Сенбі, 23 Қараша 2024
Әңгіме 5318 3 пікір 3 Желтоқсан, 2020 сағат 11:16

Өй, қолым жетті-ау!..  

Сықақ  әңгіме

Осы «Abai. kz» сайтымен «әуес» ағайындар, қазекемнің: «Іздеген жетер мұратқа» дегені өте рас екен!.. Бұдан бір + жарты ай шамасы бұрын «Бізге бір супермаркет керек-ақ!» деп жазғаным  жадыларыңызда шығар, сол көксеуіме кәрі-жас тамыр-таныстарымның арқасында, бүгінде «арқасынсыз» қай шаруаң болсын шатқаяқтай береді емес пе, ақырында қолым жетті! «Адамның жанынан басқаның бәрі бар» деген супермаркеттен жарты жылға бір бөлмені жалға алдым. Қуанышым аяқ-қолымды дереу қыздырып, әдрісім мен телефоным бадырайтып көрсетілген  бес хабарландыру жаздым да, бөлмемнің есігінің сыртына және дәу ғимараттың төрт қабырғасының сырттарына жапсырып қойдым. Ақыл сататынымды, әлбетте, алдымен айттым. Сол-ақ екен, ту биенің жалындай шашы шашылған тапал келіншек тапырақтап кіріп келіп:

-Аташка, рас па? - деді, өзі елеңдеп, көзі күлімдеп.

-Немене «рас па»? - дедім, елп ете қоймай.

-Ақыл сататыныңыз рас па, аташка?

-«Аташка» деме, «ата» де, егер қазақ болсаң. Мынау орындыққа отыр.

-Е, иә, асығып жүріп... бағасы неше теңге.., ата? – деді, отыра бере.

-Бір сөзім: зейнеткер еместерге - 50 теңге, зейнеткерлерге - 25 теңге, - дедім. Бұл бағаны бөлмесіз жүргенде-ақ ішіме түйіп қойғанмын.

-Көп екен...

-Көп, көп. Қандай ақыл, қанша керек саған?

-Мен ақшаны, көп, әлгі... қымбат екен деп...

-Бізде арзан не бар? «Арзандады» деген сөзді естімегеніңе неше жыл болды, есіңе түсірші, кәне?

-Көп болды, көп... есімде жоқ.

-Ал «қымбаттады» деген сөзді ше?

-Оны ма, оны көп естіп жүрмін.

-Сенің «көп» деген сөзің көп екен, азайтайық. Қандай ақыл керек, соны көп етпей, аз етіп жазып алып кел.

Келіншек маған бағжия қарай қалып:

-«Жазып» дейсіз бе, оның керегі не, мен айтамын, сіз де айтасыз, содан...

-Содан кейін, құрметті қарындас, тыңда, не туралы ақыл керегін жазып әкелуің керек, дәкүметсіз болмайды. Мен оны оқимын, содан кейін ақылымды айта бастаймын, неше сөз болатынын түртіп отырамын.

-«Түртіп»? Ол қалай? – деді ол, көзі жыпылықтап.

-Дәптерге жазып алуды кейде солай айтамыз. Әбден болған соң оны санаймыз да, сен «ақыл ақысы үшін пәлен теңге төледім» деп қол қоясың, мен «алдым» деп қол қоямын. Бәрі заңды болуы керек, заңның не екенін ұмытып кеткендер сен екеуімізсіз де нөпір, ұқтың ба?  - дедім, дауысымды әдейі салқын шығарып. Келіншек үндемеді. Бетінің жартысына жуығын жапқан шашын қолымен құлағына қарай ысырып, жан-жағына қарады. Бір үстел, екі орындық және мен төртеуімізден басқа дәнеңе жоқ бөлмеден не іздегенін өзі білсін, орнынан баяу көтеріліп, бірақ аяғын тыпырлата басып, шыға жөнелді. Келгенінде  «Сәлеметсіз бе?» демегеніндей, кетерінде «Сау болыңыз!» демеді. Мен еріксіз ойлана бастадым: мынадайлар ақыл сұрап та, тыңдап та, ақысын төлеп те жарытпас, мені байытудан бұрын... әй, осы мен кеше ойлайтынды ертеңнен арғы күндердің бірінде ойлайтын кісі екенмін ғой?!. Жаңағыға қаншама ақылды сутегін айттым, ә?.. Кіріп келгенінен шыға жөнелгеніне дейін оған не айттым, мына жазғанымды оқып байқаңыздаршы, жауаптарымның бәрі әдемі ақыл емес пе?!.  Кемінде бір мың теңгем оның қалтасынан шықпай қалды...

