Ғаділбек Әкім. Қаржы-экономикалық дағдарыс өзбек еліне өсім әкелді
Осы айдың ортасында Доминик Стросс-Кан бастаған Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) делегациясы жұмыс сапарымен Орталық Азия елдерін аралап шықты. Сапардың мақсаты, осы елдердің дағдарыс салдарымен күресу жолдары, бағдарламалары және экономикалық хал-ахуалымен жақынырақ танысу. Қазіргі әлем бойынша қаржы аласапыраны кезеңінде ХВҚ-ның маңызымен рөлі артып келеді. Қазақстан үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов ХВҚ директорымен кездесуінде: «Біз, халықаралық қаржы әлемінің құрамында болғымыз келеді, бұл тарапта ХВҚ-ның қолдауынсыз қиын. Біз сонымен қатар, қазіргі кезде басқа елдер секілді дағдарыстан кейінгі жағдайға дайындалып жатырмыз, сол себепті Қазақстанның жаңа қаржы конструкциясын ХВҚ-мен бірге жасаған дұрыс болар еді»-деді. Ал, Стросс-Кан мырзаның пайымдауынша, қазіргі кездегі Қазақстан үкіметінің жүргізіп отырған дағдарыс салдарымен күресу бойынша бағдарламасы мен шараларының арқасында 2010-шы жылдың басында ел экономикасы оңалудың нышандарын көрсетуі мүмкін дейді. Астанадан кейін Стросс-Кан мырза Бішкек, Ташкент, Душанбе қалаларына жол тартты. Қазақстанға қарағанда экономикалық жағдайы да, әлеуметтік әлеуеті де нашар қырғыз, тәжік елдері ХВҚ-ның көмегіне әрі қолдауына зәру.
Осы айдың ортасында Доминик Стросс-Кан бастаған Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) делегациясы жұмыс сапарымен Орталық Азия елдерін аралап шықты. Сапардың мақсаты, осы елдердің дағдарыс салдарымен күресу жолдары, бағдарламалары және экономикалық хал-ахуалымен жақынырақ танысу. Қазіргі әлем бойынша қаржы аласапыраны кезеңінде ХВҚ-ның маңызымен рөлі артып келеді. Қазақстан үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов ХВҚ директорымен кездесуінде: «Біз, халықаралық қаржы әлемінің құрамында болғымыз келеді, бұл тарапта ХВҚ-ның қолдауынсыз қиын. Біз сонымен қатар, қазіргі кезде басқа елдер секілді дағдарыстан кейінгі жағдайға дайындалып жатырмыз, сол себепті Қазақстанның жаңа қаржы конструкциясын ХВҚ-мен бірге жасаған дұрыс болар еді»-деді. Ал, Стросс-Кан мырзаның пайымдауынша, қазіргі кездегі Қазақстан үкіметінің жүргізіп отырған дағдарыс салдарымен күресу бойынша бағдарламасы мен шараларының арқасында 2010-шы жылдың басында ел экономикасы оңалудың нышандарын көрсетуі мүмкін дейді. Астанадан кейін Стросс-Кан мырза Бішкек, Ташкент, Душанбе қалаларына жол тартты. Қазақстанға қарағанда экономикалық жағдайы да, әлеуметтік әлеуеті де нашар қырғыз, тәжік елдері ХВҚ-ның көмегіне әрі қолдауына зәру. Стросс-Кан мырза Қырғызстан президенті Құрманбек Бәкиевпен кездесуінде, Қырғызстан мен Тәжікстан басқа да дамушы мемлекеттер секілді қаржы дағдарысының кері әсерінен құтыла алмайтынын айтып, сол себепті ХВҚ бұл елдерге қаржы-техникалық жағынан және осы елдердегі кедейшілік деңгейімен күресуге көмектесуге әзір деді. Сапар нәтижесі бойынша ХВҚ қырғыздарға үстіміздегі жылдың соңына дейін 100 млн. АҚШ долларын құрайтын жеңілдетілген несие беретін болды. Сонымен қатар Тәжікстанға тәжік