Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңғырық 8183 17 пікір 16 Қаңтар, 2021 сағат 12:27

Жамбыл мен Сталин

Жамбыл Жабаевтың туғанына -  175  жыл!

ЖАМБЫЛ
Роман-этюд. (Үзінділер)

Жалғасы:

МҰРТЫ ЕДІРЕЙГЕН КІМ?

1936 жыл. Тоқсандағы Жамбылдың кәрілік тобығынан келер емес. Ол әлдебір шал-шауқан құсап үйде жата алмайды. Аты ерттеулі, домбырасы сайлаулы тұрады. Ашаршылықтан тұралаған күндер ұмытыла бастағандай. Той-томалақ жасалып, жұрт ойын-сауық іздей бастады.

- Мәскеуде Қазақстан мәдениетінің он күндігі болады екен.

- Соған бүкіл Қазақстанның өнерпаздарын іздеп, Мырзажігіттің өзі оларды іріктеп жатыр екен...

Сау етіп үйге Қазақстанның игі жақсылары келді.

Онкүндік дүркіреп өтуге тиіс. Бұл Қазақстанның мерейі, бұл Мирзоянның мерейі. Осы жұрт оны бекерден бекер Мырзажігіт деп атап жүр ме? Және Мәскеуді дүр сілкіндіретін феномен керек. Даңқы жер жарып тұрған Сүйлейман Стальский секілді халық ақыны қазақта жоқ па?

Левон Мирзоян Францияда емделіп жатқан жерінен Ораз Исаевқа телефон соқты.

- Онкүндік Қазақстанның атын шығарып қана қоймай, ондағы ақын-әншілердің өнері асқақтап тұрғанын Сталин жолдасқа жан-жақты көрсетуі керек. Советтік ұлт саясатының жеңісі туралы асқақ үнмен Ұлы отанға паш етеміз.

Тапсырма берілді, енді ол орындалуға тиіс. Кім бар? Әрине, Жамбыл!

Халық ағарту комиссариятының төрағасы Темірбек Жүргенов ақын Әбділдә Тәжібаевты Жамбыл ақынды тауып, алып келуге тапсырды.

Әбділдә Тәжібаевтың сақасы алшысынан түсті. Өйткені қиқар шалды көндіру оңай емес. Әйтеуір ілдәлап Алматыға алып келді.

Жамбыл алыс жер жүріп көрмеген. Әрі жас та келіп қалды. Осыларды сылтауратып біраз отырды. Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов кіріп келгенде, сөзі де, өңі де өзгеріп сала берді. Шоң қазақ пен Балуан Шолақтың өздері келіп сәлем берген соң Жамбыл жайылып түсті. Дауысы да, сөзі де зор шықты.

Ай, мен Жамбылмын, Жамбылмын,

Қара жолдай даңғылмын.

Жастайымнан жан қуып,

Өлең қылдым, қаңғырдым.

Шапқан жерді шаң қылдым,

Айтысқанды таң қылдым,

Тыңдаушымды қандырдым...

Мұхтар «Көрдің бе, қартыңды» дегендей Әбділдаға қарады.

- Өлеңін шұғыл аудартып, «Правдаға» бастыр.

Қазақтың үш арысы Жамбыл ақын даңқына осылай жол салып еді...

... Кремль куранттары соғылып тұр. Қызыл Алаң − Ленин мавзолейі. Жамбыл өте бақытты еді. Кешегі қызы күң, ұлы құл болған қазақ ел болды, елге өң кірді. Тіршілік өзгерді, балалар оқыды. Бұл Ленин саясаты. Сондықтан да қарт жүрегі шынымен қуанышты. Ол өткен ғасырдың тірі куәгері – зорлықты да, зомбылықты да көрді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» емей немене? Сондықтан да Жамбыл кешегісі мен бүгінін салыстыруы заңды еді.

Жамбыл ем, кеше кім едім

Дуадақ едім шөлі жоқ.

Аққу едім көлі жоқ.

Сыбызғы едім үні жоқ.

