Армандарын айырбастап ажалға
30 жыл. Бұл аз ба, көп пе? Мiне, араға 30 жыл салып, тағы да Ауғанстанға жолым түстi. Ауған жерiне 1979 жылы басынан бақайшағына дейiн мұздай қаруланған Кеңес әскерiнiң құрамында басып кiрген едiк. "Басып кiрген едiк" деп қазiр айтып отырмын ғой. Ол кезде бiздi "бұл - сендердiң Отан алдындағы интернационалдық парыздарың!" деп имандай сендiрдi емес пе?! Өңкей түбiтиек өспiрiмдер, алдымыз - 20-да, артымыз 18-дегi кiлең боздақтар осылайша от пен оқтың арасында белуардан қан кештiк. Қаншама қыршындар көз жұмды! Соғыс - диiрмен болса, адам - сол диiрменнiң науасына түсетiн бидайдың дәнi iспеттi екен, диiрменнiң дөңгелегi айналып кеп бергенде... тұтас ротаның түп-түгел, тып-типыл жойылып кеткенiн де көзiмiз көрдi...
30 жыл. Бұл аз ба, көп пе? Мiне, араға 30 жыл салып, тағы да Ауғанстанға жолым түстi. Ауған жерiне 1979 жылы басынан бақайшағына дейiн мұздай қаруланған Кеңес әскерiнiң құрамында басып кiрген едiк. "Басып кiрген едiк" деп қазiр айтып отырмын ғой. Ол кезде бiздi "бұл - сендердiң Отан алдындағы интернационалдық парыздарың!" деп имандай сендiрдi емес пе?! Өңкей түбiтиек өспiрiмдер, алдымыз - 20-да, артымыз 18-дегi кiлең боздақтар осылайша от пен оқтың арасында белуардан қан кештiк. Қаншама қыршындар көз жұмды! Соғыс - диiрмен болса, адам - сол диiрменнiң науасына түсетiн бидайдың дәнi iспеттi екен, диiрменнiң дөңгелегi айналып кеп бергенде... тұтас ротаның түп-түгел, тып-типыл жойылып кеткенiн де көзiмiз көрдi...
Көңiлде сызы, жүректе iзi қалған осы азапты жылдарды есiңе алудың өзi ауыр. Бiрақ қалай есiңе алмайсың? Бұл - сенiң өмiрiңнiң бiр бөлшегi, тағдырың, тарихың ғой... Дәл қазiр менiң Ауғанстандағы азапты жылдарым туралы деректi фильм түсiрiлiп жатыр. Бұл фильмдi, әрине, Қапшағайда түсiруге болатын едi. Бiрақ дерек көзiнсiз деректi фильмдi қалай түсiрмексiң? Жобалап, нобайлап, долбарлап түсiрген фильм фильм болып жарытушы ма едi? Фильм Ауғанстан туралы екен, сол Ауғанстанда соғысқан боздақ туралы екен, ол фильмнiң Ауғанстанда, тек қана Ауғанстанда түсiрiлгенi жөн. Осылай деп шешiп, «Қазақфильмнiң» режиссерi Тiлеген Ахметов, операторы Нұрлан Баянов, үшеу болып Ауғанстанға барып қайтуға бел будық. Басалқы айтады дейтiн ағаларымыздың өзi "Ойбай, естерiң дұрыс па? Ауғанстанда қазiр жағдай аса ушығып тұр. Күнде атыс-шабыс. Ауғанстанға барам деп шешсеңдер, онда елмен, жермен бiржолата қоштасып кетiңдер! Бұларың ендi ессiздiк. Осындай кезде денi дұрыс адам Ауғанстанға барушы ма едi?!" деп жауды мүлде жақындатып қойды. «Басқа басқа, Бәке, Ауғанстанды өзге бiлмесе де сен бiлесiң ғой. Көре тұра, бiле тұра қалай ғана жүрегiң дауалап..." дейдi Ауған соғысының ардагерлерi. Әрине, күдiктерi орынды. Бiрақ, мен үшiн бұл сапардың орны бөлек едi. Ауған топырағында ажал құшқан майдандас бауырларымның басына барып тағзым ету көптен ойымда жүрушi едi... "Тәуекел түбi - желқайық, өтесiң де кетесiң" деп бабаларымыз бекер айтпаған шығар. Тәуекелге бел будық.
