Лаборант (әңгіме)
Ол ұзын дәлізді жағалап келе жатып, есіктердің сыртына үңіліп қояды. Бұл қабаттағы бөлмелер екі-үш фирмаға ғана тиесілі екен.
Кенет оның назарына дәліздің күңгірттеу тұсындағы бір ерекше есік ілікті. Есікке ілінген титімдей тақтайшадағы ұсақ жазуға көзі жетпей, жақындай түсіп, үңілді: «Лаборатория профессора А.Ш. Шарипова». Профессор Шарипов дейді? Ол кім болды екен? Лабораториясы несі?..
Есікті ақырын қақты. Ешкім жауап бермеді. Тұтқасынан тартып көріп еді, ар жақтан бір тықыр естілгендей болды. Іште біреу бар сияқты.
Келесі сәтте есік сырт етіп, жартылай ашылды да, ұзын бойлы кісінің қазандай басы көрінді. Бұған таңдана қарады.
– Ассалаумағалейкүм, аға!
– Сәлеметсіз, – деді ол, сыпайы ғана жөткірініп қойып.
– Сіз профессор Шәріпов боласыз ба?
– А сіз кім боласыз? – деп сұрады ол аздаған акцентпен. Орысшалау сияқты.
– Журналистпін, аға.
– Журналист?.. Сіз кімнен келдіңіз?
– Ешкімнен... өзім келдім.
– Кіріңіз, – деді ол, есікті ашыңқырап.
– Шақырусыз қонақтай «баса-көктеп кіргеніме» кешірім сұраймын, аға.
– Оқасы жоқ, – деді ол, бұны ішке кіргізіп, есікті жауып жатып.
Есікте ағылшын құлпы орнатылғанын аңғарды.
Қалың перде тұтылған терезенің мардымсыз жарығынан бөлменің іші алакөлеңкелеу екен. Көзі үйренгенше есік алдында тұрып қалған.
«Төрлетіңіз», – деп, лаборатория иесі шам жақты да, терезе жақтағы жалпақ үстелге қарай бастап жүрді.
– Атыңыз кім? – деп сұрады, бұған орындық ұсынып жатып.
– Талант Аман.
– Қызық екен. А менің атым Аман Рабатович Кудайкулов.
– Кешіріңіз, мен сізді профессор Шәріпов деп қалдым.
– Мен лаборантпын. Сіз точно журналистсіз ғой?
– Сенбесеңіз, міне, – деп, куәлігін көрсетті бұл.
Ол куәлікті алып, көз жүгіртті де, қайтарып берді.
– НИА (Независимое информационное агентство) «Жаңалық»? Ондайды естімеппін. Бірақ, мен радиодан «Свободаны» ғана тыңдаймын, – деп, таңдайын қағып, басын шайқады.
– Иә, қазақша айтсақ, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпарат тарататын «Жаңалық» тәуелсіз ақпарат агенттігі боламыз.
– «Тәуелсіз» деген оппозиция ма?
– Жоқ, оппозиция емес, «еркін ойлы» десем болады.
– Офис қайда?
– Біз кеше ғана осында, бесінші қабатқа көшіп келдік, аға. Сосын бүкіл ғимаратты аралап көріп жүргенім ғой.
– А солай ма? Мен сізді алғашқыда администратор деп қалдым, – деп, күлді ол, төбесіндегі селдіреген шашын сипалап.
Сосын ол орнынан тұрып, бұрыштағы темір шкафтан жарты шөлмек арақ пен екі рөмке шығарды.
Талант үстел үстіндегі жасаулы шағын дастарханды енді ғана байқады. Лаборатория иесі мұның алдында жалғыз өзі шәй ішіп отырса керек. Неге жалғыз? Профессор қайда кеткен?..
