Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4159 0 пікір 14 Ақпан, 2012 сағат 19:21

«Мен қазақпын, жаратылысым да, жаным да – қазақы…». Қ.И.Сәтбаевтың Т.А.Кошкинаға хаттары,1925-1929 ж.ж.

Арнайы сөз болып отырған бұл хаттардың алғашқысын Қаныш Сәтбаев 1925 жылы 29 маусымда Семейден жазып, Таисия Кошкинаға жолдаған. Хат жолдаушы Қаныш Сәтбаев 26 жаста, Том технология институтының 4-курсын тәмамдаған студент жазғы демалысқа шығып, Баянауланың күнбатыс бөктеріндегі туған ауылына аттанып бара жатқанда жазған. Таисия Алексеевна Кошкина да осы инсти­туттың студенті, ол да 4-курсты бітірген. Шамалауымызша, осы хат Қаныш Иман­тайұлының болашақ қосағына алғашқы жолдауы. Қосымша айтар жайт: қолы­мыз­дағы 50 хаттың (жалпы көлемі 100 бетке таяу) мәтінін толық келтірмейміз, ерлі-зайыпты екі геологтың бес жылға таяу уақытта отбасылық тіршілік қамымен қоса өздері шұғылданған қауымдық істі қалай атқарғаны, сол жолдағы басынан кешкен бейнеттері мен зейнеттері жайындағы оқиғаларды сөз еткен тұстарын ғана аударғанымызды ескертеміз. Таисия Алексеевнаның жауап хаттары сақталмаған. Мейіз Қанышқызының түсіндіруінше, ұзақ жылдар сақталған хаттарды анасы бер­тін­де, өмірден аттанар шағында өз қолымен жойған-мыс...

Арнайы сөз болып отырған бұл хаттардың алғашқысын Қаныш Сәтбаев 1925 жылы 29 маусымда Семейден жазып, Таисия Кошкинаға жолдаған. Хат жолдаушы Қаныш Сәтбаев 26 жаста, Том технология институтының 4-курсын тәмамдаған студент жазғы демалысқа шығып, Баянауланың күнбатыс бөктеріндегі туған ауылына аттанып бара жатқанда жазған. Таисия Алексеевна Кошкина да осы инсти­туттың студенті, ол да 4-курсты бітірген. Шамалауымызша, осы хат Қаныш Иман­тайұлының болашақ қосағына алғашқы жолдауы. Қосымша айтар жайт: қолы­мыз­дағы 50 хаттың (жалпы көлемі 100 бетке таяу) мәтінін толық келтірмейміз, ерлі-зайыпты екі геологтың бес жылға таяу уақытта отбасылық тіршілік қамымен қоса өздері шұғылданған қауымдық істі қалай атқарғаны, сол жолдағы басынан кешкен бейнеттері мен зейнеттері жайындағы оқиғаларды сөз еткен тұстарын ғана аударғанымызды ескертеміз. Таисия Алексеевнаның жауап хаттары сақталмаған. Мейіз Қанышқызының түсіндіруінше, ұзақ жылдар сақталған хаттарды анасы бер­тін­де, өмірден аттанар шағында өз қолымен жойған-мыс...
Бірер сөз 50 хаттың біздің қолымызға қалай түскені жайында: 1980 жылы «Сәтбаев» ғұмырнамасы Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясымен 100 мың дана таралыммен жарыққа шықты. Бұл оқиға қазақстандық оқырмандар үшін қуанышты мерекеге айналды. Қанекеңнің отбасы да мені кезекпе-кезек дәмге шақырып, құрмет көрсетті. Мейіз Қанышқызының үйінде болғанымда, ол кісі маған екі түрлі сый-сияпат жасады: алғашқысы - Қаныш ағайдың ас ішетін күміс қасығы мен шанышқысы (екеуінің де сабына ғалым есімінің бас әріптері ойылған); екіншісі - әкесінің шешесіне жазған хаттарының түпнұсқасы... Мен сол хаттардан көшірме жасап, бірер жылдан соң түпнұсқасын Мейіз Қанышқызына қайтардым. Содан былай хат үзінділерін ғұмырнама кітабымның 1988 жылдан бергі қазақша, орысша 9 басылымының бәріне де ішінара кіргіздім. Әсілі, осы хаттарды және Қанекеңнің өзге жылдарда да әркімге, көбіне лауазым иелеріне жолдауларын жинақ етіп жариялайтын уақыт жетті деп білемін. Бұл енді Қ.И.Сәтбаев атындағы халықаралық қор шұғылданатын шаруа болуға тиіс!

