеше  сауал қойған едік. Биліктің бір өкілі болса да, өзекті мәселелерге өз пікірін қашанда ашық білідіріп жүрген Ерлан мырзаның көзқарасы бұл жолы да өзгелерден ерекшеленді.

- Ерлан Тынымбайұлы, бүгін де 16 желтоқсанда өткен Жаңаөзен дүрбелеңінің нақты себептері туралы түрлі алып-қашпа әңгіме көп. Алайда, түрлі нұсқалар  көбейген сайын мәселенің шынайы себебі тасада қала беретін сияқты?

- Әу баста бұқаралық ақпарат құралдары, зиялы қауым өкілдері, тіпті кейбір саясаткерлер бар бәрі бірауыздан  толқуларды «сыртқы  күштер» ұйымдастырғанын алға тартқан болатын. Әрине, сыртта қашып жүрген биліктің кейбір қарсыластарының қайта-қайта араңдатуы жағдайдың бір мезгілде өршіп кетуіне өзінің үлесін қосты. Оны да мойындап, турасын айту қажет. Бірақ, кейбіреулер өз жорамалдарында тіпті одан да әрі барып - Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерді АҚШ немесе тұтастай Батыстың астыртын іс әрекетінің нәтижесі дегендері де болды. Ондай гипотезаны әсіресе, мәскеулік сарапшылар қайта-қайта айтып, ал, сол Мәскеуге жалтақтайтын біздің кейбір сарапшылар ол ойды қостап, одан әрі таратып жатты. Өз басым, баласы жақсы болса өзіне ұқсатып, жаман болса шешесіне ұқсата салғандай - кез келген жағымсыз оқиғаны, шетелге айдап салуға құмар емеспін. Солай болғанның өзінде де, біздің мақсатымыз елдегі қандай да бір проблеманы террористер болсын немесе қашқын оппозиционерлер болсын, өз мақсаттарына оп-оңай пайдаланып кетуге жол бермеу керек деп есептеймін. Бұл, біріншіден.

Екіншіден, өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы күндерден бастап мұнайшыларды араңдатушылардан бөлек ажыратып, қарастыру қажет деген болатын. Осыны кейін Маңғыстауға барғанында тағы да қайталап айтқан еді. Бірақ соған қарамастан кейбір ақпарат құралдары мұнайшыларды жаппай сынаумен әуестеніп кетті. Одан кейін сол күні  алаңға шыққандардың бәрін жаппай «бұзақылар», «айтаққа ерушілер» дегендер де болды. Сөйтіп, барлық уәждер тек қана  қаралаушы сипатта болғандығын жасырып қайтеміз. Бір қарасаңыз,  тұтас ел маңғыстаулықтарды  сынап, табалап жатқандай көрінді. Сөйтіп, жаңаөзендіктердің қайғысына ортақ болудың орнына  алғашқы кезде  тек жазғырумен болғандай әсер қалыптасты.

Ал Жаңаөзендегі толқуларды қазір тек  мұнайшылар ереуілімен байланыстыру енді, тіпті қателік болады. Қазір Үкімет жұмыстан қысқарған  мұнайшыларды жұмыспен қамтамасыз ету,  жаңа жұмыс орындарын ашу,  қираған нысандарды қалпына келтіру сияқты шаралармен айналысуда. Дұрыс. Осы шараларды созбай және жедел жүзеге асыру қажет. Алайда, қанша дегенмен мәселенің тек беткі қабатымен ғана айналысып жатқан сияқтымыз. Себебі, мәселенің тамыры тереңде  жатқан секілді. Өткенде бір сұхбатта айтқанымдай, Жаңаөзендегі оқиға қоғамдағы кейбір ішкі мәселелер мен процесстерді объективті бағалай алмай отырғанымыздың, не болмаса қандай да бір тоқмейілсушіліктің немесе "бізде ешқандай да проблема жоқ" деп өз-өзімізді алдағанның нәтижесі. Сондықтан, соңғы оқиғалар түптің түбінде, шынайы астарын айтатын болсақ, билік пен халықтың арасындағы бір алшақтықтың барын да көрсеткен сияқты. Неге? Себебі көп жағдайда халықтың үні түрлі деңгейдегі шенеуіктерге жетпейді, жетсе - еленбей жатады. Есіңізде ме, Елбасының бір кезде жергілікті билік өкілдерінің өз деңгейлерінде түрлі мәселелерді шешпей, тұрғындардың амалсыздан сол ірілі-ұсақты шағымдармен мемлекет басшысына жүгінетін айтып, наразы болғаны. Міне, осындай еленбеген, көңіл бөлініп, шешімін таппаған наразылықтар жиналып үлкен дауларға ұласып кетіп жатады. Екінші жағынан, Жаңаөзендегі оқиғалар мейлін еңбек дауы, немесе әлеуметтік конфликттер болсын, олардың шешу механизмдерінің әлсіздігін тағы бір аңғартты. Ымыраға келтіретін институттардың рөлі де әлсіз, бар механизмдер жетілмеген, сөйтіп, бір мәселеден екінші мәселе туындай береді. Жеті ай ереуіл кезінде де, енді, міне, адамдардың өліміне соқтырған оқиғалардан кейін де кіммен келісөз жүргізіп, кіммен келісіп, ымыраға келуді білмейді. Ал, шындығында азаматтардың мүдделерін, наразылықтарын бір арнаға салу керек.