Үстел үстіндегі радиоқабылдағыш пен электр мәшіңкеге көзі түсіп кетті. Әлі күнге дейін қағазды мәшіңкемен баса ма екен? Айналасына көз салып еді, компьютер мүлдем көрінбейді. Пәлі, «лаборатория» деп атарлықтай ешқандай жабдықтары, құрал-саймандары жоқ қой. Бір қабырға тұтас кітап сөресі. Екінші қабырғаға гүлі бар құмыралар мен картиналар ілінген. Орта кезінде еденнен төбеге дейін дәу айна орнатылған.
– Келіңіз, таныстық үшін алып қояйық, – деді лаборатория иесі, иегін қағып. Екі рөмкеге толтыра арақ құйыпты.
– Қызмет бабындамын ғой, аға, – деп, бұл басын шайқап, тартынып еді, ол қабағын жорта түйіп: «Мен де қызмет бабындамын. Сіз танысуға келдіңіз ғой. Қалай деуші еді? «Қонақ қойдан да жуас» болу керек. Бастығыңыз іздесе, «бір лаборатория жұмысымен таныстым» деп айта саласыз, – деді.
– Олай болса, аға, лаборатория жұмысымен таныстырсаңызшы, – деді бұл, рөмкедегі арақты тартып жіберіп.
– Біз бұрын НИИ-ға қарайтынбыз, – деді ол, рөмкелерге қайтара арақ құйып жатып.
– Кешіріңіз, НИИ деген не?
– НИИ машиностроения, яғни, машина жасау ғылыми-зерттеу институты. Осы ғимарат түгел сонікі еді.
– Енді?
– Енді бітті, жекешеленіп кетті. Бір акционерлердің қолына көшкен. Солар фирмаларға жалға береді. Сіздер де жалға алған жоқсыздар ма?
– Иә.
– Ал, енді көрші болғанымыз үшін алайық, Талант. Давайте, қысылмай, тамақтан алып отырыңыз, ер адамсыз ғой.
Сіз менің күйеу балама ұқсайды екенсіз. Ол өте бір интеллигентный семьядан шыққан. Қызым екеуі – аспирант. Ата-анасымен, яғни, біздің құдалармен бірге Москвада тұрады.
– Орыс па?
– Қазақ. Даже менен өткен қазақ. Әйелім екеуміз құдалардан ұялғаннан қазақша үйрендік. А то вообще білмейтінбіз.
– Қызық екен, аға. Бірақ, менің таңғалып отырғаным – сіздердің мына лабораторияларыңыз. Сіз профессор Шәріпов жайлы ештеңе айтпадыңыз ғой?
Лаборатория иесі кенеттен басын салбыратып, отырып қалды.
– Аскар Шарипович алтын адам болатын. Бүгін – оның туған күні. Мен оны еске алып отырмын, – деп, бос рөмкесін көтеріп көрсетті. – Гениальный был человек!
Бұл қалтасынан ұялы телефонын шығарып, ғаламтордан «профессор Шарипов» деп сұрау салып еді, бірді-екілі ақпарат бар екен. Ашып көргісі келген, телефон қуаты кеміп, өшуге шақ қалыпты.
– Айфонның зарядкасы бар ма, аға?
– Мен «сотка» ұстамаймын. Менің байланысым мынау ғана, – деп, ол үстелдің бір бұрышындағы қалалық телефон аппаратын иегімен нұсқады.
– Талант, сіз біздің лаборатория жайлы жазғыңыз келе ме? – деп сұрады сосын, ойына әлдене түскендей.
– Жазатын-ақ едім, аға, бірақ, сіз маған жарытып ештеңе айтпадыңыз. Көңіліңізге келмесін, «профессор Шәріповтің лабораториясы» деген атынан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпын.
– Жоқ, Талант, сіз қателесесіз. Лаборатория деген әлдебір жабдықтарды шұқылай беру деп ойлайсыз ба? Жоқ. Ол – нағыз ғылым. Ол – мына баста. Шын жазғыңыз келсе, айтыңыз. Жазғыңыз келмесе, өкпем жоқ, – деп, аяқтады ол сөзін, шамырқанғандай кейіп танытып.
