Сенбі, 23 Қараша 2024
3053 4 пікір 24 Желтоқсан, 2020 сағат 13:48

Ұлы мұраттар бекем орнығатын жыл болсын!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баршамызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтай отырып, оның «ұлттың рухын көтеретін, ұрпақтың мерейін өсіретін мәртебелі мейрам» екенін атап айтты. Өйткені, мемлекетіміздің басшысы өте орынды көрсеткендей, «тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі».  

Тарихы бай, тамыры терең еліміз оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балайды, өйткені «Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ». Осынау «әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыттың» мәнін терең түсініп, оны «бабалар аңсаған қастерлі Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімен сезінетін» бүгінгі ұрпақ әрдайым лайықты бағалап жүру үшін Президентіміз «егемен еліміздің өміріндегі жақындап келе жатқан тағы бір мерейлі белес»  мен мұндалаған келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады.

Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздік кезеңде «жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі» жазылып келе жатқан әрбір он жыл «атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап» тұрғанын нақты сипаттап айтты да, «алдағы төртінші он жылдықта» атқарылуға тиіс  жаңа міндеттерге тоқталды. Басты міндет, әрине, елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз ету. Ал оған қол жеткізу үшін, Президент өзінің Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі ретінде баса мән бергендей, «тиімді басқару жүйесін» құру қажет. Бұл ретте көптеген нақты шаралар атқарылып жатқанын айта келе, ол «жаңғырудың жан-жақты болғаны жөн» деп, бүкіл халқымызды заман ағымына ілесе білуге шақырды. Өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады деді. «Біз білімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет» деп, оны Ұлы Абай іліміндегі «толық адамның» айқын көрінісіне балады. Бұған қоса, әркімнің жеке қасиеті мен мақсатының елдік мүддемен тығыз астасып, патриотизмге ұласуы керектігіне ерекше мән берді. Сонда ғана мемлекетшілдік идеясы басты құндылыққа айналады деп шегеледі ойын. 

Президент Тоқаевтың бұл сөздері әрбір отаншыл азаматтың көңілінен шығып, болашағына деген сенімін күшейте түсуде. Бұл сөздер әсіресе көрші алып елдің көне империялық астамшылықпен шаласауат та арандатқыш әм қатерлі  мәлімдеме жасап жұртты дүрліктірген (ішінде біздің елімізде туып-өсіп, суын ішкен құдығына көптен түкіріп жүрген бүгінгі сайқымазақ «саясаткері» бар) «халық қалаулылары» саяси және әскери элитасының үнсіз қолдауына ие болып тұрған қазіргі таңда айрықша маңызды. Осы ретте, шын мәнінде Президент айтқандай «тарихы бай, тамыры терең» біздің еліміздің әлі толық дәрежесінде ашық қолданылмай жүрген әлеуетін іске қосуымыз керек. Біз халықты әділ тарихпен тәрбиелеу, күні бүгінге дейін көпшілікке беймәлім болып келе жатқан ащы да қасіретті тарих арқылы тәрбиелеу мәселесін жолға қоюға тиіспіз. Қалың жұрт және қазақ жерін иелене кетуге құмарлар қазақтың қаралы беттері мол шын тарихын білсін,  сонда халқымыздың бірлігі арта түсері, тілектестеріміздің қатары молаяры, байырғы отаршылдық пиғылмен ауыратын керауыздардың азаяры хақ.  

