Депутаттар жұмысын халық арасында отырып атқарса...
Қазіргі цифровизация дәуірінде адам баласына қажетті қызметтер мен сан-салалы тұрмыс - тіршілік тетіктері оңтайланып, қолжетімділігі артуда. Оның үстіне, әлемге үрей сепкен, «ТәжТұмау» да осы саланың тездетіп дамуына оң әсерін тигізіп, «катализатор» ролін атқаруда.
Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда әлеуметтік, экономикалық салаларымыздағы бұрыннан қалыптасып қалған ұғымдарымыз бен жұмыс істеу тәсілдерімізге диагональды кереқарыс тәсілдер мен ұғымдар енуде. Және бір ерекшелігі сол, енгізіліп жатқан өзгерістер өздерінің өміршеңдігі мен тиімділігін көрсетуде.
Осыған орай, Мәжіліс депутаттарының да жұмыс істеу тәсілін сандық тәсілге бейімдеп, оңтайласа дұрыс болар еді. Яғни, халық қалаулылары еліміздің астанасына жиналмай, өзін сайлаған халық арасында отырып-ақ өз жұмыстарын толығымен атқара алар еді. Кез келген ақпарат болсын, немесе қандай да бір мәлімет болсын қазіргі таңда қолжетімді.
Депутаттардың халық арасында болуы қабылданған немесе дайындалып жатқан Заңдардың халыққа қаншалықты тиімді екендігін, каншалықты оң немесе теріс өзгерістерге қол жеткізілетіндігін шұғыл аңғаруға мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар, Заңдарды халық арасында талқылау немесе түсіндіру жұмыстары да оңтайланары даусыз. Саяси мәселелерді жергілікті қоғамдық ұйымдармен, мәслихаттармен талқылайды, заңға өзгерістер енгізу жан-жақты қаралып, талданып барып іске асыруға қол жетеді. Жергілікті мәслихаттармен байланыс жақсарады, олардың мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешуге қатыстыру тетігі арттырылады.
Ең бастысы, қарапайым халықтың өз депутаттарына қолжетімділігі мүмкін болар еді. Депутат өз сайлаушыларының көтерген мәселесімен тікелей барып танысып, қажеттілігін, шешу мүмкіншілігін жергілікті билікпен бірігіп қарастырып жұмыс істейді. Күрделі және қомақты қаржы қажет мәселелерді республикалық органдарға нақты дәлелдей алуға болады, өз көзімен көріп жүргенін айта алады.
Ал шұғыл шешімдер үшін 2-3 күнге іссапармен астанаға барғанда, қонақ үйге тоқтауға болады.
Жалпы алып қарағанда, Президент айтпақшы «слышащий Парламент» болуына ықпалын тигізеді, астанаға баратын көптеген шағымдардың алдын алуға болады. Президентіміз өз Жолдауында қойып отырған Халықтық үкімет саясатына Мәжіліс тарапынан үлкен қолдау болар еді.
Бұл жобаның экономикалық тұрғыдан да еліміздің бюджетіне едәуір қосымша әкелеріне ешім таласа қоймас. Дерекөздерге сүйенсек әрбір депутатқа жылына 92 млн теңге жұмсалады екен. Әр облыс өз депутаттарына өздері жағдай жасап тиісті қаржыны мүмкіндігінше облыс бюджетінен қарастырған болар еді.
Қортындысында орталықтандырылған депутаттарға арналған көптеген материалдық шығындарды үнемдеуге болады.
- қызметтік кабинеттер, көліктер, штаттық бірліктер;
- тұрғын үйлер, т.б.
Пенсияға шығып, жақсы демалып, ұйықтап жүретін жалқау депутаттардан құтылуға болады.
Рахманқұл Байтелиев
Abai.kz