– Жақсы, аға. Маған қалам, қағаз беріңіз, көзіңізше жазамын. Маған керегінің өзі жарты-ақ бет. Тек нақты жаңалық болса, болғаны, – деді бұл да, ширыға түсіп.
* * *
– Талант, сені бастық іздеп жатыр, срочно жет, – деді хатшы қыз, бұның ұялы телефонына хабарласып. Не үшін іздей қалды екен?..
Ентіге басып жеткен.
– Ә, батыр, құтты болсын! Келгеніңе бір апта өтпей жатып-ақ, сенің алғашқы материалың халықаралық резонанс тудыруда. Шамасы, сынақ мерзімін бір айға жеткізбей жатып, штатқа ілігетін сияқтысың ғой, – деп, бұны есіктен қарсы алды бастығы. Үнінен зор мақтаныш сезілетіндей.
Түкке түсінсе, бұйырмасын. Бұл не жұмбақ?..
– Кел, бері жақында, – деді бастық. Көпке созбай, бастырмалата жөнелді. – Қысқасы, осы қазір Токиодан хабарласты. Сені сұрады. «Профессор Шәріповтің жаңалығы» деген хабардың авторы керек еді деді. Мен «не үшін керек?» деп суыртпақтап едім, «бір мәселені анықтап алайық деп едік» деп, түлкі бұлаңға сап, құйрығын ұстатпады. «Ештеңе бүліне қоймас» деген оймен хатшы қызға айтып, телефон нөміріңді бергіздім. Дәл осы сәтте саған хабарласып қалуы мүмкін. Ұялы телефоның қалтаңда жүр ме?..
Бұл басын изегенше болған жоқ, қалтасындағы ұялы телефоны безектей жөнелді. Үнін өшіріп қойған-тұғын.
– Хеллоу, – деп, өзі бастап ағылшынша амандасты бұл. Тұтқаның ар жағындағы адамның қуанышты даусы естілді. Ол да ағылшынша сөйлесе бастады.
Бастық бұған күдіктене қарады.
– Талант-сан, сіздің профессор Шәріповтің жаңалығы туралы қысқаша хабарыңызды оқыдық. Ол адамды біз танушы едік. Сіз оны осы дүниеде бар адам сияқты жазыпсыз. Солай болуы мүмкін бе? Ол тірі ме? – деп сұрады өзін Тацуро Мисима деп таныстырған қоңырау шалған кісі.
– Тацуро-сан, сіз маған кешірек хабарласыңызшы. Дәл қазір сізбен сөйлесу мен үшін қолайсыздау боп тұр, – деді бұл.
– Талант-сан, мен сізді жақсы түсіндім. Қайта байланысқа шыққанша қош болыңыз, – деп, тәмамдады Тацуро.
– Әй, сен тек қытай ғана емес, ағылшын тілін де тәп-тәуір білетін сияқтысың ғой. Қарай гөр өзін! Ал, менімен олар орысша білетін тілмәшы арқылы сөйлесті. Сұрасам, шыныңды айта қоймайсың-ау, ә? Оралмандығыңа салып, қулыққа басып тұрсың ғой. Байқа, бірақ, бірдеңеге ұрынып қалып жүрме, – деді бастық зілді үнмен. Әуелі әжуамен жай бастаған сөзінің соңын кіжіңмен аяқтады.
Бұл үндемей құтылды.
* * *
Төртеуі жапон үлгісіндегі ресторанның тыныш кабинасында оңаша сөйлесіп отыр.