БҰЛ ЖЕРДЕ ЕЛШIЛIКТЕ IСТЕУДIҢ ӨЗI - ҮЛКЕН ЕРЛIК
Алматы әуежайы. Таңғы сағат 08.45. Төрт сағат ұшып, Дели қаласына қондық. Дели әуежайында - кiлең ауру-сырқаулар: бiрiнiң қолы жоқ, ендi бiреуiнiң аяғы жоқ... "Бұлардың бәрi Үндiстанға емделу үшiн келгендер, - деп түсiндiрдi Алматыдан бiзбен бiрге ұшып келген Азиз есiмдi түрiкмен жiгiтi. Азиз қазiргi күнi Алматыдағы "Ялан" базарында жұмыс iстейдi. Кезiнде, нақтырақ айтсақ, 1995 жылы Кабулдан Түркияға қашқан, бiраз жыл Мәскеуде тұрыпты, 3-4 жыл болыпты Алматыда тұрғанына. "Қазақстан - өте сенiмдi ел. Сондықтан да Қазақстанда бiржолата тұрақтап қалуды ойластырып жүрмiн" дейдi Азиз. Әке-шешесi Кабулде тұрады екен. Құрбан айтқа әке-шешесiне бара жатқан бетi екен. "14 қараша күнi Алматыға керi қайтамын. Алматыда бiздiң қазақтар қалай жиi той жасап жатса, ауғандықтар да Кабулде дәл солай жиi жарылыс жасап жатады" дедi Азиз. Әзiлдеп айтса да, ар жағында шындық жатқанын iшiмiз сездi. Ауғанстанның тәлiптер қарауындағы қауiптi аймақтарын айналып өтiп, Кабул әуежайына қондық. Таныс таулар көзiме оттай басылып, есiме өткен күндер қайта оралды... Ұшақтан түсiп, қараңғы түскенше әуежайда тұрдық. Абыр-сабыр иiрiлiп тұрған адамдарды аяйсың. Тiзiлген халық бiр-бiрден компьютерге саусақтарын басып, оң қол мен сол қолдың бас бармақтарының таңбасын түсiрiп жатыр. "Ассалаумағалейкум, аға!" деген дауысқа жалт қарасам, Қазақстанның Ауғанстандағы елшiлiгiнiң бiрiншi хатшысы Сатымов Сенбi Құрманайұлы екен. Жылы қарсы алып, үшеумiздi мәшинесiне отырғызып: "Аға, бiзде тәртiп солай. Талап та қатаң. Мынаны киiп алыңыз!" деп, әрқайсымызға броньды жилет ұсынды. Бұл зiл қаратас бәленi кезiнде талай кидiк қой. Тағы да киюге тура келдi. Жақында тәлiптер АҚШ елшiлiгiне таяу орналасқан 12 қабатты үйдiң ең жоғарғы қабатына бекiнiп алып, күнi бойы атқылапты. Оның алдында Кабулдың қақ ортасында екi бiрдей "Хаммер" броньды мәшинесiн iшiндегi адамдарымен қоса (10 адам) жарып жiберiптi. - Сақ жүрейiк. Мұндағы адамдар соғысты ақша табудың, бизнестiң көзiне айналдырып алған. Қонақүйiңiз дайын. Бiрақ бiз сақтық үшiн сiздердi Қазақстанның Ауғанстандағы сауда палатасына апарып қондырғанды жөн көрiп отырмыз, - дейдi Сенбi Сатымов iнiмiз. Дастарқаннан дәм татып, жолдан кейiнгi шаршағанымызды басайық деп дем алдық. Көпке дейiн ұйқым келмей, ойыма неше түрлi өткен-кеткендер оралып, маза бермей, таңғы азан шақырғаннан кейiн бiр кезде көзiм iлiнiп кеттi. Таңертең суық суға жуынып, Тiлеген ағаны ояттым. Балконға шықтық. Әуеде қаланы күндiз-түнi торып тұрған аэростаттарды көрдiк. Бiз тұрған үйдi құм толтырылған қаптармен қоршап қойыпты. Бiз Кабулға келерден бiр күн бұрын Раббанидың қырқын берiптi. Ауғанстан билiгi бiтiмгерлiк келiсiм үшiн Раббанидың араласуын сұраған ғой. Раббани келiскен. Бiрақ келiсiм үстiнде сәлдесiне бомба тығып алған тәлiп өзiн де, Раббаниды да жарып жiберген. Жалпы, Ауғанстанның қазiргi жағдайы өте күйзелiстi әрi күрделi. Баяғыда, бiз Ауғанстанда соғысып жүргенде, Кеңес үкiметi ұстап тұрған Ауғанстанның ресми билiгiне қарсылар сес көрсеткенде "Менiң тұтас бригадам бар", "Бiр полкым бар", "Мың жауынгерiм бар" деушi едi, қазiргiлер "Менiң 15 жанкештiм бар", не болмаса "20 жанкештiм бар" деп мақтанады екен. "Жанкештi" (смертник) деген не пәле, бұл кiм? Өлiмге бас тiккен адам. Қожасы өлiмге жұмсаса да бас тартпайды. Өзi де өледi, өзгенi де өлтiредi. Бiр сөзбен айтқанда, сана-сезiмi құлданған, "қожам не