Қ.С., Семей, 29.7.1925 ж. - Зырянов кенті, Т.А.-ға.: «Қымбатты Тася! Семейде сіз болмаған соң көңілсіз жүрмін. Сүреңсіз мезі күндер өтер емес. Сан алуан ой кешіп, жападан-жалғыз жа­­­быққан жаным Сізді ойлаған сәтте ғана бір уақ жай табады. Тәңір бізді жолықтырып, өзіме Сіздей жансерік тапқаныма кәміл сенімдімін. Сол себепті қуанышқа толы һәм шексіз ризалық сезіммен алдағы өмірге зор үмітпен қарап отырмын. Біздің сүйіспеншілігіміз шұғыл туып, бірден бекем негізге ауғанына мен таңданбаймын, сол да біздің жаратылысымыздың өзара жақындығына дәлел емес пе?.. Бұдан көп бұрын, алғаш та­­­ныс­қанда-ақ мен сіздің қарапайым нышаныңызға бия­зы қылығыңызға таңғалып едім... Сөйтіп, Сізді әбден танып-білуден соң өзіңізге мәлім шешімге келдім. Сізге мен бір ғана шарт қоямын, есіңізде болар, оны орындау қиын емес. Сонымен, Тася, жеребе тасталды, біз ала жіптен аттаған адамдармыз. Сол тек бақытқа бастағай! Сүйе­мін! Өзіңіздің Қаныш».
Қаныш Имантайұлы туған өлкесінде кен із­­­деуге құлшынған азамат. Өзі ғашық болған Таисия Кошкинаға: «...бір ғана шарт қоямын» - деуі де сол, өміріне мұрат еткен барлаушылық кәсіп-пен туған даласынан кен іздеу. Тася бойжеткен де бұл шартты қарсылықсыз қабылдаған...
Қ.С. - Т.К.-ға, 8. 8. 1926 ж.: «Saulem Taisa-Tai! Соңғы хатты бұдан бір ай бұрын, 8 шілдеде жол­­дағаныма ренжіме... Біздің далада жеке адамның хаты түгілі, болыс поштасының өзі айына бір-ақ мәрте қатынайды. Міне, мен де шабарманның келгенін пайдаланып, Сізге екінші мәрте хат жолдап отырмын. Оның есесіне Сізден екі хат алдым... Бір айда жүзден астам қаз алдық, ұсақ құстарды санаған жоқпын. Бұл жақтағы негізгі қарекетімнің жөн-жосығын осыдан-ақ аңдаған боларсыз. Көңіл-күйім өте жақсы, тән саулығы түзелді... Семейге, сірә, тамыздың 25-і шамасында аттанатын шығармын, қыркүйектің 1-5-і аралығында сонда болмақшымын... Өзіңіздің Қаныш. Жаманқылшылы жайлауы».

Қ.С. - Т.К.-ға, Мәскеу, 8.02.1927 ж.: «Сүйікті Тася! Соңғы хатыңызды алдым. Көңілімде жа­­быр­­­қау туғызғанын жасырғым келмейді. Өзіңіз жазғандай, «күту және әрқилы шырғалаңдар» Сізді де қажытып, қамығуға душар еткенін, әри­не, түсінемін. Сөйтсе де, біз бір жәйтті мой­ын­дауға тиіспіз: өмір - күресу мектебі, оған көрген түстей жеңіл-желпі қарауға болмайды; ғұмы­рымыздың алғашқы кезеңінде осындай жағымсыз жайттардың кездесуі әбден ықтимал. Бұларды мен сөзсіз болуға тиіс құбылыстарға саямын және алда да кездеседі деген ойдамын.
...Өзіңізге мынандай: «Мен онымен бірге жү­ріп, өмір ұсынар әр түрлі қиыншылық пен шырға­лаңдарды бірге кешуге әзірмін бе?» деген сұрау қойыңыз. Менің тұлғамды, ойлаймын, Сіз жет­кілікті білесіз: мен қазақпын - жаратылысым да, жаным да қазақы; ой-түсінігім бойынша да қазақпын; алдағы өмірімді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін (даралаушы хат иесі - М.С.); бұл жолда ай сәулелі армандарға беріліп асқақтаудан адамын; сондай-ақ сөзсіз кездесер қиыншылықтардан да алабөтен безінгім келмей­ді; жан тыныштығын да шат-шадыман тұр­мыс­тан гөрі рухани күреспен өткізгенді жөн к­ө­ремін; сол үшін де тұрмыстың жайлы күйтінен бас тартып, Қазақстан қиырын кезіп, өмір-бақи кен іздеуге де әзірмін...»