Мисима мырза Құдайқұловқа қарап:
– Аман-сан, сіз профессор Шәріповпен бірге Токиода болмадыңыз, ә? – деп сұрады. Иоко есімді тілмәш қыз аударып бергесін:
– Жоқ, мен лабораториядан шықпаған адаммын. Аскар Шарипович өзімен бірге ылғи да Ставницкийді ертіп жүретін. Ставницкий келіссөздерге шебер, документацияға пысық еді. НИИ тарқағаннан кейін ол Ресейге кетіп қалды, – деді Аман.
– Мен ол кезде тым жас едім, – деп, сөзін жалғастырды Тацуро. – Әкемнің қасында жүрсем де, көп жәйді білген жоқпын. Бірақ, профессор Шәріпов мәңгі есімде қалды. Бірде қызық жағдай болды. Ол маған «шалбарыңның белдігін ағытып, төмен түсірші», – деді. Мен оның не айтқысы келетінін түсінбей, көзімді жыпылықтатып отырғанда, өзі дереу шешініп, теріс қарап, құйрығының үстіңгі жағын көрсетті. Сондағысы – жапондарда құйрығының үстіңгі жағында тумысынан болатын көк дақтың қазақтарда да болатынын көрнекі дәлелдеу. «Бұндай нәрсе басқа еш халықта жоқ», – деді. Соны айтып, ол риясыз күлгенде, әкем екеуміз де қосыла күлдік.
Иоко Тацуроның айтқанын еш қысылмастан аударып, сәл ғана жымиды. Талант оның жымиған кезде бетіндегі білінер-білінбес шұңқырлары сәл терең тартатынына назар аударды.
– Аман-сан, сіз неліктен өзіңіз ашқан жаңалықты профессор Шәріповтің атынан жарияладыңыз? Оны заңдастыру мүмкін емес екенін түсінесіз ғой, – деп сұрады Тацуро.
– Профессор Шәріпов жаңалықты ашуға жақын қалған еді. Әттең, үлгермей кетті. Әйтпесе, шертуі ғана қалған. Кейін ойлап қарасам, ол түйіннің шешуін өзі тауып қойса да, соңғы шертуін маған әдейі қалдырып кеткен сияқты. Ал, мен оның бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі шешімін таптым. Бірі – Аскар Шариповичтің бастаған разработкасы бойынша, екіншісі – таза өзімдікі, – деді Аман.
– Сонда сіз екі бірдей жаңалық ашып отырсыз ба, аға?! – деп, таңдана сұрады Талант, қасында отырған оның жүзіне жалт қарап. Даусы қатты шығып кетсе керек, Тацуро «не боп қалды?» дегендей, Иокоға иегін қақты. Иоко Таланттың қазақша қойған сұрағын тәржімалап бергесін, Тацуро басын қайта-қайта изеді.
– Алайда, басқа біреулердің біз әлі патенттемеген жаңалықтарды ашып қоюы да мүмкін. Содан бері жиырма жыл өтті ғой, – деді Аман.
– Аман-сан, біз енді негізгі мәселеге көшейік, – деп, байыппен бастады Тацуро. – Біздің сонау Токиодан келгендегі мақсатымыз – сізге нақты ұсыныс білдіру. Егер сіздің мемлекет алдындағы міндеттемелеріңіз болмаса, онда біздің трансұлттық компанияның тапсырыстарын орындаңыз. Біз үлкен грант бөлеміз. Патент алуға көмектесеміз. Сіздің қай елде де, әлемнің қай түкпірінде болсын, тұруға еркіңіз бар. Өз жұмысшы тобыңызды құрасыз. Айталық, сіз Талант-санды қасыңызға қосып алуыңызға болады.
– Тацуро-сан, мен ғалым емеспін ғой, – деді Талант. – Журналистикада тәй-тәйлап алғашқы қадамын жасаған сары ауыз балапанмын.
– Талант-сан, сізден ақылды көмекші ғана емес, жақсы кеңесші де шығады. Оның өзі өте құнды, – деп, сұқ саусағын жоғары көтерді Тацуро.