Асыл едім құны жоқ,

Енді, міне, кім болдым,

Елім сүйген жыр болдым.

Мәскеу қонақүйі пейіш секілді көрінді. 12 қанат үйің не? Мынау патша сарайы ғой!

- Бұқпантай құсаған бойыңды ұрайын, арқамды езіп жібер...

Қасым Тоғызақов – ақынның әдеби хатшысы. Ол Жамбылдың сөзін елең де қылмайды. Қалжыңдағаны да бар.

- Өлең айтсаңыз арқаңызды ғана емес, Айсұлуды да әкелем...

Жәкеңнің көңілі көтерілсе бітті әндетеді, тек жазып үлгер... Алдында қою шайы, стол толы жеміс-жидегі, қазы-қарта, су-сусын әне... Кешке Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Павел Кузнецов келіп, мұның біразын орталайды. Ахмет күйсандыққа отырады, Күләш «Гәккулетеді». Буынсыз Шара биі қандай? Он екі мүшесі түгел қозғалады.

Жамбыл ақ дамбал-көйлекпен аққудай болып отыр. Үкіметке көнбей, өз бешбетімен келген. Жылы, икемді. Апрель Мәскеу үшін әлі суық. Қары да кете қоймаған. Шайға қанған Жамбыл домбырасын, Қасым қаламын қолға алды.

Күнсіздерге күн болған,

Жер-жүзіне нұр болған,

Ақылдың кені данышпан

Езілгенге қол берген,

Кемтарларға жол берген,

Заманның ері арыстан.

Зират етіп қайтуға,

Жамбыл келді алыстан.

Жер жүзінің кіндігі –

Мавзолейдің тасында

Жер жүзінің шырағы,

Кремльдің қасында.

Жамбыл жырды төгіп отыр, Қасым үлгеріп жазып отыр. Қандай рух! Қандай күш. Ақындар университеті – халық. Жамбыл сөзі сол халық сөзі. «Социалистік Қазақстан» газеті. 27 мамырда бұл өлеңді «Мавзолей» деп жариялады.

... Кремль. Сталиннің қабылдау кабинеті. Ат шаптырым зал. Левон Исаевич Мирзоян Қазақстан басшысы. Оның қасында «қоқиқаздар», әдебиет пен өнер делегациясы өкілдері қаздай тізіліп тұр. Бір кезде бәрі сымдай тартыла қалды. Қолында қорқоры бар Иосиф Виссарионович аяғын асықпай басып, жүзі жадырап, делегация басшысына келді.

- Аса қадірлі Иосиф Висс...

- Тау халқы әуелі қариясына сәлем береді, Мирзоян мырза. Әлде сіздерде олай емес пе?

- Бізде де сондай, Иосиф...

- Сәлеметсіз бе? – Сталин басын сәл иіп амандасты. Бірақ қолын ұсынған жоқ.

Жамбыл бұл мұрттының кім екенін білген де жоқ. Бірақ иілгенге иілу керек. Жәкең де қос қолын кеудесіне қусырып, ізет жасады.

Делегация Сталиннің соңына ерді.

- Мына мұрты едірейгенің кім еді? – деп Жамбыл Қасым Тозығақовты түртіп қалды.

Әдейі айтып тұр. Бұл Қасымды сынағаны.

- Жәке-ау, темірдей білек Сталин осы кісі ғой, – деді құлағына сыбырлап.

- Солай ма еді...

Жәкең жымиып күліп қойды.

- Қызыңды ұрайын, Сталин десе Сталин екен, жігіт десе жігіт екен, көзі өңменімнен өтіп кете жаздады. Ат ерінді келеді, ер мұрынды келеді, – деп Жәкең басын шайқап-шайқап қойды.

Аудармашы жүгіріп келді. Қасым сөзінің мазмұнын жеткізді. «Джигит» сөзі құлаққа жағымды емес пе? Сталин Жамбылға басын изеп, ризалық танытты.