Қ.С. - Т.К.-ға, Қарсақбай, 23. 05. 1927 ж.: «...Қарсақбайға 11 мамырда күндіз келдім... Құ­ры­­лыс жұмысы едел-жедел басталды. Жұмыс қар­қыны үдеді, жан-жақтан ағылып келіп жат­қан жұмыскер ерекше көп. Құрылыс материалдарын жеткізуге ғана күмән бар. Тасымалдау жұ­мысын жандандыруға шаралар жасалуда, бұл жөнінен де олжасыз емеспіз. Қа­лайда биылға белгіленген құры­лыс­ты толық аяқтауға сенім мол. Шетелден алынбақ жаб­дық­тарға тапсырыс мен Мәскеуде жүргенде-ақ берілген-ді. Осының бәрі алдағы тірлігімізге сеніммен қарауға ой туғызады: Қарсақбайдың тағдыры даңғыл жолға түсті; Жезқазғанның мыс кеніштері судан құр­­­ғатылуда; сусорғыштар қойылып, кен қазы­­­ла­­­тын участоктарды тіреу­мен бекітуге көшті; кен қазу күзде басталады... Мен үшін қазіргі басты мәселе - барлау және техно­­­ло­­­гияға қажет флюстік шикізат табу. Жезқазғанға дейінгі тар табанды темір жол құ­ры­­­лысы бірінші қазанда аяқталмақ, бірінші по­йыз да сол кезде жүреді...»
Қуатты екі комбинаттың (Қарсақбай және Қа­ра­ғанды іргесіндегі Спас) барлау жұмысын бас­қа­ру жас геологқа бірталай соны міндеттер жүк­­­теген. «Спас мәселесін тиянақтау үшін 5-10 маусым аралығында Мәскеуге баруға мәжбүрмін, - депті Қ.И. Таисияға Қарсақбайдан 23 мамырда (1927 ж.) жолдаған хатында. - Одан соң шілденің алғашқы жартысында Спас кәсіпшілігіне жетуім керек...»

Бір тәуірі, былтырдан бері сөзбұйдаға түсіп келе жатқан пәтер мәселесі оңды шешіліпті. Қа­зақстан астанасының Алматыға ауысуына байланысты Мәскеуде жұмыс істеп отырған бірнеше мекеме Алатау баурайына көшірілді. Қызылор­да­дан да соған орай әлденеше үй босады... Осы жайт, баспана болмағандықтан бір шаңырақ ас­тын­да бас қоса алмай жүрген екі мұңлыққа қо­лайлы жағдай туғызды: Мәскеудің Үлкен Дорогомиловская көшесіндегі 12-үйдің 22-пәтерінен Қанышқа бір бөлме дербес тиді; 1927 жылдың 19 маусым күнгі хатында ол: «Пәтерімді көрдім: мәз емес, лас, сасық иісі қол­­­қаны атқандай, сөйтсем, жаз шыққалы терезесі ашылмапты. Әрине, тез­­детіп терезені алғыздым. Ескі иістен құтылған сияқтымын. Қызылордадағы бөлмеміз бұдан әлдеқайда оңды...»