Әйткенмен, әлгі келіншектің құдай берген аққұба бетін де, ұзын қара шашын  да аман сақтап жүргеніне, шынымды айтайын, әжептәуір риза болып отырмын. Себебі: соңғы жылдары бүкіл Қазақстанда қазақ қыз азайып, «интернационал» қыз-қырқын көбейіп кетті. Мәселен, теледидарымыздың  қай арнасын ашсаң да сабаншаш ұрғашылар тап болады. Шет елдердікін қойшы, өзіміздің арналардағы өзіміздің сабаншаш қазақ бикештеріміздің «келбетін» айтсаңшы! Бірінің беті дөңгелек, бірінің беті сопақ демесең, бәрінің: қасы бір үлгімен қырылғандай, көзінің айналасы жылтыр көкшіл, жасылтым, қоңыр түске боялып, жиегі  қарамен шеңберленген, жалғамалы кірпігінің қайқиған ұшы қабағына тірелген, еріні қызыл бояуға жаңа ғана малып алғандай. Бір қалыптың кірпіштері секілді!

О, сахнадағы сабаншаш әнші-биші қарындастарымды көрсеңдерші! Бишінің кәсібі белгілі: әлем-жәлем киінген он шақты нөкерінің ортасында ойнақтап жөнеледі. Шетелдік телеарналардан көріп жүргендеріндей, көкке шапшыса да, еңкеңдесе де, тоңқаңдаса да, отыра қалып, жата қалып билесе де еркі. Залдағы көрермендердің көпшілігін – жастарды желіктіруі керек.

Әншілер де билегіш нөкерін ерте шығып, сахнада олай-бұлай жортып жүріп саңқылдайды, сұңқылдайды, шыңғырады. «Қызуы көтеріле бастаған» залды әндете аралап, гүл жинайды.

Айтпақшы, бұл екеуін де әлгі «музыкалық сүйемелдеуде» домбырамыз бен қобызымыз көрінбейтін болғалы 4-5 жыл. Қаңғырлаған, даңғырлаған аспаптар әулекіленіп алды. Радиоарналардағы концерт атаулыда да солар  өктем. Әлдебір аспаптың дүңкілдеген, тоңқылдаған дүлей дауысы жүйкеңді жұлқылайды. Сондай «рахат» концертті маңайламайтын болдым.

Кеше осыны ойлап, ән-биіміздегі бұл «заманау жаңалықты» бұдан арыға жалғастырмау,  домбыра мен қобызын, сырнай-кернейін қазағына қайтарып беру туралы Мәдениет министрлігімізге хат жазып, ақыл қосуға міндеттімін деп білдім. Билік басында, парламентте, анау ассамблеяда зейнеткер толып жатса да,  бұл министрлікте қалғып-шұлғушылар жоқ сияқты. Яғни әрбір сөзімді белгілеген 50 теңгемен бағалап жолдасам... өй-дә-ә-ә!.. кемінде бір қапшық болар! Министрліктегілер адал ақымды адыра қалдырмас, - анау-мынау емес, Мәдениет министрлігі ғой?!.

Ғаббас Қабышұлы

02. 12. 2020 ж.

Abai.kz     

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375