– Тацуро-сан, менің ғылыми атағымның жоқтығын ескеріңіз. Мен бар болғаны лаборантпын, – деді Аман, – Оның үстіне, жас та емеспін, елуді еңсерген адаммын.
– Аман-сан, сіз менің әкемді қартайып қалды деп ойлайсыз ба? Ол біздің елдегі ең үлкен трансұлттық компаниялардың бірін басқарып отыр. Әкем әлі күнге дейін доп қуалағанда, мен оның шаңына да ілесе алмай қаламын. Осы ұсынысты сізге жеткіз деп тапсырған да сол.
Енді әңгімемізді әзір доғарып, екі күннен кейін қайта кездесіп, тоқетеріне келейік, – деп, Тацуро даяшыны шақырып, есеп айырысуын сұрады.
* * *
Талант төменгі қабатқа түсіп, өзіне таныс есікті шартты белгімен тықылдатып көріп еді, жуық арада ашылмады. «Түһ, Аман ағаның қалтафон ұстамайтыны қызық осы!» – деп күбірледі, жорта күйінгендей боп. Қалалық нөміріне қоңырау шалмақшы боп, қалтасына қолын сала бергенде, есік сырт етіп ашылды.
– Аман аға, сіз екеуміздің жасымыз алшақ болса да, Шерлок Холмс пен доктор Ватсон болайық та, – деп, әзілдеген болды бұл. Ойына неліктен Конан Дойлдың кейіпкерлері келе қалғанын өзі де түсінбейді.
– Қайдағы Шерлок Холмс, қайдағы доктор Ватсон?! Ешқандай қисыны жоқ, – деді ол, қолын бір-ақ сілтеп. Ара шағып алғандай ыршып түскені несі? Өңі күреңітіп кетіпті. Құдайым-ау, не боп қалды?..
– Аскар Шариповичтің ана жаққа кеткеніне жиырма жылға жуықтапты, – деп, көңілсіз бастады әңгімесін Аман, – НИИ директоры академик Маматаев болатын. Кейін ол министрліктегі жоғары қызметке кетті де, НИИ акционерлік қоғам болып құрылды. Маматаев Аскар Шариповичтің аруағын сыйлап, біздің лабораторияны сақтап қалды. Обалы не керек, өзі әзілдеп айтатындай, «Аскар Шариповичтің жетімдерін» асырап отырғандай болды. Он жыл бойы бізге ұсақ-түйек тапсырыстар тауып беріп отырды. Минимальный айлық тағайындады. Соған мәзбіз. Ставницкийлер баяғыда-ақ кетіп қалған. Ең соңында мен жалғыз қалдым. А мен не, ғылыми атағым жоқ, жәй лаборантпын. Аскар Шарипович «кандидатский қорғап ал» деп талай айтты, тыңдамадым. Мен оған: «Аскар Шарипович, а что вы сами звание академика не возмете?» – деймін ғой. Ол кезде орысшалаймын. Қазақша «ни бельмеса не знать». Сонда ол да орысшалап: «Да на черт мне это звание сдалось? Когда кругом одни самозванцы! Полный развал!» – дер еді, ашуға басып.
Сөйтіп, мына акционерлер келді ғой. Бұлардың бар бітіретіні – жалға беру, ақша жинау. Бітті, басқа түк жоқ. Баста да түк жоқ. Тупоголовые. Қазақша қалай болады?
– Шодырбастар? – деді Талант сұраулы жүзбен.
– Иә, иә, дәл өзі, шодырбастар, – деп, әлдекімдерді кекете күлген ол әңгімесін жалғастырды. – Маматаевқа рахмет, өлеріне дейін акционерлерге лабораторияны ешкімге бергізбеді. Бірде маған конкурсқа қатыс деді. Грант бөлініп жатыр екен. Министрлікке заявка бердім лаборатория атынан. Аскар Шариповичтің бланктері бар-тұғын. Соның бірін толтырып жібергем ғой. Қайдағы грант? Тегін жатқан батпан құйрық табасыз ба қазір? Кругом – коррупция!