Сол жылы Таисия Кошкина Қызылордаға ауысып, Қазақстан Халкомында ашылған Геолком өкілдігіне қызметке тұрған. Бас сұғар үй болма­ғандықтан өкілдік Алматыға көшкен жоқ-ты. Ал Қызылорда - Жосалы бекетіне, демек Қарсақ­бай­ға да ұрымтал қала, жаз бойы бірнеше рет кездесуге болады. Оған қоса Қарсақбай мен Жоса­лы­ның арасы биыл едәуір «қысқарды». Өйткені, Қарсақбай комбинаты кеңестік «АМО»-мен қоса, француздар Сахара шөлінде жүруге бейімдеп жасаған мықты автомобильдердің бірнешеуін сатып алған. Институт бітіргеннен бері бірін-бірі сирек көріп, сағыныш пен көңілді әредік торлайтын өксіктерін хатқа төгіп, мауықтары басыл­ған­ша қауышуға ынтық жас жұбайларға әрбір кездесу - кәдімгідей алданыш әрі ләззаты мол мерейлі қуаныш... «Saulem, бекерге қамықпа, әсіресе бір-бірімізден шалғай жүргенімізге, жа­қын арада тағы да бірге боламыз, тіпті ұзақ уақыт бірге тұра­ты­ны­мызға сенгейсің! - деп қиылады Қ.И. 19 маусымда Мәскеуден жолдаған хатында. - Қоштасқан кезде бетіңді жуған ыстық жас осы күнге дейін көз алдымда...». «Жосалыға келген соң қасыңда тағы бір кеш қалмағаныма қатты өкіндім. Ол кештер қандай тамаша еді?! Тамашалығында шәк жоқ. Қайтеміз енді, әредік емес, әрқашан бірге болатын күнге де жақындап келе жатқанымыз дәтке қуат. О, ол енді басқаша өмір болмақ! Соны мен ыстықта қаталап келіп дем алмай сімірген салқын қымызға, болмаса түскі астан кейін аузыңа түсер дәмді жүзімге теңеймін. Қаншама қызықтар күтіп тұр бізді! Бимен толқып шыр көбелек айналар кештер де болады!.. Мұ­­­ның бәрі алда және тек қана екеуміз үшін. Жұмысты бірге істесек, шіркін, тіпті тамаша болар еді!..» - деп те қиялдайды кей сәт құйқыл­­жыған жас көңіл (15 тамыз 1927 ж., Жосалы).