еліне үш жыл ішінде дағдарыспен күресу үшін, кедейшілік деңгейін төмендету және ел экономикасын қолдау үшін 120 млн. АҚШ доллары көлемінде несие бөлетін болып шешілді. Ташкентке барған сапарында, Доминик Стросс-Кан Өзбекстан үкіметінің дағдарыс салдарына қарсы қабылданып жатқан шараларын аймақтағы ең тиімді және эффективті шаралар деп мәлімдеді. ХВҚ-ның болжауынша өзбек экономикасының өсуі 2009-2010-шы жылдары 7,9%-ды құрайтын көрінеді. Бұл ТМД аймағындағы экономикалық өсу бойынша ең үлкен көрсеткіштердің бірі. Әлемдік банк сарапшыларының мәліметінше осы жылы Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінің қоса алғандағы ортақ ІЖӨ-і 4,7%-ға құлдырайды, ал 2010-шы жылы экономикалық өсім белігілері болады, алайда ол тек 1,6%-ды құрайды деп отыр. Ағымдағы жылы Украина экономикасы 9%-ға, Ресей экономикасы 7,5%-ға, Беларусия экономикасы 3,3%-ға, Қазақстан экономикасы 3,0%-ға және Молдавия экономиксы 1,5%-ға төмендейді делінген әлемдік банк мәліметінде. Аймақтың басқа кейбір елдерінде аз да болса өсім болады. Әлемдік банктің болжамы бойынша Әзірбайжан экономикасы 3,3%-ға, Өзбекстан 4,5%-ға және Грузия экономикасы 1%-ға өсетін көрінеді.
Аймақ елдері дағдарыстан зардап шегіп отырғанда, өзбек экономикасының аз да болса өсім көрсетуі ғажап емес, себебі бұл елдің экономикасы өзге елдерге қарағанда жабықтау. Өзбектер стратегиялық маңызы бар мұнай, газ, түрлі-түсті металл, көмірге, уранға т.б. шикізаттарға бай мемлекет. Өзбекстан шикізат көлемінің жалпы құны 3,3 трлн. АҚШ долларына бағаланып отыр. Табиғи газ өндіру көлемі бойынша Өзбекстан ТМД-да үшінші орынды, ал, әлем бойынша ондыққа кіріп отыр. Алтын қоры бойынша ТМД-да екінші, әлем бойынша сегізінші орынды иеленуде. Өзбекстан экономикасының басты байлықтарының бірі бұл - мақта. Әлемдік деңгейде мақта өндірісі бойынша өзбек елі бесінші, мақта экспорты бойынша екінші орында тұр. Алайда, осы байлықтарды мемлекет игілігіне игеруде және жаңа технологиялар мен шетелдік инвестиция тарту бойынша бұл ел Қазақстанға қарағанда кейін қалып отыр. Өткен 2008-ші жылы өзбек экономикасына 2,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылса, оның 2 млрд. доллары тікелей инвестиция екен. Ал Қазақстанға осы жылдардың ішінде 70 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылған, Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, өткен 2008-ші жылы Қазақстан экономикасына 12,4 млрд. АҚШ долларын құрайтын тікелей инвестиция тартылыпты. Бұл Орта Азия бойынша ең үлкен көрсеткіш. Өзбекстан экономикасының негізі шикізат экспортына бағытталғаны белгілі, ал қазіргі кезде шикізат көлеміне сұраныстың төмендеуіне байланысты бұл жағдай өзбек экономикасына өз әсерін беруде. Жұмыссыздық мәселесіне келсек, БҰҰ-ның «World Economic Situation and Prospects 2009» сараптамалық-талдау жұмысында ТМД аумағында жұмыссыздықтың ең төмен көрсеткіші 0,2%-бен Өзбекстанда болып шықты. Алайда бұның нақты шындыққа жанасуы неғайбыл. Кейбір сарапшылар Өзбекстанда жұмыссыздық деңгейі 35%-ды құрайды дейді. Соңғы көрсеткіш шындыққа жақын сияқты, себебі кейбір