Қазақ Ордасынан әлдеқайда кеш құрылған, бірақ  күш-қуаты шапшаң артып, түрлі амалмен жаңа жерлер жаулап алу саясатын патриоттыққа балап сәтімен жүргізген Орыс Патшалығы (1721 жылдан – Ресей империясы) өкілдері шығысқа қарай тереңдегендерінде, Сібір ормандарын мекендеген «жабайыларды» күллі ауылдарымен тып-типыл етіп қалай қырып-жойғаны жайындағы ауызша естелік баспасөз бетіне бертінде ғана шықты. Ал 1-ші орыс революциясы жылдары жұмыс істеген Мемлекеттік думаның «қаражүздікші» мүшесі биік мінберден «даланы мекендейтін қазақтар (киргизы) Шыңғыс ханның ұрпақтары, сондықтан, Американы игерушілер ондағы қызылтәнділерді қалай қырғынға ұшыратса, біз де қазақтарды тап солай қыруымыз керек» деп ұрандатқаны  парламенттің стенографиялық есебінде тасқа басулы тұр. Советтік империяның оқу өтіп кеткен көшбасшыларының бірі қазақтарды «көшпенді болғандықтан экономикасы әлсіз, марксизм тұрғысынан болашағы жоқ» деп тұжырды,  жылқысын «әлемдік революция жасайтын қызыл армия үшін» тартып ала тұрып, орнына талғажу етерлік азық-түлік беруден бастартты. Солай басталып, үш дүркін соққан ашаршылық қазақ халқын Ұлттық апатқа ұшыратты. 1917–1933 жылдарғы жат саясат салдарынан болған халқымыздың тікелей шығыны мен жоғалтқан ықтимал табиғи өсімінің саны  республикадағы бүгінгі қазақтың жалпы мөлшеріне барабар еді. Революцияшыл  өкіметтің әуелде берген уәделерін бұрмалауларына, жүргізген солақай реформаларына халықтың қарсылық көтерілістерімен жауап беруі «бандалар бүлігі» деп танылып, әскери күшпен басып-жаншылды (сол шақтағы жазықсыз құрбандарды толық ақтау мәселелері де Президент тапсырмасымен құрылған Мемлекеттік комиссияның қарауын тосуда). Саяси қуғын-сүргіндер мен аштан қырылулар салдарынан босап қалған өңірлерге миллиондаған кірмелер келіп, көшпенділер сүйегі үстіне социализм орнатуға кірісті. Сол кезгі Орталық (яғни Мәскеу) қасіретті тарихты жұртқа білгізбеу бағытын ұстанды, нәтижесінде оның бүгінгі мұрагерлері (никоновтар, федоровтар, жириновскийлер) қауіп-қатерге тұнған сөздерін – «орыс жерін қайтаруды» талап етуін аян етіп отыр. Мұндай кесапатты әрекеттерге қатаң тыйым салудың бірден-бір тәсілі – Президентіміз еске салған тамыры терең де бай тарихымызды білу және өзгеге де білгізу жолымен  шынайы жаңғыру жолына түсу, сөйтіп әркімнің ой-санасының ұлттық мүддемен тығыз астасқан заманауи жаңа патриотизмге ұласуына септесу. Мұндай ретпен сіңірілген отаншылдық сезімнің басты құндылыққа айналарына Қасым-Жомарт Кемелұлы  күмәнсіз сеніп, ерекше мән берген. Расында да осындай жолмен қалыптастырылған мемлекетшілдік идеясы әр азаматтың жүрегін толқытып, бойын билері хақ. 

Президент Тоқаев экономикалық тұрғыдан күшті, әлеуметтік әділдігі баршаны тәнті ететін, негіздері бекем, прогрессивті құндылықтарға ие ашық қоғам құрудамыз деді. Бұл үшін бірізді реформалар мен сапалы өзгерістер жасау жолымен келе жатқанымызды айтып, «бұл саясаттың жалғаса беретінін», өйткені оған «балама болмайтынын», «кері шегінуге енді жол жоқтығын» ескертті. Бізге осы саясаттың ұлттық мүддемен үйлесе жалғасуына үлес қосу ләзім. Бұл ретте, іскер де еңбекқор жұрт және данышпан Абай айтқан «толық адам» кейпінде танылу үшін, біздің ойымызша, қазақтың мал өсіру сынды дәстүрлі экономикасын ауыл шаруашылығының өзге салаларымен үйлестіре отырып дамытуға мән беру жөн болмақ. Ол үшін әркімге тиесілі жер үлесін белгілеп, қазіргі заманғы малшыға қойылатын талаптар үдесінен шығуға ниеттенетін азаматтардан серіктестіктер құру керек те, оларды игерілуін тосып жатқан жерлерге орналастыру қажет. Және кезінде патша үкіметі қазақ жерін игеруге жұмсаған мұғажырларын тиісті көлікпен, соқа-сайман, құрал-жабдықпен, дәнмен, қаржымен қамтамасыз еткен тәжірибені бүгінгі күн тұрғысынан дамыта пайдаланып, өз қыз-жігіттеріміз құрған бүгінгі озық шаруашылықтардың заманауи жаңа үлгіде өз елімізде бой көтеруіне қамқорлық көрсеткен жөн. Сонда, ең бастысы, еліміздегі жұмыссыздықты жоямыз. Сосын мемлекетшіл азаматтардың қазақ жерін көркейтуді өз қолдарына алғанына көзіміз жетіп, қазақтардың өз жерінің шынайы қожайыны екенін әлемге паш етеміз. 

Ұлттың рухын көтеретін, ұрпақтың мерейін өсіретін мәртебелі мейрам құрметіне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілеген ұстаным тұғырынан осындай ұсыныстар айтуды хош көрдік. Алдағы мерекелі кезең ұлы мұраттарымыз бекем орнығатын жыл болсын! Тәуелсіздіктің отыз жылдығын лайықты табыстармен қарсы алайық, қымбатты достар! 

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, репрессиялар құрбандарын толық ақтауды көздейтін Мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377