Алайда, геолог жігітті қоғам алдындағы парыз, әлеумет жүктеген зор міндеттер күтулі. Ұлан-бай­­­тақ қазақ жерінің төрттен біріне жуық атыра­­бын­­дағы барлауға жауапты бас маманның тікелей араласуын талап еткен келелі жұмыстар қаншама!
Қ.С. - Т.К.-ға, Мәскеу, 7 мамыр, 1928 ж.: «...Мау­­сымның 10-на дейін Мәскеуден шыға алмаспын. Сөйтуге қызмет емес, жеке басымның шаруасы да мүмкіндік бермей отыр. Ауылдағы туыстарымның жағдайы тағы да қиындады... Соңғы хатымда жазған жайттарға әкемнің кенеттен қайтыс болғаны қосылыпты, оның үсті­не тағы бір немере туысым тұтқындалған. Әкем­ді жан-тәніммен сүюші едім, қадір-құрметі де мен үшін өзгеше жан... Ол кісінің мынадай жағдайда дүниеден қайтуы мен үшін ауыр соққы. Үйде қалған шиеттей бес баланың, ағамның әйелі­­­нің, әсіресе қартайған ше­­­шем­­­­нің халі не күйде екенін біл­меймін, екі ай болды, хат жоқ (сірә, поштадан өткізбеген). Туған ағам қазір Павлодардың түрме­сінде. Байғұстың жағдайын жеңілдету мақсаты­мен әр түрлі шаралар істеп жатырмын. Ағайға тағылған кінә - қисынсыз жала, ісінің тезірек қаралатынына шүбәм жоқ. Тегінде, бұл да біздің жабайы даланың ескі «дертінен» туған, басараз­дықтан өрбіген іс. Әділ Кеңес соты әлі-ақ соны ұйымдастырған шолақ белсенділердің қаскөй әрекетін әшкерелеп, төрелік айтады. Бірақ, соған дейін ағамның үй-іші қаншама қасірет шекпекші, әсіресе қоректік малды тәркіге беріп әрі әкейдің қазасын аза тұтып жылап отырған күндерде...»
«...Қызылордадағы шенеуніктер мені «Атбас­трес­тегі» жұмысымнан шеттетуге келіскен сияқты. Жуық арада ресми бұйрық жібермек. Демек, енді мен Қазақстанға бара алмаймын. Биылғы қыс, бәлкім, Мәскеуде қала тұрамын. Жұмыс жөнінде қиналмаспын, мені жұмысқа алуға мүдделі кеңселер мұнда аз емес... Он шақты күннің ішінде бәрі де белгілі болады. Сол кезде толығырақ жазармын. Көңіл-күй осындай, уайым жеп түңілгеннен аманмын. Қысқасы, saulem, сен биыл мен үшін де, өзің үшін де демалуға тиіссің... - депті 20 маусымда Алтайға, шешесінің үйінде демалуға кеткен Т.К.-ға жолдаған хатында Қ.И.. - Мұндағы достар Мәскеуде мүлдем қалуға кеңес береді. Өзім де сол ойдамын...»
«Әзірше осындамын, Қазақстанға, ең болма­ған­да ауылыма баруға қиыла сұранып, рұқсат ала алмадым, - депті Қаныш Имантайұлы 13 шілдедегі хатында. - Қала шаңын жұтқан мезі де күйкі тірлікті қанағат етуге тиіспін. Тұрмыс күйтімде ешқандай өзгеріс жоқ. Жұмыстың беталысы да бәймәлім. Ешкім ештеңе айтпайды, ең болмағанда бірдеме деп тү­сін­дір­се екен. Ал трест жетекшілері ме­нің кетуі­­­ме мүлдем қарсы. Бұл да мен үшін рухани сүйеу. Шынында да, өз мінде­ті­ме мен адал болдым, аянған жоқпын... Геолкоммен сөйлестім: «... өзіңіз қалаған уақыт­та жұ­­­­мысқа аламыз» деді. Ал профессор Котульский Қазақстанда биыл тұрақты ашылмақ Геолком бөлімшесін басқаруды ұсынды... Соның бәріне нақтылы жауап бермей, ойланып жүр­мін... Трес­тен кетіретін болса, сірә, Геолкомды таңдар­­­мын... Таисия-жан, уақытша сәтсіздігіме қамық­па. Күзде басымыз қосылып, қайткен күнде бірге тұратын боламыз... Бүгін саған жеделхат жолдап, бір шиша насыбай жіберуді өтіндім. Құрып қалғыр таусылып қалып, онсыз да жұқарып жүрген жүйкені құртып, мазамды ала берген соң, амалсыз сұрадым. Тәңір жарылқасын, жаным, ең құрығанда кеуіп жүрген таңдайымды жібітші. Ағамның жұмысында өзгеріс жоқ...»

Жуық арада дегені тек ұзап барады. Бұл болса қазақ даласында жаппай жүріп жатқан ірі байларды тәркілеудің, яки Қазақстан Өлкелік партия ко­­ми­­­тетінің жауапты хатшысы Ф.И.Голощекин ойлап тапқан «Кіші қазан» науқанының салдары, яки геолог Сәтбаевты Қазақстанға жолатпай, жаз бойы Мәс­кеуде ұстау - Әбікей Сәт­баевты нақақ сотталудан айырып алған әрекетін қайта­лат­паудың амалы...
Қ.С. - Т.К.-ға, Мәскеу, 21 шілде, 1928 ж.: «...Жағ­­­дай­ым беймәлім қалпында. Көңіл-күй­ім көң­­те­­­рімді. Не себепті күйректенуге тиіспін: бой­­­ым­­­да­­ғы күш-жігерімді, білімімді туып-өскен елім үшін сарқа жұмсап келдім. Ау, сол үшін енді қия­­­нат-қуғындауға ұшырап, жалаға ұрынып, өзімді жек көретін біреулердің күйкі әрекетінен жапа шегуге тиіспін?! Трестің жұ­мысы ойда­ғыдай де­се­ді: Қар­­­сақбай зауытын жыл аяғында жүргізбек; жаб­­дықтарды мон­таж­дауды аяқ­тау­ға жақын... Электробарлау тамаша нәтиже беріпті: Жезқаз­ған мен Тасқұ­дық­тың аралығы­­нан төрт жерден жаңа кен аномалиясын ұшы­ратқан! Бұл - енді осы участоктарда кен шо­ғырлануына сенімсіздік білд­і­ріп жүр­ген көрсоқыр мамандарды иландыру үшін өте-мөте мәнді жаңалық... Сөйтіп, басты ісіміз алға басып, Қарсақбай алыбының іргетасы қала­нуда, ол болса, өзің білесің, Қазақстанды индус­триялан­ды­рудың алғашқы қарлығашы».