айтады, мен соны мүлтiксiз орындауға тиiспiн!" деп сана-сезiмi құрсауланған адам. "Камикадзе". Раббанидың сүйегi Кабулдың биiк жерiне орналасқан алаңға қойылыпты. Құран оқытып, арнайы кiтапқа "Марқұмның жатқан жерi жайлы, иманы саламат болсын" деп, елiмiздiң атынан көңiл айтып, тiлегiмдi бiлдiрдiм. Кезiнде Раббани Ауғанстан президентi болып тұрғанда бiраз аймақты және Пәкстандағы атышулы Бадабер лагерiн өз бақылауында ұстаған едi. Ендi, мiне, сол Раббани да дүниеден өттi. Марқұмның басында әскери күзет тұр. Өзбек генералы Достумның үйiн де әскер қоршап тұрады екен. Оны өз көзiмiзбен көрдiк. Кабулде не көп, осындай жеке көсемдер көп. Ешкiмдi ешкiм мойындамайды... Нәдiр шах пен Захир шахтың да басына бардық. Мұнда да әскери күзет тұр. Зиратын кезiнде тәлiптер қиратқан екен, бiрақ қазiр қайта қалпына келтiрiптi. Бұдан соң Бабыр бағында жерленген Бабыр бабамыздың мазарына зиярат еттiк. Бау-бақшалы, 10-15 гектар жердi алып жатқан Бабыр бабамыздың басына Құран оқыттық. Кiре берiсiнде күзеттiң тексерiсiнен өтiп, неше түрлi қолөнер сататын дүкендердi көрдiк. Осы жерде Қазақстанның Ауғанстандағы елшiсi, генерал-майор Өмiртай Мақашұлы Бiтiмов ағамыздың, сондай-ақ осы елшiлiкте iстейтiн Сенбi Сатымов, Байжан Хамзин, Рүстем Тұманов секiлдi бауырларымыздың қылыштың жүзiнде, желдiң өтiнде, оттың iшiнде жүргенiн ерекше атап айта кеткiм келедi. Себебi, мұнда өте қауiптi. Жауапкершiлiк те айрықша. Өмiртай Мұқашұлы өзiнiң бiр сөзiнде бiздiң әскерлердi Ауғанстанға кiргiзу-кiргiзбеу мәселесiн өте жiтi зерттеп, түбейттеп тексере келе, әзiрше бұл мәселенi тоқтата тұру керектiгiн, өйткенi АҚШ әскерлерi жауапкершiлiктi бiздiң әскерге аудара салу мүмкiн екендiгiн ескерiп, өзiнiң осы ойын Елбасына жеткiзiптi. Осы бiр мысалдың өзiнен-ақ Ауғанстандағы елшiлiктiң жұмысы қаншалықты ауыр екенi байқалып тұр емес пе?! Өмiртай Мақашұлы ағамызды өз ұжымының алдында Бауыржан Момышұлы атындағы "Құрмет" белгiсiмен марапаттадым. - Шындап келсек, ауған халқы АҚШ-қа да, Ресейге де сенбейдi, - дедi тағы бiр сөзiнде елшi ағамыз, - Бұлардың Кеңес әскерiне деген өшi әлi бәсеңдеген жоқ. Сондықтан да Ауғанстанға деген достығымызды көрсетiп, оны iс жүзiнде дәлелдеп отырғанымыз абзал. Кейбiреулер ойлайды, "Апыр-ай, өз балаларымыз тұрғанда, ауған балаларын неге оқытуымыз керек?" деп. Жоқ, керiсiнше, бұл Қазақ мемлекетi үшiн аса маңызды. Мектеп салып, азық-түлiкпен жәрдемдессек, Ауғанстан да жiбидi. Айналып келгенде, осының бәрi Қазақстанның өзiнiң қауiпсiздiгi үшiн керек. Ауғанстанда қаза болған жауынгерлерге арнап Қазақстандағы Ауған соғысы ардагерлерiнiң атынан "Сауап" қоғамдық қорының қаржысына ескерткiш-тақта жасаттым. Бұл ескерткiш-тақта Қазақстанның Ауғанстандағы елшiлiгiнде тұратын боп келiсiлдi. Мәрмәр тастың бетiне төрт тармақтан тұратын мынадай өлең жазылды: "Сендер - көкке сiңiп кеткен нұрсыңдар, Зау биiкте жұлдыз болып тұрсыңдар. Армандарын айырбастап ажалға, Туған жерге қайтпай қалған қыршындар. Қазақстандағы Ауған соғысы ардагерлерiнiң атынан. 