дерек көздеріне қарасақ, соңғы жылдары 2-3 миллионға жуық өзбек азаматтары жақын шетелге жұмыс іздеп кеткен. Бұлар көбінесе Ресеймен Қазақстанда жұмыс жасауда. Ресей сарапшылары өзбек гастарбайтерлерінің ақша аударымы көлемі өзбек экономикасының 18%-ын алып отыр дейді. Дағдарыстың өршуіне байланысты Ресей мен Қазақстанда жұмыс орындары қысқартылуда, құрылыс секторы көлемінің төмендеуіне байланысты өзбек гастарбайтерлері жұмыссыз қалып, осыған байланысты отанына жіберетін қаржы көлемі анағұрлым деңгейде төмендеуде. Ал бұл жағдай өз тарапынан Өзбекстан экономикасына өзінің теріс әсерін тигізуде және елде жұмыссыздардың санын одан әрі көбейтуге әкелуде. Ресейдің ФБК экономикалық клубы жақында талдау жұмысын жүргізіп шықты. Бұл ізденіс жұмысының нәтижесі бойынша ТМД елдері аумағындағы дағдарыс салдарымен күресу бойынша ең жақсы бағдарлама тек Қазақстанмен Арменияда қабылданған. ФБК сарапшыларының айтуынша Украина мен Молдавияда дағдарысқа қарсы бағдарлама тіптен жоқ екен, ал Өзбекстанда бағдарламаның орнына осы жылдың наурыз айында ел президенті Ислам Кәрімовтың «Әлемдік қаржы дағдарысы: Өзбекстанның дағдарыс салдарымен күресу жолдары» атты монографиялық еңбегі шықты. Бұл монографияда автор қаржы-экономикалық дағдарыс салдарымен күресу жолдарын және дағдарыстың Өзбекстанға әсері туралы, осыған байланысты қалай күресу керектігін, банк саласына қолдау көрсету, экономикадағы техникалық жаңартуды жүзеге асыру, экономиканың барлық саласына инновациялық технологияларды енгізу туралы мәселелерді қозғапты. Клуб экономисттерінің зерттеуінде, Қазақстан үкіметінің дағдарыс салдарымен күресу бағдарламасы өзінің басымдықтардың дұрыс қойылуымен, инфорқұрылым дамуына үлкен орын бөлінуімен, ішкі инвестициялық сұранысты дамыту, стресстік қор құру және әлеуметтік жағдайы нашар топтарды қолдау секілді бағыттарымен ерекшеленеді делінген. Қазақстан Республикасы экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бахыт Сұлтановтың пайымдауынша, осы жылы қазақ экономикасының нақты өсімі 2%-ды құрап, жұмыссыздық деңгейі 8%-дан аспайды, ал инфляция деңгейі 9%-дан артық көтерілмейді дейді. Бұның барлығын аталған дағдарысқа қарсы бағдарламаны тиімді әрі орынды атқару арқылы жүзеге асыруға болады. Тәуелсіз ел болғалы бері Қазақстан ашық экономика моделін таңдады, осыған орай Орталық Азияға тартылған шетелдік инвестицияның 80%-ы біздің еліміздің үлесіне тиіп отыр. Қазіргі жаһандану заманында әлемдік экономикамен ынтымақтаспай, оның құрамдас бөлігі болмай, шетте қалып отыру қайбір мемлекет үшін тиімсіз жол. ХВҚ-ның директоры Доминик Стросс-Кан «Қазақстан экономикасы аймақтың басқа елдеріне қарағанда ашық экономика, сол себепті дағдарыс кезеңінде басқаларға қарағанда көп жапа шегіп отыр», - деді Астанаға келген сапарында. Әрине, аймақ елдері экономикаларының дамуы әр-түрлі деңгейде. Қазақстан басшылығының ел экономикасын тұрақтандыру және оңалдыру бойынша бөлген қаржы көлемі және инвестицияның басым бөлігінің біздің елімізге тиесілі болуы аймақта қай елдің жетекші екенін анық көрсетіп отырған секілді.