Бұл жолы да ақиқат жеңді. Қазақ геологын барлау алаңына жіберуге рұқсат берілді. Бұл турасында ол 28 шілдеде Қызылордаға Зыряновтағы үйінен қайтып оралған Таисияға: «...Келесі аптада бар­­лау­­­­­­дың жай-күйін тексеру үшін Тұрланға (Оң­түс­­тік Қазақстандағы қорғасынға бай Ащысай кені, Тұрлан атын бертінде, сірә, тарихи Тұрлан атауын ұмыттыру үшін саясаткерлер қасақана өзгерткен - М.С.) жүремін, одан әрі - Қарсақ­бай­ға... Жүрерім­де жеделхат саламын, күт, жаным!» - депті.
Қ.С. - Т.К.-ға, Мәскеу, 4 тамыз, 1928 ж.: «...Көңіл-күйім соңғы аптада біржола түзелді деуге болады. Жұмыста да олжа көп: Жезқазғандағы бар­лау мен нұсқаған қолаттан қуаты 3,5 метр, мыстың орташа құнары 6,5 пайыз кен қабатына жолығыпты; пештің монтажы біткен, 15-20 қыр­­­күйек аралығында зауытты жүргізуге мүм­­кін­­дік туған; өндірістерге сапарым жуықта қайта басталады. Тұрландағы партия биылғы барлауға бір жарым ай кешігіп кірісті. Сол үшін де қалған уақытты ұтымды пайдаланып, жоба­ланған жұ­­­мысты қысқа мерзімде орындауы қа­жет. Комбинат басшыларынан әлгінде ғана Тұр­ландағы пар­тияның Түркістан жақ бағыттан... небәрі 4,5 ша­­қы­рым жерден жаңа кен жүлгесін тапқанын есті­дім. Не қылған кен? Бара көреміз... Өзің қиыла өтін­гендей, Қызылордада бірер күн аялдауға мүмкіндік бола ма, болмай ма, белгісіз. Турасын айтқанда, еш­қандай жұмыс болмаса, тоқтағым келмейді. Шы­ға­рымда телеграфпен хабар беремін. Қалай бол­ған­да да мені қарсы аласың... Денсау­лы­ғым қазір жақ­сы, сіріңкедей шілтиіп жүдегеннен аманмын...»

«Ертеңгілікте Түркістанға келдім, директорымды осында кезіктірдім, - деп жазады Қаныш Имантайұлы 19 тамыздағы хатында. - Тұрлан­­­ның жағдайы мүшкіл: бұрғылау әлі басталмаған; дай­­­ындық жұмыстарына кешігіп кіріскен; не істейсің, қолайлы уақытты өткізіп алған. Директор екеуіміз сол жаққа жүрмекпіз. Сірә, бұл жақта ұзағырақ болармын, бұрғылауды тезде­тіп бастауға қалайда бірдеңе істеуім керек... Директор - жаңа адам, бұл жақтағы жұмыстың жай-жапсарын білме­­­ген­­дік­­­­тен жұмысқа қолай­­лы ке­зең­­­ді өткізіп алған. Бүгін де жолға шық­қысы келмей, ертең жүр­­­сек қай­те­ді... деп үгіт­­­теп отыр. Ал бізге мұнда тү­ней­­­­тіндей шаруа жоқ...»
Бір ниет, бір білекпен жұмсал­ған көп жігері қиыншылық атаулының бәрін де жеңді. 1928 жылғы 16 қыркүйекте Қарсақбай зауытындағы шарпу пешіне от қойылды. Ақ түйенің қарны жарылды дерлік ұлан-асыр қуаныш одан әрі кешіккен жоқ. Бір айдан соң, 19 қазан күні, түнгі сағат он бір шамасында Қарсақбай зауытының конверторынан тұңғыш рет мыс бұлағы ағызыла бастады. Кеңес өкіметі салған тұңғыш мыс өнді­рісінің өнімі, тұңғыш Кеңес мысы дүниеге келді!
Қуаныш та, тегінде, егіздеп туындайды. Сәті түссе уақыт талғамай оңнан да, солдан да орайласа қалады.
«...Жезқазғандағы барлау өте-мөте сәтті жү­­­­ріпті. Биылдың өзінде, сірә, 25-30 мың тон­наға кен қорын өсіреміз. Электробарлаудың нәтижесі де көңілдегідей! - деп шаттана сыр шертеді Қа­­ныш Имантайұлы Қарсақбайдан, қыркүйектің 3-і күні Таисияға жолдаған хатында. - Иә, бұл жақтағы барлау жұмыстарының көлемі ұлан-асыр, соның бәріне тек қаржымыз жетсе... Шүбәлімін... Бұған бірақ аса қайғырып отыр­­ға­ным жоқ, ең бастысы, қазақ даласында кен бар. Екі жылдық шағын барлауда Жезқазған қоры қаншаға өсті?! Биылдың өзінде Спастағы барлау мыс қорын екі миллион пұтқа көтерді. Ал Өспен­дегі барлаушылар алтын тауыпты. Қайрақты мен Тұрландағы олжалар ше?!»