Енді сіз не деп ойлайсыз? Соны архивтен қазып алыпты. «За подделку документа срок положен» деп қорқытады, бір. «Профессор Шариповтің ашқан жаңалығын иемдендіңіз» деп айыптайды, екі. Аренданың ақшасын мойныма ілгісі келеді, үш. «Он жыл бойы жасырып келгенсің лабораторияны» деп, соның арендасының құнын төлеткісі келеді.
– Кем дегенде, бес миллион теңге шығады екен, – деп, ойша есептеп көрді Талант.
– Пішту, одан бес есе көп!..
– Аға, сізді кім айыптап жатыр? Соны айтыңызшы.
– Кім болушы еді? Ана шодырбастар! – деп, ол жоғары қарап, иегін көтерді. – Акционерлер-дағы. Министрліктен бір нудный можантопайды әкепті. Және де бір атышулы мекеменің адамы отырды. Сол айтты. «Сіз өлген адамның атынан әрекет еткенсіз» деп. Көрдіңіз бе, қалай?
Ең сорақысы мынау. Бір шодырбас екіншісінен сұрап отыр. «Шарипов өліп қап па еді?» деп. Қызығы сол, олар жиырма жыл бұрын жер қойнына берген Аскар Шариповичті «тірі» деп ойлап жүріпті. Түсіндіңіз бе?
– Аға, «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ғой. Шәріповтің шапағаты тиіп келген екен осы уақытқа дейін.
– Дұрыс шығар. Алайда, оны айтқаннан маған жеңіл емес. Енді көрмейсіз бе, ана шодырбастардың соның есесін қайтарғысы кеп отырғанын.
Екеуінің басы салбырап кетті.
Талант өзін кінәлі сезініп, ернін тістеледі. Шым-шытырыққа толы екен ғой мына өмір. Кеше ғана бұлар жағасы жайлауда жүргендей еді. Қызық, бұның ойына Шерлок Холмс пен доктор Ватсонның келгені несі? Айтқандай, Тацуро мырза ше?! Осы тығырықтан шығатын жолды сол көрсетер, мүмкін? Егер ана шодырбастардың аузын майласа, бәрін жайғауға болатын сияқты ғой. Бәлкім, олардың көздегені де осы шығар? Оның атын бопсалау дейді. Аман ағасының осал жерін тап басқан. «Батыр аңғал келеді» деген осы да. Батырлықтан бұрын оның ғалымдығы озып тұр ғой. Иә, иә, Аман ағасы жай ғана лаборант емес, ғалым адам.
Осының бәрін Аман ағасына айтқысы келді. Жай ғана оны жұбатқандай жұғымсыз сөз боп қалмай ма екен?..
Кенет оның ойына бірдеңе түскендей, Аманға жалт қарады.
– Аға, сіздің министрлікке жіберген заявкаңыздың көшірмесі бар ма? – деп сұрады одан.
– Көшірмесі дейсің бе? Есімде қалмапты. Одан бері он жыл өтті ғой, – деді ол, аңырып.
– Қарап көрсеңізші, – деп, Талант сықиып тұрған кітап сөрелеріне көз тастап. Мыналардың арасынан табылып қалуы да мүмкін-ау. Әлде үйіне апарып қоюы да... Маркетингпен айналысатын жеңгей пысық көрінеді ғой. Аман ағасын сол екен ғой асырап отырған... әйтпесе...
Кенет Аман орнынан атып тұрды.
– Талант, сен жай талант емес, генийсің!.. – деп, қабырғадағы айнаны екі алақанымен тіреп тұрып, бір жағына қарай күштеп итерді. Айнаның артынан екі жаққа айқара ашылатын есік көрінді.