- Сонда да ресми және тәуелсіз ақпарат құралдарында бұл оқиғалар әлде де түрліше сипатталатын сияқты. Біреулер жаппай тәртіпсіздіктер, екіншілері бұзақылардың әрекеті деп суреттеп жатады...

- Кім қалай айтса да, бұл оқиғалар үлкен трагедия. Бәлкім, біреулер үшін Жаңаөзендегі оқиғалар алыста, ел шетінде, шағын ғана қалада болған бір тосын немесе жеке бір төтенше оқиға тәрізді көрінетін шығар. Бірақ, бейбіт күнде  азаматтардың мерт болуы бұл - нағыз халықтық трагедия. Қазір ең басты мәселе -  болған оқиғаларға жан-жақты  және ашық сараптама жасалып,  тергеу жұмыстары тиянақты жүргізіліп, бұл оқиғалардың ұйымдастырушылары мен араңдатушылары, сонымен бірге өкілеттілігінен тыс қару қолдануға да қатыстылар анықталып, барлықтары лайықты жазасын алулары тиіс.

- Конституциялық кеңестің Жаңаөзенде сайлау өткізбеу туралы  шешіміне  көзқарасыңыз қалай?

- Бұл  заң талабы мен саяси қажеттіліктің арасындағы қайшылық. Бірақ, мәселенің саяси және  моральдық астары тағы бар. Саяси тұрғыдан қарастырар болсақ, билік Жаңаөзенде сайлау өткізбеу туралы шешім қабылдау арқылы өңірде жағдайдың тұрақталғандығына күнәмданатындығын байқатып алды. Бірақ, ресми БАҚ аймақтағы жағдай тұрақты деген ақпарат таратуымен келеді. Егер жағдай тұрақты болса, неге сайлау өткізуге болмайды? Сайлауды ең болмаса Жаңаөзендегі жағдай тұрақтанғанына бұқараның көзін жеткізу үшін де өткізген дұрыс. Тіпті,  коменданттық сағатты да  алып тастаған жөн болар еді. Өздеріңіз білесіздер,  екі күннің бірінде атыс-шабыс, жарылыстар болып тұратын Ауғанстанның өзінде бірнеше  рет сайлау өтті. Сонда Жаңаөзендегі жағдай Ауғанстаннан да жаман болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес. Ал, енді мәселенің моралдық  жағына келер болсақ,  өткен жылы  батыс өңірлерде  болған экстремистік әрекеттерге баға беру кезінде біз бұқараның санасына «батыс өңірі тұрақсыздықтың ошағы» деген  ұғымды қалыптастырғандай болып, экстремизм мәселесі арқылы бір оқшаулап едік, енді сайлауды өткізбеу арқылы екінші рет оқшауламақпыз. Бұл  - ашығын айтсақ, елдің бірлігіне шынымен де сызат түсіретін  үлкен мәселе. Әсіресе, қазақ ұлтының бірлігі үшін қауіпті қадам.  Мені үрейлендіретін де осы жағдай. Сондықтан, Елбасының шешімі азаматтардың сайлау құқығы тұрғысынан және ел бірлігі тұрғысынан маңызды шешім.

Бірақ та, екінші жағынан, бұл оқиғалар сонымен қатар, азаматтарымыздың жүрегінде елдік сезімді оятып жатқанға да ұқсайды. Өткен аптада бір топ астаналық жастар болып, "Нұр Астана" мешітіне барып, жаңаөзендік құрбандарға арнап құран оқытқанбыз. Сонда нәиб имаммен сөйлесіп отырғанымызда, бізге дейін де бірнеше кісілер келіп, құрбан болған қандастарымыздың рухына дұға бағыштағандарын естіп, разы болып қалдық. Қайғыға ортақтасу - қазақтығымызға да, мұсылманшылығымызға да борыш.  Жан жарасы - елдің тұтастығымен, көңілдің ортақтығымен, уақыттың төрелігімен жазылса керек-ті.

Сұхбаттасқан  - Амангелді Құрметұлы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1467
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387