Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаш арысы 4224 2 пікір 22 Желтоқсан, 2020 сағат 11:59

Шәкәрімнің ұлтшылдық көзқарасы...

«Абай» журналының 1918 жылғы № 3 санында Шаһкәрім «Ұлтшылдық туралы» атты шағын мақала жазыпты. Онда: «Ұлтшылдықтан мәдениет, мәдениеттен адамшылық туады», - деген Мәнен атты адамның тұжырымына қарсы пікір білдірген және былай деп жазған: «Ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғары сатысы - Еуропа, олар адамшылық қылып отыр ма? Менің ойымша, әлі күнге шейін асса ұлт, қалса өзімшілдіктен оза алған жоқ».

Шаһкәрім қажы осылай дейді де оның себебін ұлтшылдық мәдениет туғызса да, ақ жүректілік туғыза алмайтындығымен түсіндіреді. Ол, ақ жүрек деген - ұждан дейді. Ал ұжданды - барша жанға махаббат, шапағат, әділет жасау деп түсіндіреді. Ақ жүректілік көбеймей, адамшылықтың жеңіс таппайтынын нақтап айтады. Ол былай дейді: «Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу - ұжданның ісі». Демек, Шаһкәрімнің ұлтшылдық түсінігі - гуманитарлық, жалпы адамзаттық құндылық негізінде өз халқының бостығын өзгелерге зиян келтірмеу негізінде толықтыру және артық ету.

Хатқа түскен тарихтан күні бүгінге дейін ойшылдың осындай көзқарасымен астасып өмір сүрген халық немесе мемлекет бар ма?. Жауап беру қиын. Бұл туралы ол өзі де осы мақаласында «Оны істеп отырған кім бар?», - деп сенімсіздікпен налиды. Егер ақ жүректілік (ұждан) өзіңнен күші артық, десе басым басқалардың бойы мен ойынан табылмаса, дүниенің тозағы сол. Онда, әділетсіз, зорлықшыл күштер өздерінің қара бастарының қамы немесе тек өз ұлтының мүддесін өзгелерден жоғары қойып, өз артықшылығын басқаларға залал, қасірет әкелу арқылы жасайды және жасауды жаны сүйеді. Бұл жағдай әлсіздердің жаны мен тәнін, рухын азаптайтын пәни әлемнің тозағы болмай қайтсын?. Енді осыдан ой туады. «Ақиқаты аз, аласы көп жалғанда сенің ғана ақ жүректілік танытуың қаншалық дұрыс?». Егер күллі адам баласы, күштісі мен әлсізі бірдей ұждан ісінде ақ болса, кәнеки? Өкініштісі жалған дүниенің заңдылығы - ақиқат астарында,  алдамшы көрінісі бетінде төселген. Сол ақиқатты даналар көре білген. Шаһкәрім де соны сезіп, біліп айтып отыр. 

Әулиенің сөзімен айтқанда ондай оспадарлық - ұждансыздық немесе ақ жүректілік емес (қара жүректік). Ал қара ниеттілікті Құдай қаламайтыны, «Аққа Құдай жақтың» - адамзаттың мәңгілік  заңдылығы екенін біз жақсы білеміз. Нәсіл, ұлт және тіл Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы, қалауы. Ал олар Құдайдың қалауынсыз құрымайды да. Егер құритын болса, қазақ халқы ендігі жұмыр жерден жоғалар еді. Сол үшін біз, қазақтар есте жоқ ескі заманнан бері өмір сүріп келеміз, әлі де ғасырлап жасаймыз. Аспанымыздан аунап көшкен бұлттардай талай заманды басымыздан кештік, бірақ, жер анамыз - отанымыз аман. Бастысы өзімізге. күшімізге, рухымызға, бірлігімізге, тарихымызға, болашағымызға деген мызғымас сеніміміз болуы шарт.  

Осы ұжданның ісін істеудің адам баласы үшін аса қиын екенін түсінген ақын: «Бірақ, ақ жүректі қалай табамыз, қайтып көбейтеміз?», -деп сұрақ қойып ел-жұртын соған шақырады, одан үмітін үзбейді. Сөзінің соңында: «ХХ ғасырдың өнерлілерінің - білімі қылған ісінен,- біле тұра нәпсісіне құлдығы зор болатын секілді»,-деп тұжырымдайды. Ақын «өнерлілер» - деп әр саланың мамандарын айтып отыр. Оның ішінде саясаткерлер де, ғалымдар да, жазушылар да, дәрігерлер де, мұғалімдер де, техниктер де бәрі-бәрі бар. Егер олар нәпсісінің құлы болмағанда, ақ жүректілер көбейіп, адамшылыдық салтанат құрар еді. Ондайда, бастысы зор ұлтшылдық жолғалып, оған қарсы әділетті ұлтшылдықта күн тәртібінен қалар еді. Ойшылдың осы тұжырымын ХХІ ғасыр үшін айтсақ та дәл келе кететін секілді. 

Қастер Сарқытқан,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ұстазы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394