11.11.11". "11.11.11" дегенiм - 11 қараша 2011 жыл дегенiм ғой. Өңкей "бiрдiң" тiзiле қалғанын қарасаңызшы. Мұны кездейсоқтық деп кiм айтады... Елшiлiк қызметкерлерiнiң нұсқауымен Ауғанстанды аралауға кiрiстiк. "Кеңес одағына қарғыс айтам!" Аты - Геннадий. Ұлты - украин. Бұл да бiз секiлдi кезiнде Кеңес әскерiнiң құрамында Ауғанстанға кiрген ғой. Содан ауғандықтарға тұтқынға түскен. Мұны ешкiм iздемеген, сұрамаған. Тұтқында жүрiп мұсылман дiнiн қабылдаған. Мұсылманша аты - Никмамед. Никмамедпен менi Ауғанстандағы Қазақстан елшiлiгiнiң қызметкерлерi кездестiрдi. Никмамед-Геннадийдiң жағдайы да, тағдыры да тым ауыр екен. Құндыз қаласында тұрады. Бiраз ақша берiп едiм, "Үйде отын жоқ едi, отын алатын болдым..." деп қуанып қалды. - Елiңе, Отаныңа оралмайсың ба? - дедiм. Әрине, "Елiңе, Отаныңа" дегенде мен Украинаны айтып тұрмын ғой. Байқаймын, қайтқысы жоқ. Ауғаннан әйел алған. Бiр ұл, бiр қызы бар. Ұлы ер жетiп, қызы бой жетiп қалыпты. Оның үстiне бiр-екi рет Ауғанстандағы Украина елшiлiгiне барған екен, ондағылар мұны салқын қабылдапты (Мұсылмандықты қабылдаған украинды қай украин жақсы көрсiн?!) "Егер осыдан елiңе келетiн болсаң, артыңнан адам жiберiп, қай жерде жүрсең де өлтiрiп кетемiз!" деп тәлiптер те қорқытқан көрiнедi. - Менiң тағдырымның осындай күйге ұшырауына кiм кiнәлi? Кеңес одағы кiнәлi! Кеңес одағына қарғыс айтам! Қараң өшкiрдiң қарасы өштi ғой, қарасы өшсе де қарғыс айтам! Лағынет! Лағынет! - деп көзiне жас алды Никмамед-Геннадий қоштасарда. Менiң де жүрегiм сызда-а-ап қоя бердi... Айтпақшы, Кабулдың базарында алаша, кiлем сатып отырған қазақтың шалын кездестiрдiм. Жасы 72-де. Шағын, жеке дүкенi бар. Шалдың екi ұлы да жанында екен. Екеуi де жап-жас. Соған қарағанда, әйелi жас адам сияқты. - Руым - Қоңырат, оның iшiнде Божбанмын. Әйелiмнiң руы - Қырықмылтық. Үйге жүрiңдер! Қонақ боп кетiңдер! - деп даңғырлаған қарияның қолқа салмасы бар ма?! Қазақ қай жерде жүрсе де қазақ екен ғой, әлгi қартқа алғысымызды айтып, жедел Паншерге жүрiп кеттiк.
ПАНШЕРЛIКТЕР АУҒАНСТАННЫҢ БИЛIГIН ҚОЛДАМАЙДЫ
Кабулден шығып, Паншерге бет алдық. Кабул мен Паншердiң арасы - 80 шақырым. Жолбасшымыз - полковник Уахидолла Паншеридiң өзi. Неге мен бұл жерде "Паншеридiң өзi" деп отырмын? Ендi соның сырын айтайын. Ауған халқы Ахмед-шах Масудты өздерiнiң көсемi деп таниды. Тiрiсiнде де көсем деп таныды, өлгеннен кейiн де Ахмед-шах Масудты көсем деп қадiрлеп, оның есiмiн ерекше құрметтейдi. Масуд - Ахмед-шахқа халықтың берген аты. Бұл - "бақытты" деген сөз. Кеңiрек айтсақ, "өзi де бақытқа жетедi, бiздi де бақытқа жеткiзедi" деген сөз. Ауған халқының тәуелсiздiгi, еркiндiгi үшiн күрескен және осы жолда өмiрiн қиған Ахмед-шах Масуд көзiнiң тiрiсiнде Паншер өлкесiне ешкiмдi кiргiзбедi: Кеңес әскерiн де, НАТО-ның әскерiн де, АҚШ-тың әскерiн де, тәлiптердi де. Әлi де солай екен. Ахмед-шах Масудтың саяси iзбасарлары, шәкiрттерi, халқы қазiр де Паншерге ешкiмдi кiгiзбейдi екен. Өйткенi сенбейдi. Уахидолла Паншери - Ахмед-шах Масудтың ең сенiмдi адамының бiрi, яғни оның шаруашылық жөнiндегi орынбасары болған. Жауынгерлердi азық-түлiкпен, қару-жарақпен, киiм-кешекпен қамтамасыз ету осы Уахидолла Паншериге жүктелген. Кезiнде Уахидолла тұтқынға түскен кезде Ахмед-шах Масуд мұны тәлiптердiң 6 бiрдей командирiне айырбастап алған. Командир болғанда да, жай командир емес, iрi-iрi командирлер. Уахиддин Паншеридiң кiм болғанын, Ахмед-шах Масудқа қадiрi қалай жүргенiн осы бiр деректiң өзiнен де байқауға болатын секiлдi. У.Паншеридiң бойы 2 метрге жуық. Тап бiр баяғының батыры дерсiң. Ержүректiгiнiң, батырлығының үстiне У.Паншери - өте бiлiктi. Саясатты жетiк бiледi. Әсiресе, Ауғанстанның iшкi жағдайы мен iшкi саясатын өте жақсы бiледi. Мына шетi Бадахшан, Тәжiкстаннан бастап, Анжуман шатқалы, Кабул, Джалабад, Лағман, Таулкан, Мазари Шариф, Құндыз, Асадабадты У.