Таланттың екі көзі шарасынан шыға жаздады. Аң-таң боп, Аманның соңынан жасырын бөлменің ішіне кірді. Үн жоқ. Тілі байланып қалғандай.
Ат шаптырым бөлменің іші қалың әйнекпен он шақты үлкен кабинаға бөлініпті. Әр кабинада жеке-жеке лабораториялық жабдық сақадай-сай тұр.
Бұл не – өңі ме, түсі ме?..
Әлдекімнің «он жыл бойы жасырып келгенсің лабораторияны» деген сөзі бұның құлағына жаңғырық боп келе берді...
Аман төрге озып, қабырғаны тұтас жапқан пердені ысырып жіберіп, ар жағынан көрінген тағы бір есікті ішке қарай ашты. Бөлменің шамын жаққанда, оның да доп ойнауға болатындай аумақты екені байқалды. Оның бір жартысына үлкен бильярд үстелін орналастырыпты. Төр жаққа «П» әрпі тәріздес қып ұзын үстелдер қойылған. Орындықтар самсап тұр. Екі жақ қабырғада – кітапқа толы сөрелер.
Таланттың назарын аударғаны – Абылай ханның портреті. Ғажап. Тірі адам сияқты. Мұндай бейнесін еш жерде көрмепті.
Аман бұрыштағы ауыр сейфтен бір қағаздарды тауып, үстел үстіне жайып салып, аударыстырып қарап отырған. Бір кезде «үф» деп терең дем алып, креслоға шалқая отырды.
– Мына қағаздар кез келген адвокаттың қолында бұлтартпас дәлел ретінде ойнап кетеді, – деді, екі езуінде кекесін күлкі пайда болып. – Мұнда Аскар Шариповтің қолы еш жерде қойылмаған. Керек десеңіз, аты-жөні де аталмаған. Тек өз аты-жөнім мен қолым тұр. Ең бастысы – өзім ашқан жаңалықтың нобайы ғана жазылған. Яғни, Аскар Шариповичтің разработкасы емес, өзімдікі болып шықты. Қалайша ұмытып қалғам? Ана шодырбастардың айтқаны сандырақ екен.
– Сізді бопсаламақшы болған ғой, аға. Аренда жайлы айтқаны да құр бопса. Сізбен аренда жайлы келісімшарт жасалған жоқ қой?! Ендеше, сізге ешбір адвокаттың қажеті жоқ деп ойлаймын, – деп, қуана дауыстады Талант.
– Мені толғандыратыны – Аскар Шариповичтің лабораториясының болашақ тағдыры. Мына шодырбастарға лабораторияның бес тиынға қажеті жоқ. Тұтас НИИ-ді құртқанда, шағын лаборатория оларға түк емес, – деді, түтігіп.
– Ертеңгі күнді күтейік, аға. Тацуро мырзамен ақылдасайық, – деп, баяу үн қатты Талант.
Осы сәтте оның қалтафоны безілдеп қоя берді.
– Тацуро мырза ма? – деп, сұрады Аман.
– Жоқ, хатшы ғой. Мені бастығым іздеп жатса керек, – деді Талант.
– Әй, Талант, бастығың мен емеспін бе? – деп, күлді Аман.
– Аға, сіз менің бастығым болсаңыз, мен сізді қалай атаймын? «Аға» деу қызмет этикасына сай келмейтін сияқты. «Аман Рабатович» деуге тілім келмейді. «Әбеке» деу ыңғайсыз. Әлде, жапон этикетіне көшеміз бе? – деп әзілге басты Талант.
– Расында да, Тацуро мырзаның айтқаны дұрыс, сізден ақылды көмекші ғана емес, жақсы кеңесші де шығады екен, Талант мырза. Оның өзі өте құнды, – деді Аман маңызды кейіппен, сұқ саусағын жоғары көтеріп.
Екеуі жадырай күлісті.
Жан Тілеу
Abai.kz