- Сталин жолдас, Мырзажанның сәлемін алмай, өзі Жамбыл тәтеме амандасты ғой, – деп Қасым Тоғызақов ақын Сәбит Мұқанов пен Мұхтар Әуезовке қарап, сылқ-сылқ күлді.

ЖАМБЫЛ МЕН ЕСТАЙ

Жамбыл жыршы, өлеңші, күйші ғана емес, ән де айтқан сал-серілердің бірі. Тоқсанға келіп, тамағы тозып, үні бәсеңдегені болмаса, жақсы әнді естігенде бүркіттей қомданып, жанары жанданып, әжімді жүзі жадырап кетеді екен. Сондай Жамбылдың әнге қуанған сәті атақты Естай ақынмен кездесуі еді.

...1937 жыл. Нұрпейіс Байғанин, Шашубай, қырғыздың халық ақыны Оспанқұл, Қалмақан Әбдіқадіров, арқадан Естай ақын болады.

Алыстан келген қонақ болған соң Естайды Жамбыл тәтенің қарсысына отырғызады. Жамбылдың оң жағында Нұрпейіс Байғанин, сол жағында Шашубай ақын отырады.

Жәкең, «бұл кім еді?» дегендей бейтаныс жігітке назары ауа береді.

- «Бұл кісі атақты Естай әнші, Естай ақын, − деп Дихан Әбілев сөзге араласады.

- Е, Естай ақын сен бе едің? Болсаң боларсың! Бері қасыма келіп отыр...

Бұл сәтті Дихан Әбілов былай жазған екен.

- Бұл кісі атақты Естай әнші, Естай ақын! – деп едім. Бәрі Есекеңе ғажаптана, манадан бері көрмей отырғандай-ақ, өте бір сүйіспендікпен таңдана қарайды.

- Е,... ым-м! Естай сен бе едің? Болсаң боларсың! Бері қасыма келші, − деді Жәкең.

Сыпайы мінез, сырбаз сері Естай Жәкеңе кішіпейілдікпен тілек етіп, отырған орнын өзгертпеді.

- Оң жағыңызда отырған Нұрекең мен сол жағыңыздағы Шашекеңнің иығын сізден айырғаным әдепсіздік болар. Орнымда отыра берейін, Жәке, рұқсат етіңіз!» – деп өтінген еді.

Естай есімі аталғасын, сол Естай өздерінің ортасында Жәкеңнің тұспа-тұс қарсы алдында отырғасын жыршы қауым Естайды тыңдағысы келді.

- Өзінің айтқанын тыңдасақ!

- Сөз бар ма... Айтқызайық...

- «Қорланын» тыңдасақ!

- «Жайқоңыры» да ғажап қой!

Естайдың саусағындағы Қорлан берген мәңгілік махаббат белгісі – күміс жүзік Қорлан боп күлімдеген тәрізді, электр жарығымен шағылыса жалтылдайды. Сырбаз сері Естай ақын әуелі қолындағы жүзікке кәрі көзін жаутаңдата бір қарап қойып, көкірегінде көріне бірге кететін махаббат шерін күрсініп жібергендей «Аһ» деп қалды да әндете жөнелді.

Жамбыл өлеңді де, әнді де керемет түсінетін адам емес пе? Өзінің ғашық жүрегінің аққуына айналған Айкүмісті есіне алды ма екен?!

- Беу, Естай, жаңағы ғашық жыр арманың сені менен де көп жасатады. Сөз – сол... Нағыз Қорланды тыңдағаным осы. Бұл әнді Жамбыл талай тыңдаған. Сенің әніңнің жөні бөлек...

Осы сәт Жамбыл жәке ерекше құлпырып кетіп еді. Жүзі нарттай жанып, жастық желігі қайта оралғандай, шабыттанып отырады.

- Не ұқтыңдар? Ән үнінің әр толқыны, созымы, қайырым уілі, ырғақтары әр сөзінің ботасындай боздап әндетті ғой...

Беу, махаббат, беу, Арман!

Жәкең сөз қадірін де, өнер құдіретін де тамыршыдай терең сезінеді.