Паншери бес саусағындай бiледi. Орысшаға да судай. У.Паншери жол-жөнекей әңгiме айтып отырды. Естiгенi өз алдына, осының бәрiн өз қолымен ұстап, өз көзiмен көрген саясаткердiң сөзiне сенбеу де мүмкiн емес. - Карзайдың ұлты - пуштун. Тек АҚШ-тың дегенiмен жүрiп-тұрады. АҚШ-тың айдауына бiржолата көнген һәм мойынсұнған адам. Карзайдың қасындағы Хакани - нағыз терроршы. Хакани кезiнде жанкештiлердi сатып байыды. Әр жанкештi 70 мың мен 100 мың доллардың аралығында сатты. Сөйтiп, мұны бизнеске айналдырды. Гулбуддин Хекметияр - бұл да террор ұйымдастырудың маманы. Молда Омар да - терроршы, террор ұйымдастырудың шеберi. Мiне, осылар тiрi тұрғанда Ауғанстанда ешуақытта тiрлiк те, бiрлiк те, тыныштық та болмайды. АҚШ бұларға үлкен ақша төлеп отыр. Сондықтан да бiздiң паншерлiктер бұларды қолдамайды және оларға қосылмайды, - дейдi Уахидолла Паншери. - Кабулға барсаң, АҚШ-тың әскерi, НАТО-ның әскерi сенi қару кезенiп қарсы алады ғой. Ал бiздiң Паншерде олай емес. Бейбiт адамға ешкiм қару кезенбейдi, - дейдi тағы да Уахидолла Паншери.
ДЖАБАЛ-УССАРАДЖ ҚАЛАСЫНДА
Паншер өлкесiмен шектес жатқан Бадахшан, Тахир, Бағлан, Парван, Каписа кезiнде Ахмед-шах Масудтың қолында болды. Бұл жердiң әрбiр тау-тасы, ой-қыры - кескiлескен қанды шайқастардың куәсi. Қиян-кескi шайқастың тағы бiр куәгерi Джабал- Уссарадж қаласына келдiк. Шағын қала. Кезiнде осы қалада Кеңес әскерiнiң арнайы гарнизоны болды. Бұл гарнизонда, ұмытпасам, 2 мыңға жуық кеңес жауынгерлерi болды. Артынша Ахмед-шах Масудтың жауынгерлерi Кеңес әскерiн бұл жерден түрiп қуып шықты. Сол заманның куәсiндей етiп, паншерлiктер Кеңес әскерiнiң қираған техникасын бiр жерге тау ғып үйiп қойыпты. Құдай-ау, мұнда не жоқ дейсiз: БМП, БТР, "Катюшаның" бiрнеше түрi, БМ-21-Град, "Урал" автомобильдерi, ЗПУ, қилы минометтер, әскери КамАЗ-дардың қаңқасы, тiкұшақ, зеңбiректер... Бұл жерде темiр емес, қаншама өмiр жатыр десеңiзшi?! Осы жерде мыңдаған Кеңес әскерi ажал құшты. Оның iшiнде қазақтар да аз емес... Уахидолла Паншери әлi сөйлеп келедi: - Мынау Гузар тауы ғой. Аманолла бастаған тәлiптердi Бабажан генерал (Наджибулланың тұсындағы генерал) мен Маулана Сейдхел (М.Сейдхелдi тәлiптер осыдан 3 ай бұрын жарып өлтiрдi) осы таудан әрi қарай өткiзбедi. Осы шайқаста 100 мыңға жуық тәлiп өлдi. Бұлардың денелерiн ешкiм жинап алмады. Ит-құсқа жем болды... - Ал мынау - Қарабақ, - дейдi У.Паншери, - Мұнда тәжiктер мен хазарилер көбiрек тұрады. Пуштундар да аз емес. Каписа провинциясының орталығы Каписа кентiне келген кезде бiраз аялдадық. Кезiнде Ахмед-шах Масудтың соғыс штабы осында болған. Штабқа қарама-қарсы А.Масудтың өзiнiң үйi болыпты. Кiрiп шықтық. Қарапайым ғана үй. Артық мүлiк жоқ. Жалпы, Ахмед-шах Масуд - дүние жинамаған адам. Халық үшiн қызмет еткен. Мiне, Рухаға да келдiк. Руха өзенi. Бұл өзендi өзiмiздiң "Қара майор", қазақтың Қара майоры Борис Керiмбаев әрлi-берлi талай кешiп өткен ғой... Руханың жағасында да Кеңес әскерiнiң қираған техникалары. Базарактан өткеннен соң Саричаға келдiк. Саричада Ахмед-шах Масудтың кесенесi тұр. Масудтың кесенесi бiздiң Қорқыт-Атаның кесенесiне келiңкiрейдi екен. Бiраз ұқсастық бар. Ахмед-шахтың басына Құран оқыттық. Содан кейiн осы жерде қой сойып, Ауған жерiнде шейiт болған қазақстандық боздақтарға ас бердiк. Ахмед-шах Масудтың кесенесiне кезiнде өзi мiнген броньды "Тойотасы", "Мерседесi", "Уазигi" де қойылыпты. Тағы бiраз әскери-техникалық автокөлiктер тұр.