«Русаковтан алған ресми емес хабарыма қа­ра­ғанда, Балқаш төңірегінен жалпы көлемі бір миллиард пұт шамасында (!) мыс кені табылыпты. Шындық болғай, онда бұл - дүниежүзілік алып! - деп масаттанады жас геолог келіншегіне жолда­­­ған тағы бір хатында. - Тек мұндағы шенеунік­­­тер­дің біздің далаға деген сенімсіз көз­қарасы өзгер­­се екен?! «Жері қашық, су жоқ...» деп күні бұрын байбалам салған, дұрысын айтқанда, жер шалғай­­­лы­ғынан зәре-құты қашқан сақтанымпаз мамандар­дың теріс пиғылына ғана қарным ашады...»
«Қымбатты Таисия! Ақмолаға жіберген ақ­шаң­ды (екі мәрте) және бір хатыңды алдым, рахмет! Дін аманмын, денсаулығым оңды, тек жол азабын шексіз тарттым, - депті Қаныш Имантайұлы Ташкенттен келетін 3-ші пойызды тосып отырып, Сызрань қаласынан қарашаның 24 жаңасында Қызылордаға жолдаған хатында. - Спас зауытынан Шортандыға дейін, бұл енді 500 шақырымдай жер, салтатпен өттік, ал Шортандыдан бері төрт тәулік ұдайы пойызбен изеңдедік. Шаршағанымды сұрама, Мәскеудегі пәтеріме жетіп, төсегіме қаннен-қаперсіз құлау­ды ғана тілеп отырмын, соны арман еткеннен өзге ештеңе басыма кірер емес. Saulem, сені де ерекше сағындым. Егер Мәскеуде тағы бірдеме сопаң ете түспесе, барысымен шақыру жіберте­мін, сен енді, жаным, ешқандай кедергісіз және бұлданбай бірден келесің. Бұдан әрі бұғылмақ ойнап, бөлек тұрғанымыз жүйкемізді жұқартып болды, бұл уәжге, сірә, дау айтпассың... Ғалым­тай бірге келеді. Оқудан кешіксе де менен қал­ғысы келмеді, байғұс балақан үстелге басын сү­йеп ұйықтап отыр. Мектебіне қайткенде алғы­затын амал ойластыруым керек... Маған күш-тірек насыбай ала келуді ұмытпа, кем дегенде 5 шиша. Өзіңнің Қ».

Сөйтіп, 1928 жылдың аяқ шенінде қос мұң­­­лықтың бастары Мәскеуде түйісті. Т.К. Атбасар түсті металл тресінің Мәскеудегі басқармасына геолог болып орналасып, ерлі-зайыпты атанудың тек қана төртінші жылында үлкен астанада бірге тұратын болды. Бірақ, геолог ері көктем шыға Ұлытауға аттанып, Таисия Алексеевна тағы да жал­ғыз қал­ды. Бұл жолғы себеп бұрынғыдан өз­­геше: келін­шегінің аяғы ауыр еді, күткен нә­­рестені Сәтбаев­тар тамыз айында сүйіп, әкесінің қа­ла­уы­мен Арыс­лан деп атаған. Алайда, Мәскеуде олар ұзақ тұрмаған. 1929 жылдың күзінде Атбасар тресі таратылып, Қарсақ­бай мыс комбинаты дербес ұжым болып қайыра құрылған. Қ.И. Қарсақбай комби­на­тының бас геологы және геология бөлі­мі­нің мең­герушісі болып тағайындалып, Т.А. Кош­кина да сол бөлімнің геолог-минералогы міндетін атқа­ру­ға кіріскен. Сондықтан да Қ.И.-дың келін­­ше­гіне хат­тары енді Ресей қалаларынан жолданған. Әлбет­те сирей түсіп, ақыр аяғында біржола үзіл­ген. Төменде солардың біреуінен ғана үзінді келтіреміз...