- Ей, Естай! Қорланыңа қанша құмар болсам да сені, сонау Маралды-Ертісіңе мен іздеп бара алмас едім. Сен де мені іздеп келе қоймас ең. Бәрімізді Алатауда табыстырып, сайраттырып отырған жаңа заман, − деп шоқ сақалын сипап, бата береді.

Жыр алыбы мен ән алыбы бірінші рет, әрі соңғы рет осылай кездесіп еді.

ӨЛЕҢ СӨЗ – АНАНЫҢ АҚ СҮТІ...

Жамбыл ақын шығармашылығының 75 жылдығына дайындық жұмыстары жүріп жатқан кез. Қырғыз ағайындардан сәлем бере белгілі ақыны Қуанышбек Мәліков, Оспанқұл, Қалық деген халық ақындары мен композитор Малдыбаев келген екен.

– Ағайыншылап, Жамбыл баба тойына ертелетіп келіп қалдық, – деп топ басшысы Мәліков Қуанышбек мырза әңгіме бастады.

Ертесіне осы топты алып Дихан Әбілов Жамбыл ауылына жол тартты.

Жамбыл ақынның інісі, колхоз бастығы Тұрап Мыржиевтің үйі қонақ алды. Табақ қойылып, сары самаурындар ысылдап келгенімен қонақтар бұған риза бола қаймады.

– Жәкеңе сәлем бермей ас бата ма? – дейді олар.

Тәтем сәл сырқаттанып жатыр. Ертең тәуір болып келеді. Содан соң қабылдайды, – деп Тұрап Мыржиев әлек болып жатыр.

Расында, Жамбыл ақын сәл мазасызданып қалған. Дәрігерлер көп адамның келіп-кетуіне тыйым салған.

– Дұрыстап күтіңдер, – деді Жамбыл ақын. – Елдің өнерпаздары болсын қастарында.

Саяділ мен Үмбетәлі ақындар да бұл кезде ауылға келіп қалған. Тайыр Жароков пен Дихан Әбілов те осында. Енді дастарханның өңі кірді. Өлең оқылып, жыр шашу шашылып жатты.

Ертесіне Жәкең дәрігерге көрініп қайтты. Жақсы көңіл-күймен қонақтармен амандасты.

Жәй ғана амандасқан жоқ. Өлеңдете амандасты.

– Хош келіпсің, рахмет, ақ қалпақты бауырым,

Алатауды жайлаған аман ба, аймақ-ауылың.

«Манасың» бар ел едің,

Сүйетін жыр дауылын...

Көкірегінен екі елдің өлең еміп өсіп ем,

Сырқат ем кеше, ал бүгін, несібем.

Сендер келді дегесін.

Құлан таза тәуірмін!

Бұл сөзге қонақтар гуілдесіп, «шоң рахмет» айтысып жатты.

Үмбетәлі мен Оспанқұл құрмет сөздерін өлеңдетіп жеткізді.

Бір кезде Жамбыл домбырасын ала салып:

– Ей, Оспанқұл, Оспанқұл! – деді.

Сосын толғаулатып жіберді:

Жамбыл ем, кеше кім едім,

Дуадақ едім шөлі жоқ.

Аққу едім көлі жоқ,

Сыбызғы едім үні жоқ,

Асыл едім құны жоқ.

Енді, міне, кім болдым,

Елім сүйген жыр болдым!

Оспанқұл інім, қырғызым,

Сендер де менің қызығым.

Бүкіл қырғыз бауырыма,

Тілеймін өмір қызығын.

Тілеймін өмір ұзынын! – деп төкпелетіп кетті.

Сонан соң «сөздің саласын табу қиын емес, анасын табу қиын. Өлең сөз ананың ақ сүті, жүрегіңнің қаны. Ананың ақ сүтіне адал болу керек», деп бата сөз айтты.

Бұл жүрекке жатталып қалған ұлағат сөз болды...

Уәлихан Қалижанов,

филология ғылымдарының докторы,
ҰҒА академигі

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475