"ҚАРА МАЙОРДЫҢ" БАСЫ ҮШIН 1 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ЕМЕС, 1 МИЛЛИОН АФГАНИ ТIГIЛIПТI
Қайтар кезде Уахидолла Паншери Руха өзенiнiң жағасындағы шайханаға шағын дастарқан ұйымдастырды. Руха өзенi патша-балыққа (форель) бай. Форель қуыртып, шай бердi. - Кезiнде бiр-бiрiмiзге қару кезенiп, бiрiмiздi-бiрiмiз автоматтың қарауылында ұстаған сенiмен бүгiн дәмдес боламыз деп кiм ойлаған?! - дедi У.Паншери маған қарап, - Алланың құдiретiнде шек жоқ екен... Қазiр КСРО келмеске кеттi. Қазақстан - өз ұстанымы, өз мақсат-мүддесi бар тәуелсiз ел. Дiнiмiз бiр. Демек, бiр-бiрiмiзге бөтен емеспiз. Мен сенi дос есебiнде қабылдап отырмын. Е-е, бұл Уахидолла Паншеридiң көрмегенi жоқ. Кеңес әскерi мұның екi бiрдей ағасын жазықсыз атып тастаған. Екi ағасы да мектепте мұғалiм екен. Кеңес солдаттары мұның ағаларының iшiне автоматты тiреп қойып, магазиндегi оқ таусылғанша атқан ғой... - Анам байғұс екi ағамның iшiнен екi уыс оқ терiп алды... Екi ағамның ақтарылып, жан-жаққа шашырап кеткен iшек-қарнын терiп, жиып, жуып қайта орнына салды..., - дейдi У.Паншери екi көзi бiрдей мұңға тұнып. У.Паншери бақуат тұрады екен. "Жеке қаржыма паншерлiктерге электростанция салып бердiм" дедi. Осы кезде қалжыңдап: - Баяғы "Қара майордың" басы үшiн тiгiлген 1 миллион долларды қайда жұмсадыңдар? - дедiм. Уахидолла Паншери ақырын жымиып күлдi. Күле отырып: - Шын мәнiнде, "Қара майордың" басы үшiн 1 миллион доллар емес, 1 миллион афгани тiгiлген болатын, - дедi. Афгани - ауған ақшасы. Әрине, құны доллардан арзандау. У.Паншери "Қара майордың" атын да, затын да жақсы бiледi. У.Паншери тұрмақ, Ахмед-Шах Масудтың өзi кезiнде "Мына қара бәледен, Қара майордан қалай құтыламыз?" деген ғой. Әрiптесiмiз, майдандас ағамыз Борис Керiмбаевтың күллi Ауғанстанға, қала бердi бүкiл Кеңес одағына "Қара майор" атанып кетуi де аузы дуалы Ахмед Шах Масудтың осы сөзiнен кейiн секiлдi. Ауған халқы - жауынгер халық және шын жауынгер екенiңдi таныта, мойындата бiлсең, жау болсаң да сенi сыйлайды, қадiрлейдi. Жалпы, "Қара майорды" ауғанның әскери ортасы белгiлi бiр дәрежеде биiк бағалайды. Әрине, оның себебi бiреу-ақ. Бұлар "Қара майорды" қазақ болғаны үшiн, не болмаса "мұсылман баласы ғой..." деп iш тартпайды. Олар "Қара майорды" өз iсiнiң бiлгiрi, өз iсiнiң шеберi деп таниды және мойындайды. Соғыс өнерiн жетiк меңгерген, әскери амал-тәсiлдердi орайымен әрi ұтымды түрде қолдана бiлетiн батальон командирiнiң, яғни "Қара майордың" атын ұмытпайтыны да содан. Кезiнде атақты Жуков жау бола тұрса да немiс әскерiнiң қолбасшысы Гудерианның тұтқиылдан, ойламаған жерден шабуыл жасайтынын мойындаған ғой. "Гудериан тәуекелге бара бiледi және сол тәуекелi ұдайы нәтижелi болады" деп. Уахидолла Паншеридың да "Қара майорға" деген көзқарасы осы iспеттес. Әйтпесе, оның "Қара майорға" елжiреп бара жатқан ештеңесi жоқ. - Кейде салыстыру жасаймын, - дедi У.