Қ.С., Мәскеу - Қарсақбай, Т. К.-ға, 25 жел­­­тоқсан, 1929 ж.: «Қымбатты Туся! Хатыңды бүгін алдым. Арысланды ойлап алаңдап жүр едім, көңілім жайланды. Мен кетерде басталған аяз үйді мұздатып, балаға суық тиіп қалды ма деген қауіп қой баяғы. Аязға оның мәу демегеніне қуаныштымын. Демек, нағыз қазақ! Инженер Поповпен сәлем-сауқат жібергеннен кейін де өзіңе хат жазғанмын, ал кеше балалар ауруының профессорында болдым. Оның маған айтқаны: Арысландікі «диспенсия» деген кінәрат. Тегінде, бұл... баланың қоректі тым көп алып, соны әлсіз ұлтабарының қорытып үлгере алмауынан пайда болады-мыс. Сен оны жиі емізесің, бәлкім, омырау сүтің өте қою... Қысқасы, бала үшін қауіпті ештеңе жоқ дейді, төртінші айдан соң өз-өзінен тарқайды дейді. Сен өзіңе басқадай міндет алып әуре болма... Мен саған Арысланнан өзге ешбір шаруа тапсырмаймын, тыйым саламын!.. Бөкей­хановты (Сергей Әлиханұлы, жоғары білімді барлаушы маман - М.С.) Қарсақбайға ауысуға көн­дірген сияқтымын. Профессор М.М. Приго­ров­ский­­­­ді көрдім... Бурцевті жазға салым Қараған­дыны қосымша барлауға жібермек екен, айтуынша, одан өзге тиянақты кісі таппапты. Ал мен Бурцевтің тағы бір маусым Қарсақбайға керек болатынын дәлелдеп бақтым. Сірә, сөйтуге Ленинградта келісетін шығармыз. Дмитрийге айт: Қарсақбайға мен қаңтардың 10-15-і аралығында қайтамын, сол кезде ешбір бөгетсіз демалуға босатамын, үй-ішін көрдім, тегіс аман... Бұрғылау станоктарын алу қиындап кетіпті, сірә, табыл­ған күнде де мамыр­дың бастапқы күндерінен беріде ештеңе тие қоймас. Басқа тапсырыстар да жүйкені құртар әншейін іске айнала ма деп қорқамын».

Қаныш Имантайұлы мен Таисия Алексеевна ерлі-зайыпты атанып, бір шаңырақ­тың астында 38 жыл бірге тұрып, үш перзент сүйіп (тұңғышы Арыслан кішкентай кезінде опат болған соң Мейіз және Мариям атты қыздары болған), бақытты ғұмыр кешкен. Сүйікті ерінен 63 жасында жесір қалған Таисия Сәтбаева (ерінің фамилиясына ол кісі 1944 жылы ауысқан) 12 жыл өмірін ғұлама ғалымның артында қалған ғылыми мол мұраны, іс қағаздарын ғылыми жүйелеу ісіне арнап, «Академик Қ.И Сәтбаев» атты естеліктер жинағын, 5 томдық таңдамалы еңбектерін шығаруға, бейітінің үстіне зәулім құлпытас және Ғылым академиясының бас ғимаратында кеудемүсінін қоюда, Қарсақбай мен Баянауылда мұражайларын ашу мен соларды мұрағаттармен жабдықтауда ересен қайрат-жігер аңғартқаны - Қазақстан қауымына жақсы мәлім. Таисия Алексеевна 1976 жылы 6 сәуірде дүниеден қайтты.

Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы.

Семей.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475