Паншери шай үстiнде Руха өзенiне ойлана қарап отырып, - Кеңес әскерiнiң жауыздығы тәлiптердiң жауыздығының жанында жiп есе алмай қалды. Тәлiптер паншерлiк әйелдерге "Өзiң айт, оң көзiңдi ояйын ба, жоқ сол көзiңдi ойып алайын ба?" деген ғой. Байғұс әйелдер қарсылық бiлдiрсе, екi көзiн бiрдей ойып алған. Тәлiптердiң осы жауыздығын бiлетiн әйелдер олар әлгi сұрақты қойған кезде, амал жоқ, "оң көзiмдi ойып ал", не болмаса "сол көзiмдi ойып ал" деген. Әйтпесе, екi көзден бiрдей айырылады... Қайсыбiрiн айтайын, мына Руха өзенi талай рет қан боп ақты ғой...
АҚШ-ТЫҢ АУҒАНСТАНҒА ЖАНЫ АШИ МА?
Уахидолла Паншеридың жолай былай дегенi есiмнен кетпей-ақ қойды: - Ауған халқы - негiзiнен, егiншi халық. Диқан халық. Дәндi дақылдың (арпа, бидай, жүгерi, сұлы, ноқат, жасымық, тары және т.б.) неше атасын еккен. Және егiндi күтiп-баптаудың да қыр-сырын жетiк бiлген. Мiне, сол халықтың ұрпағы қазiр егiншiлiкпен, диқаншылықпен айналыспайды. Егiншiлiкпен айналысуыңыз не, сол егiндi қалай егудi де бiлмейдi. Өйткенi күндiз-түнi - соғыс. Ертелi-кеш көретiнi де, бағатыны да - атыс-шабыс... 1900-1910 жылдары Ауғанстан патшалық Ресейге, Пәкстанға, Үндiстанға, өзге де көршiлес елдерге астық сатқан. Мiне, сол Ауғанстан қазiр азық-түлiк сұрап, Пәкстанға қол жайып отыр... Өзiнiң елi үшiн, халқы үшiн, отаны үшiн, нақтырақ айтсақ, Ауғанстан үшiн жаны ауыратын У.Паншери секiлдi көзi ашық, көкiрегi ояу, қазiргi саясаттың қыр-сыры мен қитұрқысын жақсы бiлетiн талай ауғандық азаматтармен әңгiмелестiм. Сырластым. Мәселен, Наджибулланың тұсында Iшкi iстер министрi болған, Наджибулла дарға тартылған соң сырт елдерге (Тәжiкстанға, Иранға, Үндiстанға, Еуропа елдерiне) қашқан, қазiргi күнi Ауғанстанға қайтып оралып, қоғамдық өмiрге араласа бастаған генералдармен де, полковниктермен де көзбе-көз әңгiмелестiм. Ендi осы азаматтар айтқан және өзiм де шет жағасын көрген мәселелердi ортаға салсам деймiн. Парванда (Парван провинциясында) АҚШ-тың әскери базасы тұр. Осындағы АҚШ-тың әскерлерi тәлiптер жиi шоғырланған Джалабадқа, Қандағарға баратын болса, өздерiнiң қауiпсiздiгi үшiн тәлiптерге алдын ала миллиондап ақша төлейдi екен. Ал бұл ақшаны тәлiптер халыққа қарсы жұмсайды: жарылыстар жасайды, билiкке ыңғайсыз тұлғаларды өлтiредi және т.б. АҚШ-тың әскери базасының үстiнен ешкiм ұшып өтпейдi. Ұзақ болса да, бәрi де мұны айналып ұшып өтедi екен. Тiке ұшып өтсең, оқ шығармастан-ақ, лазермен жалп еткiзедi екен. Қарап отырсаң, бұл да - шығын. Ауған халқын қажытатын шығын. Ауғанстанның әскерiнде қызмет ететiн АҚШ әскерилерi (көбiнесе, нұсқаушылар) бар екен. Бұлар 10 мың доллар жалақы алады екен. Ал ауғандық офицерлердiң алатын жалақысы - 200 доллар. "Осыдан кейiн мұндай әскерде қандай болашақ болмақ?" дейдi генералдар. Генералдардың айтуынша, АҚШ Ауғанстанға 40 миллиард доллар көлемiнде гуманитарлық көмек көрсетiптi. Осының 36 миллиарды Ауғанстанға жетпеген. Қайда? Ешкiм бiлмейдi... Ауған халқына көмек ретiнде американдықтар жолға тас төсептi. Ұсақ малта тас. Осыны американдықтар "Бiз сендерге 6 миллион долларға тегiн көмек көрсеттiк" деп көзге шұқып, қайта-қайта айтатын көрiнедi. "Апыр-ай, - дейдi ауғандық ардагер-генералдар, - Кеңес үкiметi тегiннен-тегiн мектеп те, аурухана да, зауыт та, тұрғын үй де салып бердi. Бiрақ ешуақытта мiндетсiмеген едi...". "Американдықтар Ауған халқын көзбояушылыққа, сыбайлас жемқорлыққа үйретiп жатыр. Кеңес үкiметi тұсында 250 000 ауғандық КСРО-да әскери жоғары бiлiм алып, офицер атанды. Ал соңғы 10 жылда американдықтар "Бiз 3500 ауғандыққа жоғары әскери бiлiм бердiк" дейдi. Шын мәнiнде, бұлар 3500 емес, одан әлдеқайда, үш-төрт есе аз" дейдi ауғандық генералдар. Сонымен қатар, мынандай да келеңсiз оқиғалар болыпты. Кезiнде Кеңес үкiметi салған ауруханалар мен мектептердi сәл-пәл жөндеп, "Бiз сан миллион ақшаға құрылыс тұрғыздық" деп, осы ақшаны АҚШ-тан Ауғанстанға аудартқан да, бұл ақшаны Ауғанстанда қызмет iстейтiн АҚШ азаматтары өздерi бөлiске салған. Ал ендi американдықтардың бұлай еркiнсуiне қарсы болған ауған шенеунiктерiнiң аузын қалай жаптырған десеңiзшi? Қазiргi кезде Ауған шенеунiктерiнiң басым көпшiлiгiнiң бала-шағасы АҚШ-та оқитыны да белгiлi. "Оқуларын бiтiрген соң бұларды Ауғанстанға жiбермеймiз, АҚШ-та алып қаламыз" деп, ауған шенеунiктерiн жiпсiз байлап тастаған.
"СЕНДЕРГЕ КЕЛДIМ ДҰҒА ҚЫП..."
Адам өлеңдi жазам деп жазбайды екен ғой. Ауғанстанды аралап жүрген кезiмде өткен күндерiм, қыршынынан қиылған қимас достарым есiме түсiп, iшiмнен жиi күбiрлей бердiм. 1980 жыл. Екiншi сәуiр күнi Самат, төртiншi сәуiр күнi Асыл қаза тапты. Мен болсам жараланып, Кабулдың госпиталiне түстiм. Алты дәрiгер ақ тер, көк тер болып, жанталаса жүгiрiп, операция жасап жатыр. Госпитальдың еденi - шылқыған қан. Маған кезек келгенде, шамасы қансырап кетсем керек, есiмдi жоғалта бастадым... Осындай қорқынышты суреттер көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды... Азапты да ауыр жылдарымның елесi әсер еттi ме, қыршынынан қиылған боздақтарды сағынғаным ба, тiл ұшыма төмендегiдей өлең жолдары орала бердi:
Мойындай қоймас басқаны,
Армысың Ауған аспаны.
Көзiме оттай басылар,
Түксиген тау мен тастары.
Бұл жақта бөлек ұғымдар,
Iшiнде кетер мұңың бар.
Өртенiп кеткен өмiрлер,
Қиылып жатқан ғұмырлар.
Жанымның бiтпей жарасы,
Жабырқап тұрмын қарашы.
Есейттi менi мың жылға,
От пенен оқтың арасы.
Нағылам айтып, нағылам,
Жаралы бiздей қабылан.
Отан деп солай қан кештi,
Он сегiздегi оғылан.
Он сегiздегi көк бөрi ем, Көгерiп жаңа көктеген.
Қынадай қырған тiрiнi,
Сұм соғыс сенi жек көрем.
Түнерiп әлi қыр, шыңдар,
Еске сап бәрiн тұрсыңдар.
Сендерге келдiм дұға қып,
Көмусiз қалған қыршындар.
Айқара құшақ ашылмай,
Шаттықтың нұры шашылмай.
Соғыстың мынау лаңы
Басылмай қойды-ау, басылмай...
Суретте: Ауғанстан. Паншер. Б.Смағұл Кеңес әскерлерiнiң қираған техникасының қасында тұр. 11.11.2011 жыл.
http://zhasalash.kz/ruhaniyat/6431.html